Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Сүйінші! 7515 0 пікір 29 Қазан, 2016 сағат 22:00

ҚАНАТ ИСЛАМ: "ҚАРА БАЛА МОЛОДЕЦ" (толық видео)

Алматыда қаласындағы «Алматы арена» спорт сарайында Қанат Ислам мен Патрик Аллотейдің арасында болған бокс сайысында Қанат Ислам жеңіске жетті, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.  




Алматыдағы бокс кеші қазақтардың жеңісімен аяқталды. Қанат Ислам қарсыласымен 12 раунд, яғни 36 минут шайқасып, айқын басымдықпен Патрик Аллотейді тізе бүктірді.

Алғашқы раундта қос боксшы бірін-бірі зерттеп, осал тұстарын бағамдап көргенмен, кездесудің қалған бөлігі жерлесіміздің басымдылығымен өтті. Бірінші нөмірмен жұдырықтасқан боксшымыз Аллотейді бұрыштан-бұрышқа тықсырып, сәт сайын өз шабуылы мен жойқын соққыларын үдете түскен. Әйткенмен ганалық баһадүр кездесудің соңына дейін шыдас беріп, лайықты қарсылық таныта алды. 

Осылайша, "Қазақ" бүгінгі жеңісінің арқасында WBA Fedelatin және WBO Intercontinental алтын белбеуін иеленіп отыр.

 

Халыққа ризашылығын білдірген Қанат Ислам "Қара бала молодец" деп қарсыласына да алғысын айтты.

Оңтүстік астанамызда өткен  халықаралық бокс кешінде рингке шыққан барлық жерлестеріміз жеңіске жетіп, Алаш баласының рухын бір көтеріп тастады. Алғашқы болып рингке шыққан қазақстандық Жұман Жұмабеков қарсыласы Беларусь боксшысы Владимир Ивановты алғашқы раундта-ақ нокаутқа жіберді 

 

63 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен боксшымыз қарсыласын бірден қыспаққа алып, жұдырық астына алды. Бірінші раундтың 23-інші секундында Жұман Жұмабеков Владимир Ивановты нокаутқа жіберіп, жекпе-жек тоқтатылды. Боксшылар барлығы 4 раун өткізуі тиіс болатын. 

Рингке екінші болып қазақстандық Айдар Шәрібаев пен испаниялық Хуан Акуро шықты.

60 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген Айдар Шәрібаев жеңіліп жатып, жекпе-жек соңына қарай есесін қайтарып, жеңіске жетті. 

 Ал, рингке үшінші болып шыққан қазақстандық Әли Ахметов әзербайжандық боксшы Әли Маммедовты бірінші раунда нокаутпен жеңді. 78 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген боксшылар 6 раунд өткізуі тиіс болатын. Алайда, жекпе-жек небәрі 1 минут 44 секундқа жалғасты. 

 

Ал, рингке төртінші болып, шыққан 99 келідегі отандасымыз Руслан Мырсатаев ганалық Нуху Азумиді 44 секундтың ішінде сұлатып түсірсе, сайыстағы алтыншы қазақ Жанқош Тұраров ганалық боксшы Исаак Ариені 10 раундтық кездесудің 4 раундында тізе бүктірді. 

 Ал, кәсіпқой бокста алғашқы қадамын жасаған Жәнібек Әлімханұлы Нуньесті алғашқы раунда тізе бүктірді. 

 Жәнібектің соққыларынан екі рет тізерлеп отырған Нуньес үшінші жойқын соққыдан тұра алмады. 1 раундтың 2 минутында отандасымыз америкалықты жеңді. 

 P/S

Қуан қазақ! Ақ түйенің қарны жарылды! 
Қанаттай ұлың бар! 
Әлі талай туыңды желбіретеді!
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz

 

0 пікір