Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4140 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 07:53

Құлбек Ергөбек. Түркология тарланы

(Әйгілі түріктанушы ғалым Әмір Нәжіп туралы толғаныс)
Түркістанда Халықаралық ІІІ-Түркологиялық Конгресс өтті. Ойға қайдағы-жайдағы тарихты түсіріп кетті.
…Жетпісінші жылдар.
“Мәскеуден әйгілі түрколог Әмір Нәжіп келіпті. Жоғары курс студенттеріне дәріс оқиды екен” – деген әңгіме студенттер арасында гу ете түсті.
Іле-шала “Қазақ әдебиеті” кафедрасының меңгерушісі, профессор Бейсембай Кенжебайұлының шақыртуы келіп жетті.
Кешінде Бейсекең қара шаңырағында, Меңжамал (Минкамал Мұхамедиярқызы) шешеміздің дастарқаны басында зиялыларға қызмет еттім. Қызмет-қызметімен. Ғажап ғұламадан ғажайып әңгіме тыңдадым. Үйіне тәуір қонақ келсе, мені әңгіме тыңдасын деп шақыру – Бейсекеңнің әркезгі дағдысы. Бұл жолғы қонақ – түрі татар типтес, шашын арқасына жыға тарап қойған, толықша ақсары кісі. Ол – айта беретін мәскеулік әйгілі түріктанушы Әмір Нәжіп еді.
Мәскеулік қонақ пен Бейсекең түнді таңға ұрып әңгімелесті.
Екеуінің әңгімесі Ташкент қаласынан бастау алып, “Алашорда” болып сабақталды. Мәскеуде дос бейілден қатар жасаған жарасымды сәттер еске алынды. Сағыныштан көңілдер босап, көзге жас іркілді. Менің бала қиялымда ересек кісілердің осы бір “бала” болып отыруы ерсі де көрінді. Алайда, тереңіне ой жіберіп үңілмесек түсіне қоймайтын бір жұмбақ әлемге еніп кеткен еді қос қария – өзара дос қария.

(Әйгілі түріктанушы ғалым Әмір Нәжіп туралы толғаныс)
Түркістанда Халықаралық ІІІ-Түркологиялық Конгресс өтті. Ойға қайдағы-жайдағы тарихты түсіріп кетті.
…Жетпісінші жылдар.
“Мәскеуден әйгілі түрколог Әмір Нәжіп келіпті. Жоғары курс студенттеріне дәріс оқиды екен” – деген әңгіме студенттер арасында гу ете түсті.
Іле-шала “Қазақ әдебиеті” кафедрасының меңгерушісі, профессор Бейсембай Кенжебайұлының шақыртуы келіп жетті.
Кешінде Бейсекең қара шаңырағында, Меңжамал (Минкамал Мұхамедиярқызы) шешеміздің дастарқаны басында зиялыларға қызмет еттім. Қызмет-қызметімен. Ғажап ғұламадан ғажайып әңгіме тыңдадым. Үйіне тәуір қонақ келсе, мені әңгіме тыңдасын деп шақыру – Бейсекеңнің әркезгі дағдысы. Бұл жолғы қонақ – түрі татар типтес, шашын арқасына жыға тарап қойған, толықша ақсары кісі. Ол – айта беретін мәскеулік әйгілі түріктанушы Әмір Нәжіп еді.
Мәскеулік қонақ пен Бейсекең түнді таңға ұрып әңгімелесті.
Екеуінің әңгімесі Ташкент қаласынан бастау алып, “Алашорда” болып сабақталды. Мәскеуде дос бейілден қатар жасаған жарасымды сәттер еске алынды. Сағыныштан көңілдер босап, көзге жас іркілді. Менің бала қиялымда ересек кісілердің осы бір “бала” болып отыруы ерсі де көрінді. Алайда, тереңіне ой жіберіп үңілмесек түсіне қоймайтын бір жұмбақ әлемге еніп кеткен еді қос қария – өзара дос қария.
Менің түсінгенім – Әмір Нәжіп пен Бейсембай Кенжебайұлы уыздай жас шағынан бірін-бірі біліп, өзара сыйласып қатар өскен. Екеуі де Алашорданы құрған ағаларының тәрбиесін көрген. Енді, міне, олар қайтпас сапарға аттанған. Нақақ күйген. Кешегі жас, бүгінгі жасамыс қос азаматтың күйінері де сол! «Аяулы есімдер қайта оралар ма?» деп күрсінгенде көкірегі қарс айырылардай.
Әлекең, Ақаң, Жақаң, Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанбек, Нәзір, Садықбек деп сөйлеген кісілердің бірін білсем, бірін білмей мен отырдым таң қалып.
Ертеңіне ҚазМУ-де профессор Әмір Нәжіп дәріс оқыды. Өзге курста жүріп жатқан сабаққа сұранып барып, рұқсатымен қатыстым. Екі-үш күн Алматыда болған әйгілі түрколог Әмір Нәжіп Мәскеуге аттанып кетті. “Сені әңгіменің ішінде болсын деп әдейі шақырттым. Сұмдық білімді кісі. Өзі қазақ, татардың жиені. Бірінші әйелі Зейнеп мен “СССР Жоғарғы Советінің ведомоствосын” басқарған жылдары, біздің редакцияда қызмет істеді. Кейін, Әмір одан ажырасып, орыс қатын алды. Бала кезден араласып жүретін, сыралғы дос!” - деп досын мақтап Бейсекең қалды.
Бейсекеңнің зиялы қауымға тектен-тек ұшырастырмасын сезген басым Әмір Нәжіп еңбектерін ептеп қарай жүрдім.
Ол жөнінде С.Д.Милибандтың “Библиографический словарь советских востоковедов” (Главная редакция восточной литературы, Москва 1975. 376 бет) - аталатын анықтамалықта әдемі жазылыпты. А.Н.Кононов ұйымдастыруымен жасалған “Библиографический словарь отечественных тюркологов” (Москва, 1974) аталатын қос томдықта жақсы айтылған. Түркологиялық халықаралық конференция, конгрестерде ол кісінің аты аталып, атағы шығып жатар еді.
Өзі көп жазатын түрколог жайында әр жер-әр жерде, баспасөз беттерінде мақалалар жазылып жататын. Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі атағынан бастап, ол кезіндегі КСРО, одан да тысқары халықаралық қадірлі ұйымдар, құрылымдардың сайланбалы, құрметті мүшесі болатын.
Академик Әбдуәлі Хайдариден бастап бірсыпыра тіл ғалымдары Әмір ағаны өздеріне ұстаз тұтатыны бір ғанибет. Алдымыздағы ағамыз, төл перзентіміз деп білген қазақ халқынан Әмір Нәжіп те аянып қалмаған. Қолынан келгенінше қолқабыс жасап отыруды парыз санаған.
Б.Кенжебайұлымен дос-жар жүретін ол, І.Кеңесбаев, Ә.Құрышжанов сынды ғалымдарды әріптес тұтқан, Әжібай Керімов, Берікбай Сағындықов сынды ғалымдарды өзі жетекшілік жасап, диссертация қорғатты. Осының бәрі кіндік қаны тамған қазақ жері, қандас қазақ еліне деген құрметі мен перзенттік бейілі.
“Кіндік қаны тамған” дегеннен шығады, Әмір Нәжіп 1899 жылы Семей облысы, Мақаншы ауданы, “Бақты” деген жерде туған. Алғаш білім жолын ауылдағы медреседен бастаған ол, өсе келе Шәуешек қаласындағы орыс консулы жанынан ашылған орыс мектебінен білім алады. Семейде орта мектеп бітіреді.
Жастайынан қазақ, татар, ұйғыр, өзбек ұлт өкілдері аралас жерлерде, олармен біте қайнасып бірге өскендіктен ол түрік тілдерінің бірсыпырасын біліп, сөйлеп өседі. Кейін мамандығына орай жетілдіріп, сан алуан тіл иініне шығады. Тіл білу – ғалым үшін қашанда ырыс. Әмір ағаның ірі түрколог болып қалыптасуына оның түрік тектес әлденеше халық тілін білуінің ықпалы зор. Өйткені, оның еңбектерінде бір сөздің нұсқасын әлденеше тілде салыстыра зерттеуге мүмкіндік туады. Еуропаның әлденше тілін меңгеруі – жеке қабілетінің арқасы, һәм ғалымдық мәдениет белгісі.
Милибанд еңбегіне зер салған кісі кезінде Санкт-Петербордағы шығыстану институты Түркістан атында болғанын пайымдар еді. Әмір Нәжіп 1923 жылы аталмыш институттың парсы және түрік бөлімін бітіріп шығады.
Содан соң партия-кеңес қызметінде, баспасөзде істейді. Бұхар халықтық кеңестік республикасында алғаш баспа ісін ұйымдастырып, мұғалімдер институтында, партия кеңес мектебінде сабақ береді. Қайда жүрсе де, Әмір аға түрік халықтары тіліне, жалпы руханиятына қатысты материал жинақтап, ой-қазынаны бойына ұйыта жүргендей. 1927-33, 1940-44 жылдары Өзбекстанда қызмет атқарғаны болмаса, өмірінің дені Мәскеуде өтті. Тіл білімі институтында үлкенді-кішілі ғылыми қызметтер атқарды.
Әмір Нәжіптің қазақ зиялыларын, онда да Алашорда өкілдерін қайдан, қалай біледі деп таңырқар жайым бар. Ғұламаның өмір жолына үңілгенде қазақ зиялыларын қайдан біледі деп таңырқамау керектігіне ден қойдым. Керісінше сол бір аяулы адамдар, ғажап тұлғалар жөнінде естелік айтқызып, жазғызып алмаппыз-ау деген өкініш билеп жүр қазір мені. Өйткені, ғұламаның туған жері, өскен өңірі Алашорданың ту тіккен жері – Семей. Жастай қызмет еткен өңірі – қазіргі Өзбекстан. Алаш ардақтылары еркін еңбек еткен өңір. Алаш ардақтыларын Әмір ағаның тебіреніп еске алуы заңды. Бейсекең үйінде, екеуара әңгімеде Алаш ардақтылары аттарын атап-атап, көңіл босатулары заңды.
Әкімшіл-әміршіл жүйеде басшы болып барқадар таппасын сезді ме, әйтеуір жиырманшы жылдары атқарған тәп-тәуір мансап биіктерін тәрк етіп, Әмір аға ғылым дүниесіне біржолата берілді.
Әмір Нәжіп еңбектерін қамтыған мәселесі, тақырыбына қарай қалай жүйелеуге болар еді?
Біріншіден – Әмір Нәжіп түрік халықтарының ХІ-ХІV ғасыр аралығында жасаған тарихи, әдеби, тілдік рухани қазыналарды жинақтаушы, жүйелеп зерттеуші.
Екіншіден – әдеби-рухани жәдігерліктерді жасалған аймағына, жазылған тіл мәдениетіне қарай ғылыми жүйелеген ғалым.
Үшіншіден – тіл теориясына айтарлықтай үлес қосқан ғалым. Әжібай Керімов секілді маман түркологтың айтуына қарағанда, Ә.Нәжіптің Алтын Орда аймағында оғыз-қыпшақ және қыпшақ-оғыз дегендей екі бірдей әдеби тіл болған деген гипотезасы. Және оны ғылыми дәлелдеуі үлкен ғылыми жаңалық. (Түркітану ғылымының ғұламасы, «Ана тілі», №38, 18.ХІ.1999)
Төртіншіден – ол түрік тілдері арасынан ұйғыр тілін арнайы зерттеп, оқулық жазған, оқу бағдарламасын түзген оқымысты. Оның ұйғыр тілі туралы жазған еңбектері Мәскеуде дүркін-дүркін басылым көрген. Тіпті 1971 жылы “Modern uigun” деген атпен ағылшын тіліне де аударылған.
Бесіншіден – ол сөздік түзуші. Сөздік түзу – азаптың азабы. Кезінде К.Юдахин түзген “Қырғыз-орыс сөздігіне” КСРО Мемлекеттік сыйлығының берілуі көп жайды аңғартса керек. Аталмыш сөздікке, сондай-ақ “Древнетюркский словарь” (Ленинград, 1969) аталатын монументальды сөздікке қуана, қуаттай талдау мақала жазған Әмір Нәжіп сөздік түзудің азабын терең түсінетін, стихиясын жан-дүниесімен терең сезетін жан еді.
Ол түзген “Ұйғырша-орысша сөздік” (1968) кезінде ғалымдар тарапынан жоғары бағаланғаны мәлім.
Одан өзге, ХІ-ХІV ғасырлардағы түрік тілдері төрт томдық сөздігі, түрік тілдерінің тарихи-салыстырмалы (ХІV ғасыр) үш томдық сөздігі – аса бағалы еңбектер. Өкінішке қарай, аталған сөздіктерден соңғы үш томдықтың бірінші кітабы ғана жарық көрді әзірге.
Сөздік түзу жөнінен ол ұлы түрколог В.Радловтың ісін ғылыми жалғастырушы бола білді.
Алтыншыдан – оның еңбектері ортағасырлық әдеби жәдігерліктерді тарихи, әдеби, тілдік тұрғыдан қарастырады. Түркология – қиын ғылым. Тарихын таныған кісі әдебиеті мен тілін тани алмай қиналады. Әдебиетін білген кісі тарихы мен тілін игере алмай ентігеді. Сол секілді тілін игерген маман қалған екі аспектіні ұмыт қалдырады. Шынайы түркологқа бұл жат мінез. Әл-әзір қазақ түркологтары да кешенді зерттеуге қол жеткізе алмай келе жатса - түркологияның қазақ жағдайында қолға кеш алынуынан. Түркологияға космополиттік, коммунистік көзқараспен қарағандықтан бұл мешеулік!
Атап-атап айтса ғалымның түркология іліміне сіңірген еңбегі мол. Санамалап талдай бастасаң Әмір Нәжіп әдеби мұрасы көпке кетер, өзіндік ерекшеліктері мол ғажайып рухани қазына.
Әмір Нәжіп дегенде тағы да айтпай кетуге болмайтын жайт мынадай: аяулы ғалым, қазақ әдебиеті тарихын түрік халықтарына ортақ көне дәуірлерге бастаудан бір жалықпай өткен Бейсембай Кенжебайұлы мұрағатында Әмір досының бірсыпыра хаттары сақтаулы. Эпистолярлық қызықты жазбалармен таныса келе түйген ойымыз – Әмір Нәжіп кіндік қаны тамған қазақ елі, қазақ жерімен рухани байланысын бір сәт те үзбепті. Бейсекеңдей досымен ұдайы байланысып, көне мұраларды зерттеуге мұрындық болып келе жатқанына қолдау көрсетіпті. 1959 жылы Академияда өткен конференцияда Бейсекең қазақ әдебиеті тарихын түрік қағанатына дейін ілгерілету жөнінде өз концепциясын айтып, ғылыми жұртшылық қолдамағанда Мәскеуден өкініп хат жазады. Досының жігері мұқалмауын тілейді. 1967 жылы “Ертедегі әдебиет нұсқалары” (Мектеп, 1967) жарық көргенде қуана қолдай, артық-кемін талдай отырып, хат жазыпты. Асылы, ол хаттарды да сандық түбінен көтерер уақыт келер.
Әмір Нәжіптің осындай әр уақытта жазысқан хаттары Б.Кенжебаев, Ә.Хайдари, Ә.Құрышжанов, Ә.Керімов, Б.Сағындықов мұрағаттарынан шығуы керек.
Тек қадап айтарымыз – Әмір Нәжіпті іздейтін қазақтар. Өйткені, кітапханасын, қолжазбаларын Қазақстанға аманат етті ғой. Келешекте ғалым мұраларын арнайы зерттейтін маман тәрбиелеу – ерекше міндет!
Ал, кітапханасының жұрнағын Түркістаннан ашылғалы отырған «Түрік халықтары кітапханасына» жеткізіп берсе жөн-ақ болар еді. Біз, айтулы түркологтың өз атынан қояр едік кітапханаға. Көздің қарашығындай сақтар едік. Қазірдің өзінде оның Тіл білімі институтына аманаттаған кітапханасының кейбір жұрнақтары кісі қолында жүр. Қорда тұрғаны жақсы, қолда жүрсе де ештеңе емес, «қолды болды ма?» деп қорқамын…
…Түркістанда Халықаралық ІІІ-Түркологиялық Конгресс өтті. Ойға қайдағы-жайдағы тарихты түсіріп кетті.

 

 

Құлбек Ергөбек, филология ғылымдарының докторы, профессор ТҮРКІСТАН
«Ана тілі» газеті 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір