Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Деп жатыр 4561 0 пікір 8 Қараша, 2016 сағат 13:33

АҚЫНДАР ДӘНЕШТІ ЖЫРҒА ҚОСТЫ

Алматы облысының «Тамшыбұлақ» әдебиетшілер қауымдастығы мен Дәнеш Рақышев атындағы қордың ұйымдастыруымен қазақтың жезтаңдай әншісі, сазгер, Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышұлының 90 жылдық мерейтойына орай «Ән қанатындағы жыр» атты республикалық жазба ақындар байқауы Талдықорған қаласында дүркіреп өтті, - деп хабарлайды Әдебиет порталы.

20-40 жас аралығындағы ақындар қатысқан, екі тапсырмадан тұратын бұл байқаудың шарты бойынша, «Ән өнерінің ақберені» аттыбірінші бөлімде ақындардың Дәнеш Рақышұлына арнаған өлеңі оқылды. «Ән қанатындағы жыр» атты екінші бөлімде Дәнеш Рақышұлы орындаған әндерге арналған өлең сайысы өткізілді. Құрамында ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстан Жастар одағы мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, қазылар Әділбек Алпысбай (қазылар алқасының төрағасы), ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстан Республикасы Президентінің степендиаты, облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, ақын, аудармашы, Әлем халықтары және Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі, Түрік дүниесі Поэзия фестивалінің лауреаты Жүкел Хамай, ақын- этнограф, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесi, Қазақстан Республикасы Мәдениет және білім беру ісінің үздігі, Алматы облысы және Панфилов ауданының Құрметті азаматы Әдепхан Жақыпбай, Дәнеш Рақышұлының қызы, Жаркент өнер мектебінің директоры Гүлнәр Рақышева бар қазылар алқасының шешімі бойынша қатысушылар арасынан мына ақындар жүлдегерлер мен жеңімпаздар ретінде қатарынан көрінді.

50 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына Дастан Ақаш (Астана), Сәтжан Кәріпбаев (Семей), Мұхтар Күмісбек (Талдықорған), Құрманғазы Жұмағұлұлы (Астана), Панфилов ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне (50 мың теңге) Таңсәуле Еркінқызы (Қарағанды), ие болды.

 Үш үшінші орынды (70 мың теңге) Абай Ораз (Қарағанды облысы, Жезқазған), Нұржан Байтусов (Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы), Еркін Исахан (Алматы облысы, Панфилов ауданы) өзара бөлісті.

 Екінші орынға (100 мың теңге) Тоқтарәлі Таңжарық (Алматы қаласы) пен Олжас Қасым лайық деп танылды. Бірінші орынға тігілген 150 мың теңгеге Астанадан келген ақын Ықылас Ожай ие болса, бас жүлдені талдықорғандық белгілі ақын Ерлан Жүніс жеңіп алып, 200 мың теңгеге ие болды.

 Төменде аталған жыр додасында жүлдегер атанған ақындардың өлеңдерін жариялап отырмыз.

Ерлан ЖҮНІС (Бас жүлде)

ДӘНЕШ-ҒҰМЫР

 1. Құс қанаты

Білмеймін, қоңыр күз бе, қыс па, көктем,

Қай бір жыл – қайта оралмас тұсқа кеткен,

Шашылып қауырсыны қанатынан,

Талдының төбесінен құстар өткен.

 

Құс өткен Талды аспанын тамылжытып,

Аңсатып, зарықтырып, абыржытып,

Заманның сол бір кезең – тұрған сәті,

От бүркіп, мұзды шайнап, жалын жұтып.

 

Сұрынан ел шошынған, жұрт ығысқан,

Шығысқа ығысқан жұрт ұмтылысқан,

Құс емес, сол қазақтың әні екен ғой,

Қонатын жан таба алмай үркіп ұшқан.

 

Ән екен – құс қанаты қайырылған,

Салы мен серісінен айырылған,

Секілді домбыраның шегі үзілген,

Секілді алмас қылыш майырылған.

 

Ән екен құстай болып қаңқылдаған,

Даланың мұңын айтып саңқылдаған,

Жас бала сол құстардан көз алмайды,

Жанары атқан таңдай жарқылдаған.

 

Қиқулап Жетісудың даласына,

Өтті құс – ал, тоқтата аласың ба?!.

....Бірі кеп қонды иығына жас баланың,

Шығысқа шыққан көштің арасында.

 

2. Ат жалы

Неге адам заманамен егеседі,

Кім білсін, не қалады, не көшеді?!

...Бір бала таулар жаққа көз салып тұр,

Сол бала – Рақышұлы Дәнеш еді.

 

Көзінде сол баланың дала жатыр,

Далада ғажап өмір – қара да тұр:

Бір сұлу қос бұрымын сипай өріп,

Бір жігіт ат жетектеп бара жатыр.

 

Далада қалды-ау, шіркін, есіл арман,

Сол арман – бала күннен досы болған:

Бір сұлу жүрегіне шоқ түсіріп,

Бір сері ән-жырымен есін алған.

 

Заманның сол шақтағы тартсаң зарын,

Сезерсің жас жүректі дерт шалғанын:

Бір залым абақтыға қамап оны,

Бір жалын өзегіне өрт салғанын.

 

Ән салды сонда Дәнеш аспандатып,

Көзінен іңкәр жұрттың жас парлатып,

Ән ғана шалқушы еді кең далада,

Ән ғана шығушы еді асқарға тік.

 

Аңсатса Ата-қоныс – жер кіндігі,

Желп етіп қалушы еді ел түндігі.

Әнде екен – өзінің де бостандығы,

Әнде екен – елінің де еркіндігі.

 

Ән екен – ой қаруы, жан қаруы,

Бақыты – әннен басқа – бар ма мұңы?!

Ата жұртты аңсаған – жан азабын,

Алғаш мәрте емес қой аңғаруы.

 

Ән салды сонда Дәнеш саңқылдатып,

Құстарын қос мекеннің қаңқылдатып,

Әні ұшты – күнге тосып ақ маңдайын,

Бауырын ақ бұлттармен салқындатып.

 

Айтқанда «елім-айлап» ел естелік,

Кетердей күйзелетін елеске еріп.

...Кешегі көште кеткен бала іңгәсі –

Оралды дала әні – Дәнеш болып!

 

Оралды Дәнеш әнші, ән оралды,

Кешегі серіліктің сәні оралды,

Сол әнмен – Әсет, Ақан, Біржан сері,

Шашубай, Естай ақын – бәрі оралды!

 

Жаңғыртты кең даланы Дәнеш әні,

Алаулап әрбір үйде ән ошағы.

Сөзінде – кең қазақтың кісілігі,

Көзінде – құс қараған бала шағы!

 

Ән салды сонда Дәнеш, сал-сал әнді,

Әнді де артып туған жан салады,

Әніңмен өткен шаққа арзу айттың,

Әніңмен болашақ та қарсы алады!

 

Әнге айналған жүрек

Ғұмырдан – жай отындай жарқын-жарық,

Дүние жанарында жарқыл қалып,

Ән салып жүрген сынды ол таулар жақта,

Жүрегі құсқа айналып, қаңқыл қағып,

 

Іздесең, тауларға бар оның әнін,

Іздесең, бауларға бар оның әнін,

Табасың тыныштықты тыңдар болсаң,

Даланың дабыл қаққан қоңырауын.

 

Сен оны жанын сүйген күннен сұра,

Сен оны әнін сүйген гүлден сұра,

Келеді көз алдыма Дәнеш десе –

Тауларға сүйеп қойған бір домбыра.

 

Қос ішек бебеулеп құс қанатындай,

Дүние қалың ойға шоматындай,

Қолға алып сол бір қоңыр домбыраны,

Дәнеш боп дала да ән салатындай.

 

Сол әнмен құстар ұшып қонатындай,

Сол әнмен өзен толқып, толатындай,

Сол әнмен гүлдер қауыз жаратындай,

Қос ішек бебеулеп құс қанатындай.

 

Әуеден әуелетіп ән келердей,

Бұйыққан тіршілікке жан берердей.

«Талдының» әр бұлағы тебіреніп,

Таулары «Жетісудың» тербелердей.

 

Ән қалқып байтақ қазақ даласында,

Алтай мен Алатаудың арасында,

Боздатып дала салған сол бір әнді,

Қоздатып сағынышты саласың ба?!...

 

Сол әнді, қанша тыңда, тоясың ба,

Сәбидей шалықтайсың аясында,

«Аңшыдай» бірде кезіп кең даланы,

Тынығарсың «Алманың саясында».

 

Аты өшпес, ардақтым-ай, әні өшпесе,

Әні өшпес – елдің іңкәр жаны өшпесе.

...Мұзтауға іліп қойған бір домбыра,

Келеді көз алдыма Дәнеш десе!

 

Ықылас ОЖАЙҰЛЫ (Бірінші орын)

 Дауыс

( Дәнеш Рақышұлына )

Алты қырдың астынан ұйтқып бір соққан дауысы

Алты қанат боз үйді шайқалта соғып кернеген.

Сол бір ащы дыбысқа

Қоғалы көлдің қуы мен шағала құсы шөлдеген.

 

Мына жеті қат ғаламның

Жеті нотасын меңгерген,

Менің топырағымның әр шөбі

күй болып кісінейді

құба дөңдерден,

Қоп-қоңыр домбырамнан аумаған

қоңыр желменен.

 

Күрп-күрп еткізіп күй шалсам,

Нұрланып жан іші,

Өзгеріп қанымның ағысы,

Дәнештей қомданып,

Қиқулап ән салсам,

Ауызымнан төгілген

аспанның дауысы.

 

Осы дыбыстар даламның зары шын,

Қос ішек толғатқан

қасірет-қайғысын.

Киік қол қариялардың

Сар желген саусағынан тірілген қағысын,

Һәм домбыраның

қоңыр бұйра дауысын,

Есер эстрадашыл бұл қоғам

Енді қайдан танысын?!

 

Қос өмір ағады қос ішек қылымен

Түйсікпен қабылдап,

Түсінгем мұны мен.

Жүректің дыбысын сөндірген соқырлар,

Соқырлар сөйлейді дүние тілімен,

Көздердің шелімен,

Кеуденің желімен.

 

Солар ғой біздерді бауыздап тастаған,

Қанжардай шалбардың қырымен.

Әттең, шіркін!

Аспан денелі алыптар қалдырған

«Сарыарқа» күйлерім,

Самғауық әндерім,

Сендермен мәңгі едім.

 

Аздың сен білемін

Тап-тақыр далам-ай,

Ауызымен өзгенің.

Жердің жыныққан жұлдызқұрттарын

«Жұлдыз» деп ойлайтын

Әумесер күндерім.

 

Менің қоп-қоңыр домбырамды неге қорладың?

... Енді иесіз қалдым ба?

Киесіз қалдым ба?

Білмедім...

 

Ән

«Қысмет» сорғалады көктен төне,

Майда үнге майдай ерді балқып дене.

Бір дауыл көмекейден көтерілді,

«КЕТПЕСІН ҮЙДІ ЖЫҒЫП, БАҚАН ТІРЕ».

 

Кеудеден кер даланың кеңдігі есіп,

Дауылы бұйра-бұйра бұлт көшіріп,

Жусандай жұпар шашқан мұндай әнді

Жаратқан етер ме екен енді нәсіп?

 

Пай, пай, пай, неткен дауыс дірілі мұң?!

Жанымды, жазғаным-ай, үзілдірдің.

Мынау кім жеті түнде желдей ұйтқып,

Желпіген ақ боз үйдің түңілігін?

 

Ән осы әр нақышын алтындатып,

Үніне үзілдірген тән балқытып.

Сыңсыған қаз бен қудың сұңқылына

Жаныңды бір шайқаған салқындатып.

 

 Абыздың домбыра ғой дуалысы,

Алаштың аруағы, бұла күші.

Сезсеңіз, еңіреген екі ішектен

Бұрқырап бозжусанның тұрады исі.

 

Бұл иістен аңдасаңыз мағынаны,

Жаныңыз жұпар бүркіп ағарады.

Сол мезет...

алпыс екі тамырыңнан

Қан емес,

Қан орынына ән ағады.

 

Бебеуі екі ішекті еміндіріп,

Шалқыған, шарасынан төгілдіріп...

Күмістей сыңғырлаған есті әніме

Есімді бір алайын шомылдырып.

 

 

Олжас ҚАСЫМ (Екінші орын)

Ән-ғұмыр!

Шертсем де қайта толғап домбырамды,

Дәнештей айта алмаспын сол бір әнді.

Лапылдап жалын атқан ән алауы,

Өшер ме жүрегімнен енді мәңгі?!

 

Ән еді ол аққудайын мамырлаған,

Дүние ырғағына бағынбаған.

Шығандап, қияға өрлеп, шыңға шығып,

Нөсердей ағыл-тегіл сауылдаған.

 

Ән болды сағынышы тербеген шақ,

Кеткенде кіндік кескен жерден алшақ.

Сарғайып сан жылдан соң арна тауып,

Шақырған Жетісуын келді ол аңсап.

 

Келді де құйды бірден тың ағыспен,

Толтырып ән дариясын бұла күшпен.

Жетісу тебірене толқын атты,

Сапырып ақ көбігін қуанышпен.

 

Сол өзен Дәнеш еді арна болған,

Самалдай есетұғын сарнап алдан.

Үзілмес үмітінің нәзік қылын,

Әнімен Жетісуға жалғап алған.

 

Сыйлайтын жеті бояу маған керім,

Тапқан ол Жетісудан ән өрнегін.

Дәнештің әндерінен жеті өзеннің,

Сылдырын еститінім содан менің.

 

Мың әуен құйқылжитын өрден өрге,

Сыйқырын көрген де бар, көрмеген де.

Әншінің әсемқоңыр сазыменен,

Әсет те қайта айналып келген елге.

 

Сол дауыс атамекен көгіне өрген,

Қасым1 боп арындаған, тебіренген.

Шәкәрім2, Таңжарықтар3 тұрды сөйлеп,

Дауылпаз Дәнеш салған қоңыр әннен.

 

 ... Қайда екен ән жұлдызы шамдай жарық,

Тұратын жәудір дүние таңдай қағып.

Жәдігөй жалған өмір жалт бергенде,

Мәңгіге кетті білем әнге айналып.

 

Дәл солай, мекендейді ол ән әлемін,

Жақсы әнге жуымайды-ау жаман өлім.

Қуарып, құлазыған сәттерімде,

Дертімнің ғұмырлы әннен табам емін.

 

 Шертсем де қайта толғап домбырамды,

Дәнештей айта алмаспын сол бір әнді.

Лапылдап жалын атқан ән алауы,

Өшер ме жүрегімнен енді мәңгі?!

 

 *Ақын Қасым Аманжолов

*Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы

*Ақын Таңжарық Жолдыұлы


 

Аялаған арман туралы өлең


Момақан қоңыр кеште, қойлы ауылда,

Оңаша отырушы ем ой бағында.

Сол кеште тұңғыш рет кездестім мен,

Даңғайыр Дәнеш салған «Жайқоңырға».

 

Көңілдің сонда шалқып көбелегі,

Дариға – ай, біз кешкен сәт әдемі еді.

Кеудені керім бір саз кернеп кетіп,

«Шаттықтың толқыны» боп әуеледі.

 

Соққанда әнмен бірге ел жүрегі,

Жанымда сыйқырлы әуен мөлдіреді.

Бәрде әнші «Жер жәннаты - Жетісу» деп,

Жетелеп «Алматыға» келді мені.

 

Үмітім үмітіме сәтті ұласып,

Шаһарға сан асуды жеттім асып.

Келгенде ән саңлағы тағы мені,

Аяулы «Арманыма» етті ғашық.

 

Алматы арманымды құзар қылған,

Тұрғызды қусам қашып, жүз орнымнан.

Арманды қуып келе жатқанымда,

Жолықты «27 қыз» алдымнан.

 

Сыйламай бірден оңай сезімді ізгі,

Осылай сынайды екен өмір бізді.

Жолыққан «27 қыз» ішінен,

Ақыры таңдап алдым «Қоңыр қызды».

 

Қонды ғой сол аққуым қолға гүл боп,

Деп іштей қуанымын «арманым жоқ».

Тауып ап дүрия сезім дүлділ әннен,

Отырам «Саясында алманың» көп.

 

Жайнаған Жетісудың ақберені,

Сыйлады маржан әнмен сәтті әдемі.

Елітіп, бір ерке әуен тұр шақырып,

Күлімдеп екеумізді «Мақпал» өңі.!

 

 Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ (Екінші орын)

 Дауылпаз

(Дәнеш Рақышев рухына арнаймын)

Құла түз қойнында, сары дала төсінде

Кезеді үзілмес тәтті арман,

Қом сулар қоңырқай толықсып,

Мың жылдық тарихын ақтарған.

 

Тарайды бір әуен

сыңсыған нулер мен мүлгіген бақтардан,

тарайды қожыр тау, тап-тарғыл тастардан.

 

Мен кеше сол әуен ішінде «тербелдім»,

Көз алды бұлдырап – өткен шақ, көрген күн,

Жөңкілген уақыттың көшінен жөн таппай,

Үйірінен адасқан бөкендей сенделдім...

 

Сау жері қалмаған кеудемнің!

 

Қапыда қанаты қайырылып,

Өз оты өртеген әуен-ай,

Сыймайтын бүгінгі ұғымға.

 

Мен қайда самғайын,

сен қонбай тұғырға.

Жанымның дауасы мөрленген екен ғой

Дәнештің ақсұңқар әні мен

дауылпаз жырында.

 

Дәл таныр кімің бар

Дәнештің хикмет кеудесін...

Маң толы бөтен ой, өзгеше үн,

Құрсайды жанымның бөлмесін...

 

Қария саусақтар қалтырап барады

Қоса алмай қос ішек, баса алмай пернесін!..

Дертіне ем іздеп, жабыққан бауырым,

иенге көз тастап, өксисің сен несін?..

 

Дауылпаз Дәнеш-ай!

Әр салған әнінен мың аңыз гүлдеген,

Жылқылар кісінеп, боз жусан бүрлеген.

Көр соқыр кеуделер, өтінем,

Киелі үніңді босатшы «түрмеден»...

Себебі, сөзінің қадірін білмеген –

Өзінің қадірін білмеген!..

 

Аңшының әні

 Таң ата тау жақты бетке алып,

Артыңда шұбалып алып қыр.

Бара атсаң өткен күн құмарын еске алып,

«Аңшының әніне» салып бір.

 

Жолдасың саятшы әлдене сөз етсе,

Үн-түнсіз сол сөзге елітсе шартарап.

Тезірек жетсем деп зарықты мезетке,

Қыранның жанары қанталап...

 

Бетіңді шымшылап таңғы бір үскірік,

Айнала түске еніп бозамық.

Жүйрік ат омбы қар ішінде пысқырып,

Паң дала алғашқы шапаққа боялып...

 

Құсаңды ұмытып құрсаң бір серуен,

Аң толы өлкенің төсінде.

Қырқалар – секілді тоқтаған керуен,

Мәңгілік жатталып қалатын есіңде.

 

Көз ұшы көкжиек – нүкте мен сызықтар,

Мың сырлы картина – әдемі сәттер ең...

Қансонар кезінде уайымсыз қызықтап,

Аңға бір шықпадым, әттеген!..

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2006
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2429
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1993
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1581