Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3310 0 пікір 6 Ақпан, 2017 сағат 15:46

Астанада Сирия жөніндегі келіссөздің екінші кезеңі басталды

Астанада Ресей, Түркия және Иран өкілдері Сириядағы бітімді бақылау механизмдерін талқылайтын техникалық келіссөзін бастады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Астанадағы жиынға БҰҰ мен Иордания өкілдері де қатысады.

Астанада Сирия бейбіт келіссөзінің 23-24 қаңтарда өткен алғашқы кезеңінде тараптар 6 жылға ұласқан азаматтық соғысты саяси жолмен реттеуде алға ілгерілей алмаған. Бірақ тараптар Сирияда өткен жылдың соңында жарияланған әлсіз бітімнің сақталуына мониторинг жасайтын Біріккен жедел топ құруға уағдаласқан. Біріккен жедел топ құрамында Сирия келіссөзіне бастамашы Ресей, Түркия және Иран өкілдері бар.

Сирия қақтығыстында Мәскеу мен Тегеран президент Башар Асадты, Анкара оппозицияны қолдайды.

Сирияда азамат соғысы басталған 2011 жылдың көктемінен бері 300 мыңға тарта адам қаза тауып, миллиондаған адам босып кетті.

Абай ақпарат

0 пікір