Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 3548 0 пікір 10 Қазан, 2016 сағат 14:22

ЕЛБАСЫ МЕН ПУТИН САПАРБАЕВТІҢ ҰСЫНЫСЫН МАҚҰЛДАДЫ

Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының ХІІІ өңіраралық форумында Бердібек Сапарбаев екі мемлекет басшыларының алдында жедел шешуді талап ететін бірқатар мәселелер туралы айтты, - деп жазады "Ақтөбе" газеті.

— Екі елдің сауда-экономикалық қатынастары деңгейін көтеру және «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізін толық қуатында пайдалану мақсатында біз Ресей Федерациясы басшылығынан аталған автожол құрылысының  Орынбор облысы тарапындағы бөлігін аяқтауды  тездетуді сұраймыз. Бұл — бірінші мәселе.

Екіншіден, Ақтөбе мен Орынбор облыстары арасындағы Сағаршын өткізу бекетін кеңейту керек. Бүгінгі таңда бұл бекеттен тәулігіне 2 мың көлік өтеді. Құжат бақылауын жүргізетін бір ғана терезе жұмыс істеп тұр. Бұл шекара бойында автокөліктердің кептелісін туғызады. Ал  «Жайсаң» бақылау-өткізу пунктінің өткізу қабілеті биыл 2 мыңнан 8 мың автокөлікке дейін ұлғайды, 3 жолақты жол  6 жолаққа кеңейтілді, — деп атап көрсетті облыс басшысы.

Облыс әкімі көтерген   үшінші  мәселе — малдәрігерлік және фито-санитарлық бақылауға байланысты. Қазақстан мен Ресей шекарасында «Россельхознадзор» мекемесінің карантинге жатқызылуы мүмкін  өнімдер туралы   алдын ала хабарлайтын   пункттері жұмыс істейді. Алайда, Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, олардың құзыреттілік аясы ресми құқықтық құжаттармен нақтыланбаған және реттелмеген. Нақты айтқанда, пункттерде жүктерді тексерудің алдын ала ескертуін жүргізу мерзімі тәртібі, талап етілетін ілеспе құжаттар тізімі, мүмкін болатын кідірістер мен тыйымдардың себептері мен мерзімі белгіленбеген. Бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін қосымша проблемалар тудырады.

Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан қуатты қолдау болса көпсалалы транзиттік жолдарды одан әрі дамыту мүмкіндігі бар екендігін де атап көрсетті. Әсіресе «Нұрлы жол» ауқымды мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын «Ақтөбе – Атырау – Астрахан РФ шекарасы», Қытай Халық республикасы Эксим Банкі несиесін тарту арқылы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп қолға алынған «Ақтөбе – Орск», Астананы еліміздің батыс аймақтарымен қосатын «Орталық – Батыс» жолдары экономикамызға орасан зор пайда әкелер еді.

Бердібек Сапарбаев сондай-ақ Ақтөбе облысының үстімен өтетін «Жезқазған – Бейнеу» теміржол желісінің Еуропа, Азия және Парсы шығанағы нарықтарына оңтайлы шығуға мүмкіндік беретінін, жылдың соңына дейін «Қытай – Еуропа – Қытай» бағыттары бойынша 100 мың контейнер тасымалдануы жоспарланып отырғанын да айтып өтті. Бұл — 2011 жылғы деңгеймен салыстырғанда 100 есе көп.

Елбасы жүк тасымалы көлемін, оның ішінде бірінші кезекте  транзитті жүк тасымалы көлемін барынша  ұлғайту үшін барлық жағдайды  жасауға тапсырма берді.

— Екі жақтан да кедергі келтіретін әкімшілік процедураларды қарап, шешуге ұмтылуымыз керек. Бұл туралы бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты. Бірыңғай экономикалық одақта орналасқан біз үшін өзара сауда барысында процедуралардың ашықтығы, рәсімдеудің оңтайлылығы қажет. Кедендік шекараларымыз да ортақ бола тұра, шенеуніктік талаптардан туатын кедергілерге жол беруіміз тіпті ұят. Біз бұл мәселені шешеміз деп ойлаймын. Сондай-ақ бір-біріміздің көліктік инфрақұрылымдарымызға қолжетімділігіміз мәселесі де көтерілді. Бұл да реттеуге болатын мәселе, біздің тарапымызға қатыстыларын Қазақстан үкіметі жедел қарап, әріптестермен бірге шешімін табуы тиіс, — деді Қазақстан Президенті.

Ал Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин:

— Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азияның сауда торабында орналасқан. Біздің кедендік шекарамыз ортақ. Автокөлік пен тармақталған теміржол жүйесі бар. Алайда бұл зор әлеуетті тиісінше пайдаланып отырған жоқпыз. Қазақстан тарапынан жол салынған, өкінішке қарай, біздің жақтан әлі салынбаған. Өткізу бекеті де тар. Ол біздің толыққанды жұмыс істеуімізге мүмкіндік бермей отыр.  Бұл мәселені сөз жүзінде қалдырмай, тізе қосып жұмыс істеу керек.  Жүк тасымалы ережесі мен логистикалық қызметті бірыңғайландыру қажет, — деп ортақ мәселеге оң көзқарасын білдірді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 425
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 227
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 256
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 243