Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3002 0 пікір 9 Қыркүйек, 2010 сағат 05:41

Күпән ЗӘЙІТҚЫЗЫ. Екеуі де бір Міржақып болып жүрмесін…

РЕДАКЦИЯДАН:

РЕДАКЦИЯДАН:

2007 жылы Мұңғұлия жеріндегі Бай Өлкеде (Баян Өлгий) танымал дінтанушы Нарынбай Разбекқажыұлы, айтулы ақын Светқали Нұржан, ғалым Саят Ыбырай, фольклортанушы ғалым Болат Қорғанбек ағаларымызбен бірге сол жердің жергілікті қазағы, ақын Сұраған Рахметұлының үйіне қонаққа бардық. Қазақтың арғы-бергі тарихы, шежірелі әңгімелері арасында бір қызық хикая баян етілді. Сұраған ақын алаштың арысы Міржақып Дулатұлына өте қатты ұқсас, бір құпия адам 60-шы жылдарға дейін Өлгей аймағында өмір сүрді деген әңгімені айтты. Оның жүріс-тұрысын, Міржақыпқа қатты ұқсайтын бірнеше ерек-шелігін салыстыра отырып жеткізді. Дәл осы кезде менің есіме Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданы Қарабұлақ ауылындағы І.Жансүгіров атындағы орта мектептің ұстазы, зерттеуші Медет Дүтбаеваның дәл осы оқиғамен өте ұқсас мақаланы көрсеткені есіме түсті. Ол 1998 жыл еді. Яғни, біраз уақыттан бері бұл тақырып әр жерде аракідік айтылып келе жатқанымен жалпы елге кеңінен тарала қойған жоқ. Мұңғұлия сапарынан кейін Қарабұлақ ауылындағы Медет апайға арнайы барып, аталған мақаланы сұрадым. Ол кісі жеке архивінен авторы анық, сілтемесі белгісіз «Екеуі де бір Міржақып болып жүрмесін...» деген аудандық, әлде облыстық бір газетке шыққан мақаланы алып шықты. Жазған адам Мұңғұлиядан 90-шы жылдары оралған қазақ Күпән Зәйітқызы деген кісі. Ол Үржар ауданының Лайбұлақ ауылында ұстаздық етеді екен. Мен мақаланы көшіріп алдым. Әлі де бұл сөздің түбін іздеп көрермін немесе зерттеушілердің назарына ұсынармын деген ой болды. Тың дәлелдер келтіріп, ұқсата алмағаныммен, көшірілген мақаланы енді зерттеушілердің қолына түсер деген үмітпен жариялағанды жөн көріп отырмыз. «Жалпы, бұл әңгіменің жаны бар», - дейді Светқали Нұржан ағамыз. Өйткені, Міржақып Дулатұлы Карелияда түрмеде жатқанында оған Солтүстік Мұзды мұхиты арқылы Мұстафа Шоқай келіп, алып кетпек болған. Бірақ, «мен мұндағы бауырларыма керекпін» деп, Міржақып ұсыныстан бас тартқан деген әңгіме бар. Тағы бір айтушылардың сөзіне қарағанда Міржақып атамыз сол кезде түрмеде қиындық шегіп жатқан түркі-қазақ бауырлары үшін орыс-түрік (қазақ) сөздігін жазып, құрастырып жатқан, сол үшін бас тартқан. Осы жолы екі арыс үш күн қатарынан жолығып, әңгімелескен деседі...

Міржақып Алтайда болуы мүмкін деген сөзге жан бітіретін тағы бір дәлел - алаш арыстарының бірі Райымжан Мәрсековтың Мұңғұлиядағы қазақтарға қашып баруы. Оны ол жерден қытай әскері ұстап әкеткені туралы тарихи деректер бар. Құрметті оқырман, бұл тек, әңгіменің басы болсын, зерттеймін деген адамның құлағы түрік жүрсін деген ниетпен жұмбақ ғұмыр туралы мақаланы назарыңызға ұсынып отырмыз.

Міндетті түрде оқып көріңіз.

 

Алмас ҚУАНБАЙ

1997 жыл - қазақ тарихында жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы ретінде, ақиқат пен ынтымақты ту еткен игі бастамалардың ұйытқысы болып тарих парағында қалды.

Қазақ халқының басынан не өтпеді? Жаугершілік қырғын да, ақтабан шұбырынды да, аштық та, жазықсыз қуғын-сүргін де болды.

1930 жылдардан басталған «ұлтшылдық», «халық жауы» деген айдар Қазақстанда тұрған қазақтарды жалмап қана қоймай, шет елде тұратын ат төбеліндей аз қазақтарға да келіп жеткен еді. Осындай қиын-қыстау кезеңдерін-де де талай боздақтар ел-жұртымен қош айтысып, басқа бір ортадан еркіндік іздеді. Бұған бір дәлел - 1927-28 жылдары Монғолияда қазақтың басын қосып, «Шығыс Түркістан» мемлекетін орнату үшін Дәлелхан Сүгірбайұлы Алтай жаққа өткен. Мұның артынан кетпек болғандарға «қанды қырғын» туып еді.

1936-37 жыл Монғолияда да «Халық жауын құрту» жылы болып, мәңгі тарих бетінде қалды. Сол желеумен оқыған зиялы қауым, орта шаруалар да қатты жапа шекті.

Халық аузындағысын үріп ішетін уақытқа кезікті. Баласы әкесіне, әкесі баласына сенбейтін уақыт жетті. Лек-легімен жабық машинаға тиелген жазықсыз жандар еріксіз қапыда кете барды. Олар қайтып оралмады. Солардың бірі 1936-37 жылдардың аяғында Қобда бетіне өткен Қарабай еді. Бұл адам басына бостандық іздеп жүріп, нағыз дүрбелең басталып жатқан кезге тап болды.

Қарабай - Губайдулла деген татармен бірге өткен. Енді осы Қарекеңмен дәмдес болған, оны көре қалғандардың естелік, әңгімелеріне зер салайық. Қарекең көбінесе өзімен-өзі жүретін, ешкімге шешіліп, ашылып-шашылып сыр айтпайтын, шымыр денелі, қара сақалды, қарасұр, ат жақты адам болған. Өзімен бірге қоржынын, асатаяғын көтеріп жүреді екен. Бұл қоржында көптеген қолжазбалар, кітаптар, киім-кешегі, ыдысы болған. Қарекең ел аралап, өзінің көңілі түскен үйге қонып, түстенетін. Сол үйдің адамдарымен әбден сыралғы болған соң барып әңгімені бастайтын-ды. Сонда өзінің қуғын-сүргінде көп болғанын, басынан кешкендерін айтып, бір серпіліп қалатын-ды.

Қарекең енді бірде Сібірде болғанын, Ертіс өзенінен өткендігін әңгімелейді. Ол кісі суда жүзгіш болған. Бұл туралы ел арасында әртүрлі аңыз әңгімелер бар. Мысалы, көргендердің кейбіреулері Қарекең Қобда өзенін жүзіп өтіпті, жаяу жүргенде аттыға жеткізбейтін жүйрік еді деседі. Бір ғажабы - Қарекең көп ұйықтамайды екен. Түнімен әлдебір нелерді күбірлеп айтып шығады да, таңертең ерте тұрп: «Оян, қазақ! Оян, қазақ!» - деп зікір салады екен.

Бұл кезде аталар мен әжелер «Бисмиллә, бисмиллә!» - деп іштей күбірлеп құптайтын-ды. Қарекең көбінесе басқа беттен ауып келгендерді туыс тартып, тарихын сұрап, өз тағдырымен салыстырып отырса керек. Ол Алтай бетінен 1940 жылдар шамасында келген. Өрісбайұлы Әбікейдің қолында болып, оны туған інісіндей көріп, қайтыс болғанда сол шаңырақтан шыққан екен.

Жаз айларында ел аралап, жайлауға Бай-өлкенің батыс бөлігіндегі Ақсу, Ойғыр, Цәнгел өлкелеріндегі адамдармен бірге болатын. Мұның себебі, бұл өлкелер Ертіс өзеніне және Шығыс Қазақстанға шекаралас болғандықтан, өзінің сол өлкеге өткен жерлері іспетті. Қарекеңнің Монғолия Керейлерінен айырмашылығы көп болған. Елдің байырғы тұрғыны Таубалды қызы Төлеуханның әңгімесінде: «Жақаң - (Қарабай) келе жатқанда шешем «Жақаң келе жатыр, шай қойыңдар. Ол кісі өзі бөлек шәугіммен ішеді», -деп бізді әлекке салатын. Жақаң келген соң өз жүгінен шәугімін шығарып, қантпен шай ішетін». Мұндағы ерекшелік: Монғолия қазақтары шайды тұзбен ішеді. Ал Қарекең тұзсыз ішеді», - деген ойлар жиі кезігетін.

Қарекеңді тұрғын халықтар «Әулие» деп те атайды екен. Себебі, ол қандай бір аурулардың емін айтып, сырқатын емдеуге себепкер болатын және тарихқа өте мықты адам болған деседі. Ол табиғаттың тылсым сырын да жақсы меңгере біліп, алдын-ала болжап, біліп, айтып отырған. Қарекеңнің екінші ерекшелігі киім-киісі, жүріс-тұрысы Керейлерден өзгеше еді. Ол кісі ұзын шапанды желбегей сап, ішінен үнемі ақ көйлек киетін. Монғолия керейлері шапанды әрқашан белдікпен киетін-ді. Шашын қайыра қойып, басынан тақия тастамапты. Бұл кездегі 50-60 жастағы Керейлер көбінесе шаш қоймайтын-ды. Бастарына сәлде, шыт орайтын. Кейіннен Қарекең де басы қасқаланған соң шыт байлайтынды шығарған. «Қарекең - дейді Төлеухан апай сөзінде, - қыз балаларды өте жақсы көріп, сыйлайтын. Қыз балалы үйге барса, батасын беріп қуантатын. Ол кісі көбіне кедей балалармен ойнауды ұнататын».

- Төлеухан апайдан: «Сіз Қарекеңді неге «Жақан?» - деп атайсыз дегенімде, «Шешем Қарекеңді «қайынаға» дейді екен. Керейлерде үлкен-кішінің атын атамау, келінге тән қасиет. Сонда Қарекең: «Қайшекесі, мені туғандарым Жақан деуші еді, сол атымды сағынамын, Жақан деп атай бер. Атым өшпесін», - деген екен. Содан бастап сол ауыл оны «Қарабай» емес «Жақан» деп атап кеткен.

Сол кездегі «Қызыл қайың» ауылы керейлердің ішіндегі «Төлек» руы мекендеген жер. Олар өте бауырмал болғандықтан шеттен келгендер сол руға сіңісіп, біте қайнап кеткендері де баршылық. Бірақ Жақаң керейлерге ру жағынан көп сіңіспеген. Ол арғын, наймандарды «бір уыс сүйегім» деп жан тартқан. Жоғарыда айтқан Әбікей ағамыз найманның Төртуылы екен. Ол да кезінде жалғыздықтың азабын көп тартқан пысық азамат болса керек. Әбікей ағаның жиені Сұрағанұлы Көбей: «Қарекең әкем марқұммен үнемі әңгімелесетін. Анамды «қарындасым», - деп қоржынын біздің үйге ғана сеніп тастаушы еді.

Бірақ түнде жатарында үнемі бас жағына қойып алатын. Бұл ешбір адамға сенбейтіндігі шығар. Сонан соң өте таза, жинақы жүретін», - дейді. Санай ауылының тұрғыны Мұстафаұлы Секей ата әңгімесінде: «Қарекең монғолша бір ауыз сөз білмейді. Бірақ монғолдың ел-жер тарихын айтқанда алдына жан салмаушы еді», - деген сөздер жиі айтылатын.

Менің осынау материалды жазуыма себепкер болған жағдай, жасымнан маған Қарекең туралы әңгімелер қиял-ғажайып дүние сияқты көрінді. Бұл адамның неге туысы жоқ, неге жалғыздық өмірді таңдады, неге өмір тарихы құпия болды? Ел арасында неге «тәуіп», «әулие», «диуана» атанады? Осы сұрақтарға өзімше жауап іздедім. Сонымен Қарекең 1960 жылдары Әбікейдің үйінде дүниеден өткен. Дүниеден өтер алдында Әбікей бауырына айтқан арызы: «Мені қаланың шығыс жағындағы тауға жалғыз жерле (Ауылдың зираттары қаланың оңтүстігінде болған). Сонсоң аты-жөнімді «Міржақып» дерсің деген екен. Бауыры айтқанын орындады. Бірнеше жылдан соң, ол Әбікей бауырын да қасына алды. Қазір Әбікей марқұмның туыс-туғандары мен Міржақып ағамыз бір үлкен зират болып жатыр. Жоғарыдағы ел аузындағы және куәгерлердің сөзіне сүйене отырып мынандай пікірдемін. Апам Нұрғайша (ел бұл апамды Қайшеке деп атаған): «Атым өшпесін, Жақан», - деп ата дегені «Бесарыстағы» Ботагөз апаның естелігіндегі Міржақып Дулатұлы жайлы жазған «Жақанға» сәйкес келеді. Осы естеліктегі «Жақанға» тән барлық қасиет ер біздің «Жақанға» да тән сияқты. Ағасы Асқардың айтуында ел аралап, еркін жүруді тәуір көретін, тұрғын халықтың өмірімен танысатын. Жазумен айналысатын. Бірақ жазғандарын жасырын, құпия сақтайтын, балаларды жинап алып, әртүрлі ойындармен қызықтыратын дегендері қызы Гүлнардың естеліктерінде де бар. Бұл біздің Жақаңа ұқсас қасиеттер сияқты.

Секей атаның естелігіндегі тарихқа мықты, тарихшы адам еді дегені-«Әлем - 1» басылымындағы Міржақыптың «Қазақ, қырғыздың аты, тегі туралы», «Қазақтың үш жүзге бөлінуі һәм Алаш атануы» сияқты шығармалары тарихшы екендігін паш етеді. Бұл шығармасында автор монғол туралы көптеген зерттеулер жүргізген.

Екі Жақанның да Міржақыпқа ұқсастығы осындай. Ал айырма-шылығына келсек, ақын-революционер, публицист, ұстаз, тарихшы, драматург, сыншы, аудармашы, дарынды ақын Міржақып Дулатұлы 1935 жылы Карель АССР, Беломорск ауданының Сосновец станциясында қапас өмірде дүниеден өтсе, екінші Жақан (Қарекең) 1960 жылдары Монғолияның Бай-өлке аймағында 70-тен асқан шағында жарық дүниемен қош айтысқан. Бір ғажабы екеуінің де жас шамалары, өмірі бірдей. Ал, «Бесарыстағы» Гүлнардың естелік-фотоларындағы «Шайханада» деген фотосына «сақал» салып көрсеткенде, Қарекеңді көргендер бірден таныды. Мұнда «Жақан» ортада. Сонан соң әңгіменің басында Губайдулла деген татармен бірге келгендігін айтқанбыз. Бұл екеуі жұбын жазбай үнемі бірге жүреді екен. Ел іргесі тыныштала бастаған соң, Губайдулла бір жылдары жоғалып кеткен. Мүмкін Губайдулланың да есімі жалған болған шығар. Мұны ары қарай ешкім тексермеген. Кейде өзінен үлкендер Қарекеңді «Жақып» деп те атайды екен.

«Оян, қазақ!» - деп таңертең айғайлауын жергілікті халық оны ерте тұрып, оятуы деп ұғынған.

Міржақып Дулатұлының 1909 жылғы алғашқы шығармасы «Оян, қазақ!» екендігі тарихта мәлім. Неде болса осы екі Жақанның арасында құпия сыр, байланыс бар сияқты. «Міржақып» есімі қазақта өте сирек есім. Меніңше, қазақта бір ғана «Міржақып» болғанға ұқсайды. Ол - ұлы жазушы Міржақып Дулатұлы. Бұл тарихта қайталанбас есім. Сондықтан Қарабай - Жақанды әлі де тереңірек зерттесе, мүмкін өшкенімізді қайта жандырар ма едік!

 

Күпән ЗӘЙІТҚЫЗЫ

ШҚО, Үржар ауданы


«Үш қиян» газеті,

26-тамыз, 20108

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2071
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2498
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2107
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1608