Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Билік 4111 0 пікір 6 Қазан, 2016 сағат 12:45

САИДА БЕКБУДИ. "ТЕРІСКЕЙГЕ КЕЛГЕНІМЕ ЕШ ӨКІНБЕЙМІН"

 

«Егемен Қазақстан» басылымының тілшісі Өмір Есқали Серпін-2050» бағдарламасына қатысушы Саида Бекбуди атты  жас түлектен сұхбат алыпты. Қазақтың тілі мен дәстүрін жетік білетін жас талаптың ойын Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына да ұсынуды жөн санап отырмыз.

Abai.kz ақпараттық порталы

 

«Алдағы мақсатым – таңдаған мамандығымды кәсіби түрде игеріп, Мағжан елінде еңбек ету», – дейді «Серпін-2050» бағдарламасына қатысушы жас түлек. Елбасы «Мәңгілік Ел» жастарына әркез үлкен сенім артады. «Дипломмен – ауылға!», «Ауыл жастары», «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі» секілді бағдарламалар шеңберінде мыңдаған ұл-қыздар білім алып, жұмысқа орналасып, ел экономикасының дамуы­на айтарлықтай үлес қосып келеді. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің озат студенті Саида Бекбуди де бар. «Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен 2014 жылдан бері «Мәңгілік Ел» жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып келе жатқан «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы оңтүстік жастарын солтүстікке көптеп тарта отырып заманауи білім беру, орналастыру, осылайша, кадр тапшылығын жою, ішкі миграцияны, демографиялық ахуалды реттеу сияқты міндеттердің қойылуымен маңызды», – дейді ол.

– Сен «Серпін-2050» бағдарламасына үкілеп қосылған үміттеріміздің бірісің. Күнгейден теріскейге ат басын тіреуіңнің сыры неде?

– Иә, менің туып-өскен жерім – Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Бо­ралдай елді мекені. Ауылымыз үлкен, шамамен 4 мыңдай тұрғын бар. Ұйымшыл, еңбекшіл, ондаған ұлт өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті тұрады.

Кішкене кезімнен әжемнің бауырында өскендіктен, тағылымды әңгімелері санама сіңіп, көкейімде жатталып қалыпты. Атамыз Кәрім Иран шахынан қысым, зәбір көріп, бері қарай қашқан. Шекараны заңсыз кесіп өткені үшін Ресейде үш жылдай абақтыға қамалған. 1949 жылы Қазақстанды паналап, біржола тұрақтап қалған. Осы жерде жетім балалар үйінде тәрбиеленген, ешқандай туған-туысы жоқ әжеміз Эрнаны жолықтырып, екі жарты бір бүтін болуға сөз байласқан. Олар­дың кіндігінен 3 қыз, 3 ұл өрбіген. Фрида Германияда тұрады. Даут ауған соғы­сынан жараланып келгеннен кейін кеселі асқынып, көз жұмды. Зейнаб – Шымкентте. Юсуп та дүниеден өтті. Сария мен әке-шешем Боралдайда. Біз үш ағайынбыз. Саида араб тілінен аударғанда «бақытты» деген мағынаны білдіреді. Шамасы үйдің тұңғышы болғандықтан, жақсы тілекті ырым етсе керек.

Былтыр мектеп бітіріп, Шымкент қала­­сындағы № 3 колледжге оқуға түсуге кел­дім. Осындағы қабылдау комиссиясынан «Серпін-2050» бағдарламасы жайлы ақпарат алған соң, шыны керек, талапты жастарға қолдау көрсету жобасына қатысуға бел будым. Неге бағымды сынап көрмеске, қай қиырға барсам да өзімнің Отаным емес пе деген шешіммен Қызылжарға құстай ұшып жеттім.

 – Бізді сенің қыздар түгіл ұлдардың тә­уекелі жете бермейтін мамандықты таң­дауың қызықтырады.

– Оның жайы былай. Нағашы жұртым – әулетімен түгел электрик. Әжем Алла Ле­пешкина да, оның әке-шешесі де, анамның ағасы Павел де. Бастапқыда бұған таңда­ныс білдірсем, бой жете келе осы кәсіпке ме­нің де аңсарым ауа бастады. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, мектепте оқып жүргеннен әуес болдым. Содан қалай «ба­уыр басып» қалғанымды да сезбей қал­дым. Алдымнан ақ арман қол бұлғап ша­қырғанда нағашыларымның жолын жалғастыруды құп көрдім. Оның үстіне, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында өтетін «Болашақтың энергиясы» тақырыбы қызықтырып, өз жобаларымды ұсынғанмын. Бұл да әсер еткен болар.

Қазір мемлекеттік грант тізімі бойынша оңтүстіктен келген 17 түлек Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық кол­леджінің электрмен жабдықтау бөлімінде оқып жүрміз. Осы салада үш жыл бойы білімімізді жетілдіріп, техник-элек­трик мамандығын алып шығамыз. Бұл – өте қа­жетті, үлкен сұранысқа ие мамандық. Елбасының: «Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым…осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды», деген сөздері бәрімізге ой салуы тиіс. Алғашқы өндірістік тәжірибені кәсіпорындарда өткізіп, жақсы қырымыздан танылдық.

 – Қазақ тілін, мәдениетін жетік біледі екенсің. Қайдан меңгеріп жүрсің?

– Оған таңғалатын ештеңе жоқ. Бі­ріншіден, қазағы қалың ормандай жыртылып айырылатын оңтүстікте жастайымнан қазақ балаларымен құлын-тайдай тебісіп өссем, екіншіден, иран отбасы болсақ та, әрдайым қазақша сөйлесетінбіз. С.Ерубаев атындағы ұлттық білім шаңырағын тәмам­дағандықтан, өзімді қазақ тілінің жанашыры, патриоты санаймын. Осында «Тіл – достықтың алтын көпірі» байқауына қа­тысып, Гран-при ұтып алдым. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының алғыс хатына ие болдым. Біз секілді жастарды аймақ басшысы Ерік Сұлтанов қабылдап, құр­мет көрсетті. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әб­діқалықованың облысқа жұмыс сапары кезінде дөңгелек үстелге арнайы шақыртылдым.

– Теріскейді жатсынған жоқсың ба? Салт-дәстүрлерінде өзгешеліктер бар ма?

– Айтады ғой, әркімнің туған жері өзіне жұмақ деп. Қайда жүрсем де жұдырықтай жүрегім атамекен деп соғады. Мен үшін оның әр тасы, әр талы ыстық. Шыны керек, осы жаққа келген соң біразға дейін үй­ренісе алмай туған-туыстарымды, құрбы-құр­дастарымды қатты сағынғаным рас. Бірге ойнап-күлген ыстық кездер еске түсіп, көз жасымды сығып алған кездерім болды. Жасыл желек жамылған алтын бесігім, ауыл жанынан сылдырай аққан Боралдай өзені, алыстан мұнартқан Тұра тауы түсіме еніп жүрді. Бірақ, «адам үйреніскенше, жылқы кісінескенше» демей ме? Директорымыз Жеңіс Әбілмәжін бастаған ұстаздар қауымы бәрімізді құшақ жая қарсы алып, жылы мейірін төкті. Танысу кешінде тарихы тереңнен бас­талатын, материалдық-техникалық базасы мықты ұжымға келгенімізге қуандық. Қала­ның көрікті жерлеріне саяхат ұйым­дастырылып, не керек, тезірек сіңісіп, орнығып кетуімізге барлық мүмкіндік тудырылды. Оқу және практикалық сабақтар жақсы жабдықталған кабинеттер мен зертханаларда өтеді. Дәрістерді тәжірибелі педагогтар жүргізеді. Осыған қарағанда таңдаған мамандығымыздың мықты шебері болатынымызға сенім мол. Жуырда электрді жинақтау тәжірибесінен өтіп, сынақты ой­дағыдай тапсырдық.

Терістіктің өмір сүру дәстүрлерінен айтарлықтай айырмашылық байқай қойған жоқпын.Тек бұл жақта орысшаға басымдық беріле ме деп қалдым. Тұрғындар әлі де ресми тілге бейім. Әлдебір шаруамен бір қазақ мектебіне барғанымда оқушылардың бір-бірімен орысша тіл қатысуы өрескел көрінді. Мұның бәрі біз үшін таңсық. Тым қатты сынап кетті деп айып етпеңіз. Көрген-білгенімді айтып жатқаным ғой. Ауа райының суықтығымен, қытымырлығымен қорқытушы еді. Оған бой үйренді. Талай ұлылар мен тұлғалар өсіп-өніп шыққан қасиетті Қызылжар жеріне келгеніме еш өкінбеймін. Ауылдан ұзап көрмеген біздер үшін үйренерлік тағылымдар көп мұнда.

 – Үкімет тарапынан серпіндіктерге қандай жағдайлар жасалған?

– Менің білуімше, Қызылжар өңірінде оңтүстік жақтан бір мыңға жуық жастар жоғары, арнаулы оқу орындарында білім алып жатқан көрінеді. Бұл – үлкен күш, қуантарлық жайт. Бағдарламаның одан әрі сәтті жалғасарына тілектеспін. Біздің алдымызда келген алғашқы лек оқуларымен де, қоғамдық белсенділіктерімен де риза етіпті. Біз де осы үдеден көрінуге бар күшімізді салып, тырысып жатырмыз.

Көрсетіліп жатқан қамқорлықтарға ризамыз. Әлеуметтік қолдауларға келсек: шәкіртақыға – 16 мың, тамақтануға – 28 мың, жолақыға – 20 мың, біржолғы киінуге 74 мың теңге төленеді. Мемлекет тарапынан осындай зор көмектер беріледі. Жатақханада тұру тегін: таза, жарық, кең. Колледжде спорт зал­дары, компьютер кабинеттері жұмыс істейді. Мәдени, мерекелік іс-шаралар жү­йелі өтіп тұрады. Бос уақытымызды маз­мұнды, көңілді өткізіп жүрміз. Көптеген достар таптық.

Бұл жоба біздерге орасан жеңілдіктер сый­лап отыр. Алға қойған мақсатымыз – оқуды жақсы аяқтап, солтүстік өңірде жақсы маман атану.

Теріскейге күнгейдің жылы шуағын, қазақы мінезі мен тәрбиесін ала келген жас өрен осылайша ағынан ақтарылады.

«Кейбіреулер үшін «Мәңгілік Ел» идея­сы, өркениетті 30 елдің сапына қосылу ой жетпес қиялда, қол жетпес қиянда көрінуі мүмкін. «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мықты Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Біздің басты тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік» деген Елбасы Жолдауындағы сөздер бо­йы­мызға қуат беріп, құлшыныстарға жігерлендіреді», – деді қоштасар сәтте Саида Бекбуди.

 Ол да өзге құрбы-замандастары сияқты Тәуелсіз елде туып, қазақ елінің перзенті болғанын мақтан етіп, көк туын желбіретер шаққа тезірек жетуді армандайды. Қазақстанның жарқын болашағына, тың мақсаттарына азат оймен, кемел біліммен құлаш ұрған осындай бақытты ұрпақтың өкілдері еліміздің әр түкпірінде көбейе бергей дегіміз келеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1418
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1250
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1010
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1073