Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3295 0 пікір 26 Тамыз, 2010 сағат 18:51

Өркен КЕНЖЕБЕК. Гёте дұрысын айтыпты...

30 тамыз. Астана. Бұйыртса, осы күні, осы шәрде Ата заңымыздың «тас шайнап, құм түкіретін» он бес жасқа толғанын тойламақпыз.  Базбіреу (жұрттың басым бөлігі десек те болар) үшін бұл дата аяғын созып, арқасын жазып алатын күн. Енді бірі «ел алдындағы еңбегі» үшін сыйақы алмадым деп сызданатын күн. Тавтологияның шылауына түсті десеңіз де, Конституция күнінің (!) сусыма күндерден айырмасын сезіне алмасаңыз, арланбаңыз.

Сұқ саусағыңызды жоғары шошайтып, «солар кінәлі» десеңіз болды. Сол секундте-ақ қаптаған шенеуніктің құлағы шыңылдап, көздері бұлдырап, өздерін кимешекті кейуананың (халықтың прообразы) елесі қуалап, естері кетеді. Бұған бұқара мен билік арасындағы «оптоталшықты байланыс» деп патент алып жатсам, танданбаңыз. Айтпағымыз, биылғы Ата заң мерекесінде шынжыртабанды танктің шуы, ұшақ соплосының ұшқыны һәм ауыр етіктермен асфальтті мөрлеп, ауаны жыртпақпыз. Әлгі елес қуғанның есіне келген «эврика» былтыр да болған... Бірақ, осының бәрі теледидарға телмірген бала-шағаның қызығы үшін емес. Зәуде бір «Отаншылдықты ояту ше?» деген зиянсыз сауал туса, ол да жанама себепке жарайды.

Біздіңше, Астанадағы әскери шерудің міндеті - Ата заңымыздың мызғымастығын айшықтау. Әдемі естілетініне келісеміз. Ал, елдің бас құжатына енгізілген толықтырулардан соң «мызғымас Конституция» дегенге келіспейміз. Оны айтасыз, бізге Ата заңның алғашқы редакциясындағы қайбір баптар ұнайтын. Мысалы, бірінші Конституцияда жердің асты-үстіндегі байлық халықтың меншігіне саналатын. Қазіргімізде бұған қожайын  -  мемлекет. Мағбат Спановтың дерегінше, бізде 70-75 млн тонна мұнай өндіріледі десек, соның 10-15 пайызы ғана «Қазмұнайгазға» тиесілі. Вольфрам, молибден, хром, мыс өндірудегі басқа өңештің үлесін жазсақ, газетіміздің беті жетпейді. Тым болмаса, тұрмыстан алынған мысалды алып қарайық. Жыртық шұлығынан бармағы шыққан ұстаз «Қазақстан қарыштап дамып келеді, әлеуметтік салаға қамқоры ерекше», - деп сабақ береді. Ащы суға тойған мас баласына «Арақтан ұрттама, ол кәкай!» деп мораль оқыса, миға қона ма? Қонбайды. Шәкірті ұстазының сырына қанық болуы мүмкін, бірақ әлгідей сөзін әрекетке итермелер ұрандай қабылдайды. Теңсіздікке іштей тепсінеді. «Министр бола қалсам, алдымен мұғаліміме шұлық әкеліп берер ем» деп қиялдайды. Санасына ине сұқпай-ақ, биліктің сөзі мен ісіндегі қайшылығына (билік дегеніміз, бала ұғымында айлықтың жартысын ұстап қалатын мектеп директорынан басталады) қарны ашып, қыжылын қырнайды. Сізге осындай ашынған ұрпақ керек пе? Бізді қойшы, билік шарпын буыннан шошымақ түгілі, аяғындағы түгіне дейін тұрып кетеді. Демек, Конституцияны - заңдардың заңы десек, оны негізге алатын құжаттар да қалтқысыз орындалса деген қылтима тілек қой бізде. Биліктің бризі далада дауыл тұрғызады... Атқамінерлер осы «көбелек әсерін» көңіліне түйсе дейміз.

Әзірге Конституция күнінің құрметіне «Қазақ елі» монументінің қасынан шеру жасауға 2444 сарбаз бен 285 бірлік техника сақадай-сай тұр. Астананың аспанында 66 ұшақ ойнақ саламыз дейді. Қорғаныс министрлігінің дерекнамасына қарасаңыз, кеудеңізді қуаныш кернейді. Ағылшынның «Лэнд Ровер», американның «Хаммер» көліктері, Т-72Б танктері, БМП-2 әскери машиналары, 122-миллиметрлік Д-30 гаубицалары, «Град», «Ураган», «Смерть» атқылау кешендері, «Найза» зымыран кешені... осылай, тізімді соза берсек болады. Стоп, «Найза» кешенін де мақтанышымызға санаймыз ба? Естеріңізде болса, аталмыш техниканың«Шейнкман ісімен» аты шыққан-ды. Жүз миллиондаған қаржы жұмсалған жоба израиль кәсіпкеріне де, біздің Қорғаныс министрлігіне де опа әкелмеді. Алдымен орынбасарлары, артынан ұяты қысып, Даниал Ахметовтың өзі орнын босатты. «Найза», «Семсер», «Айбат» кешендеріне ие боламыз деп жүргенде, шеруге соның біреуі ғана шықпақ. Жоқтан бар жақсы. Жарайды, әскери шеруді мемлекет қорғаныс қабілетімен мақтану үшін өткізеді дейік. Бірақ, неге 30 тамызға орайластырады? «Бұның астарында мынадай да мынадай себеп бар», - деп сөйлеген басшы есіңізде ме? Жоқ. Республика күніне лайық көрінуші еді, оның да күнтізбедегі «қызылын» көп көрдік. Біздіңше, ірі ауқымдағы іс-шараны Тәуелсіздік күніне тұспалдаса, құба-құп болар еді. Еліміздің дербестігін енді ақбауыр зымыранның күшімен қорғауға дайынбыз, қауіп төнсе, шекарамызды қанмен шемендейміз дегенді білдірер еді. Алайда, 16 желтоқсан қан төгіп, жас шығусыз һәм тегін келген табыстың мерекесіндей тойланады. Өтіңіз жарылса да, өкінішіміз осы.

P.S. Мақала мен тақырыптың бір-біріне қатыстылығы қайда десеңіз, кезінде Иоганн Вольганг Гёте «Заң құдіретті, бірақ билік мұқтаждықтан да күштірек» деп сөз қалдырыпты. Қазіргі ахуалымызды сипаттауға бұдан артық сөз таппадық.

«Халық сөзі» газеті, №7 (27.08.2010)

0 пікір