Жексенбі, 28 Сәуір 2024
5493 0 пікір 9 Ақпан, 2017 сағат 13:02

ҮЛКЕН ТЕРРОРҒА «БАТА БЕРГЕН» ПАРТИЯЛЫҚ ФОРУМҒА 80 ЖЫЛ

    Нарком Н. Ежов пен генсек И. Сталин

«37» деген қанды цифрды совет заманында жұрт үреймен, оңашада ғана сыбырласып атасатын. Бұл жыл халқымыздың санасына тарихтың ең қасіретті беттерінің бірі ретінде шегеленіп жазылып қойылған еді. Бұл жылы мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерілген жаппай террор өзінің шырқау шыңына шыққан-ды. Ал мемлекеттік саясатты ел билеуші партияның көсемдері  белгілеген болатын. Солардың жетекшілігімен және шебер ұйымдастыруымен өткен Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық   Комитетінің 1937 жылғы ақпан-наурыз Пленумы кеңестік қоғамды «бөтен пиғылдылардан» кең ауқымда тазарту жұмысын – халықтың басына қара бұлт үйірген науқанды бастауға «батасын» берді.

Бұл партиялық форумның Үлкен террор тарихындағы алатын орны мен мән-маңызы ерекше.  Өткеніне биыл 80 жыл толатын осы жабық та құпия Пленумның стенограммасымен біз тұңғыш рет жарты ғасырдан астам уақыт өткеннен соң, Кеңес Одағы ыдырап, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін ғана, Мәскеуден шығатын «Вопросы истории» журналының 1992 жылғы 2–3-санындағы жарияланым бойынша танысқан едік. Пленумның күн тәртібіне мынандай алты мәселе шығарылыпты: 1) Бухарин мен Рыков ісі; 2) КСРО Жоғарғы Советіне жаңа сайлау жүйесі бойынша сайлау өткізуге партия ұйымдарын   дайындау және партиялық-саяси жұмысты тиісінше қайта құру; 3) Бухарин мен Рыков ісі бойынша қарар жобасын даярлайтын комиссияның баяндамасы; 4) жапон-неміс-троцкистер агенттерінің  ауыр өнеркәсіп және қатынас жолдары халық комиссариаттары бойынша зиянкестік, диверсиялық және шпиондық іс-әрекеттерінің сабақтары; 5) жапон-неміс-троцкистер агенттерінің НКВД бойынша зиянкестік, диверсиялық және шпиондық іс-әрекеттерінің сабақтары; 6) партиялық кадрлардың саяси тәрбиесі және партия ұйымдарындағы троцкистермен, өзге де екіжүзділермен күрес шаралары туралы. Осы белгіленген мәселелер бойынша жасалған баяндамалар мен жарыссөздердің мазмұны Совет Одағында  «диверсант, шпион, зиянкестердің» толып кеткені, олардың  еліміздегі ең жоғары лауазымдарға жетіп алғаны жайында болды. Ресми баяндамаларды Саяси Бюро мүшелері: ішкі істер халық комиссары Н.И. Ежов, Ленинград облыстық және қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы А.А. Жданов, КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.М. Молотов және Бас хатшы И.В. Сталин жасады.

Пленум мінберіне алғашқы мәселе бойынша баяндамамен  көтерілген Ежов сөзін Орталық Комитеттің өткен Пленумында оңшылдардың антикеңестік ұйымы жөнінде өзінің айтқанын еске салудан бастады. Cосын осы антисоветтік ұйым орталығының Бухарин бастаған мүшелері антикеңестік троцкийлік-зиновьевтік біріккен астыртын блоктың және осындай троцкийлік параллель орталықтың барын білгенін,  осы екі ұйымның партия мен совет үкіметіне қарсы күресте террор, диверсия, зиянкестік тәсілдерге көшкенінен, троцкийлік-зиновьевтік блоктың шетел фашистік интервенттерінің көмегімен КСРО-да капитализмді реставрациялауға бағытталған опасыздық платформасынан хабардар болғанын, ақырында, олардың тап сол платформада тұрып, өз оңшыл ұйымының антисоветтік қызметін троцкистер ұйымымен байланыстырғаны жөнінде баяндағанын айтты.  «Бухарин мен Рыковқа тағылған айыптың елеулі болуына байланысты, – деді сосын Ежов, – партияның Орталық Комитетінің осыдан бұрынғы пленумы, Сталин жолдастың ұсынысы бойынша, БК(б)П ОК мүшелігіне кандидаттар Бухарин мен Рыковтың нақты айыптары жөніндегі мәселені осы пленумға ауыстыруға қаулы алған еді». Сол қаулыға сәйкес оңшылдар ұйымының қызметі және оған  Бухарин мен Рыковтың қатыстылығы тергелгенде не анықталғаны жөнінде бас чекист баяндамасында жүйелеп баяндап береді.

 Ежов сілтеме жасаған Орталық Комитеттің өткен Пленумы 1936 жылғы 4 және 7 желтоқсан күндері болған екен. Күн тәртібіне екі мәселе қойылыпты: бірі – КСРО-ның екінші Конституциясының жобасы туралы, екіншісі – «Антисоветтік, троцкистік және оңшыл ұйымдар хақындағы»  Ежовтың баяндамасы.  Алғашқы мәселе 5 желтоқсанда Жоғарғы Советте сталиндік Конституцияның қабылдануымен тиянақталғаны мәлім, ал екінші мәселені талқылау екі күнге созылды. Ежовтың баяндамасында «оңшылдар» Сталинге және басқа да басшыларға қарсы террорлық актілердің дайындалып жатқанын білгені және сондай әрекеттерді мақұлдағаны сөз болды. Бухарин мұндай айыптауға жауап бере келе, Каменев пен басқа да айыпталушыларды неге атып тастауға асықтыңдар, неге бізбен беттестірмедіңдер деген сауал тастады. Сталин: «Біз объективті түрде, байыппен айқындап алуға тиіспіз. Бізге шындықтан басқа ештеңенің керегі жоқ, ешкімнің де біреудің қолынан қаза табуына жол бермейміз. Біз барлық шындықты объективтілікпен, адал және жүректілікпен ашып алғымыз келеді. Бұл ретте бізді көз жасымен де, өз-өзіне қол салумен де қорқыту мүмкін емес», – деді. Ал  7 желтоқсандағы отырыста Саяси Бюро мүшелерінің өзіне Бухарин мен Рыков ісі бойынша хабарлама жасауды тапсырғанын, бұл екі айыпталушыны отырыстар арасындағы үзілістерде оларға жала жабушы үш тұтқынмен беттестіргендерін айтты. «Бізде мынандай пікір қалыптасты, – деді ол,  – Бухарин мен Рыковке сенімсіздік білдіре отырып, оларды ОК құрамынан шығару керек болар.  Бәлкім, бұл шара жеткіліксіз болып шығар,  бұл шараның тым қатал боп қалуы да ықтимал. Сондықтан Саяси Бюро мүшелерінің пікірі мынаған саяды – Рыков пен  Бухариннің ісі аяқталған жоқ деп саналсын. Одан әрі тексеруді және көзбе-көз беттестіруді жалғастырып,  шешім жасау ОК-ның келесі пленумына  қалдырылсын».  Бас хатшының сөзіне сәйкес қаулы қабылданды («Ежовтың хабарламасы қаперге алынсын, Сталин жолдастың:  Рыков пен  Бухариннің ісі аяқталған жоқ деп саналсын деген  ұсынысы  қабылдансын, тексеру жалғастырылсын, шешім қабылдау ОК-ның келесі пленумына дейін қалдырылсын»). Сталин тағы: «Пленум жайында газеттерде хабарланбасын», – деген ұсыныс (тапсырма деп ұғыңыз – Б.Қ.) білдірді. Пленум қаулысына сәйкес, ВЧК-ОГПУ-НКВД боп дамыған құпия полиция нысаналы тергеуін жалғастырды...

Бухарин мен Рыков тағдыры Орталық Комитеттің 1937 жылғы 23 ақпан – 3 наурыз аралығында өткен  пленумында шешілді. Бұл пленумдағы баяндамасында Ежов өзінің арнайы кеңсесі жүргізген тергеу жұмыстарының материалдары мен құжаттарға сүйене отырып, оңшылдардың антикеңестік ұйымының пайда болуын және дамуын үш кезеңге жіктеген-ді. Бірінші кезең ретінде 1924–1927 жылдарды атады. Бұл кезде бір жағынан Бухариннің мектепсымақтары, екінші жағынан Томскийдің тред-юнионистік бағыттағы кәсіподақшылдары түрінде оңшылдар ұйымы туды деді ол. 1927–1930 жылдарғы екінші кезеңде Бухариннің мектепсымақтарына, кәсіподақшылдарға кеңестік аппараттағы Рыков, кәсіподақтағы Томский, Мәскеу партия ұйымындағы Угланов бастаған барлық оппортунистік топтар ағылғанын айтты. Олардың бәрі 1928 жылғы маусымдағы ОК пленумына дейін өз платформасы, ішкіфракциялық тәртібі және орталықтандырылған басшылығы бар кәдімгідей ұйысқан фракция құрған екен. 1930–1937 жылдарғы үшінші кезеңде оңшылдар ұйымы өз көзқарастарын ашық қорғаудан бас тартты да, партия бағытына, партия басшылығына өз қатынастарын екіжүзділікпен көлегейлеп, астыртын жұмысқа кетті, біртіндеп террор тактикасына, деревняда көтеріліс ұйымдастыру, ереуілдер ұйымдастыру, ақырында халық шаруашылығында диверсиялар мен зиянкестік қызметтер жүргізуге ауысты деді. Содан туындатып, «жапон-герман-троцкийшілдер агенттерінің зиянкестік қызметінен, диверсияларынан және шпиондықтарынан туындайтын сабақтарды» таратып баяндады. Бухарин бұрынғы солшылдарды – троцкийшілдер мен зиновьевшілдерді, сондай-ақ «оңшыл-ауытқушыларды» біріктіруді көздеген «оңшыл-солшыл» оппозиция құрмақ болды, Сталинге қарсы террор  жасауды астыртын түрде жоспарлады деп айып  тақты. Ежов осылай бастап берген террор тақырыбы Ждановтың партиялық, Молотовтың экономикалық мәселелер жайындағы баяндамаларында да қаузалды. Алғашқысы партиядан шығарудың бұрыс тәсілдері, екіншісі зиянкестіктер мен диверсиялар туралы әңгімеледі. Ал Сталин «Партия жұмысындағы кемшіліктер және троцкийшілдер мен өзге де екіжүзділерді жою шаралары туралы» баяндама жасап,  социалистік құрылыс барысында таптық күрестің шиеленісе түсетіні жайындағы бұрынырақ тұжырымдаған доктринасын қайталады. Ол өз сөзінде «халық жауларының екіжүзділікке салынатыны», сондай жымысқы әрекетпен «большевик, партияшыл болғансып» құбылатыны, «біздің сенімімізге кіру үшін, біздің ұйымдарымызға өздеріне жол ашу үшін» шын келбеттерін көрсетпей, түпкі ниетін бүркеп алдаусыратататыны жайындағы   алғашқы елеулі ескерту «Киров жолдасты қаскүнемдікпен өлтіру»  оқиғасымен жасалғанын айтып өтті. «Қазіргі зиянкестер мен диверсанттар, троцкистер – көп бөлігі партияшыл, қалтасында партия билеті бар адамдар, яғни, формальды түрде бізге бөтен емес адамдар» деді. Солардың «совет өкіметіне дос болып көрініп,  біздің адамдарды саяси тұрғыда алдайтынын, сенімді асыра пайдаланып, үн-түнсіз зиянкестік жасайтынын және біздің мемлекеттік құпияларымызды ашып жатқанын» атап айтты. Айыпталушы Бухарин қорғанған сөзінде өзіне терроршылдық қызметпен шұғылданды деген деректердің НКВД тергеушілері ұрып-соққылап мойындатуы салдарынан пайда болғанын айтып, жала деп мәлімдеген еді. Оның бұл мәлімдемесі Сталин тарапынан – «советтік құрылысты қаралаушылық», ал жалаға қарсылық білдіріп аштық жариялауы – «троцкийшілдік әдіс» деп бағаланды. Талқылаулардан кейін, 27 ақпанда, Ежовтың баяндамасы бойынша: «1) Бухарин мен Рыков БК(б)П ОК мүшелігіне кандидаттар құрамынан және БК(б)П қатарынан шығарылсын; 2) Бухарин мен Рыков ісі  НКВД-ға берілсін», – деген қарар қабылданып,  екеуі пленум үстінде тұтқындалды...  

БК(б)П Орталық Комитетінің 1937 жылғы 23 ақпаннан 3 наурызға дейін жұмыс істеген осы Пленумында Үлкен террордың идеялық негізі қаланды. Ежовтың басшылығымен ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) совет өкіметіне қастандық әрекет жасаушыларды әшкерелеу мен жазалаудың кең көлемді жоспарын жасап, жүзеге асыруды қолға алды. Бұл ретте жергілікті жерлердегі басшы қызметкерлердің бастамашылығын ұйымдастыру және соған арқа сүйеу тәсілі қолданылды. НКВД-нің 1937 жылғы 30 шілдеде шығарылған әйгілі № 00447 бұйрығы бойынша «халық жауларын» белгілі мерзім ішінде жазаға тарту үшін республикалар мен облыстарға түсірілген  квота (жоспар) да, оны асыра орындауды көздеген жаңа міндеттемелер де төменнен келген ұсыныстар негізінде қалыптастырылды. Кейінгі жылдары мәлім болған деректерге қарағанда, саяси-қуғын сүргінге айыптылардың бел ортасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоян да жүрген боп шықты. Л. Мирзоянның  Қазақстандағы «халық жауларын» әшкерелеуге белсенуінің  бір себебі оны Орталық Комитеттің ақпан-наурыз пленумында Бас хатшының сынауында жатқан ба дерсің. Сталин Мирзоянға кадр саясаты жөнінен сын айтқан еді: «Кадрларды дұрыс таңдап алу деген не... Большевиктер бұл істі былай түсінеді. Кадрларды дұрыс таңдап алу дегеніміз қызметкерді, біріншіден, оның партия ісіне берілгендігіне, ол саяси сенім артуға тұра ма, соған  қарай, екіншіден, іскерлік белгілеріне, яғни мұндай іске ол жарамды ма, соған қарап таңдау деген сөз. Бұл – түсіндіруді қажет етпейтін аксиомалық ереже. Бізде осы ереже бұзылды. ...Мен осы большевиктік ереженің бұзылуын екі мысалмен көрсетсем деймін, адамдардың кейде саяси және іскерлік принциппен емес, жеке таныстық тұрғысынан, жеке басына берілгендік, достық қатынастар тұрғысынан, жалпы тоғышарлық сипаттағы белгілері бойынша, біздің практикада жол беруге болмайтын белгілер бойынша іріктеп алынатынын көрсететін мысалдар арқылы ашып берсем деймін. Мирзоян жолдасты алайық. Ол Қазақстанда істейді, бұрын ол ұзақ уақыт Әзірбайжанда істеген, ал Әзірбайжаннан кейін Оралда істеді. Мен оған: өзіңнің соңыңнан өз достарыңды Әзірбайжаннан да, Оралдан да сүйреткенді қой, адамдарды Қазақстаннан көтер, Қазақстандағы жергілікті адамдардан өзіңді оқшаулама деп бірнеше рет ескерттім, өйткені  өзіңмен бірге Қазақстанмен түбегейлі байланысы жоқ достарың мен таныстарыңның тұтас бір тобын Әзірбайжаннан әкелу не деген сөз? Бұл сенің жергілікті ұйымдардан бірқатар тәуелсіздік алдың деген сөз, керек десеңіз, Орталық Комитеттен біршама тәуелсіздік алдың деген сөз. Оның өз тобы бар, менің өз тобым бар, олар менің жеке басыма адал, берілген».  

Сосын Мирзоянға кінә етіп тағып тұжырымдаған ойына мысалдар келтірді: Оңтүстік Қазақстан обкомының ОРПО (жетекші партия органдары бөлімі) меңгерушісі Бадабашьян – Әзірбайжаннан, Қостанай обкомының хатшысы Саакян – Әзірбайжаннан, Джата-Горийский (Жетіғара) аукомының хатшысы Саркисян – Әзірбайжаннан,  Сайсан (?) аукомының хатшысы Поузбикян – Әзірбайжаннан,  Ленин аукомының хатшысы Айрапетян  – Грузиядан. «Мен ОК аппаратының анықтамасын оқып тұрмын», – деп жалғастырды Сталин. Мирзоянның қамқорлығымен «онда Қарсақпай аудандық комитетінің хатшысы болып Әзірбайжаннан алдырылған ж. Ширазян отыр, өлкеком ОРПО меңгерушісі болып Бакуден алдырылған ж. Саумов отыр. Алматы қаласындағы Сталин аудандық комитетінің хатшысы болып Саркисова отыр, Алматы қалалық комитетінің хатшысы Юсупов – бұл адамдардың бәрі Бакуден. Қарағанды обкомының хатшысы боп отырған Пинхасик Свердловскіден алдырылған.  Свердлов деген біреу, қазір Шығыс Қазақстан обкомының хатшысы, ол да Бакуден алдырылған.  Алдымен Бакуден Оралға, содан соң осында, Қазақстанға сүйреп әкелінген. Алматы обкомының хатшысы болып Киселев отыр, ол да Оралдан алынған. Солтүстік Қазақстан обкомының төрағасы боп отырған Степанов Азов-Қаратеңізден. Шымкент обкомының хатшысы Кулиев – Әзірбайжаннан әкелінген. Қазөлкеком Ауылшаруашылық бөлімі меңгерушісінің  орынбасары болып Камакидзе отыр... Оған белсенді троцкизмге қатысы бар деген күдік келтіріледі. Жалпы, бұл адамдардың бәрі алдырылған республикаларында азды-көпті күдікке іліккен. ... Наркомхоздың орынбасары Рзаев – ӘзГПУ-дің бұрынғы төрағасы... Ол да Әзірбайжаннан әкелінген. Қазақстан Совнарком (Халкомкеңес) Төрағасының орынбасары Алиев Теймур Әзірбайжаннан алдырылған.  Госплан (Мемлекеттік жоспарлау комитеті) Төрағасының орынбасары Баранов  Әзірбайжаннан әкелінген. Ол оны әуелі Оралға ауыстырған, сол жақтан өзімен бірге Қазақстанға әкелген...    Бұл өзі не нәрсеге ұқсайды? Адамдарды осылай іріктеуге бола ма екен! Бұл қайда апарады, мұнда қандай жақсылық  болуы мүмкін – мен сіздерден сұраймын. Мен ж. Мирзоянға ескерткенмін, өзіңді бұлай ұстауға болмайды дегенмін, кадрларды жергілікті адамдардан іріктеу керек дегенмін. Ал ол, көрдіңіздер ме, жеке өзіне берілген адамдардан өз тобын құрды, адамдарды большевиктік принциппен таңдаған жоқ, ал олардың іштерінде троцкийшілдер де бар. Бірақ ол үміттенеді, олар өзіне берілген болса, олар өзімен мәңгі бірге істейтін болады деп сенеді. Ал егер ол онда болмай қалса ше? ...Өзіне адал адамдарды сырттан әкеліп, топ құру деген не? Бұл – жергілікті кадрларға сенімсіздік білдіру деген сөз».

   Р. Конквест Мәскеуде. 1990 ж.

Бұл сын, сол кездегі ахуал тұрғысынан қарағанда, Левон Исаевичтің төбесінен төнген құдды Дамокл семсері тәрізді еді. Содан құтылу мақсатында ол НКВД квотасын қалыптастыруға  белсенділікпен атсалысқан тәрізді.  Бүгінде оның әр саладағы көптеген «халық жауларын» жазалауға орталықтан рұқсат сұраған жеделхаттары мәлім болып отыр. Осындай белсенді әрекеттермен үстемелене келе, Үлкен террор жылдары республикамызда 120 мыңдай адам қуғын-сүргінге тап болып, оның 25 мыңдайы атылып кетті. Бірақ репрессияның қара қанжарынан оның өзі де бәрібір құтыла алмады...

ОК-ның 1937 жылғы ақпан-наурыз пленумы жұмысының бастауы болған Н.И. Бухарин мен А.И. Рыков ісі антисоветтік оңшыл-троцкийшілдік деп аталған блок үстінен 1938 жылдың 2–13 наурызындағы сот үдерісімен қорытындыланған еді. Сол шамада, дәлірек айтқанда 6–12 наурызда Алматыда да жабық сот болғанын «Социалистік Қазақстан» газеті хабарлапты. Газет өзінің 1938 жылғы 22 наурыздағы санында  «Қазақ халқының ежелгі жаулары» деген тақырыппен берген мақаласында  партия-кеңес қызметіндегі 19 «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл және бухариншіл»   басшылар сотталғанын жазды. Олар  «Отанға опасыздық жасағаны үшін, Қазақстанды СССР-ден бөліп әкетуге, сөйтіп оны шетел империализмінің колониясына айналдыруға тырысқан әрекеттері, терроршылдық істері, зиянкестік  және диверсиялық жұмыстары, шетелдік шпионаж жасағаны үшін» ату жазасына кесілді және үкім орындалды деп көрсетілді. Үнпарақ одан әрі    «қазақ халқын бақытты, қызық дәуренінен айыруға тырысқан» осы бір  «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл-бухариншіл шпион бандиттерді дер кезінде әшкерелеген даңқты чекистерге» ризашылығын білдірді. Оларға және «олардың сталиншіл наркомы Н.И. Ежов жолдасқа Қазақстан халқы көп-көп алғыс айтуда» екенін аян етті. Республиканың басшы орындарына кіріп орнығып алған  «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл-бухариншіл шпион бандиттердің»  «Қазақстанды СССР-ден бөліп әкетуге», шетел отары етуге тырысуы салдарынан «бақытты, қызық дәуренінен айрылып қала жаздаған» «Қазақстан халқы» енді, бұдан былай ондай әрекетке жол бермес үшін, «жауларды түгел жоюда НКВД орындарына әрқашан жәрдемдесіп отыруға дайын» боп тұрғанын жариялап, баршаны сендірді.

Р. Конквест. «Үлкен террор». 1968 жылғы ағылшынша және 1974 жылғы орысша нұсқалары.

Қазақстанның сол кезгі нөмірі бірінші ресми газеті бүгінгі ұрпаққа өз заманындағы халыққа қарсы жасалған мемлекеттік қылмыстан – жиырма бес мыңнан астам жазықсыз жанды құпия атып тастаған саяси қуғын-сүргін кезеңінен тасқа басылған осындай бұрмалаулы жалғыз ғана ақпарат қалдырған болатын. Шындықтың беті ашылуына Қазақстанның ерікті «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы (1989 жылы құрылған «Әділеттің»  әр кезгі төрағалары – Санжар Жандосов, Манаш Қозыбаев, Мұрат Баймаханов, Кеңес Нұрпейісов, атқарушы директоры  – Сәуле Айтмамбетова) көп еңбек сіңірді. Республикадағы «халық жауларының» тағдырын шешіп беру мақсатымен Қазақстанға КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасы  келді де, Алматыда 25 ақпаннан бастап, күніне 30-40 адамға дейін атуға үкім еткен көшпелі сессиясын бірнеше ай бойы асқан шапшаңдықпен өткізіп тұрды. Әскери алқаның Алматыда 1938 жылғы 6–12 наурызда өткізген көшпелі сессиясы жайында (сессия аяқталғаннан он күн өткен соң) 22  наурызда жарияланған газет хабарының шындықты жартылай ғана көрсеткені бүгінде анық болып отыр. Біріншіден, басшы қызметкерлерді ату, соның ішінде әлгі газетте тізімі жарияланған азаматтарды атып тастау жабық сот ашылды деген күннен едәуір бұрын басталған. Екіншіден, сол жарияланым жарыққа шыққанға дейін, республика аумағын есептемегенде,  тек Алматыда ғана алты жүздей боздақ жендет оғына байланған. Мәселен, «үштік» шешімімен 1938 жылғы 15 ақпанда Алаш қозғалысының қайраткері, ұстаз, зерттеуші, кеңестік мәдениет қызметкері Қоңырқожа Қожықов атылды. Әскери коллегия үкімімен 25 ақпанда атылған 39 адам қатарында Санжар Асфендиаров, Ғабдолхакім Бөкейханов, Шәкір Дивеев, Сүлеймен Есқараев, Тел Жаманмұрынов, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Ізмұхан Құрамысов, Сейітқали Меңдешев, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Қабылбек Сарымолдаев, Жанайдар Садуақасов, Сәкен Сейфуллин, Жағыпар Сұлтанбеков, Нығметолла Сырғабеков, Қайсар Тәштитов, Ғаббас Тоғжанов, Мирасбек Төлепов, Зейнолла Төреғожин құрбан болды. 26 ақпанда ішінде Ілияс Жансүгіров, Ілияс Қабылов, Асфендияр Кенжин, Сәлемхат Күленов, Сәлімгерей Қаратілеуов, Әзімбай Лекеров, Бейімбет Майлин, Асхат Сейдалин, Жұмат Шанин бар 37 адам атылған. 27 ақпанда 41 адаммен бірге  Мағзұм Асанбаев, Борис Берлин, Мерғали Қаділбеков, Сабыр Қапин, Әлкей Өтекин, Владимир Случак, Зарап Темірбеков, Мұхамедияр Тұнғашин, Михаил Чудочкин, Телжан Шонанов оққа байланды. 28 ақпанда атылған 40 адамның арасында Бірмұхамед Айбасов, Әшір Бүркітбаев, Оразалы Жандосов (ағасы Ораз Жандосов 2 наурызда атылған), Мұхамедияр Жанкин, Мұхтар Саматов, Мұхаметқали Тәтімов болды. 3 наурызда Ибадолла Құлжанов, Мағазы Масанчи, Абдолла Розыбақиев, Рахым Сүгіров... барлығы 38 адам, 7 наурызда Нұртаза Ералин, Жұмахан Күдерин, Нұғман Манаев... барлығы 43 адам, 8 наурызда Әбілқайыр Досов, Атлас Кәлменов, Жақсылық Құлтасов, Хакімжан Нұрымов... барлығы 44 адам, 9 наурызда атылған 37 адам ішінде Әбдірахман Айсарин, Ахмет Нұралин, Шахзада Шонанова (Қаратаева), Анас Ілиясова бар... (1937 жылдың күзінде Алаштың ар-ожданы Ахмет Байтұрсынов – Алматыда, ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханов, ВЦИК хатшысының орынбасары Нығмет Нұрмақов, Саудиядағы тұңғыш кеңестік елші Нәзір Төреқұлов Мәскеуде атылды.   Сондай-ақ Мәскеуде 1938 жылғы ерте көктемде кеңестік қайраткерлер Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Садық Нұрпейісов, күзге салым Батыс Алаш-Орда басшысы Жанша Досмұхамедов, Омбыда Қошке Кемеңгеров атылды). «Әділет» жинақтаған деректерге қарағанда, 1937 жылы Алматы облысында жоғарғы үкімге кесілгендер саны 440 болса, 1938 жылы мыңнан асып кеткен, Жамбыл облысында 1937 жылы 330 адам атылса, 1938 жылы бұл көрсеткіш 510-ға жеткен. Құрбандардың осындай өсуі бар аймақта орын алған. Қысқасы, Үлкен террордың екінші жылында саяси айыппен қатаң жазаға ұшырату мейлінше күшейіп,  қазақ қоғамының бетке ұстарларын түгелге жуық жойып жіберілді.

Жаппай қуғын-сүргін кезеңін «Үлкен террор» деп атау шетел зерттеушілерінен ауысқаны мәлім. Дәлдеп айтқанда, бұл терминді әдебиетке тұңғыш енгізген – англиялық-америкалық тарихшы, ақын және жазушы Роберт Конквест. Туғанына  биыл 100 жыл толады. 98 жасқа келіп, 2015 жылы дүние салған. «Үлкен террор» атты кітабының аудармашысы Леонид Владимиров орысша басылымға берген алғысөзінде: «Ағылшын жазушысы   Роберт Конквест – заманымыздың ең таңғаларлық әдебиетшілерінің бірі, – деп жазды. –  Конквест үш поэзиялық жинақтың, роман мен повестің авторы, ол тағы алты үлкен тарихи зерттеу жазған. Оның поэзиясына бас июшілер бар, олар тіпті Конквест-тарихшы жайында ештеңе білмейді, сондай-ақ әріптестері тарихшы Роберт Конквест өлең жазған екен деген сөзге күле қарайтын ғалымдар да бар. Алайда бұл жазушының тамаша ерекшелігі сонда, оның поэзиясында да, прозасында да, ғылыми жұмыстарында да дилетанттықтың көлеңкесі де жоқ – ол шын мәніндегі профессионал және осы бірінен бірі алыс жатқан әдебиет салаларының бәрінде де талантты профессионал». Конквесттің кітабы тұңғыш рет ағылшын тілінде британиялық баспадан «Үлкен террор: отызыншы жылдарғы сталиндік тазалаулар»  деген атпен 1968 жылы, Чехословакиядағы коммунистік көсемдердің қасаң басқару жүйесін жақсартуды көздеген реформаторлық әрекетін совет танктері бүкіл әлемнің жағасын ұстата таптаған шақтың артынша шығып, әлем жұртшылығы назарын бірден өзіне аударған.  Ал бұл кітап 1974 жылы орыс тілінде Италияда «Үлкен террор»  деген атпен жарық көрді. Кітаптың Совет Одағына ашық жолмен әкелінуіне бірден тыйым салынды. Қайта құру жылдары ғана түрлі әдіспен аздап әкеліне бастады да, 1991 жылы Латвияда екі томға бөлініп басылып шықты.  Қызығы, автор бұл кітапты жазғанға дейін Совет Одағында болмаған екен. Ол соғысқа дейін Европаның таңдаулы оқу орындарын бітірген. Біртіндеп философия, саясат, экономика бойынша  бакалавр және магистр, кеңес тарихы бойынша докторлық дәрежеге ие болған. КСРО хақындағы танымы жариялы әдебиетті оқу арқылы қалыптасыпты. Атақты кітабына негізінен СОКП ХХ съезінен кейінгі «Хрущевтік жылымық» кезінде шыққан жарияланымдарды арқау еткен. Британия сыртқы істер министрлігінің құжаттарымен танысу, сондай-ақ Батыстан орын тепкен кеңестік эмигранттармен жеке байланыс орнату барысында қосымша материал жинастырған көрінеді. Оның пайдаланған дереккөздерінің көбі совет өкіметі құжаттары мен басылымдарынан, әртүрлі естеліктерден алынған. Ол жол арасында жасырылған ойларды оқи алуға машықтанған, шындық пен бұрмалауларды айқын ажырата білуге дағдыланған зерттеуші болатын. Оның әрбір тұжырымы дәлелді, тиісті құжаттармен дәйектеліп тұр. Кітап советтік зерттеушілер үшін баға жетпес ақпарат көзіне айналды, өйткені онда қозғалатын кезең жайында Кеңес Одағындағы көпшілік ештеңе де білмейтін. Зерттеушілер 1066 беттік «Үлкен террорда»  түсіндірмелерімен бірге 2297 сілтеме барын айтады. Бұл жәйт автордың зерттеуін жазуы үшін қаншалықты маңдай терін төккенін байқатады. Кеңестік тарихнамада нарком Ежовтың атымен «ежовщина» деп аталып келген 1937–1938 жылдарғы кезеңді Конквесттің кітабы ғылыми айналымға енгеннен  кейін «Үлкен террор»  деп атау қолданысқа енді.  Роберт Конквесттің өзі Үлкен террорды 1934 жылғы Киров өлтірілген уақыттан  басталып, 1939 жылғы наурызда өткен ХVIII партсъездің өтуімен аяқталды деп санағанына қарамастан, біздің зерттеушілердің көпшілігі Үлкен террор кезеңіне саяси репрессия шырқау шыңына шыққан 1937–1938 жылдарды жатқызғанды қош көреді. Дәлірек айтқанда, Үлкен террор 1937 жылғы 30 шілдеде қол қойылған  Ежовтың 447-бұйрығымен күрт өрістеді де, Ежов қызметінен алынып, орнына Берия тағайындалған соң басылды, яғни 1938 жылдың аяғына дейін – барлығы 17 айға  созылды деп есептейді.

 Алайда  қуғын-сүргін іс жүзінде одан бергі жылдарда да жалғаса берді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Әділетке» берген дерегі бойынша,  «халық жауларын әшкерелеп» ату Алматыда 1946 жылға дейін жүргізілген. Сол бойынша 2012 жылы «Азалы кітап. Книга скорби» тізбегінің «Жаңалық» қорымына арналған 9-шы шығарылымы жарыққа шықты. Кітапқа 1937–1946 жылдары атылып, Алматы түбіндегі «Жаңалық» қорымына көмілген  4219 құрбан жайында өмірдеректер келтірілген.

«Үлкен террор» мен оған бұдан 80 жыл бұрын «бата берген» партиялық форум жайындағы шағын әңгімемізді аяқтай келе,  оның әлі де толық ашылмаған қасіретті салдарларын терең және жан-жақты зерттей түсу қажет екенін, ондай жұмыстың болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор болмағын тағы бір еске салғанды жөн көреміз. Жастардың бойында әділеттілікті, демократиялық құндылықтарды бағалай білетін қасиеттерді қалыптастыруға атсалысу – парыз. Тоталитарлық дәуірдегі мемлекеттік террордың, жаппай саяси қуғын-сүргіндердің құрбандары аруағына бүкіл халық болып құрмет көрсетейік.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

 

0 пікір