Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Ауыс-түйіс 3502 0 пікір 9 Наурыз, 2017 сағат 09:13

18 ЖЫЛДА 3 879 АКАДЕМИК... АЗ ЕМЕС ПЕ?

1970-жылдың тамыз айы.

«Қазақ әдебиетi» газетiнiң редакциясында әдебиет бөлiмiнiң  меңгерушiсi болып  жүргенмiн.  Бiр күнi Бас редакторымыз  Әнуар  Әлiмжанов бөлмеме келiп (Әнекеңде бiздiң қай-қайсысымызды болсын  шақыртып алудың  орнына көбінесе өзi кiрiп-шығып, әңгiмелесiп жүретiн әдет  бар-ды),  маған күле қарап отырды да:

- Ғаббас, сен сын бөлiмiне ауыс, сатира жазатын кiсi сынға бейiм болады ғой, сынды қолыңа ал, - дедi.

- Мен сын жазып көрген жоқпын, қисыны келмес, - дедiм, ұсынысына келiскім жоғын аңғартып.  Бас редактор ризашылығымызды сұрамай-ақ, бұйрықпен ауыстыра  салуға  құқылы екенiн бiлсем де, Әнекеңнiң демократияшыл жұмсақ  мiнезiн пайдаланып, орнымда қала берудi ойлап үлгiргенмін.

- Газетiмiздiң беделi әдеби сынымыздың әдiл, қуатты болуында, бiзде, өзiң де байқап жүрген шығарсың, сын жүрмей жатыр, ұсақтап кеттi, ол сыншы авторлармен жұмыс iстей алмауымыздан, жаңа автор таба алмауымыздан. Мәселе ұйымдастыруда, ол сенің қолыңнан келеді, сөйт, сын бөлiмiне ауыс, жарай ма? - дедi Әнекең, қажетi шамалы «құда түсуiн» жалғастырып. Бас тартқанмен «жаным қалмайтыны» белгiлi болды:

- Жарайды, ал ертең дұрыстап атқара алмасам, онда өзiңiз жауапты боласыз, - деп әзiлге бұрдым. Әнекең әдетiнше сылқ-сылқ күлiп:

- Боламын, боламын, - деп алды да, сынымыздың жағдайын түзеу жайындағы ой-пiкiрлерiн бiраз таратып айтты.

…Газетiмiз шыққан жұма күнi сағат 11 шамасында лездеме («летучка» деген) өткiзiледi де, жаңа санның сапасы және алдағы санның нысанасы әңгiмеленедi. Сондай бас қосудың бiрi аяқталып, тарай бастағанымызда Әнекең:

- Ғаббас, сен кiдiре тұршы, - деп жымыңдады. Әлдебiр тың, қызық жәйттi айтарда жымыңдап алатын едi. Кiдiрдiм.

- Мынаны оқып, пiкiрiңдi айтшы, - дедi, әжептәуiр қалың қолжазбаны ұсына күлiп.

-  Күлкiлi нәрсе ме? - деп жорта сұрадым.

- Оқып көрсеңшi…

Көлемдi әңгiменi де, мақаланы да үйге алып қайтып, түн мезетiнде оқитынмын. Өз дүниелерiмдi де түн тыныштығында жазып дағдыланғанмын. Әнекеңнiң «оқып көрсеңшісiн» де үйге әкелiп оқыдым. Мақала аты: «Ұрлық түбi – қорлық». Қиналмай атай салған. «П.Тобылғынов» деп қол қойған бейтаныс жазыпты. Әлдекiмнiң бүркеншiк аты-жөнi екенiн түсiндiм, себебi әдебиетiмiздiң әлемiнде ондай бiреу барын естiген де емеспiн. Бейтанысым  филология  ғылымдарының бiр кандидатын  «әдебиет ұрысы» деп iреп-сойып салыпты. Кандидаттық жұмысын: Мұхтар Әуезовтiң, Сәрсен Аманжоловтың, Есмағамбет Ысмайыловтың еңбектерiнен ұрлап жазғанын хабарлапты да, қайсысының қай кiтабынан, оның нешiншi бетiнен, қай абзацын көшiрiп алғанына дейін көрсетiптi. Кандидаттың авторефератын қоса жолдаған екен, оның көшiрiндi тұстарын қызыл қарындашпен айғыздап қойыпты. Дес бергенде үйдегi кiтапханамда ол атаған ағаларымыздың кітаптары бар едi, дереу алып, салыстырып шықсам, «П. Тобылғынов» жолдас шындықты айнадай жарқыратып берiптi! 

Дүйсенбiде  Әнекеңе бардым.

- Иә, оқыдың ба, қалай екен? – деп күледi. 

- Ой, Әнеке, қызық!  Заказбен жаздырта алмайтын мақала, фактiсi жүз процент рас, салыстырып шықтым, келесi нөмiрге берелiк!

- Мен де оқыдым ғой, - дейдi  Әнекең, тағы күлiп.

- Әнеке-ау, неге күлесiз, қызық та шыжық мақала ғой, осы күйінде  жариялайық!

- Солай ма? 

- Дайын мақала, алып-қосары жоқ. Автор аты-жөнiн жасырса да, шындықты мөлдiретiп жазыпты.

- Иә, авторы бүркеншiк фамилия қойыпты, қорыққан шығар. Өзi де сол маңайдың бiр «мықтысы» болса керек, қалам сiлтесi осал емес, кандидат па екен, доктор ма екен… Ғаббас, мұны бiр аптадай кiдiрте тұрайық, асықпайық.

- Неге?

- Көрейiк. Арғы нөмiрге жоспарлармыз.

- Е, мейлiңiз. Бастықтың айтқаны болады да, - деп орнымнан тұрдым. Өткiр де шыншыл, дайын мақаланы бөгеуiне ептеп ренжiп қалдым. Әнекең  жымыңдап:

- Әкәу, (оның осындай бiр одағай сөзi бар едi,- Ғ.Қ.), «асықпаған  арбамен қоян алар»  деген бар емес пе, сәл шыдайық, - дедi.

- Жарайды, шыдалық.

Шыдадық. Бес күн. Кезектi лездемеден соң Әнекең менi тағы кiдiрттi де, тағы бiр қалың қолжазбаны ұсынып:

- Ендi мынаны оқып көршi! – деп тағы күлдi…

Сенбi күнi түннiң бiр жерiне дейiн оқып, салыстырып, ерiксiз қайран қалдым. «С. Жамбылов» деген автор (оның да бүркеншік атпен жазғанын сездім) анау «П. Тобылғыновтың» филология ғылымдарының кандидаты атағын арам еңбекпен иеленгенiн жазыпты. Мақаласын «Арам малдың етiнен без!» деп атапты және кiрiспесiнде: «Құрметтi редакция! Сiздерге «П. Тобылғынов» дегеннен мақала түскен болар, Сiздер оған сенбеңiздер, ол - жалақор, ҚКП Орталық Комитетіне белгілі алаяқ,  оның шын аты-жөнi…» деп  «П. Тобылғыновтың» кiм екенiн ашып жазыпты. Әшкерелеуiн тұп-тура «П. Тобылғынов» тәсiлiмен жүргiзiптi. Бiр ғана өзгерiсi – ғылыми  еңбектерi ұрланғандардың анау тiзiмiн Бейсенбай Кенжебаев ағамызбен толықтырыпты. Үйімде Бейсекеңнiң де кiтаптары бар едi, ал салыстырайын бағана!. «С. Жамбылов» та тек шындықты хабарлапты. Мәссаға-а-ан!..

Бас редакторымыздың бөлмесiне кiре бере:

- Әнеке, «қуырдақтың көкесi»  табылды! –дедiм.

- Әкәу, саған «шыдайық»  дегенде осындай бiр пәле болатынын сезiп айттым ғой, иә, қалай  екен?

- Екеуi де қып-қызыл шындықты жазыпты, Әнеке, бір қызық болсын,  екеуiнiң де бiр сөзiн өзгертпей, «Кiм кiмнен жымқырыпты?»  деп ортақ тақырып қояйық та, алдыңғысына соңғысын тiркеп, жариялап кеп жiберейiк, жатсын шатысып! - дедiм. Әнекең сылқ-сылқ күлiп отыр.

- Сөйтейiк! – деймiн, тағатсыздана бастап. Жалған ғалымдардың төбесiне шәй қайнатып, бәлемдердiң миын  бiр сұйылтсақ деймiн  ғой.

- Бұл жолы да асықпайық, ойланайық.

- Үшiншi бiреуден келетiнiн тағы сезiп отырсыз ба?

- Жо-ға, бiрақ… -  дегенiнше бөлмеге:

- Кiм-ау, Әнуар-ау, кешегi… -  деп Iлияс Есенберлин кiре бердi.

…Ертеңiнде Әнекең бөлмеме келіп, әлгi екi қолжазбаны алдыма қойып:

- Құрысын, пәлелерiнен аулақ, архивке тапсыра  салшы, - дедi.

- Әнеке-ау, жариялайық та?! Фактiлерi түп-түгел рас қой?! Ғалымсымақтарға бiр сабақ болсын, ойлантсын, шошытсын! – дедiм, сұрау салып iздесең де таба алмас өткiр мақалалардың қолымнан шығып кетуiне тосқауыл қойға тырысып.

- Ғаббас, сенiң қызығуың орынды, оны түсiнемiн, бiрақ, бiз бұл мақалаларды жарияласақ, Ғылым академиясындағылар, құдай біледі, мына екеуі де сонда істейді, олар соңымызға түсiп алады, құмырсқаның илеуіндей орта емес пе? Сен оларды  бiлмейсiң ғой, орыстар айтатындай, «подводное течениесi» сұмдық олардың. Мен қорқып отырған жоқпын, ғылыми атақ алуды ойлаған кісі емеспiн, ойламаймын да, оларға менің iсiм түспейдi, бiрақ, олар газетке, сендерге жұмыс істетпейді, бәріміздің, Жазушылар одағының да есін шығарады.

- Маған да бәрiбiр, ғалымдықты мен де көксемеймiн.

- Әкәу, Ғаббас, сен сәл ойланшы, академия, ол араның ұясы сияқты, тиiп кеттiң бе, жабыла талайды, сондықтан, бұларға қызықпайық, архивке бере сал, құрысын! – деп Әнекең күле түрегелiп, қолын сiлтей шығып кеттi. Мақалаларға көз салсам, «шекелерiне»: «Архивке» деп жазып, қолын қойыпты. Не iстерсiң?..

Әнекеңдi  есiме  алған  сайын сол бiр жайт те жадымда жаңғыра қалады. Шындық үшiн күресте отқа түсуден де тайынып көрмеген Әнекең, ол мақалаларды жариялаудан пендешілікпен сескенбепті, тек біздi –редакцияның жас журналшыларын – шындықтың төңірегінде болатын шайтан шырғалаңнан, өлермен ғалымсымақтардың тым дойыр, тым тежеусiз шабуылынан қорғауды ойлапты. Кейiнде өзім куә болған сан жәйттi кейде ой безбенiме салып отырып, Ұстазымыздың сол жолғы «осалдығын»  түсініп жүрдім.        

Сол «қызық-шыжық» оқиғаны еске алуыма «Айқын» газетінің 22-қыркүйектегі санында «Біз қандай да болсын диалогқа дайынбыз» деген тақырыппен жарияланған сұхбатты оқуым себеп болды. Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор Найман Қалабаев мырзаның сондағы кейбір цифрлары маған «Не дейді-ау?!» дегізді.

Накеңді кезекті жаңа министрінің тағайындалуымен құттықтаймын! Білім мен ғылым шаруасы оңай ма, өткен он сегіз жылда бұл саланың министрі креслосында толық екі жыл отырғандар бір-екеу ғана. Бәкеңнің алдындағы министріміз Жәкең қазақтың «дені дұрыс» оқулықтарын жазатын «дені дұрыс» қазақ ғалымдары болмай жатқан соң «дені дұрыс» ғалымдарды көрші республикалардан шақыртпақшы еді, Бәкең ол «ғажап» жобаны кідіртетін болар, - «Көшпенділер» делінген кинофильмді басқа елдің «дені дұрыс» мамандарына түсірттірген даңғаза думанымыздың ақыры тақыр болғаны  есінде шығар?!

Енді Накеңнің цифрларына  үңілейін:

Қазақстан тәуелсіздік алып, өзінің Жоғарғы аттестациялық комиссиясы құрылғаннан бергі 18 жылда республика ғалымдарының сапына 3879 академик, 17.773 ғылым кандидаты қосылыпты. Алгебраны мазаламай-ақ, арифметиканы жұмсасақ, бұл – 18 х 365 = 6570 күннің орта есеппен: екі күнінде 1 академик, ал 1 күнінде 3 кандидат  ғылым ордасының есігін айқара ашты деген сөз. Биыл, 2010-жылы: «сужаңа» ғылым докторының саны 770, ғылым кандидатының саны 2178 болмақ.

Ғылыми атақ алуда дәрігерлер  қауымының үлес салмағы басым екен – 15,8 пайыз; техникалық ғылымдар жүйесі екінші орында – 14,9 пайыз.

Бәсекелестік демей, Накеңше салыстырғанда, 2009-2010-жылдары: ғылым докторы дәрежесі 166 ерге, 157 әйелге, ал ғылым кандидаты дәрежесі 568 ерге, 953 әйелге бұйырыпты.

Бұдан ары қарай цифрлар «тыңын игеруді» тоқтатып, ептеп ойланып көріп едім, көңілімнің төрінен мына бір сауалдар көрінді:

- Биыл қорғалуға тиіс кандидаттық жұмыс мұнша, докторлық жұмыс анша болуы керек деп жоспарлаудың ділгірлігі бар ма?  

- Академиктің саны жылма-жыл артуын өмірдің қай қажеттілігі талап етеді? 

- Ғалымға ең бай сала медицинамыз  екен, олай болса: емдеудің жаңа да жақсы тәсілін ойлап табу, дәрі-дәрмектің жаңа да тиімді түрлерін жасау жөнінде Қазақстанға, Орта Азияға, ТМД-ға, Еуропаға, әлемге танылған мамандарымыз мына 15,8 пайыздың ішінде нешеу, кімдер және олардың жаңалықтарын дүние жүзіне мәлім әйгілі әріптестері қалай бағалады?

Аталған сұхбатта бұл жайында ешбір мағлұмат жоқ екен. Сан алға ұмтылып, сапа ұмыт қалыпты.

Меніңше, ғылыми атақ алу ниет етілген  әрбір жұмыста сол саланың қызметіне пайда келтіретін, абырой әперетін өзіндік тың пікір, жаңалық болуға тиіс. Олай болмаған күнде, сөз жоқ, осы әңгіменің әліпбиінде аталған «С. Жамбылов» пен «П. Тобылғынов» сияқтылардың саны көбейе береді.  Ал ол – үкіметке масылдық. Олардай бір «ғалымның» қоржынына үкіметтің ай сайын пәлен мың теңгесі түсіп жататын  болар.

Ғылыми атаққа ұсынылған жұмыстың біразы жарамсыздығы себепті қайтарылатынын Накең айтыпты. Әйткенмен, мысалы, биыл 2178 кандидат болуын жоспарлаудың қажеті не еді? Жартысы да жетіп артылмас па еді? Қандай жоспар болсын оның орындалуы талап етіледі, демек, мына цифрдың кем дегенде үштен екісі іске асуы керек, олай болмағанда ол жұмысты ұсынған салада ұйымдастыру жауапкершілігі бүгінгі таңдағы талапқа сай емес деген жаттанды тұжырым жасалуы, оның салқыны кейбір басшыға тиюі мүмкін. Ол – болған жәйт және болып жатқаны да даусыз-ау.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1579
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1468
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1217
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1198