Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4620 0 пікір 2 Қыркүйек, 2010 сағат 04:25

Жұмабек АШУҰЛЫ, Халықаралық Абай қорының директоры: ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫ МЕН ТАМЫРЫ КЕСІЛГЕН

«Дат, тақсыр» айдарының бүгінгі қонағы - қазақ ұлтына қатысты қос қызметтің құлағын ұстап отырған азамат. Бірақ екі қызметінің де тізгіні болғанымен, ер-тұрмансыз, аты бар - заты жоқ, жайдақ жұмыс. Олай болатыны, бір қызметі - саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы болса, оның өзі бүгінгі билік пен шенеуніктерге қажеті шамалы екенін қонағымыз өзі әңгімеледі. Ал екінші жұмысы - Халықаралық Абай қорының директорлығы. Мұның да кесе-көлденең мәселесі шаш етектен.

 

Абайға қиянат - қазаққа қиянат

-Жұмабек мырза, сіз Халықаралық «Абай» қорын басқарасыз. Қордың соңғы уақыттардағы жұмыстары қалай, ресми баспасөзде айта алмайтын, шешім күтіп тұрған мәселелері бар ма?

-Қордың аты затына сай емес. Өйткені соңғы уақыттарда ел пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі құрған қордың халі мүшкіл. Бұл - президент тапсырмасына және халықтың Абайдай асыл ұлының рухына жасалған қиянатпен парапар дүние.

-Қандай қиянат екенін ашық айта кетіңізші...

«Дат, тақсыр» айдарының бүгінгі қонағы - қазақ ұлтына қатысты қос қызметтің құлағын ұстап отырған азамат. Бірақ екі қызметінің де тізгіні болғанымен, ер-тұрмансыз, аты бар - заты жоқ, жайдақ жұмыс. Олай болатыны, бір қызметі - саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы болса, оның өзі бүгінгі билік пен шенеуніктерге қажеті шамалы екенін қонағымыз өзі әңгімеледі. Ал екінші жұмысы - Халықаралық Абай қорының директорлығы. Мұның да кесе-көлденең мәселесі шаш етектен.

 

Абайға қиянат - қазаққа қиянат

-Жұмабек мырза, сіз Халықаралық «Абай» қорын басқарасыз. Қордың соңғы уақыттардағы жұмыстары қалай, ресми баспасөзде айта алмайтын, шешім күтіп тұрған мәселелері бар ма?

-Қордың аты затына сай емес. Өйткені соңғы уақыттарда ел пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі құрған қордың халі мүшкіл. Бұл - президент тапсырмасына және халықтың Абайдай асыл ұлының рухына жасалған қиянатпен парапар дүние.

-Қандай қиянат екенін ашық айта кетіңізші...

-Әуелі 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы өткеннен кейін, президенттің тапсырмасымен осы қор өз жұмысын бастаған болатын. Алайда сол жылдары Қазақстанда қаптаған қорлар құрылды. Нәтижесінде заң бұзушылық орын алды. Мұны байқаған үкімет өз күндеріңді өздерің көріңдер деп, қорлардың бәрін үкіметтік есептен шығарып тастады. Сөйтіп, Абай қоры жұртта қалған күшіктей қараусыз күйге түсті. Ал қазіргі жұмысымыз Абайды насихаттау емес, жылына бір рет туған күнін атап өту ғана. Басқа қомақты дүние істеп жатқан жоқпыз. Оған қол қысқа.

-Шетелден Абай ескерткішін ашу, көше аттарын беру жұмыстары - сіздердің атқарған шаруаларыңыз емес пе?

-Иә, оның бәрі біздің қор мен үкіметтің бірлескен жобасы ғой. Ал­айда бұл қызметтер данышпан­ Абай­ға кемдік етеді. Өйткені біз Абай арқылы ұрпақ тәрбиелеуге, жалпы қазақтың рухын оятуға, атын әлемге танытуға дәрменсізбіз. Қаржы мәселесі шешіл­меген соң, жұмыста не береке болсын.

Абайды әлемге таныту үшін, үлкен орталық жұмыс істеуге тиіс деп ойлаймын. Онда ақынның мұражайы, ғы­лыми-зерттеу институты, аударма бөлімдері, кітаптарын шығаратын бас­палары жұмыс істеуі шарт. Сонда ғана Абайды тануымызға, қазақтың рухын көтеруге бір қадам келісті шаруа атқаратын болар едік. Абай қоры арқылы қайсы-бір жылдары біз Әл-Фа­рабидың толық еңбектерін шетелден алдырып, президенттің кітап­ханасына тапсырған болатынбыз. Бірақ сол 4 томдық аса құнды дүние қазақшаға аударылмай, сартап болып президенттің кітапханасында жатыр.

Жалпы алғанда, Абай қоры ұсақ-түйек жұмыстармен айналысып, үл­кен шаруаларға бел шешіп кірісе алмай келеді. Кейде қазақтың казино жағалап, қыз қуған қалталы азаматтары мен шенеуніктеріне қарным аша­ды.

Асылы Абай арқылы ұлтты тәрбиелеуге, қазақтың жаншылып­ қалған рухын оятуға болатын еді­ ғой.­ Алайда оған шенді-шенсіз қалталылардың бірде-біреуінің құлқы жоқ. Өйткені олардың өздері Абайды танымайды. Абайды білмеген жұртта  ұлттың рухы болмайды. Мен үкіметке, президентке Абай қоры туралы қаншама хат жаздым. Бірақ бірде-біреуінен жауап келмеді.

-Жүке, сіз, қалай ойлайсыз, бү­гінгі биліктің ақын мұраларын на­сихаттауға пейілсіздігі -­ Абай­ға және ақынның артындағы миллиондаған қазаққа деген немқұрайдылық емес пе?

-Кейде өзімде ондай бөтен ойлар болады. Себебі, Абайды қазақтың президенті мен шенеуніктері ғана емес, әлем таниды. Солай бола тұра, ақынға деген суықтық өз елімізде өршіп тұр. Мүмкін, олар Абайды таныған қазақтан қорқатын шығар. Өйткені Абайды таныған жұрттың рухы оянады. Біздің билікке ондай қазақтың керегі жоқ. Шенеуніктер «айдаладан ақ отау» салса, соның өзін президенттің тапсырмасын орындадық! деп, айдай әлемге жар салады. Ал Абай қорын президенттің өзі бас болып, нұсқау жасап құрып еді ғой. Ол да - Назарбаевтың тапсырмасы. Онда неге осы қордың үкімет тарапынан ешқандай қорусыз қалғанын түсінбедім!

Жыл сайын Абайдың туған күн кешін дәстүр бойынша Алматы қаласының әкімі келіп беташар сөзімен ашатын. Бірақ биыл келген жоқ. Абай - қазақтың ұлы тұлғасы. Соған олардың ақылдары жетпейді ғой дейсіз бе? Жоқ, олардың ақылынан еш нәрсе асқан емес. Бірақ сонда да Абайға келгенде құлықсыз. Абай: «Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын», - деп, сөздің төресін сөйлеген ақылгөй. Дегенмен біз соның қадіріне жете алмай жүрміз-ау!

Қорлар ақша ұрлаумен айналысады

-Иә, Жүке, біз кеше көзі тірі Абайын аялай алмаған, бүгін аруағын риза қыла алмаған жасық ел болдық қой. Бұл қайғы көзі ашық елдің де қабырғасына батады... Осы күндері жұрт арасында екінің бірі қор құрып, қоғамдық жұмыс істейтін болып алды. Бірақ тындырып жатқан шаруалары шамалы. Сіз қалай ойлайсыз, қор құру - ақша табудың көзіне айналған жоқ па?

- Қазір қор құрудың ақша табудың кө­­зіне айналғаны рас. Мәселен, кей­бір қорлар ақша ұрлаумен немесе басқалай жолдармен айла тауып жатады. Бірақ өзге қорлар үшін бұдан артық әңгіме айтудың қажеті жоқ шы­ғар. Ал біздің «Абай қорымыз» жарғақ құлағы жастыққа тимей, ақын мұралары үшін жұмыс жасап келеді. Өзім 13 жылдан бері осы қордан бірде-бір рет­ айлық алған емеспін. Бірақ ақын аруағын сыйлап, қазақтың атынан аса алмағандығым үшін қызметтен кеткен жоқпын.

1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы өткеннен кейін бір шенеуніктер Абай қорын жауып тастауға ниеттенді. Оның біреуі - Бейбіт Исабаев деген қазір елшілік қызметте жүрген азамат. Екіншісі - сол жылдары Алматы қалалық Мәдениет басқармасының бастығы болған - Елеусіз Жанпейісов деген жігіт. Сол екеуінің қорды жабуға неге соншама өлерменденгендерін түсінбедім. Әлде Абайдан асқақ болғысы келген жоғарыдағы біреудің тапсырмасы солай болды ма? Мейлі, қазір олар қандай уәж айтса да, сол кездегі қылықтарында Абайға қарсылық болды.

Абайға қырын қарау - жалпы қа­заққа оқ атқанмен бірдей. Кеше ғана ақынның 165 жылдық мерейтойын атап өт­тік. Жасыратыны жоқ, жетім қыздың тойындай болды. Осыдан бір айдың ал­дында ғана «Астана күні» деп, шетел­ден әнші алдырып, президенттің туған күнін дүрілдетіп едік қой. Астана - Қазақстанның жүрегі болса, Абай - арғы-бергі ел тарихының, қазақтың алтын тамыры емес пе! Сондай-ақ осы мерейтой тұсында ақынның қарасөзін қаланың бірнеше жеріне ілуді жоспарға алған едік, алайда оның саны қысқарып, үш сөзі ғана ілінді.

- Ал есесіне көше-көшенің қиылысында президенттің түсініксіз жолдауы мен «Біз елбасымен біргеміз» деген мән-мағынасыз жарнама-қалқандар қаптап кетті - өкпеңіз орынды екенін түсінемін... Дегенмен сіздің екінші қызметіңіз - саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағалығы. Үкімет тарапынан осы қауымдастықтың жұмысына қаншалық көңіл бөлініп жатыр?

-Қазір бұл шаруа да ақсап тұр. Әңгіме былай: 2000 жылы президент Назарбаев саяси қуғын-сүргін құр­бандарына арнап үлкен мұражай ке­ше­нін ашуымызға рұқсат беріп, өзі бас болып, құжатқа қол қойған болатын. Кешенге Алматының Қарасай батыр және Наурызбай батыр көшелерінің қи­ы­лысқан жеріндегі бұрын НКВД-ның ішкі түрмесі болған ғимаратты және қасындағы саябақты кіргізген болатын. Алайда 2005 жылы Иманғали Тасмағамбетов Алматыға әкім болып келгеннен кейін, ғимаратты «Алматыдаму корпарациясына» алып берді. Қаншама соттастық, шыққан өнімі - аядай екі бөлме. Әуелі 2000 жылы алғаш жұмыс бастаған кезімізде мұражай ашып едік, кейін оны амалсыздан жаптық. Мен осы мәселені көтеріп, қақпаған есігім, жазбаған арызым қалмады. Өткен жылы президенттің тікелей эфирдегі сұхбатына да жазғам. Ұйымдастырушылардан хабарыңызды алдық деген жауап келді. Бірақ На­зарбаевқа оның жеткен-жетпегенін біл­меймін, арызым сол күйінде қалды. Кейде президентті өзі қол қойған құ­жатқа өзінің шамасы келмейтін бол­ғаны үшін аяйтын сияқтымын...

 

Қажыгелдиндер - саяси қуғын құрбандары

- Саяси қуғын-сүргін құрбандарына саяси баға бере алмай отырғанымыздың себебі не екенін біле алдыңыз ба?

- Меніңше, бұл мәселе тағы да ұлттың рухына саятын сияқты. Өйткені қа­зақ - орыс патшасы өкіметінен көп­ қасірет шегіп, жаншылып қалған халық. Мәселен, 1921 жылы Орынбор қаласында басылған Саложинков деген тарихшының кітабында «1911 жылы қазақтардың саны 8 миллион 200 мыңға жуық болған», - деп жазылады. Алайда осы көрсеткіш 1939 жылға барғанда 2 миллион 400 мыңға кеміген. Демек, жиырма жылға жетпейтін уақытта қазақтың 71 пайызы адам қолымен жасалған түрлі саясаттың құрбандығы болған.

Біздің елдің тарихына қатысты көп­ қасіретке саяси баға берілген жоқ.­ Мәселен, 1930 жылдардағы аш­ар­шылыққа, соңғысы Желтоқсан көте­рілісіне ешқандай саяси баға берілмеді. Өйткені мұндай қасіреттердің артында мүдделі мемлекет немесе жеке тұлға тұруы әбден мүмкін. Сондықтан шындық ашылмайды және өз уақытымен баға берілмеуі - соның салдары.

- Саяси қуғын-сүргін құрбандарына тәуелсіздіктен кейін алуан түрлі себептермен шетке кеткен Қазақстан азаматтары жата ма? Мәселен, Қазақстанның тұңғыш үкімет басшысы  Әкежан Қажыгелдин, БТА банкінің басшысы Мұхтар Әбіләзов, «ДВК» қозғалысын құрушылар Ғалымжан Жақиянов пен Төлен Тоқтасынов сияқты елге еңбегі сіңген үлкен азаматтар елге орала алмай жүр ғой. Біраз мансаптың басын мұжыған Виктор Храпунов та қашып кетті...

- Иә, бұл азаматтар да - саяси қуғын-сүргін құрбандары. Өйткені олар өз үкіметінен опа таппай шетке кетті. Бұл арада бұрынғы саяси қуғын-сүргін құр­бандарынан тек уақыттық айырма ғана бар. Бірақ сіз атаған азаматтардың ішін­дегі Храпуновты бұл тізімге кіргізуге болмайды. Оның орнына Мұхтар Жә­кі­­шевті атасаңыз келісіп кететін еді.­ Өйткені аты мен заты болмаған «Қазатомпромды» бүкіл дүние жүзіне таныту - екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Қажыгелдин мен Әбілязевтің екеуі де - білгір азаматтар. Бірақ шетелде жан сауғалап жүр. Мұндай тізімді жалғастырып айта беруге әбден болады. Қалай айтсақ та, Отаны- нан опа таба алмай кеткен, ұлты үшін сүйікті ұлдардың бәрі - сая­си қуғын-сүргін құрбандары. Алайда олардың тірісін де, өлісін де бағалауға дәрменсізбіз.

 

Біз рухы өшкен елміз

- Еліміздің «Кедендік одаққа» кіргеніне бір айдан асты. Ресейдің тарихи көрші екені рас. Бірақ тарихта осы көршімізден қазақ халқына қаншама қасірет келгенін жақсы білесіз. Бұл одаққа қарсы шыққандардың көбі  кешегі Совет Одағының құрамына өтіп кетеміз бе деген қауіп айтады. Сіз қалай ойлайсыз, осы одақтың мақсаты екі елдің сауда-саттығын дамыту ма, жоқ әлде басқадай қитұрқысы бар ма?

-Бұл Одаққа қарсы дауыс көтеріп, қол қойғандардың бірі - менмін. Біздің елге Ресеймен байланыс орнатуға бір­неше түрлі жол бар еді. Мысалы, экономикалық немесе сауда-саттық одақ құруға болады. Ал біз ондай жолға бармай, «Кедендік одақты» құрдық. Меніңше, оның түпкі мақсаты - ортақ валюта жасап, ортақ ел құру болуы мүмкін. Біз жері ұлан-ғайыр, байлығы мол мемлекетте отырып, әлемге қалай өмір сүрмеудің үлгісін көрсетіп отырған ел­міз. Халқын шенеунігі мазақтап, хал­қы басшысын өтірік мақтап, жан бағып отырған мемлекетпіз. Оның үстіне, қо­ғамды «командалық жүйе» деген ауру есең­гіретіп болды. Сондықтан да көзі ашық шенеуніктер мен зиялы қауым «Кедендік одақтың» зиянын көріп, біліп отырып, қарсы дауыс көтермейді. Бәрінікі - «ләппай, тақсыр»!

- Қазақ ұлтының ұлттық қасіреті орысқа бодан болған сонау Әбілхайыр ханның заманынан  бастау алғанын тарихшылар айтып жүр. Алайда қазір тәуелсіз мемлекетпіз ғой. Солай бола тұра, қазақ әлі бұрынғы бишара күйінен арылмаған сияқты. Бұған бұрын орыс пен кеңестік жүйе кінәлі дедік. Ал қазір кім кінәлі?

- Иә, қазақ әлі мешеу. Оны көкірегі ояу азаматтардың бәрі мойындайды. Қазақты осындай күйге түсірген жағ­дай - тарихи қасіреттер. Қазақ сол қа­сіреттерден әбден жаншылып, тапталып қалған. Оны тәуелсіздіктен кейін сыбайласқан билік тіпті езді, иледі.

Рух - жанның дауысы. Рухы өшкен жұртта намыс, жігер болмайды. Біз сол рухы өшкен елміз. Бүгінгі күні барлық қазақ Абай сияқты ұлы тұлғаларын, батырларын танып-білуге, солардың еңбектерімен рухын оятуға тиіс. Сонда ғана қазақ ұлт ретінде өзін-өзі танып, өз құқын өзі қорғап, басшысы мен отанынан өз еншісін талап ете алады. Қазаққа 1937 жылғы    репрессия ауыр тиді. Қасіретті жылдары қазақтың маңдайалды азаматтарының атылғаны атылып, жер аударылып, тегі мықтылар ел тамырынан кесіліп қалды. Сөйтіп, елде басы жоқ, тегі әлсіз тобыр өмір сүре бастады. Соның зардабы Қазақстанды әлі есеңгіретіп отыр. Мұса пайғамбар құлдық сана бойларын әбден меңдеген еврейлерді 40 жыл бойы иесіз құм ара­латқан екен. Нәтижесінде санасы та­зарған еврей ұрпақтары қазір бүкіл әлем­­ді алақанында ойнатады. Бізге де құм араламасақ та, Абай сияқты ұлы­ларды оқып-танып, сананы, рухты тазартуымыз қажет.

- Дұрыс айтасыз, санасы уланған, басы мен тамыры кесілген елде не рух болсын...Енді елдегі саяси-қоғамдық жағдайды көріп, сараптап жүрсіз ғой, осы тақырыпқа ауысайық. Осы орайда кез келген мемлекетте оппозицияның үкіметке қарсы болатынын білесіз. Өз еліміздегі оппозицияның бүгінгі қарекетіне көңіліңіз тола ма?

- Кез келген мемлекетте оппо­зицияның болуы - заңдылық. Алайда біз­дің Қазақстандағы «басқаша ой­лай­тындардың» күші тым әлсіз. Сонымен бірге араларынан бас көтеріп, халықты артынан ертіп шығатын ұлттық тұлға жоқ. Сондықтан қазірше оппозициядан дәмелі емеспін.

- Осы орайда «Дат, тақсыр!» деп, айтарыңыз бар ма?

- Біздің мемлекеттің бойындағы ең­ асқынған дерт - сыбайласқан «ко­мандалық тәртіп» болып кетті. Меніңше, біздің президентімізден бастап, құ­қық қорғау орындарының барлық сала­­сы осы шаруаға араласуға тиіс. Әйт­­песе, президенттің өзі айтқандай, министрліктерде бала-шағалар қаптап кетті. Салиқалы ел болуымыз үшін, саналы тәртіп қызмет етуге тиіс.

- Әңгімеңізге рақмет!


Жұқамыр ШӨКЕ,

«Общественная позиция» газеті (проект «DAT» № 28 (65) 18 тамыз 2010 ж.

 

0 пікір