Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Билік 10068 1 пікір 4 Қазан, 2016 сағат 12:11

МЕМЛЕКЕТТІ ДАМЫТУ ҮШІН АУЫЛДЫ КӨРКЕЙТУ КЕРЕК

Қазақ мемлекетінің қалыптасуы және дамуы негізінен ауыл өмірімен тікелей байланысты. Ауыл болуы үшін оның тірлігін пайымдайтын әртүрлі жағдайлар қажет. Бұрынғы замандарда көшпелі қазақ халқының тіршілігі көбінесе мал өсіру мен оны пайдалану мүмкіншілігіне байланысты болды. Қазіргі нарықтық экономика қоғамында ауыл болашағы әлемдік өзгерістерге сәйкес көптеген факторлардың, яғни табиғи-климат жағдайы, демографиялық, саяси-әлеуметтік, өндірістік-экономикалық, халықтың тұрмыс деңгейі және тағы басқалардың әсерімен анықталады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Үкімет ауылды дамытуға және ауылдық елді мекендерді көркейтуге көп көңіл бөлуде. 

"Егемен Қазақстан" газетінің жазуынша, елімізде 2004-2010 жылдарға арналған ауыл аймақтарын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданып жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында ауылдық елді мекендерді (АЕМ) әлеуметтік-экономикалық деңгейін си­пат­тайтын өлшемдер бойынша жіктеу жүр­гізіл­ді. Соның нәтижесінде 2003 жылы еліміз­дегі 7660 елді мекен төрт топқа бөлінді:

1) даму әлеуеті жоғары 1062 ауылдық елді мекен (13,9% ) – тұрғындардың саны 1,6 млн адам;

2) даму әлеуеті орташа 5664 АЕМ (73,9%) – тұрғындары 5,3 млн адам;

3) даму әлеуеті төмен 776 АЕМ (10,1%) – тұрғындары шамамен 300 мың;

4) экологиялық жағдайы аса қолайсыз 22 АЕМ (0,3%) – тұрғындары шамамен 10 мың;

5) тұрғын халқы түгелдей көшіп кеткен 136 елді мекен болған.

Нәтижесінде, 2008 жылдың соңында елімізде 7093 ауылдық елді мекен тіркелген, бұл 2004 жылғы жүргізілген сараптамаға қарағанда 419 АЕМ кем. Бірақ даму әлеуеті жоғары АЕМ саны 1269-ға өсіп, даму әлеуеті дамуы төмен және тұрғындары жоқ АЕМ азайған. Бұл құбылыс соңғы жылдары ерекше біліне бастады. Елімізде ауылдық елді мекендердің саны күрт азайып, демографиялық жағдайы сыртқы және ішкі көші-қон салдарынан төмендеп барады. Көші-қонның негізгі бағыттары: Қазақстаннан басқа елдерге, ауылдық елді мекендерден аудан орталықтарына және қалаларға кету, көрші шекаралас және шалғай ауылдардан үлкен елді мекендерге қарай қоныс аудару үдерісі жалғасып жатыр. Мысалы, 2012-2014 жылдары аралығында статистикалық деректерге сәйкес, біздің елден басқа мемлекеттерге 83053 адам кетіп, 69191 адам ғана келген, яғни сыртқы көші-қон сальдосы – минус 13862 адам. Сарапшылардың бағамдаулары бойынша, ұлы көште ішкі миграциялық ағымның (ауылдан қалаға) үлесі тым жоғары (70 пайыз шамасында). Нәтижесінде ауылдық елді мекендердің, әсіресе, шекаралық және шалғай ауылдардың тұрғындар саны азайып, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайлары төмендеп кеткен.

Сондықтан 2013-2014 жылдар аралығында ауыл аймақтарының дамуын бағалау және елді мекендерді жаңадан жіктеу үшін олардың барлығының өндірістік, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарына толық есептеу жүргізілді. Осы жұмыстың нәтижесінде және 2020 жылға дейінгі аймақтардың даму бағдарламасы негізінде, Ұлттық экономика министрлігі 2016 жылдың 2 ақпан күнгі шешімімен барлық ауылдық елді мекендерді өздерінің әлеуметтік-экономикалық әлеует­терінің даму барысына (жоғары, орта, төмен) сәйкес төрт топқа бөлінеді. Олар: аудан орта­лықтары, тірек ауылдық елді пункттер, ауыл­дық және поселкелік округтердің орталық мекенжайлары және басқа АЕМ.

Қазіргі кезде елімізде ауылдық аумақтар­да 7,6 миллион халық тұрады (2015 ж.). Нақты тіркелген АЕМ саны – 6936, оның ішінде әлеуметтік деңгейі жоғары – 1310 (18,9 % ), орта 5192 (74,6 %) адам бар екені анықталған. Қалғандарының әлеумет­­тік деңгейі төмен деуіміз керек. Әкімшілік билігі бойынша 119 ауылдық елді мекендер аудан­­дардың орталықтары, 2182 ауылдық және поселкелік округтердің орталық мекен­жай­лары болып есептеледі. Аудан орта­лық­тары мен тірек ауылдық елді мекендер бола­шақта экономикалық дамудың негізін қалайды, олар қала мен ауылдың өзара эконо­микалық, әлеуметтік, мәдениет және демо­графиялық байланыстарын жақсартады деп күтілуде. Еліміздің біртұтас «Аймақтарды дамыту» бағдарламасына сәйкес олардың әрқайсысы экономиканың даму және өндірісті жаңғыртудың, шағын және орта бизнесті қолдау жолдарын, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін, тұрғын үйлер салу, сонымен қатар, мемлекеттік, қаржылық, сервистік және басқалай қызметтер көрсету жүйесін қалыптастыратын кешенді даму жос­парларын жасап іске асырулары керек.

Дегенмен, статистикалық деректер бойынша, есептегі ауылдық елді мекендердің жартысынан астамында тұратын халық саны олардың әрқайсысында 500-ден аспайтын көрінеді. Яғни, осындай шағын елді мекендерде ауыл халқының 9,7 пайызы немесе 732,7 мың адам өмір сүруде. Көбінесе бұл ауылдар еліміздің шекаралық және шалғай аудандарында кездеседі. Мысалы, Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданының орталығы мен облыс орталығының ара қашықтығы – 250 шақырым, ал аудандағы 34 ауылдық елді мекендерінің 14 ауылы аудан орталығынан 65 шақырымнан 360 шақырымға дейін алыста орналасқан. Аудандағы 10 елді мекенде, яғни 29,4 пайызында тұратын халықтың саны 100 адамнан аспайды, олардың күнкөріс және тұрмыс деңгейі ешбір сын көтермейді. Елімізде осындай алыс шекаралық және шалғай аудандардың саны 20-дан асады. Олардағы «шықпа жаным, шықпамен» отырған ауылдар жүздеп саналады. Олардың табиғи-эконо­мика­лық жағдайлары қиын, тұрғындардың тұрмыс деңгейі төмен, саяси-рухани, мәдени-спорт шаралары дегенді білмейді.

Қазіргі кезде әлемде және оған сәйкес елімізде де барлық өнімдер мен тауарлардың бағалары, қызмет көрсету тарифтері тоқтаусыз қымбаттауда. Соңғы бес жылда мұнай өнім­дерінің төмендеуіне қарамастан, ауыл шаруа­шылығы өнімдері мен азық-түлік бағалары екі еседен артты. Тіпті, биылғы жартыжылдықтың өзінде, ресми статистикалық деректерге сай, қанттың бағасы 30 пайызға, жармалардың бағасы 23 пайызға, ал бірінші сортты бидай ұнынан пісірілетін нанның құны 18 пайызға өскен.

Осындай жағдайда еліміздегі халықтың күнкөріс және тұрмыс деңгейіне ерекше мән берілгені дұрыс. Біздің елде ең төменгі күнкөріс деңгейі 2002 жылғы тұтыну себеті негізінде анықталған. Оның құрамына негізгі азықтық 43 түрлі тамақ өнімдері (60%) және әрбір адамға қажетті өндірістік тауарлар мен қызметтер (40%) кіреді. Дамыған елдерде төменгі күнкөріс құрамына кіретін тамақ өнімдерінің мөлшері 40 пайызды, ал басқа тауарлар мен қызметтер 60 пайызды құрайды. Өздерінің бағаларына сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейінің ақшалай мөлшері жыл сайын өзгеріп отырады (2009 жылы – 13717 теңге, 2011 ж. – 15999 теңге, 2016 ж. – 22859 теңге). Көршілес Ресейде мұндай көрсеткіш 7000 рубль шамасында, немесе 37100 теңге мөлшерінде. Статистикалық деректер бойынша, 2015 жылы табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен үй шаруашылықтарының үлесі ауылдық аумақтарда 4,4 пайызға жеткен, ал қалалық шаруашылықтарда ол 2,7 пайыздан аспайды. Одан да кедей тұрғындар бар. Елімізде кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайыз мөлшерімен (9143 теңге) анықталады. Осы деңгейдегі тұрғындардың үлесі республика бойынша 0,3 пайызды құрайды. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында – 0,8% , Ақмола облысында – 0,5% , Атырау облысында 0,1% .

Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, олардың тұрғындары мен мектептегі оқушылар саны өзара тығыз байланысты. Биылғы жылдың маусым айында «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясының бір топ депутаты Премьер-Министрдің атына сауал жолдап, онда бірқатар аймақтар бойынша шекаралық ауылдардағы мектептердің жағдайларына байланысты өткір мәселелер көтерген болатын. Біз де ол ұсыныстарды қол­даймыз. Мектептердегі оқушылар мен сыныптар саны жылдан жылға азайған сайын оларға сәйкес бөлінетін қаржы көлемі де, мұғалімдер мен тәрбиешілер де азая береді, білім сапасы төмендейді. Мысалы, аталған ауданның Қызыларай, Нұркен және тағы сол сияқты ауылдық округтерінде 2016 жылы 11 сыныпты 3-5 оқушыдан ғана бітірді.

Біздің ойымызша, шекаралық және шалғай аудандардың стратегиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайларын ескере отырып, оларға ерекше мәртебе беріп, мемлекеттік қолдау­ды күшейткен дұрыс. Әйтпесе, бола­шақта иесіз қалған жерге қызығушылар да, аран­датушылар да көбеюі мүмкін.

 Жасқайрат СҮНДЕТҰЛЫ,

экономика ғылымдарының докторы

 АСТАНА

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1464
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1323
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1074
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1120