Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 4698 1 пікір 21 Қазан, 2016 сағат 10:14

«ЕСІГІМДІ ҚАҚҚАН КІМ?»... немесе ЛАНКЕСТІК МӘСЕЛЕСІ САХНАДА...

Жуырда Астана қаласындағы Оқушылар сарайында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» туындысы негізінде «Есігімді қаққан кім?» атты драмасының премьерасы қойылды. Мұның алдын бұл спектакльді көрмесек те, діни тақырыпты қамтыған жат ағымдар туралы екенін құлағымыз шалған болатын. Енді міне, Қаллекиліктер сахналаған драманы тамашалаудың сәті түсті.

Шымылдық ашылды. Кәдімгі қазақы отбасы, төрде дастархан жаюлы. Оң босағада қара шаңырақтың қазынасы Кәрім қария немерелерін ойнатып отыр. Олардың жаттап алған тақпақтарын айтып шыққанына балаша мәз. Күнделікті көрініс. Бір уақытта сахнада немересі Жанар атасына анасын сағынып жүргенін, келіп неге алып кетпейтінін айтып мұң шағады. Сол уақытта әжесі Рәзия анасының келетінін айтып қуантады.  Келіні Жәнияға дастарқанды әзірлей бер деп тапсырады. Артынша көп күттірмей қызы Гүлнұр келеді. Келді, бірақ қап-қара боп киініп тұмшаланып алған, тіпті қолына дейін қолғаптың ішінде. Әке-шешесі төбелерінен жай оғы түскендей состиып тұрып қалады. Анасы керек десеңіз, өз қызын танымай үстелді айнала қашады. Ауыр көрініс.

Онсыз да түсінікті жайтқа түсініктеме беру, мораль туралы езгілеу оқырманның жүйкесіне тиетін нәрсе. Ал бұл трагедияны сахналау мүлдем басқаша екен. Залдағы көрермендер сілтідей тынып қалды. Тіпті, оқиға қалай өрбір екен, қазір ата-анасы не дейді, қызы қалай реакция береді? Оқиғаны режиссер Нұрлан Жұманиязов қалай ширықтыра түседі?

Тәуелсіздікке дейін де, кейін де мен білетін қазақы отбасының қанымызға сіңген ортақ көрінісі болатын. Ол ғасырлар бойы ұласып келе жатқан ұлтқа тән құндылығымыз еді. Кенет сол шаңыраққа сақалдары қауғадай болып, ақ матадан тігілген ақ көйлек, ақ дамбал киген, қолдарында тәспісі, аузынан «Алласы» түспейтін екі қонақ келіп кіреді. Бірі Нұргүлдің күйеуі Асқар, екіншісі арбаушы Жұман. Кіргеннен «сендер кәпірсіңдер, коммунистік режимнің тасасында қалып кеткенсіңдер, домбыра тартпаңдар, ән айтпаңдар, бата оқылғанда бетті сипамаңдар, тек қана Аллаға сыйыныңдар» деген өркөкірек, надан, қуыс кеудеден шығып жатқан тәкаппарлыққа толы өктем де тыйымға толы сөздер айтылып жатты.

Әкесі Кәрім: «Мыналардың азғырындысына еріп кеткен екенсің ғой! Сорлы қызым-ай! Осы кезде азғырушы Жұман: Аға, біз жұртты азғындыққа шақырып жүрген сайтан емеспіз... Керісінше біз имансыз қалған бүкіл қазақты имандылыққа шақырып жүрміз» деді. Ал тұмшаланған қызының кейпіне күйінген ана: «Қызым-ау, шешші андағыңды... тасташы! Мен білетін Гүлнұрымның қос жанары от шашып, қос бұрымы мен қастары өзінің өңіне әдемі сұлулық беріп тұратын еді» дейді тізерлеп жалынып. Қызы: «Мама! Үстімдегі мына нихқабымды енді шеше де алмаймын... тастай да алмаймын! Мен сендер сияқты кәпір болғым келмейді енді!

Жанат: «Сендер сияқты кәпір болғым келмейді» деп тұрғаның мына сені дүниеге әкелген мына әкеміз бен ... тоғыз ай көтеріп, толғатып тапқан... түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп өсірген анау анамыз ба?! Сонда сен өзіңді туған... өзіңді асырап сақтаған... мына өз әкең мен өз анаңды... мына бізді кәпірсіңдер деп тұрмысың?! Онда мен де айтайын. Алматыға барып келген осы ауылдың біреуі айтып келген жоқ па еді анада... «сендердің күйеу балаларыңды көрдім, сақалын қауғадай қылып өсіріп жіберіпті, балағы тобығына жетпейтін шалбар киіп алыпты... өзі намаз оқиды деп!». Елді дүрліктіріп жіберді емес пе?!  Гүлнұр еш саспастан: «Несі бар, суннамен, құранмен жүрсе, бұған да шүкіршілік! Арақ ішіп сандалып жүрсе қайтер едің?! Ел айтқандай сақалын қауғадай қылып өсіріп жіберсе қайын атасы мен әкесінің атқармаған құлшылығын өтесе несі айып? Біз құран және суннамен жүреміз» деді безеріп.

 Екі көзқарас, екі түсінік, екі таным, қайшылыққа толы дүниенің қабыспайтынын сахналаған шығарманың айтарынан айтпай қалғаны көп екені әрбір детальдің астарынан байқалып тұрды. Көрермен ретінде жүйкеме ең бірінші рет соққы болып тиген драмалық шығарма осы шығар. Себебі, театр туындысын көріп отырғанымды ұмытып кетіп, әлгі сақалды кейіпкердің соншалықты ашу-ызама тигенін мойындаймын. Әдетте кез келген эмоция шынайылықты білдіргенімен оны парасатты салқынқандылықпен, объективті көзқараспен басқара білмесең іс насырға шабады. Барлық нәрсенің екі жағы бар. Дін – сенімді ұйыстырушы болса, екінші жағынан ірітуші құрал ретінде де пайдаланылады екен. Дінде жазық жоқ, адамның сеніміне де, сенгісі келген нәрсесінде де айып жоқ, тек соны өз пайдасына шешіп, арам пиғылын жүзеге асырушылар қазір әлемнің тынышын кетіріп тұрғанына біршама жылдың жүзі болды.

Ақпараттық соғыс жүріп жатқан өркениетте ақиқатты, шындықты, іштегі құдайын іздеушілер сыртқы түсініктермен сәйкестендіре қаламын дейтіндер көп әлі. Соқыр сенімге еріп, фанатизммен ауыратын, гипноз бен арбаудың аранына түскен жастардың әлсіздігі неден шықты? Біздің қазақы түп тамырымыз соншалықты қауқарсыз ба еді? Жұмыссыздықты, жоқшылықты сылтаурату ма? Жоқ. Мұның бірі де емес екен. Кешегі «есігімізді қағып кірген» жат ағымдарға әлсіздер ғана еріпті. Драмадан соны көрдім. Театр әртістері көрерменге соны ұқтырды. Өліспей беріспейтін тартыстар мен сенім қайшылықтары біздің қоғамға әлдеқашан еніп кетіпті. Кешегі қойылымның өкінтетіні де, өкіртетіні де сол тұс болды.

«Алла» деген сөздің өзін драмада соқыр сенімдегі кейіпкердің аузынан соншалықты жиіркенішті естіледі деп кім ойлаған? Онсыз да сол бір Жаратушыны ақиқат, ол жарық нұр, әділет шапағының бірінші иесі, Құдіреті күшті Аллам деп сыйынып отырған қазаққа «Тек қана Аллаға сыйыныңдар!» деуі қитығына тимей қайтсін! Эмоция! Оған берілмей сәл сабыр етсең, кез келген агрессияның да түбінде бір жақсы ниеттің бұлқынып жатқанынан пайда болғанын көру қиын емес. Сондықтан, кеудесінде жаны барлардың бәрі де өз құдайын, дұрысырағы жарық сәулесін іздеуге құқылы. Бірақ, өзгеге өктемдікпен, тәкаппарлықпен, қараңғылықпен, қаталдықпен емес.

Меніңше, адамда сана жетілуі кезең-кезеңмен жүзеге асады. Білім арқылы қорытылып, жас ұлғая келе көрегенділікпен сіңірілмесе, ол білім болсын, ілім болсын, түсінігі саяз күйінде қалмақ. Әлгіндей жат ағымға ерушілер сол санасы рухани деңгейге жетпей жатып, балаң күйінде фанатизмге шалдыққандар деуге келеді. Олар надандықтың уысында қалып кетіп, кемелдікке ұмтылғандарды ешқашан түсіне алмай өтуі де содан болса керек. 

Міне, мен Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қойылымынан осыны көрдім. Жайшылықта дін туралы, оның төңірегінде күн сайын талқыға түсіп жатқан жат ағым туралы айту бір бөлек те, көз алдыңда сол мәселені сахнадан көрудің әсері бөлек екен. Драмада екі шарықтау шегі бар. Бірінде Нұргүл өз анасын кеудесінен итеріп жіберіп, «Қызымның сендер сияқты кәпір болғанын қаламаймын деп, оны да қап-қара ғып киіндіріп алып, күйеуімен қол ұстасып Сирияға аттанып кете барады. Бұл бір. Екінші, осы қайғыға шыдамай Кәрім қария көз жұмады. «Әкеміз қайтыс болды, райыңнан қайт. Өз әкесіне топырақ салмапты дегенді ел естісе не дейді?» деп өлердегі сөзін айтып, әуежайда тоқтатпақ болған інісі Жанаттың да сөзіне құлақ аспай «Біз Алланың жолына түскен адамдармыз» деп бір-ақ қайырады. Шымылдық жабылып, екінші бөлімге дайындалдық. Енді не болар екен?

Күнделікті теледидардан көріп жүрген атыс-шабысты сахнада үрейлі әрі сұсты етіп дайындапты. Декорация да шебер үйлестірілген. Қару асынған, қара киімді, қаба сақалды тажалдылар не нәрсені болсын Алланың атымен жасап жатқанына қаның қарадай қайнайды. Әйелі мен қызын ертіп сонау айдаладан жұмақ іздеп кетті ме, ақиқат іздеп кетті ме, өзі де нақты білмейді. Сол жерде ауылдас достарын, інісін көрген олар Асқарға «мұнде неге келдің?» деп ұрсады. Өздерінің адасқанын кеш түсінген олар өкінгеннен пайда болмасын біліп тұр. Туған жер, қазақы тамыр, ұлттық сана, жүректегі діл кейіпкердің біріне «Анадан алғаш туғанда» деген әнді салғызса, кейіннен біразына «Қайда жүрсем Атамекен, Көкейіңде жатады екен. Күннің нұры қимай оны, Ұясына батады екен» деп хормен ән салғызуы да режиссердің шеберлік ұтымдылығы деп түсіндік.

Көріністе зорлықпен жиһад жасату, жеке басқа табыну, араб тілінде түсініксіз айтылған біреулердің арбауындағы үгітке елту, қанында жасырынып жатқан озбырлықты саф тазалықпен үптелген Алланың атымен бүркемелеу, қан төгу  – көрерменнің нәзік пайымына ауыр тиіп жатты. Ақыры не керек, финалда не болғанын адасқан кейіпкердің өзіне айтқызып көрейік. Гүлнұр: Мен тозақтан, мен көрден келіп тұрған жанмын! Танымай-ақ қойыңдар, қажеті жоқ енді танудың.

Бірі құдай бір десе, Бірі айтады «көп құдай».

Бірі «Тәңірі күн десе», Бірі дейді - «Жоқ құдай».

Міне осыдан байқалды, Бәрі іздеп жүр иесін.

Жаратушының жаратылыс ілімдерін дәл таппаған жағдайда діндердің көбейіп, сөздердің молайып, жаратушы туралы шындық көмескілене бастайтыны өкініш.

Мұхаммедті көре алсам, Сөз қатып жауап бере алсам. Сол құмның арасында есім кірмей-ақ, сол қалпымда өліп-ақ қалуым керек еді мен бейбақтың. Өлмедім ғой. Жанарым менің, сенің шырылдаған жан дауысың өмір бойы тіпті өлсем де құлағымның түбінен кетер ме екен! Енді міне күн сайын өліп, күн сайын тіріліп азабын тартар болдым мына жалғанның!». Шымылдық жабылды.

Қойылымда актер мен актрисалардың ойыны аздап шикілеу, біраз ширатылмай да қалды. Анығы айқай салып «ойбайлайтын» тұстарға «тұздық» жетпей қалғаны рас. Алайда, көтеріліп отырған тақырып тым өзекті болғандықтан, қойылымның кемшіліктері кешірімді болды. Драма авторы мен режиссердің қиялы емес, өмір шындығынан туындаған бұл шығарманың ащылығы сондай, алған әсерімнен әлі есеңгіреп отырмын десем, артық әсірелемегендігімнен болар, сірә. Шығарма авторы бұл туындыны Ақтөбедегі лаңкестік оқиға болардың алдын жазған екен. Сахнаға жол алып үлгерген бұл шығарманың қоғамның бетпердесін сыпырып алып тастауға шамасы жетеді. Тек көрермені көп болып қана қоймай, нәтиже шығаратындары да көп болса дейсің. Оның үстіне, қойылымды Сенаттың біраз депутаттары да келіп тамашалағанын ескерсек, дін туралы заңға да, жат ағым әкелген зардаптың бетін қайтаруға мысқалдай болса да үлес қосады деп сенгім келеді. Сондай-ақ, спектакль соңында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев театр ұжымына алғысын білдіріп, ықылас гүлін сыйға тарту етті.

Қай ұстаным, қандай сенімде болсаң да бейбіт ұстанғанға және өзің үшін ұстанғанға не жетсін. Алайда, бес саусақ бірдей емес. Әркім сол эмоцияның жетегіне еріп, «өзінікін дұрыстайтын» заман.

Ислам – бейбітшілік діні. Іріткі салу, саясиландыру кейбір зұлым топтың жүзеге асқан «қалау күші» деп түсінсек, демек Ақ пен Қара мәңгі шайқаста қала береді екен. Түнектің тұрғыны сияқты тұмшаланбай, бетің ашық, жүрегің таза, құдайды сүйетін болсаң, жамандық атаулы тамыр жаймас па еді? Кім білсін, зұлым пиғыл да эмоция. Ал, эмоцияны басқару, ашуды ауыздықтай білуді пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммедтің өзі  де мықтылық деп айтып кеткен. Кім болсақ та, неге сенсек те, өзімізге адал, арысы Жаратушы Хаққа адал болсақ жетіп жатыр емес пе? Әлде менікі де мораль оқу болып кетті ме екен?..

Жансая СЫДЫҚБАЙ, Астана қаласы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар