Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5215 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 06:04

Арқалықтағы азғындық: ақиқат па, аңыз ба?

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында сұмдық жағдай: проректор қыздарды төсек қатынасына мәжбүрлейді екен. Мұндай айуандыққа барған институттың бұрынғы проректоры Қ.Дәркенов деген біреу төсек қатынасына келісім бермеген қыздарға «шәкіртақыңнан қағыласыңдар» деп қоқан-лоқы көрсететін көрінеді. Тобыл өңіріндегі тілшіміз жаға ұстатар жағдайға қанық боп қайтқан еді.
Мәселенің мән-жайын сұрамақ боп институтқа арнайы барғанымызда, студенттер бізге түсініктеме беруден қашқақтады. А. есімді (аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінді) қызбен сөйлескенімізде, болған жайды былай өрбітті:

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында сұмдық жағдай: проректор қыздарды төсек қатынасына мәжбүрлейді екен. Мұндай айуандыққа барған институттың бұрынғы проректоры Қ.Дәркенов деген біреу төсек қатынасына келісім бермеген қыздарға «шәкіртақыңнан қағыласыңдар» деп қоқан-лоқы көрсететін көрінеді. Тобыл өңіріндегі тілшіміз жаға ұстатар жағдайға қанық боп қайтқан еді.
Мәселенің мән-жайын сұрамақ боп институтқа арнайы барғанымызда, студенттер бізге түсініктеме беруден қашқақтады. А. есімді (аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінді) қызбен сөйлескенімізде, болған жайды былай өрбітті:
– Мен былтыр 3 қыркүйекте жатақхана мәселесімен проректорға кірдім. Ол кісі менің аты-жөнімді, қай жақтан келгенімді, ата-анамның кім екенін сұрап алды да, ертеңгісін келуімді айтты. Коменданттан маған жатақханадан орын сұрайтынын да айтты. Мен ертеңгісін айтқан уақытта келдім. Бірақ жалғыз кірген жоқпын, жанымда жатақхана мәселесімен басқа да қыздар болды. Сосын ол кісі «сен бала, шыға тұршы» деп мені шығарып жіберді. Күтіп отырмын, сағат түскі бір болды. Содан не керек, проректордың кабинетіне тағы да кірдім. Ол кісі менен кешегі сұрағандарын тағы да сұрай бастады. Жауап бердім. Сонымен, әйтеуір жатақхана мәселесі шешілді. Мен енді кетпек болып, орнымнан тұра бергенімде, ол кісі менің жаныма келіп: «Маған ең жақын адам боласың», – деді де қолымнан сүймекші болды. Оның бұл арам ойынан менің шошып кеткенім соншалықты, «ағай, мұныңыз не?» деп айғайлап жібердім. Сосын проректор «кете бер» деді. Жатақханадағы бөлмемді алғаннан соң, проректордың көзіне түспеуге тырысып жүрдім. Бар пәле осыдан басталып, ол кісі тиісуін доғармады.
Біз шағым-хатқа қол қойған қыздармен жеке-жеке сөйлесіп болған соң, тағы да бір топ студентпен тілдестік. Олардың айтуынша, проректор «сүттен ақ, судан таза» екен. «Проректор алдына келген қыздардың бәрін төсек қатынасына мәжбүрлейді» деп даурығып жүргендердің бұл сөзімен келіспейміз. Біз де бірнеше рет сол проректордың алдына оқу және жатақхана мәселесімен кірдік. Проректор ешқашан ондай ұятсыз қылық көрсеткен жоқ», – дейді олар. Ал проректордың міндетін атқарушы Бақыткүл Ысқақова: «Студенттердің ғимаратты жөндеу мәселесіне қатысты ешқандай дауы болмауға тиіс. Ал әлгіндей қитұрқы айқай-шудың шығуына студенттердің қысқы сессиясы себеп болып отыр. Бұл былық-шылықтар институттың, басшылықтың беделін түсіру үшін ұйымдастырылған дүние деп түсінеміз», –  дейді.
Арқалықтың институты жайлы, ондағы білім сапасының төмендігі, жатақхананың күрделі жөндеуден өтпегендігі хақында бұқаралық ақпарат құралдарында талай айтылды да, жазылды да. Жатақханадағы күрделі жөндеудің бір-екі айдың ішінде басталғанына біз де күмәнданып қалғанымызды жасыра алмаймыз. Арқалық  институты жайлы, ондағы білім сапасының төмендігі, жатақхананың күрделі жөндеуден өтпегендігі хақында бұқаралық ақпарат құралдарында талай айтылды да, жазылды да. Жатақханадағы күрделі жөндеудің бір-екі айдың ішінде басталғанына біз де күмәнданып қалғанымызды жасыра алмаймыз. Жөндеу наурыз айында басталған, ал институттағы былық-шылық ақпан айында шығып отыр. Мүмкін студенттердің «ешқандай жөндеуді көрмедік» деп даурыққаны осы жатақханаға байланысты болған да шығар. Сол себепті оқу ордасының басшылығы жатақхананы жөндеуге іле-шала кіріскен тәрізді. Айтса айтқандай-ақ, 220 орындық жалғыз жатақханаға қазір 300-ден астам студент орналасқан. Яғни бір бөлмеде 6-7 баладан жатыр. Ал оқу ордасындағы студенттердің көпшілігі – Қазақстанның барлық аймағынан келгендер. Сондықтан бәрі де жатақхананы қажет етеді. Бұл мәселені институт басшылығы министрлікке дейін жазған көрінеді. Оның қашан шешілетіндігі белгісіз. Облыс әкімі Сергей Кулагин де арнайы келіп, жатақхананың жағдайын көріп, мүмкіндік болса, көмектесетінін жеткізіпті.
Біз даудың шығуына себепкер болған проректордың өзімен де тілдестік. Оның сөзіне сүйенсек, институттың бұрынғы ректоры қалыптастырып кеткен жүйеге жаңа басшылық өзгерістер әкелген көрінеді. Ал қатаң талапты ғана қажет еткен бұл өзгеріс бұрынғы ректордың «ізбасарларына» ұнамаған тәрізді.
– Мені «студент қыздарды төсек қатынасына мәжбүрлейді» деген сөз де – солардың ұйымдастырып отырған әрекеті», – дейді институттың бұрынғы проректоры Қ.Дәркенов. – «Ұятсыз әрекетке барды» деген жаланың өтірік екенін дәлелдеп бере аламын. Маған күйе жаққандарды сотқа да беремін. Ал «маған тиісті» деген студент қыздың менің алдыма өткен жылдың қыркүйегінде жатақхана мәселесімен келгені рас. Одан кейін келер жылдың ақпан айында «мен вариантымды ауыстырып алдым» деп емтихан алған мұғалімімен келді. Одан кейін ол қызды мен көрген де жоқпын. Бірақ әлгі мұғалімі бұл қызды кафедра меңгерушісі мен бір мұғалімнің сұрағанын айтты. Сосын қолындағы екі студенттің фамилиясы жазылған қағазды маған көрсетті. Ол студенттің бірі осы  А. есімді қыз болатын. Кафедра меңгерушісі емтихан алған әлгі мұғалімнен осы қыздарға жақсы баға қоюын жазбаша түрде сұраған. Мен емтихан алған мұғалімге: «Өтірік баға қоймайсың, қандай баға алды, соны қой. Балалар бір-бірін біледі, ұят болады», – дедім. Міне, сол қағаз менің қолымда сақтаулы. Мен кейбір факультет декандары мен меңгерушілеріне кездейсоқ, өздері ілініп-салынып зорға оқығандарды жұмысқа алуға қарсы болдым. Менің бар кінәм институттағы осындай келеңсіздіктерге тосқауыл қоюға тырысқаным еді.
P.S. Арқалық институтындағы жағдайдың ақиқаты мен аңызы туралы аққа қара басқандай  біз де дөп басып айта алмаймыз. «Проректор студент қыздарды төсек қатынасына мәжбүрлейді» деген жағдайға байланысты Арқалық қалалық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімі мен қалалық прокуратура  істің мән-жайын анықтапты. Жергілікті құқық қорғау мекемесі Дәркеновке қатысты ешқандай айғақ табылмағандықтан, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарыпты.
Институт басшылығы бізге «студенттердің талабы бойынша проректор жұмыстан босатылды» деп түсініктеме берді. Алайда проректордың айтуына қарағанда, ол осы уақытқа дейін еңбек демалысында болған, қазір ғылыми жұмыспен шұғылданып жүр. Проректордың ары таза болса, студенттер «кет» деді екен  деп басын сауғалағанын түсінбедік. Дүйім елді шулатқан институттағы былық-шылық қазірше бір Аллаға ғана аян боп тұр.

 

Автор: Қарлығаш ОСПАНОВА   
«Жас Қазақ» газеті 22 мамыр 2009 жыл

0 пікір