Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Алашорда 6737 0 пікір 10 Тамыз, 2016 сағат 12:04

БРЕСТ ҚАҺАРМАНДАРЫ

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран

 «Атырау-Брест» әскери-патриоттық экспедициясының мүшесі, журналист Боранбай Ғалиев 2016 жылдың 18-22 маусым аралығында Беларусь Республикасының Радошковичи селосында, «Хатынь» мемориалдық комплексінде, Брест қорғанында болып қайтты. Автор осы сапар барысында өзі көрген, көңілге түйген тарихи оқиғаларға терең үңіліп, Брест қамалын қорғаған қаһарман батырлардың ерлікке толы іс-әрекеттерін ой елегінен өткізіп, майдангерлердің көркем образын өзіндік көзқарасымен сомдаған. Белгілі журналистің бұл мақаласында Брест қаһарманы Әбдіразақ Мәмиев туралы да деректер бар.

 

БРЕСТ  ҚАҺАРМАНДАРЫ

 

Врага уничтожить - большая заслуга.

А друга спасти - величайшая честь”.

(Шота Руставели) 

 

Елдігіміз бен ерлігімізді електен өткізген Ұлы Отан соғысының басталғанына биыл 75 жыл толды. Талай шаңырақты ортасына түсіріп, сан жүздеген қалаларымыз бен селоларымызды, өндіріс ошақтарын отқа ораған неміс басқыншыларына қарсы күресте қазақстандықтар қайтпас қайсарлықтың, қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Республикамызда соғыс жылдары жиырманың үстінде жауынгерлік дивизия мен атқыштар бригадалары, елуге жуық полк, батальон, әскери құрамалар жасақталып, майданға аттанды. Еңкейген кәрі мен етектегі балаға дейін бозторғай шырылдаған сәттен бастап, іңір қараңғылығы қоюланғанға дейін  тылда бел шешпей еңбек етті.

Соғыстың  алғашқы күнін, алғашқы минутын Брест қорғанында қарсы алған жаужүрек батырларымыз кеуделерін оққа төсеп, ақтық демдері қалғанша  арпалысты. Басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланған вермахт әскерлері  мен олардың одақтастарына қарсы күрестің алғы шебінде болған Нури Садықов, Нұрым Сыдықов, Ботабай Сүлейменов, Владимир Фурсов, Ғаббас Жұматов, Әбдіразақ және Әбдіжапар Мәмиев сынды  сан мыңдаған жерлестеріміздің ерлік істері  ешқашан ұмытылмақ емес. Көбісіне туған жердің топырағы бұйырған жоқ. Ауылда  аңырап  ата-аналары, бауырлары, балалары, қара қағазды құшақтап қаралы жесірлер қалды. Сойқанды қырғынның қанды ізінің куәсі болып Беларусь  қалалары мен селоларында  бауырластар зираттары бой көтерді. Көшелер мен мектептерге ғазиз ұл-қыздарымыздың есімдері беріліп, алып ескерткіштер орнатылды.

Хабарсыз кеткен жауынгерлердің ағайын-туыстарының, жекелеген ізшілдер мен тарихшылардың  тынымсыз ізденістерінің нәтижесінде олардың  кешегі күнге дейін беймәлім болған ерлік істері жөнінде деректер табылып, жерленген орындары анықталды. Солардың бірі – қызыләскер Әбдіжапар Мәмиев. Қатардағы жауынгер Ә. Мәмиев 1944-ші жылы 24-ші гвардиялық атты әскерлер дивизиясы құрамында  Белоруссияның Ивки, Красное, Костюшки елді мекендерін азат етуге қатысып, қаһармандықпен қаза тапты. Сүйегі Минск облысының Молоденческий ауданы, Радошковичи селосындағы бауырластар зиратына жерленген.

Соғысқа дейін Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш селосында мұғалім, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болған абзал азамат, оның қаруластары, жалпы  24-ші гвардиялық атты әскер дивизиясының жауынгерлік жолы туралы қазіргі кезде тарихи деректер жинастырылуда.

Жақында атыраулық ұлтжанды азамат, Ұлы Отан соғысы  қаһармандарының ерлік істерін  насихаттауда жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Талғат Илясов бастаған «Атырау-Брест» экспедициясының мүшелері   Белоруссияда, жоғарыда  айтып өткен Радошковичи селосында, «Хатынь» мемориалдық комплексінде, Брест қорғанында болып қайттық. Ел басына күн туғанда қолына қару алып, сіздер мен біздің бүгінгі шат тұрмысымыз үшін өмірлерін пида еткен, тағдыр талқысымен  жат жерден топырақ бұйырған  батырларымыздың рухына құран бағыштадық. Түрлі шараларға қатыстық. Брест қорғанында алғашқылардың бірі болып жауға қарсы кеудесін оққа төсеген тағы бір батыр ағамыз – Әбдіразақ Мәмиев туралы біраз жайға қанықтық. Осынау  сапар барысында  көрген-түйгендеріміз бен естіген-білгендерімізді тарихи оқиғалармен, Брест қаласы тұрғындарының естеліктерімен сабақтастыра отырып оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Соғыстың алдындағы соңғы бейбіт күн

Дәл осыдан 75 жыл бұрынғыдай, Брест қаласы ерекше бір күйге енген. Қаланың түкпір-түкпірінен орталық алаңға, соның ішінде Совет көшесіне қарай ағылған халықта есеп жоқ.

Үлкен де, кіші де осында. Бардың байлығын асырып, жарлының ертеңгі күнге деген үмітін үкілейтін жайма базар да жұмысын әлдеқашан доғарған. Тек Брест емес, бүкіл Белоруссия, кешегі Кеңестер Одағы  қалаларынан ағылып келіп жатқан адамдар саны сағат, минут сайын ұлғайып бара жатыр. Көршілес Польша, Болгария, Румыния, бұрынғы Югославия, Германия, сонау  Израиль, Жапония елдерінен ат арытып келген туристердің өзі бір төбе. Бәрі де сол 1941-ші жылғы 21-ші маусымдағыдай, әртүрлі әскери киімдер киіп алған.

Ставрополь өлкесінен келген Григорий Малышев немістердің дала жандармериясы фельдфебелінің формасын таңдапты. Алыстан қарасаң аумаған фрицтің өзі. Екі иығына екі кісі мінгендей. Адам біткеннің алыбы. Мұрыны қоңқиып, шүйдесі күжірейіп, мүйіз қапсырмалы көзілдірігінің астынан сүзіле қарағанда әзірейілді көргендей әсерде қаласың. Одан әріректе «CC» формасын киген жапондық Ока Сани жүр. Сөзі де, өзі де бала сияқты. Сәл нәрсеге күле береді. Мына бір тұсқа біздің Атыраудан келген делегация мүшелері жиналыпты. Ұзын саны - 15 адам. Арнайы тігілген қызыләскер  формалары денелеріне құйып қойғандай, жарасып-ақ тұр. Әсіресе, қыздарымызға көз салушылар көп. Қос бұрымдары алыстан «мен мұндалаған» оймақ ауыз, құмай көз, бота тірсек аруларымызбен суретке түсу сол маңдағылардың көбінің арманына  айналған сияқты. Алпысты алқымдап тастаған Иозефтің (поляк) қолындағы балмұздағы мен қасындағы келіншегін ұмытып, Жайықтың сәмбі талындай мың бұралған біздің Динараға қайта-қайта ауызын ашып  қарай беруі сұлулықтың сиқырының қаншалықты құдіретті екендігін айқын аңғартқандай.

Орталық алаңдағы арнайы құрастырылған сахнада үрмелі аспаптар оркестрі соғыс алды жылдарындағы әскери әндер мен марштарды гүмпілдетіп жатыр. Төменгі тұсы би алаңына  айналған. Беларусь ұлттық киімін киген әр жастағы жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары сазды музыканың ырғағымен мың бұрала билеп жүр. Жүздерінде күлкі, жанарларында  тосын көзге байқала бермейтін бір мұң  бар.   Сағат тілі күндізгі 15.30-ды көрсеткен кезде батыс жақтан жөңкіле көшкен ақшаңқан бұлт дәл алаңның үстіне келгенде сәл аялдап, ақ жаңбыр сіркіреп өтті. Жиналған жұрт мұны  арманда кеткен боздақтардың көз жасы деп қабылдады.

....1941-ші жылдың  21-ші маусым күні қызыләскер  Әбдіразақ Мәмиев те осы алаңда болды. Қасында – жауынгер серігі, чешен жігіті Расул Магометов. Расул Чешен-Ингуш автономиялық республикасының  Шароев ауданы Кенхи  селосынан. Таңертеңгісін взвод командирі  үлгілі тәртібі, саяси-жауынгерлік дайындықтағы үздік жетістіктері үшін  қала  аралап келуге демалыс берген.

Екеуі де көңілді. Өйтпегенде  ше! Ертең бұлар әскери борыштарын өтеп жатқан 125-атқыштар полкінен 18 жауынгер еліне қайтады. Солардың қатарында  Әбдіразақ пен Расул да бар. Бұйрық дайын. Тек  полк  командирі  А. Дулькейт қол қойса болды.

Басында Ресей  империясының, одан кейін  поляктардың, 1939-шы жылдары немістердің, содан соң большевиктердің қолына өткен Брест қаласының тарихы тереңнен басталады. Сонау 1019 жылы  іргетасы қаланған қорған жаугершілік жылдары қолдан-қолға өтіп, біресе Берестье, біресе Брест-Литовск, енді бірде  Буг бойындағы  Брест, ақыры айналып келгенде Брест атына тоқтаған. Қаншама қиямет-қайымды бастарынан өткерсе де қала халқының қарапайымдылығы, меймандостығы, еліне, жеріне  деген шексіз сүйіспеншілігі  Әбдіразақты талай тәнті етті.

Асқар Алатаудың күнгей бетіндегі Мәми жайлауындағы ауылына, ондағы бауырларына қаншама асыққанымен, жалынды жастығының  қайталанбас үш жылын  өткізген қаламен қоштасар сәт жақындаған сайын Әбдіразақтың жүрегін  бір қимас сезім жаулап бара жатқан тәрізді. Сондықтан да болар Расулдың: «Осы да жетер. Ертең елге қайтамыз. Жолға дайындалайық» дегеніне қарамастан, Орталық базардан бастап, қаланың көрікті жерлерін тағы бір  аралап шықты. Қалталарына жолға жетерліктей қаражат қалдырып, қалған ақшаларына  ата-аналарына, бауырларына  базарлық алды. Кешкісін  казармаға келіп, жолға әзірленді. Екеуі Минск арқылы Мәскеуге дейін поездбен бірге барып, одан әрі  Әбдіразақ Алматыға, Расул Грозныйға кететін болып келісті. Туған елге деген сағыныш пен  күні бойғы жүрістің салдары болар, көп кешікпей  тәтті ұйқының құшағына қалай еніп кеткендерін өздері де байқамай қалды.

 

Отан соғысы осылай басталды

Мезгіл таңғы төрттің шамасы. Ұшқан шыбынның ызыңы естілерліктей,  мүлгіген тыныштық. Көкпен таласқан алып емендер мен ақ балтыр  қайыңдар үнсіз сырласқандай самал желмен баяу тербеледі. Ағаштан-ағашқа секіріп байыз таппайтын ақ тиындар да көрінбейді. Әріректен байғыз құстың  әлденеге алаңдаған дыбысы еміс-еміс естіледі. Казарманы айналып, қарауылда жүрген солдаттар да осы бір тәтті де алдамшы тыныштықты бұзып алмайын дегендей аяқтарын жайлап басып, ақырын қозғалады.

Кенет... Кенет дүние дүр сілкініп, аспан асты, жердің беті астаң-кестең болды да кетті. Сан жүздеген, мыңдаған автомат, пулемет пен зеңбіректер оқпанынан от құсып, жер-дүниені әлем тапырық қылды да жіберді. Түн түндігін түрген самолеттер цитадельдің (қала ішіндегі қорған)  аумағында ине шаншитындай жер қалдырмай бомбалауда. Қорғанның солтүстік бөлігіндегі Кобрин бекінісіне орналасқан 125-ші атқыштар полкінің жауынгерлері де басында не болғанын түсінбей, абдырап қалды. Тек полк командирі А. Дулькейттің:

– Соғыс басталды, тез қару-жарақ қоймасына! Қаруланыңыздар! Әр взвод, бөлімше  қорғаныс позициясына орналасып, жаудың бетін қайтаруға әзірленіңіздер, – деген әмірлі дауысын естігеннен кейін жылдам естерін жинап алды. Казармаға жақын орналасқан үйлердегі  офицерлердің әйелдері мен балаларын бомбапаналарға орналастырып, қажет болған жағдайда жаралыларға дәрігерлік  көмек көрсету керектігін ескертті.

Көп кешікпей жаудың алғашқы легі де көріне бастады. Танкілерді алға салған жатжерлік басқыншылар автоматтарын кеуделеріне тіреп саптарын бұзбастан,  бекіністің басты қақпасына қарай тікелей тартып келеді. Бомбалаушы ұшақтар мен ауыр артиллерияның  бірнеше  сағатқа созылған соққысынан кейін қарсыласар бас көтерер тірі адамның қалмағанына  сенімді.

 Жағдайды тез бағамдаған А. Дулькейт штаб бастығы Н. Сичкарьмен бірлесе отырып жауды қорғанға  50 метрге дейін жақындату керек деп шешті. Зеңбірекшілерге танкілерді көздеуге, пулеметшілер мен минометшілерге жаяу әскерлерді қарауылға  алуға, ал  Ә. Мәмиев бастаған мергендерге  жаудың офицерлерінің көзін құртуға бұйрық берді.

Шынжыр табанымен жолындағының бәрін таптап, жаншып келе  жатқан темір аждаһалар сай-сүйегіңді сықырлатып  межелі жерге жақындап қалды. Арттарында бес қаруы сай жаяу  әскерлер. Соғысқа емес, бейне бір тойға шақырылған қонақтай, алшаңдай басуда. Енді бір санаулы секундтардан кейін ажал құрсауына түсетіндіктері қаперлеріне де кірер емес. Польша мен Франция әскерлерін де осылай тұқыртқан. Естерін жиғызбаған. Брестте де солай болатынына  сенімді.

Полк  командирінің «Атыңдар!» деген командасы естілісімен қолдағы бар қару-жарақтан жауға қарсы оқ қарша борады. Бірінші болып көшбасшы танк  отқа оранды. Екінші снаряд ентелей ұмтылған келесі танктің  шынжыр табанын үзіп түсірді. Мұндай қарсылықты күтпеген солдаттар сәл тосылып қалды. Автоматшыларға қатарын бұзбай,  шабуылға шығуға бұйрық беріп  жатқан  жау офицері  Әбдіразақтың  назарына бірден ілікті. Қарауылға  алып,  әдеттегідей, демін ішіне тартып, винтовкасының шүріппесін сипалай басқаны сол еді, жау офицері селк ете түсті де, ештеңені түсінбеген күйі екбетінен құлады. Оң қанаттан ұмтылған унтер-офицер де алдыңғысының кебін құшты...

Сүт пісірімге жетпейтін уақыттың  ішінде екі танкісі мен 50 шақты  солдат, офицерлерінен айырылған жау амалсыз кейін шегінуге  мәжбүр болды.

Бұл кезде күн ұясынан арқан бойы көтеріліп қалған еді.  Ысқырған оқ пен жарылған бомбадан құлақ тұнады. Қолқаны қапқан ащы түтінмен араласқан оқ-дәрінің шіріген жұмыртқаға ұқсас күлімсі иісіне тұншыққан жауынгерлер келесі шабуылға дайындалуда. Цитадельдегі барлық казармалар, оларға жапсарлас орналасқан офицерлер үйлері от құшағында. Жер-жерде жаралы, өлген жауынгерлердің денелері, істен шыққан әскери техникалар шашылып жатыр. Қара жер қақ айырылып, қара  аспанды қара түнек басқандай.

Қорғанның ішіндегі жағдайдың да оқсап тұрғаны шамалы. Әшейінде  өлімсіреп жанатын электр жарығы  әлдеқашан өшкен. Ауыз су, канализация жүйелері де істен шығыпты.

Келесі шабуылдың қашан басталары белгісіз. Сірә, көпке созылмас. Осы бір азғантай үзілісті пайдаланып  қалғысы келген А. Дулькейт бөлімше, взвод, рота, батальон  командирлерін жинап алып, жағдайдың өте ауыр екенін,   сырттан келетін көмектен үміт үзу керектігін ашып айтты.

- Қазір төмендегі қабаттағы бомбапанада 300-ге жуық әйелдер мен балалар отыр. Өзіміздің арамызда жиырма шақты жаралы бар. Су, азық-түлік, оқ-дәрі қорының ертеңге дейін жетер-жетпесі белгісіз. Сондықтан полк командирі ретінде барлық жауапкершілікті өз мойыныма  ала отырып жаралы қызыл әскерлер мен қатын-қалаш, бала-шағаның  қорғаннан шығып, немістерге берілуін бұйырамын. Бұл – оларды тірі алып қалудың  жалғыз да соңғы мүмкіндігі. Басқа  жол жоқ. Тұтқындар жау қолына өтіп, қауіпсіз аймаққа жеткеннен кейін, солтүстік-батыс қақпа арқылы қоршауды бұзып, шабуылға шығамыз. Не өлеміз, не өзіміздің әскерлерге қосыламыз. Қамалда қалу – тірідей табытқа  салынумен бірдей. Орындаңдар! – деп, командирдің бұйрығының  талқыланбайтынын, сөзсіз орындалуы керектігін қадағалап айтты. Бұйрықты орындаудан бас тартқандарды соғыс жағдайына сәйкес өз қолымен атуға тиісті екендігін де  ескертіп өтті.

Ақ жалау көтергендердің соңғы легі қауіпсіз аймаққа өтіп болысымен А. Дулькейт :

- Алға, қызыл әскерлер! – деп, қалыңдығы бір метрлік терезеден секіріп өтіп, жауынгерлерді шабуылға  бастады.

«Тірілері тұтқынға түсті. Қалғандары қорғанның  ішінде жер жастанды» деп мәз-мәйрам болып жатқан вермахт әскерлері оқиғаның бұлай аяқ астынан күрт өзгеретінін мүлдем күтпеген еді. Естерін жиғанша болған жоқ, Дулькейт сарбаздары жаудың алдыңғы шебіне жетіп те үлгерді. Өлім мен өмір  арпалысқан қолма-қол айқас басталып кетті. Қарсыластарының   саны   көп  болғанымен, қызыләскерлердің рухы басым. Тек винтовка, жауынгерлік күрекпен қаруланған сарбаздар  жау әскерлерін қоғадай жапырып, қоршауды бұзып өтті. Көпшілігі сол жерде мәңгілікке жер жастанды. Жау шығыны екі-үш есеге дейін көп.

 

Жекпе-жек

Қарулас досы Русланнан Әбдіразақ әлдеқашан көз үзіп қалды.  Жауынгер серіктері С. Сарпеков, С. Малдыбаев, С. Дауылбаев, Л. Исалиевтер де көрінбейді. Өзіміздің әскерлерге жеткенше әлі біраз жер бар. Әріректен рота командирі капитан  Г. Ландышевтің «Алға, алға! Тоқтамаңдар!» деген дауысы талып естіледі. Маңдайынан төгілген ащы тер иықтағы жараға құйылып, жанды шығарып барады. Сәл тізе бүгіп, жарақатын таңуға уақыт та, дәке де жоқ. Қалай болғанда да негізгі  құрамадан  көз жазбау керек. Міне, тоғайға да ілікті. Осы кезде  қайдан келгені белгісіз, оң жақтағы қарағайдың түбінен сопаң етіп  екі неміс солдаты шыға келді. Ойланатын уақыт жоқ. Винтовкасын кезеп басып салды. Дәл тиді. Екіншісіне қаратып  шүріппесін тартып еді, от алмады. Патроны біткен. Неміс  солдаты  бұған қарап  автоматын бағыттады да, ұңғысын төмен түсіріп барып, қайтадан көтерді. Бірақ, атқан жоқ. Шамасы тұтқынға  алмақ.

«Атаңның басы!» – деді іштей Әбдіразақ. Жаудың айтқанына көнетін ыңғай танытып, екі қолын көтеріп, ілгері жүре бастады. Ойы – ара қашықтықты барынша жақындату. Неміс тайыншадай, ірі. Алыса кетсе   есе жібермейтіні көрініп-ақ тұр. Сондықтан да өз-өзіне сенімді.

Әбдіразақтың оған қарағанда бойы сәл бәкене болғанымен, құрыштан құйғандай денесінде  артық  ет жоқ. Сегіз өрмелі қамшыдай серіппелі. Бұлт-бұлт ойнаған бұлшық еттері сырт көзге онша көп байқала бермейді.

Міне, таяқ тастамдай жер   жақындады. Жауының назарын басқа жаққа қарай аудару үшін «берілдім» дегендей  винтовкасын солға қарай лақтырып жіберді. Сөйтті де, қарсыласы қабағын көтеріп үлгергенше болған жоқ, оған  тура атылды.

Автомат гүрс етіп, ажал оғы құрбандығына асыққандай құлағының түбінен зу етіп өте шықты. Мүлт кетті. Арада секунд па, әлде оның оннан біріндей уақыт өтті ме, есінде жоқ, қолы автоматтың ұңғысына жетіп үлгерді. Тікелей  кеудесіне бағытталыпты. Егер неміс екінші рет шүріппені басып үлгерсе, бұл жолы жаза баспасы анық. Оған жеткізбес үшін  оның қаруын ортан белінен қыса  ұстап, бар күшімен жұлқа, өзіне қарай тартты. Осы кезде екінші қолы босаған неміс  шоқпардай жуан жұдырығымен мұны құлақ-шекесінен қонжита  соқты. Автомат анадай жерге ұшып түсті. Енді екеуі де қарусыз. Ұшқан қарға, ұлыған аң, гүрсілдеп атылып жатқан оқ дауысы да бір сәтке тынып қалғандай.

Отандарынан жырақ, айдаладағы Беларусь орманының алаңқайында бір-бірін мүлдем танымайтын екеу арпалысып жатыр. Бір кезде немістің салалы саусағы мұның кеңірдегіне ілікті. Қысқаштай қысып, босатар емес. Тынысы тарылып барады. Әбдіразақ ақырғы күшін жинап жауын жамбасқа салды да, көтеріп алып, жерге соқты. Есін жиғызбастан кеудесіне шығып, енді оның өзін қылғындырмаққа  әрекет жасады. Бірақ, ұзақ ұстап отыра  алмады. Тағы да итжығыс.  Немістің күші көп. Әбдіразақтың айласы басым, қимылы шалт.

Автомат таяқ тастамдай жерде. Кімнің қолы бірінші жетсе, сол тірі қалмақ. Жан алып, жан беріскен жекпе-жек бие сауымдай уақыт өткенде барып Әбдіразақтың пайдасына шешілді. Бар күшін оң қолына бейімдеп, иектің астынан ұрмаққа ұмтылған немістің соққысын шалт бұрылып өткізіп жіберді де, қос өкпенің тұсынан ышқына тепті. Кескен теректей құлаған қарсыласы есін жиғанша, автоматқа  бірінші болып жетті... 

Киімдері жыртылып, дал-дұлы шыққан. Беттерінде, білектерінде сау тамтық жер жоқ. Қан мен топырақ араласқан жараның аузы удай ашып барады. Бір қолымен жарақатын басып, екінші қолымен  автоматты иығына  іліп алды да  қызыл әскерлер кеткен жақты бетке алып жүгіре жөнелді. Әр минут, әр секунд қымбат. Ең бастысы, майдан шебі алыстап кетпей тұрып өзіміздің әскерлерге қосылу керек.

Қанша жүгіргені белгісіз, өлдім-талдым дегенде барып қаруластарына да  жетті-ау. Қатарлары мүлдем сиреп қалған. Тоғай шетіне бекінген немістер бұлардың жолын кесу үшін қорғасын оқты нөсерлете боратуда. Әрбір шаршы метр жерді пулемет оғымен инедей піскілеуде. Бет қаратар емес. Мақсаттары белгілі – қоршап, тұтқынға  алмақ, болмаса мүлдем құртып жібермек.

Майор А. Дулькейт бүкіл полктан қалған қырық шақты жауынгерді  жинап алды да:

 – Бұйрығымды тыңдаңыздар. Мынау қоршаудың арғы бетінде біздің әскерлер. Өлейік-тірілейік соларға қосылуымыз керек. Жаралыларды жау қолында қалдыруға болмайды. Өздерімізбен бірге алып шығамыз.

«Отан үшін, алға!» деп, қайтадан шабуылға бастады. Бұлар командирлерінің соңынан  дүр көтерілді. Өмір мен өлімді таразыға салған қиян-кескі айқас қайтадан басталды. Күш тең емес. Қару-жарақтан да, адам саны бойынша да жау басым. Автомат, пулемет, минометтен атылған оқ қарша борауда. Әбдіразақтың  алдында келе жатқан рота командирі Г. Ландышев «Тоқтамаңыздар!» деп,  соңынан  ергендерді жігерлендірмек болып қолын көтере бергені сол еді, гүрс етіп  қасынан гранат жарылды. Екі қызыләскер сол жерде мерт болды. Командирі  ауыр жараланыпты. Жағдайы мүлдем қиындады. Соны сезген Г. Ландышев қасына еңбектеп жеткен Әбдіразаққа:

– Көріп тұрсың ғой. Мен енді бұл дүниелік емеспін. Соңғы өтінішім, мені жау қолына тірідей қалдыра  көрме. Өзімде патрон бітті. Мені  өз қолыңмен атып кет, – деп қырылдай дауыстады.

– Жоқ, командир! Мен сені бұлай тастай  алмаймын. Өлсек те, тірілсек те  бірге боламыз,  – деп, жаралыны арқасына  салмаққа әрекеттенді.

– Тоқтат,  қызыләскер Мәмиев, бұйрықты орында!- дегеніне қараған жоқ, Григорийдің бір қолын мойнына асып, екінші қолымен кеудесінен  демеп, ілгері қарай  еңбектеді. Бір-екі  метр жер болса да алға жылжу үшін бар күшін салды. Мойнынан, маңдайынан сорғалаған ащы тер көзін аштырар емес. Аспан айналып жерге түскендей. Арқасында командирі, мойнында  неміс автоматы, барын салып-ақ келеді. «Қайсыңның жаныңды алайын» дегендей, қаңғыған оқ жан-жақтарынан тіміскілеуде. Алдыңғы жақтан біздің әскерлердің «уралаған» дауысы талып естіледі. Шамамен қозы көштей жерде. Міне, майдан шебіне де жетті. «Қоршаудан шықтық» деген қуаныш бойына қуат беріп, денесін тіктей бергені сол еді, дәл қастарынан миномет снаряды жарылды. Құлағы шуылдап, көзі қарауытып құлап   бара жатқаны ғана еміс-еміс есінде. Арада қанша уақыт өткені есінде жоқ. ...Көзін ашса, ыңырсып, ыңқылдаған, қиналған жаралылар арасында жатыр. Айнала қаптаған неміс. «Өзіміздің әскерлерге қосыламыз» деген үкілі үміттің мүлдем үзіліп, немістердің тұтқынына түскенін сонда барып білді. Іш қазандай қайнайды. Қолдан келер дәрмен жоқ. «Бәлкім, таныстардан біреу-міреуді көріп қалармын» деген оймен басын көтермек болып еді, әлі құрып, қайтадан құлап түсті. Ертесіне барлық тұтқындарды Польшадағы Бяло-Подляско елді мекеніндегі лагерге жіберді. Адамдық өлшемді аяққа таптаған азапты күндер басталды.

Таң атқаннан күн батқанға дейін ауыр жұмыс. Тамақтары – шіріген көкөністердің қалдығынан жасалған быламық. Әйтеуір, өлместің қамы үшін сонымен жүрек жалғайды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен, Әбдіразақ бұған да шыдады. Немістердің алдауына түспеді, арбауына көнбеді.  «Түркістан» легионының қатарына кірсең, тамағың тоқ, киімің бүтін болады» деген лагерь басшысының  ұсынысынан бас тартқаны үшін  талай рет итке таланып, айлап карцерде де отырды. Бәрібір мойымады. Тегіне тартқан тектілік, ананың ақ сүтімен бойына дарыған қайсарлық жауына басын идірген жоқ.

Соңғы айқаста командирі Г. Ландышевтің  айтқанын орындаса, бәлкім, тұтқынға да түспес пе еді. Бірақ, Әбдіразақ үшін жолдасын жолда қолдыру – өліммен тең ұғым. «Өлсем де өз биігімде өлемін. Арымды аяққа таптатпаймын»  деп жүрегіне жазған қағидатынан өмір бойы бас тартқан емес.

Арада он бір айдай уақыт өткенде поляк партизандары немістерге тұтқиылдан шабуыл жасап, бұларды тұтқыннан босатып алды.  Партизандар қатарында соғысып, бір жылдан кейін Қызыл Армия сапына қайтадан қосылды. 3-ші Украин майданы жауынгерлері қатарында елімізді неміс басқыншыларынан азат ету жолында талай ұрыстарға қатысып, жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті. Бірнеше мәрте жауынгерлік орден, медальдарға да ұсынылды. Алайда, «ерекше» бөлімнің «қырағы көздері» мұның тұтқында болғанын көлденең тартып, талай рет марапаттанушылар тізімінен сызып тастады. Әбдіразақ оған да мойыған жоқ.  Қанды қырғынның ішінде тірі жүргеніне шүкіршілік етті. 1944-ші жылы Одесса  қаласын жаудан азат ету барысында  ауыр жараланып, Тбилисидегі әскери госпитальға түсті. Дәрігерлер қаншама тырысқанымен оң аяғын аман алып қала  алмады. Кестіруге мәжбүр болды. «Бастан құлақ садақа».

 

Еленген еңбек

Сөйтіп, 1944-ші жылы, 27 жасқа қараған шағында майдангер аға елге оралды. Ағайын-туыстарымен қауышып, жаны сүйіп қалаған ұстаздық қызметіне кірісті. Соғыста қаһарман жауынгер ретінде танылса, бейбіт еңбекте білікті ұстаз, талапшыл басшы ретінде ел құрметіне бөленді. 40 жылға жуық мұғалімдік  қызметінде  сан мыңдаған шәкірттерді тәрбиелеп, үлкен өмірге жолдама  алып берді. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін  «Қызыл Жұлдыз» орденімен, көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталды.

 1951-ші жылы Алматы облысындағы Қызыләскер селосындағы бастауыш мектептің директоры болып тағайындалып, осы қызметінен зейнеткерлікке шықты. Қазір бұл мектепке ағамыздың есімі берілген.  Әбдіразақ аға өмірде де, тұрмыста да шаңырағының түтінін түзу ұшырған бақытты жан. Өмірлік жары Тұрар апаймен бірге ұлағатты ұрпақ өсіріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бәрі де өмірден өз жолдарын тапты. Алды мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді.

...Брест мемориалдық комплексінің мұражайында қамалды қорғаушы  қаһармандардың бірі ретінде жаужүрек 125-ші полктің 2-ші батольоны 2-ші ротасы  3-ші взводының мергені Әбдіразақ Мәмиевтің соғыс жылдарындағы фотосуреті қойылған. Өмірбаяны жазылған. Соғыстың басталуына  75 жыл толуына  орай қорғанда өткен үлкен әскери шеру және жоғарыда  айтып өткен Совет көшесіндегі мерекелік шара кезінде  Беларусь Республикасының ұлттық гвардия жауынгерлері өзге де батырлармен бірге Әбдіразақ ағамыздың да қызыләскер киімін киген  портретін асқақтата көтеріп жүрді. Сол сәтте біздің кеудемізді кернеген мақтаныш сезімін айтып жеткізу  мүмкін емес. Мұны біз ерлігімен елінің мерейін өсірген батырларымызға көрсетілген құрмет, рухтарына  тағзым ретінде қабылдадық.

...Жыл сайын  дәл осы күні, дәл осы жерде, дәл осындай шараларды өткізіп отыру Бресте  бұлжымас  дәстүрге  айналған. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» қағидатын  бұл елде бұлжытпай орындайды.  Өте құптарлық, үлгі аларлық іс.

 

Да новых сустрэч, Беларусь!

Мезгіл екінді мен ақшамның арасы. Енді бір жарты сағаттан кейін «Москва-Минск» жүрдек поезы перронға келіп тоқтайды. Туысқан Беларусь Республикасында болған бір жеті уақытымыздың қалай тез өте шыққанын өзіміз де байқамай қалдық. Социализмнің жақсы жақтарын капиталистік қоғамның халыққа тиімді тәсілдерімен ұштастырып, экономиканы дамытып, республика тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартудың өзіндік – беларустық жолын таңдаған елге деген таңданысымыз көп, сүйіспеншілігіміз одан да жоғары.

Міне, пойызға да отырдық. Ауыздығымен алысқан ұшқыр отарба бізді Брестен ала қашқысы келгендей жылдамдығын еселей түсуде. Қаладан кейін қала, бекеттен кейін бекет артта қалып жатыр. Өмір, соғыс туралы түсінігімізді түп-тамырымен өзгерткен осы сапарымызда көп нәрсеге көзіміз жетті.

Қыршынынан қиылған тағдырлар мен күлге айналған қала-деревнялардағы соғыстың сойқан ізінің жарасы әлі жазылмағанын айғақтағандай Хатынь қоңырауларының азалы үні құлағымыздан кетер емес...

Келесі кездескенше Белоруссия!

Боранбай ҒАЛИЕВ, "Атырау-Брест" әскери-патриоттық экспедициясының мүшесі.

Атырау – Брест – Атырау

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 408
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 221
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 245
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 233