Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Билік 3275 0 пікір 8 Желтоқсан, 2016 сағат 13:58

КООПЕРАЦИЯ ЖӘНЕ... ИДЕОЛОГИЯ

Жасыратыны жоқ, бiз ауыл шаруашылығын дамытудың бiр емес, бiрнеше тәсiлi болатынын нарықтық экономикаға ендi-ендi қадам басқан тоқсаныншы жылдардың басында бiлдiк. Ол тәсiлдердi бiр-бiрiмен салыстырып, тиiмдiсiн ғана таңдап алуға сол бiр елең-алаң шақта уақыт та тапшы едi. Жетпiс жыл бойы коммунистiк идеологияның құрсауында болған қоғамға шетел мамандары өздерi жасап берген дайын рецептi ұсына қойды да ел жаппай жекешелендiруге көштi. Ол кезде экономистер әрбiр отбасының шаруаны дөңгелетiп кетуге жетерлiк жерi, малы болса болды, өздерi ақырын шаруасын дамытып, бiр-бiрiмен саудаласып, жергiлiктi экономика көтерiледi деп ойлады. Алайда, бұл жоба күткендегiдей нәтиже бермедi. Барлығын өкiметтен оңай немесе тегiн алып үйренген халық нарықтық саясатқа бiрден бой үйретiп кете алмады. Қазiр тәуелсiздiк алғалы жиырма бес жыл болды, өкiнiшке қарай, қазақ ауылдары әлi бой тiктеп кете қойған жоқ.

Оңтүстiк Қазақстан облысында 4 қала, 11 аудан бар, ал, әр ауданда 15-25 ауылдық округтерден бар. Ауылдардың барлығының жағдайы негiзiнен бiр-бiрiмен шамалас десек қателеспеймiз.

Кең байтақ Қазақстанның әр түкпiрiнен мысал iздеп әуре болудың қажетi жоқ, әркiм өз ауылының өткенi мен бүгiнiне бiр сәт үңiлсе, талай мәселеге көз жеткiзер едi. Мәселен, менiң ауылым – Сайрам ауданындағы Жiбек жолы ауылы (бұрынғы «Свердлов» ұжымшары) заманында даңқы алысқа кеткен шаруашылықтардың бiрi болатын. Сенесiздер ме, бүгiнде талай ауыл тұрғындарының арманына айналған табиғи газ бiздiң ауылға 1971 жылы-ақ тартылып қойған болатын. Ол жылдары таза ауызсу дегеннен проблема болған емес, ең шеткi көшелердiң өзiне асфальт жол төселген едi. Ауылдағы қант зауыты мен кiрпiш зауытында, сиыр, қой, шошқа фермаларында мыңдаған адам жұмыс iстейтiн. Естерiңiзде ме, кеңестiк кезеңде не болса сол дефицит болушы едi ғой.

Мәселен, қазiр дүкендерде өтпей тұрған шұжықтарды ол кезде дүкеншi танысы барлар ғана сатып ала алатын. Ал, бiздiң ауылда... сол дефицит шұжықты шығаратын цех болушы едi. Жерлестерiмiз мақсарыдан май шығарып, одан кiр сабын өндiретiн. Қырманда тау-тау болып үйiлген арпа-бидай молшылықтың символындай едi. Жемiс-жидек мол салған жылдары колхозшылар оны жинап алуға үлгермей, ауыл шаруашылығы жұмыстарына студенттер мен мектеп оқушылары жұмылдырылатын. Шағын ауылдағы шарап зауытында өндiрiлген шипучий жеңiл шарабы Қазақстанның сауда орындарын былай қойғанда, вагон-вагон болып Ресейге жөнелтiлетiн. 1980 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Д.Қонаев келiп «миллионер ауыл» деген мәртебе берiп кетiп едi. Сол кездегi мерекелердiң бәрiн бүкiл колхоз бiр үйдiң баласындай болып тойлайтын. Ас та төк дастарқан, ұжымдық көңiл-күй, бiр сөзбен айтқанда, өмiр дегенiңiз қыз-қыз қайнап жататын. Ол күндер көзден бұл-бұл ұшты. Трактор, комбайн айдайтындар «жоспар орындалып, жанармай артылып қалса, бөшкесiмен далаға төгiп тастайтынбыз» дегендi әлi айтады. Колхоз тараған соң «жаңа қазақтар» он жыл тонап, атақты шаруашылықтың мал-мүлкiн әрең тауысты. Қазiр сол байлықтан түк жоқ.

Колхоз-совхоздар тараған соң әркiм тиесiлi он гектар жайылым, бiр гектар суармалы жерiн алды да Қазақстанда бiр күнде пәленбай жер иеленушi пайда болды. Дегенмен, сонда да ешкiм байып кеткен жоқ. Байығаныңыз былай тұрсын, сол жерден мандытып өнiм де ала алған жоқ. Себебi, шаруалардың не техникасы, не ақшасы жоқ едi. Бәрiнен бұрын көпшiлiгiнде қарапайым ниеттiң өзi жоқ едi. Неге? Негесi сол, коммунизмге құдайдай сенген аға буын ол жылдары моральдық соққы алғандай есеңгiреп қалды. Орта буын мен жас буын адыра қалған ауылды тәрк етiп, қалаға қашты. Заманында табыстың көзi болған жерлер қаңырап бос қалған соң оның иелерi не iстедi дейсiздер ғой. Не iстеушi едi, «бiр сиырға жететiн сабан мен екi-үш қап бидайымды төгiп берсең болды» деп әлгi жерлерiн техникасы барларға әшейiннен әшейiн бере салды. Дәл осы құбылыс 1993 жылдан басталып, 2014 жылға дейiн созылды, бiрақ, сол аралықта Қазақстанның экономикасы жылына төрт пайызбен қарқынды даму үстiнде болды. Өйткенi, ол жылдары мұнайдың бiр баррелiнiң құны 110 доллардың шамасында едi. Ата-бабамыздан қалған қасиеттi топырақтың астындағы «қара алтынның» қазынаға түскен 25%-ның өзi 17 млн. халықтың тамағы мен киiмiне һәм жалақыға молынан жетiп жатты.


Жылдар жылжып, 2015 жылдың ортасында мұнайдың бiр баррелiнiң бағасы 110 доллардан 32 долларға бұрқ етiп бiр-ақ құлады. Мұндай экономикалық катастрофаны ешкiм күтпеген және бұған ешкiм дайын да емес едi. Жалақы, азық-түлiк, әлеуметтiк жәрдемақы болып ағып қазынамызға төгiлiп жатқан ақша 70%-ға бiрден кемiдi. Өкiмет халықты аш қалдыра алмайды, сондықтан осы уақытқа дейiн алтын қорға жиналған құны 70 млрд. долларға тең алтындарды сата бастады. Алтын қорын 800 млрд. долларға жеткiзген Араб мемлекеттерi, Норвегия секiлдi басқа да мұнайлы елдер «ертең қорымыздағы алтын бiтсе не боламыз» деп дабыл қағып, әлемдiк көштен қалмау әрекеттерiн жасап, инновациялық технологияларға жүгiнiп, қуат көзiн күннен, желден, судан алу жолдарын қарастыра бастады.

Ал, бiз ше? Бiз жер көлемi жағынан әлемдегi 200 мемлекеттiң iшiнде тоғызыншы орындамыз. Мынау Ұлы Далаға бес Франция немесе жарты Европа сыйып кетедi. Сонымен, бiлiктi мамандардың басым көпшiлiгi жердi дұрыс игеруiмiз қажет деген тұжырымға тоқтады. Елбасы да жан-жақты сарапталған зерттеулерден соң ауыл шаруашылығы жерлерiн дамытып, өз тамағымыз бен киiмiмiздi өзiмiз өндiруiмiз керек деген шешiм қабылдап, «Агробизнес–2020», «Бизнестiң жол картасы–2020» атты бағдарламалардың дүниеге келуiне жол ашты. Және ол бағдарламаларға қазынадан 2 трлн. теңге бөлiндi.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысының әлеуетiмен республикада бiрде-бiр өңiр таласа алмайды. Құдайдың өзi бiздiң туған жерiмiздiң климатын диқаншылыққа қолайлы етiп қойған. Ең халқы көп өңiр, жұмыс қолы арзан, әрi тұрғындардың жартысынан көбi ауылды жерлерде тұрып, бау-бақша өсiруге маманданған.

Ендiгi жерде «ауылды қалай көтеремiз, қалай ауыл тұрғындарын жiгерлендiрiп, бос жатқан жерлердi заман талабына сай игеремiз?» деген сауал туады.

Әлемдiк тарих бiрнеше толқындар мен толқулардан өтiп, жер бетiндегi ең қуатты елдерге айналған мемлекеттерде ең алдымен идеология мықты болғанын айтады. Кешегi Кеңес заманында да идеология өте мықты болды. Рас, ол идеология қазақ ұлтының тамырына балта да шапты. Тiлiмiздi, дiлiмiздi, тарихымызды ұмытып кете жаздадық. Соның өзiнде жiгер күшiмiз тасып, бесжылдық жоспарлар бiрнеше есе артығымен орындалып жатты.

Қазаққа ең керек идеология бүгiн туды. Ол қандай идеология? Ол – Сұлтанмахмұттың «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбеймiн», Әлиханның «Тiрi болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», Абайдың «Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп және хақ жолы осы деп әдiлеттi», Шәкәрiмнiң «Адамдық борышың халқыңа қызмет қыл, ақ жолдан айныма, ар сақта оны бiл» деген елшiлдiк, адамгершiлiк идеологиясы! Мiне, әрбiр қазақ азаматының жүрегiнде осы ұрандар от боп жанып тұрғанда ғана бiздiң бойымызға таусылмас қайрат қайта бiтедi. Қазақтың атам заманнан келе жатқан мәдениетi мен дәстүрiн санасына сiңiрiп, дарқан далада демократиялық институттар жүйесiн терең қалыптастырған үлгiсiн әлемге мақтан тұтып көрсетуге әбден болады. «Мәңгiлiк ел» ұранын тұмар еткен азамат өзiнiң ата-бабасынан мирас болып қалған қасиеттi қара топырағына, туған ауылына келiп жерлестерiне үлгi көрсетуi керек. Осы ұранмен мен де «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Калифорния штатында үш жыл оқып, ауылға келдiм. Келе салып ауылдағы Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектепте сыныптастарыммен кездестiм. Бәрiмiз жиналып өзiмiз оқыған мектепке Әлихан Бөкейханның ескерткiшiн орнаттық, тұғырына «Тiрi болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп үлкен етiп жазып қойдық. Оны оқыған ауылдың әрбiр жасы рухтана бастады.

Ауылымды дамытамын деген адамға қазiр мүмкiндiк көп. Тек берекесi кеткен шаруалар мен шаруа қожалықтарының басын қосып, ұжым құру қажет. Оны орысша кооператив дейдi. Кейбiр кiсiлер менен «баяғы колхозды қайта құрмақшысың ба?» деп сұрайды. Иә, бұл құрылымның бұрынғы колхозға ұқсайтын жерлерi бар, бiрақ, өзгешелiгi де жетедi. Өзгешелiгi қазiргi заман талабына сай нарықтық экономикаға негiзделген ұжымдар құрамыз. Кiмнiң ауылы диқаншылықтың қай түрiне бейiмделген болса, сол егiс түрiнiң сапасын әлемдiк деңгейге көтеруге жағдай жасалады. Нарықтық экономиканың принципi – Сұраныс пен Ұсыныс! Сондықтан елiмiзде қандай өнiм түрлерiне сұраныс жоғары, алдымен сол өнiмдi өндiредi. Өнiм сұраныстан асса, әлемдiк нарықтағы сұранысқа ие тауар түрлерiн өндiру көзделедi.

Кооперативтердiң қызметi 2015 жылғы 29 қазанда қабылданған ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтерi туралы» Заңымен реттеледi. Яғни заңдық құқықтық негiздерi жасалған. Бұдан былай Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң саясаты кооперативтердi дамытуға бағытталады. Субсидия алатын кезде алдымен кооперативтерге басымдық берiледi. Ауылда машина трактор стансаларын жасақтау үшiн кооперация құрғандарға лизингке трактор, комбайн, басқа да қажеттi техникалар ұсынылады.

Кооператив құру бүгiнгi таңда бiр-ақ күндiк шаруа. Кооператив құрам деп қажеттi құжаттарыңызбен үш адам кәсiпкерлердi қолдау орталығына барсаңыз бiр-ақ күнде тiркеп бередi. Ал, ендi сол ұжымды дөңгелетiп алып кету нағыз бiлiктiлiктi, әдiлдiк пен көшбасшылық қасиеттердi талап етедi.

Қарапайым бiр мысал келтiрейiн. Сайрам ауданы Жiбек Жолы ауылының диқаншылықты дамытуды мақсат еткен үш жiгiтi жиналды да кооператив құрамыз деп шештi. Жеке куәлiк құжаттарын алып «Кәсiпкерлердi қолдау орталығына» барып тiркелдi. Ендi олар ауылдарындағы елу отбасымен келiсiп бес немесе он сотық үйiргелiк жерге сарымсақ егудi жоспарлады. Алдымен сарымсақ сатып алатын компанияны табуына әкiмдiк жәрдемдесетiн болды. Содан соң ауылдағы елу үйге тұқымды кооперативтiң атынан сатып әпередi, елу үй сарымсақты өздерi есiктiң алдына егедi, сарымсақ пiскен соң өнiмдi кооператив үй иелерiнен сатып алады. Тұқымды кооператив мүшелерi базардан 700 теңгеден алса, үй иелерiнен 600 теңгеден алып, пайдасын көредi. Кооператив кәдiмгi жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк секiлдi коммерциялық ұжым болғандықтан бiр бағытты немесе көп бағытты қызмет атқара бередi. Үйiргелiк жерлерге сарымсақ егiп, пайдасын бiр көрсе, ауылдың сыртындағы пайдасы аз бидай алқабына немесе жоңышқалық жерлерге тиiмдiлiгi жоғары сарымсақ, таңқурай немесе құлпынай егiп, тағы пайда көрулерiне болады.

Бұрынғы тұтынушы кооперативтердiң күшi жойылып, жаңа заңға сай өндiрiстiк кооперативтер қайта тiркеуден өтуi керек. Кооператив құрудағы ұжымдық мақсат қане дейсiз ғой. Айтайық. Мәселен, Машатбайда трактор болса, Серiкбайда соқа бар, Еркiн агроном болғанымен жерi жоқ, ал, Ерсiннiң жерi бар, осылардың бәрi жиналып, қолда бар мүлiктерiн ортаға салып, өздерi басшы мен ревизорын сайлап алады. Солайша шаруа қожалықтарын дөңгелетiп, нәпәқасын таба бередi.

Иә, қазiр адам адамға сенбейтiн заман, бастық болғандар тек ақша жымқырумен айналысып, жемқорға айналуы қалыпты жағдай ретiнде қабылданатын тәрiздi. Жемқорлық дертiнiң емi тек қана сауаттылық пен азаматтық белсендiлiк. Баласы мен немересiнiң болашағына жаны ашитын әрбiр азамат белсендi болуы шарт. Белсендi болмасаңыз, алып империяларға жем болғаныңыз жем болған...

Қазiргi таңда облысымызда 81 кооператив құрылып, олар әр тарапты өнiмдер мен көкөнiстер өндiруде. Қайта ұжымдасу заман талабымен болып жатқан процесс. Осы күнге дейiн аяғына тұрып, өндiрiс айналымын бiрнеше миллион доллардан асырған шаруа қожалықтары мен агро саласындағы бизнесмендердiң саны соңғы он жылда едәуiр еселенген. Үлкен зауыттар мен цехтар салып үлгергендер айналасындағы ауылдарды жұмыспен қамту үшiн кооператив құрады. Әрбiр кооператив мүшесi қабiлетiне қарай қызметiн атқарып, iрiлену процесi өсе бередi.

Мәселен, Арыс қаласындағы томат шығаратын зауыт Арыс қаласы тұрғындарынан кооператив құрып, ауыл тұрғындарының бәрi жаппай қызанақ егiп нәпәқасын табады. Екi жаққа да тиiмдi. Ленгiрдегi «Фудмастер» компаниясы ауданның бiрнеше жерiнен сүт қабылдау орталықтарын ашып, ауыл тұрғындарын кооператив мүшесi етiп қабылдап, олардың сүтiн сатып алады. Түлкiбас ауданы климаттық ерекшелiгiне сай алма баудың отанына айналмақ. Түлкiбастың алмасын әлемдiк брендке айналдыруды көздеген түлкiбастық кооператив ауданның барлық ауылдарына алма егудi жоспарлап отыр. Мақтаарал мен Түркiстаннан логистикалық орталықтар ашып, экологиялық таза пiскен қауынды жүк көлiктерiмен тiке Европаға жөнелтудi сол аймақтағы кооперативтер iске асырып жатыр. Созақ ауданының кооперативтерi түйе сүтiнен сүт ұнтағы әрi таблетка жасайтын инвесторларды тауып, осынау өнiмдерiн әлемдiк бәсекеге қабiлеттi өнiмдердiң қатарына қосқысы келедi. Сайрамда әлемдiк Супер-Гипер маркеттердiң талаптарына сай мал сою бекетi ашылды. Қазақстандағы жылыжайлардың 90 пайызы Сарыағаш ауданында шоғырланған. Сарыағаштықтар кооператив құрып, жылыжай өнiмдерiнiң сапасын Италия өнiмдерiнiң сапасымен тең етiп Ресей нарығын жаулауға бел буды.

Сырт бақылаған адам Оңтүстiктiң аграрлық секторы эволюциялық жолмен баяу дамып келе жатқанын байқар едi. Iрi шаруа қожалықтары айналасына ұсақ шаруаларды бiрiктiрiп, айналымы артқан сайын үлкейе бередi. Қаражаты көбейген сайын бiлiктi мамандарды жалдап, заманауи технологияларды сатып алып, табыстарын да еселей бередi. Оңтүстiкте 90 мыңға жуық шаруа қожалықтары тiркелгенiмен, өкiнiшке қарай, олардың жартысы жұмыс iстемейдi. Бiр миллион гектар жердi 81 кооператив қайдан игерсiн?!

Шаруа қожалықтарын ашып болып, әрi қарай бiлiктi маман таба алмай отырған диқандарға арнап колледж, университеттерден арнайы зерттеу базаларын ашып отырмыз. Осылайша диқандарды курстан өткiзу жүйесiн қалыптастырудамыз. Кез келген шаруа бiр апталық немесе бiр айлық курстан өткен соң проблемаларын бiлiктi мамандармен бiрге жердiң басында шешуге жағдай жасалады. Дуальдi оқу әдiстемесiн қолға алып, ауыл шаруашылығы саласындағы мамандықтарды игерiп жатқан студенттердi өндiрiстiк жылыжайдағы шетелдiк агрономдардың қасына қосып, тәжiрибеден өткiзу жүйесi жолға қойылды. Дегенмен, мұндай әрекеттер әлi де аздық етедi. Сондықтан ел экономикасының өсуiне үлес қосқыңыз келсе, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының кооператив бөлiмiне келiңiз. Келiп қана қоймаңыз, бағыт-бағдар алып, Отанымыздың тiрегiн нығайтуға бел буып, алтын бесiк ауылдың асқақтауына ат салысыңыз!

Дархан ЖИЕНБАЙ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы

Abai.kz

0 пікір