Сенбі, 27 Сәуір 2024
Билік 5278 0 пікір 7 Наурыз, 2017 сағат 10:07

КҮРМЕК КӨБЕЙСЕ КҮРІШТІҢ СОРЫ

«Баламен баладай, данамен данадай болып сөйлесетін министр сүттен ақ, судан таза болуы керек шығар?»

«Мен қауіп қылған соң айтамын» деген екен, баяғыда бір дана қария. Амал жоқ қолға қалам алдырып отырған – соңғы уақыттағы БАҚ-та бұрынғы министр Б.Жұмағұлов пен ректор Ғ.Мутановтың ғылыми еңбектеріндегі табылған плагиат мәселесі. Осы мақаланың лейтмотиві ретінде Оңтүстік Қазақстандық жазушы Әдіһәм Шілтерхановтың афоризмге айналған бірнеше ойларын алдым. Солардың көмегімен бұл проблемаға тереңірек үңіліп көрейік. Сонымен, 

«Күрмек көбейсе, күріштің соры;

Дүрмек көбейсе, жұмыстың соры».

Шынтуайтына келсек министр де, ректор да, құдайға шүкір, елде бар ғылым докторларының қатарындағы адамдар. Бірақ, мына әңгімеден кейін олар «күріш» емес, «күрмекке» ұқсап тұр. Сөйтіп басқа «күріштердің» - шын ғалымдардың беделіне, абыройына үлкен нұқсан келтіріп отыр. Ал білім мен ғылымдағы үлкен, әрі биік мансаптарын ескерсек, бүкіл қазақтың ғылымына күмән тудырып, ыңғайсыз жағдай туындап отырғандай. 

Қолында билігі мен мүмкіншілігі бар шын ғалымдардың өз мектебі болса керек-ті. Қалай аударып қарасаң да, академик Б.Жұмағұловтың немесе профессор Ғ.Мутановтың «ғылыми мектебі» бар дегенді естімеппін. Бәлкім, естіген-көргендер бар шығар. Ал енді «күрмек» қанша мықты болса да, «күріштей» бола алмайды. Сондықтан шын жұмыстың орнын дүрмек алмастыруы заңды нәрсе.  Жалпы «күрмек» пен «дүрмек» егіз сияқты, бір бүтіннің екі жағы ма, қалай? Министр болып тағайындалған соң, оның орнына ректор келді. Екеуі де реформа деген сылтаумен үлкен дүрмекті дүрілдетті. Шын ғалымдардың қарсылығына да екеуі бірдей ілінді десе болады. 

«Осы реформаларың үшін рахмет, талай дүниемізді жөндеп алдық» - деген адам көрмедік. Сонда бұл реформалар кім үшін? Бұл сұраққа басын ауыртқан ректорды да, министрді де тағы көре алмадық. Одан бетер өршелене түспесе, ешкімді тыңдамады... 

Дүрмекпен атқарылып жатқан реформаларынан шалалықтың сұлбасы көрініп тұрды. Мына БАҚ-та жарияланған мәліметтерден кейін, осы шалалықтың алғышарты мен түбі көрінгендей. 

«Шала білім шатастырар» - дейді Әдіһәм Шілтерханов ағамыз. Енді бұған бірдеңені қосып-алу қиынның қиыны. Кез-келген тірліктің шалалығының ең басты көрінісі – оның түсініксіздігі, нәтижесіздігі, таяздығы. Министр де, ректор да ауқымды істер атқаратын мансап иелері. Олардың атқарған, атқаруға тиіс істерінің нәтижелері біздің еліміздегі адами капиталды (человеческий капитал) ұлғайтуға, дамытуға тікелей әсер ететіні дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Пафоспен айтсақ, бүгінгі Ұлттық университеттің ректоры мен министрдің қолында Елдің, Ұлттың ертеңі мен болашағының тізгіні тұр. Ал олар шалалыққа, таяздыққа бой алдырып отырғандай. 

«Ойы саяз адамның ісі ауқымсыз» - дейді Әдіһәм ағамыз. Ғылыми диссертациялары мен монографиялары шала, түбі шикі-шатақ осындай мансап иелерінің елімізде ауқымды ғылыми реформа жасай алатынына, қолдағы барды ұқсата алатынына сенім жоқ. Интернеттегі, БАҚ-тағы жарияланымдар мен айтылған мыңдаған пікірлер осыған меңзейді. 

Ең өкініштісі және сорақысы – кеше ғана мансабына сай «дуалы сөз» айтып жүрген министрдің де, ректордың да осы жарияланымдардан кейін «аузының дуасы» кетіп қалғандығы. Ал «аузының дуасы» жоқ басшының кейпі әрі аянышты, әрі күлкілі емес пе? Олардың ендігі жерде парықты істер атқара алмасы анық. Қалай болғанда да, жарияланған ақпараттарға қарағанда, Б.Жұмағұловтың да, Г.Мутановтың да плагиаттары нақты дәлелденіп тұрғандай. Яғни, бұл екі азамат қоғамнан да, халықтан да шындықты жасырып келген. Ұят болды, халықтың жігері құм болып, сенім азайды. 

«Алдағаннан алданған тәуір – Арың кірленбейді» - дейді Әдіһәм Шілтерханов ағамыз. Бұл ретте алданған халық болып тұр ғой, яғни халықтың ары таза, кірленбеген. Ал біздің Конституциямыз бойынша Халық – биліктің қайнар көзі; мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі болып табылады. Сол халықтың ішінде бала да, дана да бар. Осы ғана көңілге үміт ұялатып, болашаққа үмітпен қарауға жетелейді. Құдайға шүкір, үміт бар...

Сол Әдіһәм ағамыз айтады: 

«Мықты жеріңді жақының пайдаланады, Осал жеріңді дұшпаның пайдаланады» - деп. 

Мен қауіп қылған соң айтамын да...

Нұғман Аралбай

Abai.kz

 

0 пікір