Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Алашорда 5376 0 пікір 14 Қараша, 2016 сағат 07:33

ЗАМАНБЕКТЕЙ ЕР ҚАЙДА?

12 қараша - қаймана қазақтың бір үміті опат болған күн. Оқыс қазаның қайғысы елді езгіден құтқара ма деген нәумиез дәмені тас-талқан еткен. Семсер мінезді ұлының сұрқия саясаттың құрбаны болғаны кейінгілердің де ұмтылысын іркіп қалды.

Кенесары ҚАПТАҒАЕВ, 

 қоғам қайраткері

- Мен 1989-90 жылдары Халық шаруа­шылығы институтында деканның орынбасары болып қызмет атқарып жүрдім. Сол жылы біздің институт және Сәулет-құрылыс институты, Алматы үй-құрылыс комбинаты, Мақта-мата комбинаты сияқты бірқатар білім ошақтары мен қоғамдық орталықтардың қыз-жігіт­тері бірлесіп, «Қазақ тілі қоғамын» құрдық. Бізге сол кезде жергілікті билік тарапынан рухани және материалдық көмек көрсетуге мұрындық болған Сапура Жүсіпова болатын. Сапура онда Алматы қалалық атқару комитетінде Заманбек Нұрқаділовтың орынбасары еді. Кейіннен білсек, Зәкең бірінші басшы ретінде мұндай ұлттық мәселемен басқалардың жынын қоздырмау үшін, Сапураға барлық міндетті жүктеп, өзі жағдайды сырттан бағып жүреді екен.

Біз қазақ өз мүддесін жоқтаған сол қиын-қыстау заманның өзінде ұлттың салт-дәстүріне, болмысына біраз пайдалы жұмыс істедік. Сол кезде Сапура Таубалдықызы Қалалық атқару коми­тетінің Ұлтаралық қатынастар бөлімінде бір орынның бос екенін айтты. Мен бардым, Зәкеңе кіріп едім, жұмысқа бірден қабылдады. Өйткені «Қазақ тілі қоға­мын­дағы» шаруаларымнан хабары бар екен. Сөйтіп, Зәкеңнің қарамағында қыз­мет істей бастадым. Зәкеңді дәлізде көргендер: «Здрастье, Заманбек Қала­ба­евич!» - деп амандасып жатады. Ал мен «Ассалаумағалейкум, Заманбек аға!» - деп амандасамын. Оған Зәкеңнің іші жылып, тоқтап тұрып қолымды алатын.

Бірде қалалық кеңесте үлкен мәжіліс өтетін болды. Орны - «Саяси ағартушы­лар үйі». Мәжілісте тұңғыш рет бейбіт шерулерді қалай өткізу туралы мәселе көтерілді. Заң бойынша мәжіліс өтетін жерге Қазақстанның туы ілінуге тиіс еді. Алайда ту не үйдің төбесіне, не кіре­беріске ілінбепті. Қалалық кеңестің төрағасы Қадір Бәйкенұлы жиынды ашып, кімнің қандай ұсынысы бар екенін сұрады. Мен қолымды көтеріп, орнымнан тұрып: «Қазақстанның туынсыз мәжіліс өткізу еліміздің заңына қайшы келеді», - дедім. Бәйкенұлы: «Сіз кімсіз, депутатсыз ба?» - деп сұрады. Мен: «Жоқ, депутат емеспін», - дедім. «Он­да жиналысқа қатыспайсыз, боссыз!» - деп, залдан шығарып салды. Ол сенбі күнгі жағдай болатын.

Дүйсенбі күні жұмысқа келсем, жұмыстағылардың бәрі алдымнан шығып: «Сізді Нұрқаділов күтіп отыр», - дейді, жүздері салыңқы, Зәкең бәрін «қуырыпты». Кеңсесіне кірдім. Заманбек аға бірден айқайға басты. «Ондай данышпан болсаң, қайда жүрдің, туды өзің ілсең болмай ма?!» - дейді барлық қызметшілердің көзінше. Айқай­лап алып: «Боссың, енді мұнда жұмыс істемейсің!» - деді қолын бір сілтеп.

Салым суға кетіп, екі күннен кейін «Еңбек кітапшамды» алайын деп әкім­дік­ке келсем, тура қарсы алдымнан Зә­кеңнің өзі шыға қалды. Әдетім бойынша: «Ассалаумағалейкум, Заманбек аға!»  деп амандастым. Зәкең сәлемім­ді алып: «Әй, сен не істеп жүрсің?» - дейді. Мен: «Не істеуші едім, аға? Сіз жұмыстан қудыңыз, енді «Еңбек кітап­шамды» алу­ға келдім», - дедім. Сөзімнің соңын күт­кен жоқ: «Бұрын қанша айлық алып жүр­дің?» - деп сұрады. Мен: «120 рубль», - де­дім, қысқа сұраққа қысқа жауап қай­тарып. Зәкең: «Онда ертеңнен бастап 280 рубль аласың, жұмысқа кіріс», - де­ді кесіп сөйлеп. Мұны айтқан себебім - Зәкеңнің аза­мат­тығының биік, қазақы менталитетінің терең еке­нін және ол кісімен қалай, қандай жағ­дайда таныс­қанымды еске алуым еді.

Зәкең мен істеген жұ­мыс­­тар­ды сырт­тай бақылап, іштей риза болып жү­ріпті. Онысын жүзінен сезетінмін. Бет­пе-бет кездесіп қалған кезімізде үнемі жылы жымиып аманымды алатын. Бірде Зәкеңе бір құжат апардым. Онда Алматы­дағы мектептерде қазақ тілі пәнін оқытудың өте сұрқия саясаты жазылған болатын. Яғни сол жылдары қалалық мектептерде қазақ тілі пәнін тар, нашар кәбинеттерде оқытып жүріпті. Мен соны шешу туралы құжат дайындағам, Зәкең ойланбай қол қой­ды. Сөйтіп, біз барлық мектептердегі ең үл­кен, таза, бұрын «Орыс тілі» мен «Литература» кәбинеттері болған жақсы аудиторияларда «Қазақ тілі» сабағын оқы­туға жол аштық. Нұрқаділов мек­теп-балабақша мә­се­лесінде айтарлықтай тамаша қызмет­тер істеді. Мәселен, Қалабай­ұлының шеші­мімен 15 орыс мектебі, 30 бала­бақша қазақ­шаланды. Шешімді қабыл­дау­ға Зәкең қарапайым әдіс-амал қол­данатын. Радиусы бір ша­қы­рым келетін аумақтағы мек­теп-бала­бақ­шаларды күрделі жөндеуден өткіземіз деген сылтаумен жауып, 5-6 айдың ішінде қай­тадан ашқан кезде, қазақшаға айналдырып жібе­ре­тін. Осы қазаққа жаны ашы­ған қулықты қазіргі басшылар білмейді де ғой...

Қазірге дейін қазақ мектеп­терінен өзге білім ошақтарында «Қазақ тілі» пәнін бөліп оқыту дәстүрі Заманбектің заманында басталған. Қалабайұлының қа­зақ десе, шығарда жаны бір еді. Мәселен, ұлттың кез келген мәселесіне байланысты шаруада ол ешқашан екі сөйлеген емес. Абайдың 150 жылдығы, одан өзге де мерейтойларда зиялыларды бір минут есік көзінде күттірген жоқ.

Заманбек Нұрқаділовтің Қазақстан тарихында алтын әріп­пен сақталатын бір еңбегі - Алматы көшелерінің атын қа­зақшаға ауыстыруы. Осы күнгі айтып жүрген қазақша көше атауларының бәрі - Қала­бай­ұлының қалауымен жасал­ған дүниелер. Көше атын ауыс­тырудың да өзіндік жыры болды. Керекті құжаттарды дайындап, Қалалық атқару коми­те­тінің күн тәртібіне өткіздім.

Бірақ жоспарға ілінбейді. Бір емес, екі, тіпті үш рет қай­таланды. Өйткені Зәкеңнің Артамонова деген орынбасары болатын. Ол кезде бүкіл Алма­тының пәтер беруінен бас­тап, үлкен-үлкен шаруа­ла­рының бәрін Қалалық атқару комитеті шешетін. Бірақ Комитет төра­ғасы Заманбек бол­ғанымен, құжат алдымен Арта­моноваға түсетін. Мен да­й­ын­даған құжат­тар кейіннен біртін­деп, Арта­монованың сейфіне түсе берді. Сөй­тіп, Алматының 16-17 көше­сінің атын өзгерту туралы құжат Зәкеңе жетпеді. Құжат Нұрқа­діловтің қолына тимеген соң, шешім шықпады.

Арада екі-үш ай өтті. Ақыры, шыдамай, газет редакцияларына бардым. Олар да шешім болмаған соң, жариялауға ба­тыл­дық ете алмады. Бір күні қазіргі «Егемен Қазақстан» га­зеті, сол кездегі «Еге­менді Қа­зақстанға» бардым. Онда «Еге­мендіде» қазіргі «ДАТ» газеттері жоба­сының бас оқырманы Ер­мұрат Бапи тілші болатын. Ер­мұратқа барлық жағ­дайды түсіндіріп айттым. Ол бірден жанып кетті: «Береміз!» - деді. Сонымен Зәкеңнің мөрі жоқ, қолы қойылмаған құжатын газеттің бірінші бетінде 1991 жылы 13 қараша күнгі санында жариялау­ға мұрындық болды.

Әрине, ол кезде мұндай ба­тыл­дық екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа еді. Газет шыққаннан кейін, Алматыдағы біраз негізгі көшелердің ком­мунистік атауы қазақшаланып, бүкіл республика шулады. Зә­кең осы мақа­ланы көрді де: «Қа­зақстанның бірінші газеті осылай деген екен, ендеше, көше­лердің атауы өзгеруге тиіс!», деп, мөрін басып, қолын қойып, көше­лердің атауын бір күнде өзгертіп жіберді.

Содан 1991 жылдың тамыз айында «ГКЧП» деген шықты. Ол республи­калардың тәуелсіз­дігіне, одақтың тарауына қарсы жұмыс істейтін құпия ұйым еді. Оған Алматы мен Орал қала­сының Қалалық атқару коми­теттері көмек етіпті. Сол уақытта Зәкең демалыста жүрген. Орайды пайдаланған Храпунов пен Артамонова «ГКЧП»-ны қолдай­тын тиісті құжаттарға қол қой­ыпты. Ол құжатты мен көші­ріп алдым. «Қазақ қоғамының» жігіт­­­тері мен Желтоқсан батырларын жинап, бірнеше күн ми­тингіге шықтық. Нәтиже­сінде, Артамонова жұмыстан кететін болды, ал Храпуновты Зәкең өзі қорғап қалды. Артамонова орнын босатпай, бір айдай жұ­мыстан кетпей жүріп алды. Біз оның орнына сол кезде Алатау ауда­нының Ішкі саясат бөлімін­де қызмет етіп жүр­ген Сапура Жүсіпованы ұсын­дық.

Желтоқсан көтерілісінің 5 жылдығына орай Алматыда үлкен митинг өткіздік. Соған ұзын саны 25-30 мың халық жи­налды-ау, шамасы. Сол митин­гіні өткізу­ге Зәкең рұқсат берген болатын. Содан кейін бірде-бір рет желтоқ­сан­дықтардың дәл сондай ауқымды жиынын көрген емеспін. Заманбек Қа­ла­байұлының азамат­тығы тамаша еді. Мәсе­лен, билікте жүрген кездерінде жіберген кемші­ліктері мен жаң­сақтықтары үшін баспа­сөзде кей­бір азаматтардан ке­шірім сұ­­рады. Есімізде қалғаны - Әке­жан Қажыгелдин мен Алтынбек Сәрсенбайұлынан бас­па­сөз арқылы мәдениетті түрде кешірім сұраған жалғыз азамат - Зәкең болатын. Заманбек аға көреген жан еді ғой, ол - Қаз­ақстанға алғаш рет қытай қап­тағанда, ең бірінші болып, ашық қарсы пікір айтқан адам. Пікір айтумен ғана шектелген жоқ, Алматыдан қытай­лықтарды қу­ған батырлығы сол кезде ел ішін дүр сілкінткен жоқ па?..

 

Сапура ЖҮСІПОВА,

«Шаңырақ» республикалық бірлестігі 

төрағасының орынбасары

 

АЛМАТЫНЫ ҚАЗАҚҚА 

ТОЛТЫРҒАН

Заманбек аға еді...

- Алматының айнала­сындағы шағын аудандар мен елді ме­кендерге қазақтардың қоныс­тануына бірден-бір себепкер болған адам - Нұрқа­ділов. Қа­ла сыртындағы Думан, Шаңы­рақ, Бақай, Таугүл аудандарын, Рысқұлов көшесі­нің төменгі жағындағы, Аль-Фарабидің жо­ғар­ғы жағындағы иен жерлер­дің бәріне қазақтар­дың қоныс­тануы - Нұрқаділов­тың кезінде басталды.

Бірде ол мені шақырып ал­ып, баспанасыз жүрген қазақ­тарды қала сыртына қоныстан­дыруға жағдай жасайтын ше­шім дайындауды тапсырды. Біз шұғыл арада он жеті шешім дайындап, 15 мың қазаққа жер беруге негізі бар құжатты Зә­кең­нің алдына қойдық. Ол менен: «Бәрі дұрыс па?» - деп сұ­ра­ды. Мен: «Әрине, дұрыс!» - дей­мін. Зәкең: «Дұрыс екенін біліп отырмын, бәрі қазақ па дегенім ғой...» - деп, маған жымия қарады да, шешімнің шеке­сіне «Бекітілсін» деп, көстите қол қойды. Сондағы Зәкеңнің рақаттана қол қойған бейнесі әлі күнге көз алдымнан кетпей­ді. Осы күнге дейін Алматыны басқарған қай басшы қазаққа Нұрқаділов жасаған жақсылық­тың тым құрығанда жұрнағын жасады екен? Ешкімі жоқ, бар­лығы - Ақорданың арынынан қаймыққан қорқақтар!

Алматы қаласында сол кезде 8 аудан болған. Оның ал­тауының «Паспорт столының» басшылары орыстар еді. Зәкең соның бәрін қазаққа ауыстырды. Сонда айтқан еді: «Басшысы қазақ болса, Алматыға бұрынғыдан бір-екі қазақ көп қоныстанатын шығар. Мейлі, олар да пара алар, бірақ қазақ қой, қазақ қазақтың көзін шұқымас», - деп. Бұрын Алматыда 24 пайыз ғана қазақ болса, Зәкең қаланы басқарған жылдары бұл көрсеткіш 43 пайызға көтерілді. Тәуел­сіз­дік­тің бастапқы жыл­дары Қазақ­станнан шетелге көшкен өзге ұлт өкілдері көп болды ғой.

Сонда марқұм Заманбек ағаның Үй басқарма­лары мен Техникалық инвентаризация бюроларына қатысты шығар­ған құпия қаулысы болды. Қаулыда «Ресейге, тағы басқа мемлекеттерге көшкен ұлт өкілдерінің үйлері мен пәтерлерін тек қазақ­тарға ғана сатуға жағдай жасау керек», - деп жа­зылған тармақ бол­ғанын өз көзіммен көрген едім.

Сол қаулыны осы күнге дейін сақтап жүрген азаматтар бар арамызда. Кейде ұлты орыс басшылар қол астындағы қазақ қызметшілеріне: «Кет!» - деп ұрысса, Зәкең айқайлап:  «Ол қайда кетеді? Кетсең - сенің Ресейің, Мәскеуің бар. Ал қазақтың Қазақстаннан басқа қай отаны бар?» - дейтін.

Заманбек Нұрқаділов билік­те адал, өмір бойы таза өтті. 1994 жылы болатын, Назарбаев екеуі ара-тұра ұстасып қа­лып жүрген кезі еді. Бір күні бізді жинап алып: «Мен дема­лысқа кеттім, жұмыстарыңды өздерің істей беріңдер!» - деді. Бәріміз үйді-үйімізге кетіп қал­ғанбыз, кешкі сағат 7 кезінде жұ­мыстан хатшылар қоңырау ша­лады: «Тез жиналыңыз- дар!» - деп. Барсақ, Назарбаев Зә­кең­ді қызметінен алып, орнына Шалбай Құлмақановты қойып­ты. Сөйтсе, Нұрқаділовты сол кездегі премьер-министр Сергей Терещенко сатып кеткен көрінеді. Бірнеше күннің алдында ғана Зәкең Терещенкомен сөзге келіп қалған болатын. Терещенко сол кезде Зә­кең­нің барлық сөзін дикта­фон­ға жазып алыпты. Оны На­зар­баевқа тыңдатыпты. Сол кезде Назарбаев Зәкеңді алып тас­таудың амалын таппай жүр­ген болатын.

Сол күні түнде Мақпал телефон шалды: «Тезірек келші!» - дейді. Қасыма бір-екі «зәкеңші» жігіттерді ертіп, түнделетіп үйіне бардық. Үйге кіріп, сөй­лесе келе ұққанымыз, Зә­кеңе Назарбаев телефон соғып: «Сенің ор­ныңа Құлмақанов келеді, кәби­нетіңе бар, сол жерде жұмы­сыңды тапсырып бересің!» - деген көрінеді. Оған Нұрқа­ді­лов: «Бармаймын, менсіз істей беріңдер білгендеріңді!» - депті. Сөйтіп, Назарбаев пен Нұрқаділов телефонда бірін-бірі аямай боқтапты. Мақпал соны естіп алып, қорыққанынан көз жасына ерік беріп отыр екен.

Сондағы Мақпал екеуінің отырған үйлері әкімдіктің резиденциясы болатын. Онда ыс­тық су да жоқ еді. Қызметтен босаған соң, үйден де шықты. Баратын жері болмай, бір таныс жазушының саяжайында тұрды. Қазіргі Мақпал отырған үй сол саяжайда отырған­дарында салынды ғой. Зәкең­нің тазалығы, қазіргі жемқор­лар сияқты дүние-мүлік жина­ма­ған адалдығы содан-ақ көрініп тұрған жоқ па. Қазір ойласам, сол жылдары Зәкеңнің қарамағында қызмет еткен бөлім қызметкерлерінің көбі қызметтерін пайдаланып, жағ­дайларын түзеп алыпты. Тек Зәкең ғана заман өзгер­мейді деп ойлады ма екен, жеке меншігіне бір бұрау темір де жаздырып алмапты ғой.

Зәкең адам қолынан жазым болды. Уақыт өте келе оның сыры ашылады, ақ пен қара айқындалады. Қазірше бұған басы артық пікірдің қажеті шамалы. Дегенмен оның артында қалған жесірі Мақпалдың еңбе­гін ескермеуге болмас. Ол же­сірі ретінде күйеуінің өлімін жоқтап қана қойған жоқ, бүгінге дейін Зәкеңнің тау тұлғасын тө­мендетпей келе жатыр: әнін арнайды, концертін береді, артын жоқтайды.

Ал ұлы ше? Әкесі оққа ұш­қан күннің ертесінде: «Бұл - жеке біздің отбасымыздың трагедиясы. Мұнда ешқандай сая­сат жоқ», - деп сөйледі. Тым болмағанда, ұлының үндемей қалуына да болатын еді ғой. Оған да жарамады. Зәкеңнің өлімінде қалай саясат болмасын, Заманбектей қазақтың өр тұлғалы азаматы өзін-өзі үш рет атып өліпті дегенге бесік­тегі сәби сене ме екен? Құдай-ау, солай да жұртты алдайды екен ғой, бұ жазғандар!

Заманбек пен Алтынбек қа­за болғаннан кейін, үкімет қау­лы шығарған. Қаза болған саяси құрбандарға бес жылдан кейін атын атап, тиісті шаралар жасауға. Міне, Зәкеңнің қайтыс болғанына биыл бес жыл толды. Бірақ қаулыны қарап жат­қан үкіметті көрген жоқпыз. Дегенмен мұны саяси партиялар қолға алуға тиіс. Заманбек батыр атаусыз қалмауы керек.

 

Топтаманы дайындаған -

Жұқамыр ШӨКЕ,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 40 (77) от 10 ноября  2010 г.

 

 

0 пікір