Жұма, 17 Мамыр 2024
Бәсе... 3663 0 пікір 3 Желтоқсан, 2016 сағат 09:09

АНАҒА КYРЕК ҰСТАТҚАННАН АБЫРОЙ ТАБАМЫЗ БА?

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап еліміздегі бір облыста 25 тал егіпті. Бұл талды күші тасыған жас жігіттер де емес, елдің бет ұстар билік иелері де емес, іскерлігі шыңдалған бизнесмендерде емес өзіміздің ақ жаулықты аналарымыз, қартайғанда құрметке бөленіп төрде отыруға тиісті әжелеріміз отырғызды.

Аппақ кимешегін желбіреткен бұл аналардың бірінің артынан бірі тізіліп қолдарына көшет пен ауыр күрек ұстап, күздің қоңыр суығында қара жердің балшығын басып баудың ортасында жүргені және оларды әкімдер мен әкімге жақын атпалдай азаматтардың екі қолын қусырып, телевизия шақырып тамашалап тұрғандары... қалай ойлайсыз насихатқа лайық, уағыздауды жөн көретін шара болды ма?

Ұяттан жерге кіретін, нағыз жексұрын шара болды десем артық айтқаным болмас. Ендігі қалғаны осы ақ жаулықты әжелеріміз атпалдай жігіттердің орнына әскерге барып қызмет етуі ғана қалып тұрғандай. Ызадан жарылып кетуге болар!

Әйтсе де бұл көрініс бүгінгі қазақ қоғамының ең бір әлсіз тұсын сипаттап берді. Ақиқатты мойындайық. Елімізде ауыр жұмыс істеп, ер азаматтың рөлін бір кісідей атқарып отырған әйел жолдастар аз емес. Бала-шағаны туып, ас-ауқатын беріп асырып қана қоймай, үйдің барлық бел ауыратын жұмыстарын атқарып, қаражатын қамдап, нәпақа табуды да мойнына алған әйелдер көп. Әйелдердің мұндай болмысын сонау Кеңестік заманнан қалған әйел мен ер теңдігіне сілтеп отыра беретін едік. «Комбайн мен тракторды айдауды әйелдерге үйреткен Кеңес Одағы, ендеше бар тауқыметті де соларға арқалата салайық» деген сыңаржақ пікірлерден арыла алмай қалдық. Сол даттаған Кеңестік заман келмеске кетті делік, ал ендігі тәуелсіздік алғанымызға бақандай 25 жыл өтсе де ұлттық құндылықтарымызды алға тарта отырып, қоғамдағы ана мен бала, ер мен әйел рөлін әлі күнге неге реттей алмай жүрміз?!

Иә, өмірдің қатал сынағында ердің орнын әйел алмастыруға тура келетін жағдайлар болады. Алайда ол әйелдің есіргенін, я болмаса билікті көксегенінен емес, тіршіліктің тынысын үзіп алмау үшін, арпалысқан шақтарда тағдырдан жеңіліп қалмау үшін жасалатын амалдар. Ондай тығырықтар қазақ ұлтының тағдырында аз болған жоқ. Ашаршылық, соғыс, күйзеліске толы қилы замандар бірінен кейін бірі өтіп жатты. Осы уақыттарда қиындықтан қажырлығымен алып шыққан аналарды әлі күнге дейін ауыр жұмыстан арашалай алмай отырмыз-ау!

Десе де бүгінгі бейбіт заманда бел ауыртатын жұмыстарды білегі мықты жігіттерге беруге болмас па еді. Әу бастан адам ата, хауа ана жер бетіне түскелі ердің жөні нәпақа табу дағы, әйелдің жөні дүниеге сәби әкеліп, соның дені-қарнын сау етіп өсіру емес пе еді. Әрбір ер азамат үй салуға, ағаш егуге, баласына дұрыс тәрбие беруге міндетті демеуші ме ек.

Ендеше, біздің кейбір шенділеріміз ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап тал егу кезінде атқарылған шараның идеологиялық мән мағынасын ұмытқан сыңайлы. Осы шараны ұйымдастырушылардың арасында бір ақылды бас табылып: «Ақ жаулықты аналарымызға күрек ұстатып қойғанымыз ұят болады. Мұндай жер қазатын жұмыстарды азаматтар істеуге тиісті» демеген сияқты. Есесіне теледидар алдында отырған жұртшылықтың бұл ақылсыз шараға ашу ызасы келгені бар да, енді бір есерлері «әне тал егу әжелердің жұмысы екен, мен де әжеме тал еккізейін» дегендері де бар шығар. Бірінші топқа қарағанда екінші пікірдегі адамдардың көбірек болмасына кім кепіл.

Ендеше, құрметті әкімдер мен әкімге жақындар, ендігі шараларды ұйымдастыруда басты назарда ұлттық құндылықтар мен қоғамдық идеологияны ұстауларыңызды сұраймын. Сіздердің әрбір жасаған қоғамдық іс-шараларыңыздың артында көздерін тігіп ел тұрғанын және осы шаралардан олар өздеріне әрдайым сабақ алуға тырысатынын ескерткім келеді. Лайым жақсы үлгілерді ғана көрсетейік.

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2115
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2527
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2226
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1629