Жексенбі, 23 Маусым 2024
Әдебиет 7738 0 пікір 26 Тамыз, 2016 сағат 10:38

СЕЗІМТАЛ ЖҮРЕК

Ақын Тынышбай Рақымның 70 жылдығына 

Бүгінде туғанына жетпіс жыл болып қалған әйгілі ақын және сазгер Тынышбай Рақым Алматыны «бағындыруға» 70-ші жылдардың ортасында Жамбыл облысынан келген еді. Қазақтың біртуар қызы Фариза Оңғарсынова басқаратын «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») атты балалар газетіне жұмысқа орналасқан. Жаңатас қаласындағы орта мектепте музыка пәнінен ұстаздық еткен, одан Жамбыл аудандық және Жамбыл облыстық газеттерінде істеп, журналистік қаламын шыңдаған жас ақын, домбырашы, әнші, әуесқой сазгер Тынышбай Рахимовтың мүмкіндіктерін Факең дәл танып, оның шығармашылық жарқын болашағына сенген болса керек. Қазақ балалар баспасөзінің танымал үнпарағында сол шамада, атақты ақын апамыздың шақыруына орай, мен де қызмет істей бастаған болатынмын.  Фариза апай  өзі басқаратын газет редакциясына келешегінен үміт күттіретін талантты жастар қатарын шоғырландырған екен. Олар балалар газетінде жұмыс істеуге келген алғашқы шақтың өзінде үлкен әдебиет майданындағы өз орындарына ұмтылып, сәтті шығармашылық тәжірибелерін жасап жүрген-ді. Апайдың басшылығымен бәрі жұмыла еңбек етіп, газетті мектеп оқушыларының сырласы, жансерігі дәрежесіне жеткізу ісіне белсене атсалысты. Сол кезде аптасына екі мәрте жарық көретін басылымның балалар арасында шын мәнінде ұжымдық ұйымдастырушы рөлін атқаруына, беделді ұжымдық насихатшы және үгітші  болуына күллі күш-жігерлерін жұмсады. Сондай жұмыстардың бел ортасында Тынышбай да жүрген еді. Бұдан кейін апайға жеткіншектер журналын ашу тапсырылып, газет тізгіні маған берілді. 

Қазір, міне, біздің еліміздегі балалар баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Қазақстан пионері» газетінде істеген кезеңіміздегі тыныс-тіршілігімізден көрініс беретін фотосуреттерге қарап отырмын. Жетпісінші жылдардың екінші жартысында түсірілген. 

Мына бір суретте тамаша ақындар Тынышбай мен Дәуітәлі Стамбеков үшеуіміз бейнеленіппіз. Екі шайыр менің екі жағымда, өлең бе, мақала ма, есімде жоқ, әйтеуір әлдебір жазба жайын сөз етіп тұрған сияқтымыз. Газеттің фототілшісі Рахымбай Ханалиевтің жұмысы. Елгезек қызметкеріміз бәріне үлгеруші еді, нөмірге қажет тапсырмаларды орындай жүріп, ұжымның күнделікті өмірінен де небір көріністерді түсіріп ала қоятын. 


Редакциядағы кезекті лездемелік жиын сәтін бейнелеген мына суретке  Рахымбайдың өзі де түсіп қалыпты. Жұмыс үстелі басындағы топтың сол жақтағы біріншісі –  сол. Одан әрі Дидахмет Әшімханов, Алпысбай Шымырбаев, Раушан Имашева көрінеді.  Оң жақтан қарағанда үшінші отырған – Тынышбай, менімен екі арада Бейсенбай Сүлейменов түрегеп тұр. Тынышбайдың қасында Дәуітәлі мен Коммунар (Қайым-Мұнар) Тәбеев отыр. 

Мына бір сурет редакцияда әлдеқандай бір іс-шара өткізілгеннен кейін түсірілген екен. Әдетте үлкен шаруаны тындырғаннан кейінгі түрлі тынығу сәттерінің  ұйытқысы, ұжымдағы қыз-жігіттердің сыйлы ағасы ретінде танылған Тынышбай ортада отыр. Жанында Әшірбек Амангелдиев, Бәтес Ұябаева апай, Дәуітәлі, ал екінші қатардан Дидахмет, Сәуле, Айнаш апай, Бейсенбай, Шәрипаны көруге болады.  

Газеттің алда келе жатқан жарты ғасырлық мерейтойына біз екі жылдай дайындық жұмыстарын жүргізген едік. Мерекені лайықты атап өту үшін әзірлік жасау жұмысына барша жас оқырмандарымызды тарту мақсатымен «Біздің өмірбаян» атты операция ұйымдастырғанбыз. Редакцияда істейтін қыз-жігіттер газеттің әр кезеңдегі қызметкерлерін іздеп тауып, естеліктерін тыңдау және, әрине, көне тігінділерді зерттеу арқылы басылымның жарты ғасырлық тарихын жаңғыртуға күш салды. Жер-жердегі жас оқырмандарымыз бен балғын тілшілеріміз пионер қозғалысының әр кезгі мүшелерімен – араларында жүрген аға ұрпақ өкілдерімен, соғыс және еңбек ардагерлерімен қызықты кездесулер өткізуге кірісті. Қысқасы, «Қазақстан пионері» газетінің елу жылдығын лайықты қарсы алу ұранымен түрлі ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. 30-шы жылдарғы батыр пионерлер үлгісін насихаттай келе, кезінде ұжымшар құрылысында ерлік көрсеткен қаһарман ретінде республикалық пионерлер слетіне қатысқан Ержігіт Бахтияров деген пионерді іздестіргенбіз. «Біздің өмірбаян» операциясы барысында іздеген қаһарманымыз табылды. Ол сол шақта қатардағы қарапайым еңбек ардагері, ел ішінде ешкімге елеусіз жүріп жатқан қызылордалық ақсақал боп шықты. Сол кісі Алматыға, өзін іздестірген газеттің редакциясына келді, ұжымымызбен кездесті.

Содан кейін түскен мына суретте ақсақалды Тынышбай екеуіміз ортаға алып отырмыз. Қасындағы – Алпысбай, менен оңға қарай – «Балдырған» журналының қызметкерлері, ақын-жазушылар Құрманбай Толыбаев пен Сұлтан Қалиев. Түрегеп тұрғандар Дәуітәлі, Әшірбек, Серік Жанәбілов, Алма Үмбетова, Бәтес апай, Бейсенбай және Сапарбай Парманқұлов. 

Тағы бір қызық сурет ҚЛКЖО Орталық Комитетінің  бірінші хатшысы Қуаныш Сұлтанов бастаған жауапты қызметкерлердің жастар басылымдары редакцияларын аралаған сәтін еске салады. Сурет кездесуден соң түсірілген. Мұнда  жастар мен балалар газет-журналдарында істейтін журналистердің бірқатары бар. Тынышбай түрегеп тұрғандардың сол жақтағы екіншісі. Отырғандар (солдан): «Ленинская смена» газетінің бас редакторы Федор Игнатов, комсомол Орталық Комитетінің  бөлім меңгерушісі Игорь Романов, «Балдырған» журналының бас редакторы Мұзафар Әлімбаев, республика комсомолы Орталық Комитетінің жетекшісі Қуаныш Сұлтанов, «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов, комсоркомның бөлім меңгерушісі Ермек Алданов. Елу жылдыққа дайындық барысында газеттің шығармашылық ұжымы пионер қозғалысы ардагерлерімен, газеттің бұрынғы редакторларымен және белсенді пионерлермен редакцияда әлденеше кездесу өткізген болатын.

Сондай жиындардың бірінен кейін түскен мына суретте Тынышбай бірінші қатарда оң жақтағы шетте отыр. Жанындағы кісі – «Қазақстан пионері» газетінің соғыстан кейінгі редакторы Ғалым Хателов.  Екінші қатарда сол жақтан үшінші боп 50-ші жылдарғы редактор Кемел Тоқаев тұр. Жетінші – 70-ші жылдардың басындағы  редакторы Сейдахмет Бердіқұлов, оныншы – газеттің 60-шы жылдардағы басшысы Сансызбай Сарғасқаев. 

Ал мына суретте ұжымымыз «Қазақстан пионері» газетінің бірінші нөмірі шыққанына елу жыл толуына байланысты редакцияға Орталық Комитеттен арнайы келген  қонақтармен бірге  түскен. Бірінші хатшы Қуаныш Сұлтанов – ортада, идеология жөніндегі хатшы Серік Қасенов – оң жақ шетте, жанында түрегеп тұрған – баспасөз секторының меңгерушісі Уәлихан Қалижанов. Тынышбай екінші қатарда ортада, республика комсомолы жетекшісінің артында түрегеп тұр. Одан оңға қарай «Дружные ребята» газетінің редакторы Ирина Боронаева мен жауапты хатшысы Сима Маляр, «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары Сергей Подгорбунский бейнеленген. Сергейдің жанында Әшірбек Көпішов, Тынышбайдан солға қарай Дидахмет, Дәуітәлі, Мереке Құлкенов, Көпен Әмірбеков, Қайырбек Асанов, Әшірбек Амангелдиев көрінеді. Бұл 1980 жыл еді. Сол жылы «Қазақстан пионері» газеті Совет Одағының мәртебелі мемлекеттік наградасы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.  

Орден редакцияға жазғытұрым, балалардың сүйікті газетінің 50 жылдық мерекесі құрметіне өткен үлкен салтанатты жиналыста тапсырылды. Газеттің мұндай биік абыройға ие болуына, басылымның мектептердегі оқырмандары арасында беделінің арта түсуіне Тынышбайдың да қосқан үлесі мол болды.  Ол өзінің шығармашылық қаламымен, жер-жердегі пионер жетекшілерімен,  жас тілшілермен жұмыста ұстаздық, ұйымдастырушылық шеберлігімен ұжымдағы жас журналистерге ұлағатты үлгі көрсеткен еді. Ақынның балалар көңілінен шыққан өлеңдерінің көбі кішкене оқырманына «Қазақстан пионері» газеті арқылы жол тартқан болатын. «Жақын дос сезінген Әліппем, Әліппем! Үйрендім өзіңнен Әріпті танып мен. ...Алдыңда баламын, Сені ардақ тұтамын. Алғашқы қадамым – Алғашқы кітабым! Алуан ғылымның Бастауы – Әліппем! Енді сен інімнің Досысың, Әліппем!» – деп келетін шумақтары балауса шәкірт жанына жақын-тын.  Оның: «Жеріңнің тағдырын, Еліңнің тағдырын, Кешегі зар-мұңын, Бүгінін – барлығын Біліп ал, анықта, Бәрі де тарихта»,  «Ана тілім – ата-бабам, Ана тілім – мен бүгін. Ана тілім – Отан-анам, Ана тілім – Елдігім. ... Ана тілмен татып білім, Адам болдым, жетілдім. Ана тілмен бақыттымын, Ана тілсіз – жетіммін!», сондай-ақ: «Қара бала, сары бала, ақ бала – Бәріміздің тілегіміз бақ қана. Бейбіт күннің сәулесіндей күлімдеп, Достық атты ән шырқаймыз шаттана. Көсегеміз адалдықпен көгерсін, Көгімізде қалықтасын көгершін. Еш баланы жатсынбаймыз, қолың бер, Дос боламын десең бізбен егер шын», – деп келетін өлең жолдарын кездесулерде оқушылардың жатқа айтқанына куә болғанбыз.  Балаларды: «Атың сенің – Малтапсын, Үзілісте – шалшақсың. Шықсаң егер тақтаға – Арт жағыңа жалтақсың», немесе «Мына тұрған Мырқымың Кейіпкері «Кірпінің». Достары оған қолданды-ау Сынаудың да түр-түрін» секілді қаратпа сөздермен бастап, жеңіл, ойнақы сөздермен шымши өрнектейтін «Мазақтамалар» топтамасы мәз ететін, «Қырық түсті Шірік тісті Ұрып күшті Жұлып  түсті» деп келетін «Жаңылпаштары» қызықтыратын, «Нұрландырып маңайды, Қырдан күліп қарайды», «Ылдиға өзі жүгіреді, Жұрт кесесіз сіміреді», «Көк аспанға түнде, Тағылды сан түйме» дейтін «Жұмбақтары» ойландырып, шешуін іздететін. Журналист Тынышбайдың балалар тілін табуға машықтанған әріптестерімен бірге пионер баспасөзін өзінің көркем шығармашылығымен де танымал етіп жандандырғаны сондай, газет таралымы республика бойынша 250 мың данаға дейін өсті.    

1980 жылдың күзінде Уәлихан  екеуіміз БЛКЖО Орталық Комитетіне бардық. Бүкілодақтық комсомолдың бас штабында республика  комсомолы оркомының ұсынысына сәйкес мені «Білім және еңбек» журналына ауыстыруға, менің орныма Уәлиханды жіберуге ұйғарылды. Мен бес жылдай қызмет атқарған «Қазақстан пионері» газеті ұжымымен қоштастым, ал Тынышбай сонда тағы бірер жыл  істеп барып, «Жазушы» баспасына қызметке кірді. Біздер қызметтес болған жылдары ол «Он сегіз – гүл дәурен», «Қаратауым – ақ отауым», «Жиырма бес – жыр дәурен» атты алғашқы жыр кітаптарын шығарған болатын. Сол шақтарда жастар шығармашылығын ынталандыру мақсатында жүйелі түрде жыл сайын өткізіліп тұрған республикалық жабық әдеби бәйгеде екі мәрте жүлдегер атанған еді. Қысқасы, балалар баспасөзінде еңбек ете жүріп, үлкен әдебиет айдынына өзіндік үнімен батыл енген. Оның поэзиялық жинақтарына жылы пікірлер айтылып жүрді. Ал бізге оның жыр шумақтарын туған сәтінде тыңдаудың да орайы келетін. Біз оның бозбала шағынан домбырамен ән салатынын, өзінің жазған өлеңдеріне жарасымды әуен де шығаратынын білетінбіз. Шығарған әндерін жары Қарашашпен бірге нәшіне келтіре шырқағанына түрлі демалыс сәттерінде талай куә болғанбыз. Жалпы, Қарашаш оның шығармашылық ғұмырының бір ажырамас бөлігіндей көрінетін. Жырлары мен әндерінің алғашқы  оқырманы мен тыңдаушысы, сыншысы, әдемі әндерінің орындаушысы да өзі еді. Мен Қарашаштың ақын ерінің жанын, оның ақындық сезімін және құйылып тұрған поэтикалық жолдарды тудыратын ақындық шабытының тұтану сырларын жақсы түсінетін жан екеніне күмәнданбайтынмын.  

80-ші жылдардың екінші жартысының орта кезі, күзге салым ғой деймін, Тынышбай екеуіміз шығармашылық үйде қатар демалып, жұмыс істедік. Сондағы бір сәт есімде. Ол бір күні әлдебір шаруасымен қалаға шыққан еді, содан қобалжулы оралды. Өзінің таңғажайып әлдекімді кездестіріп, үлкен әсерге бөленгенін айтты да, бөлмесіне кетті. Ертеңіне көргенімде,  көңілді екен, жүзі нұрланып, кеше алған әсерінен жүрегіне байланған жыр шумақтарын жазып шыққанын аян етті. Сол күні кешкісін оқып берді. Лирикаға тұнған ғажап өлеңдер екен. Күзгі табиғаттың тамаша көріністерімен астасқан, әсемдікті жырлаған, жүрек қылын тербейтін сөздермен қиыстырылған өлеңдер. Тебірентерлік сезімді тыңдаушысын қайран қалдыратын ұйқастармен шегендеп, құйылта жайып салыпты. Ертеңіне өлеңдерін көтеріп тағы қалаға кетті, сол жұмада топтама әдеби газетте жарқ ете қалды.  Бір көргендегі әсерден тек туабітті ақындар ғана осындай ғаламат жыр  тудырады екен-ау деген ой келген-ді сонда маған. Сезімтал, әсершіл ақынның сондай ерекше сәттерде шығарған өлеңдерінің біразы ізінше музыкаға ұласып, ел ұнатқан тамаша әндерге айналғаны бүгінде көпке белгілі. «Алтайдың ар жағынан келген ару», «Боз орамал» атты әйгілі әндер тарихын айтсаңызшы. Бұл ғажайып әндердің әуендері жүрек қылын қозғаған кейіпкермен кездескендегі автордың  жыр жолдарымен бірге туғаны  бүгінде жұртшылыққа мәлім. Жалпы, атап айта кету керек, «Алтайдың ар жағынан келген ару» арқылы баяғы сал-серілердің  жалғасы іспетті танылған қайран Тынышбай күллі қазақ елін «бағындырды», ән сүйер әркімнің жүрегін жаулап алды. Өйткені онда халық әндерімен ғаламат тамырластық, үндестік бар еді. Бұл ән кезінде бүкіл қазақ даласында шырқалды. 

Бір қызық жәйт еске оралады. Тынышбай-Ақынның әсерленгіштігі бірде тым тереңдеп кеткен болса керек, сол жайында менің сыныптас досым, атақты опера әншісі Амангелді Сембин білген екен. Шығармашылық туыстықтары өз алдына, ол Тынышбайға биологиялық жағынан да аға болып келетін. Сол жақындықты арқа тұтып,  бірде келіні оған, қайнағасы ретінде, «ініңізге айтып қойсаңызшы, сезімге тым еліге бермесін» дегендей мазмұнда өтініш айтыпты. Амангелді тиісінше Тынышбайға ақыл айтады емес пе, сонда інісі: «қайта сіз оған түсіндірмеймісіз менің сезімімді» дегендей сөздермен мұның өзіне дүрсе қоя беріпті. Мәселені Амангелдінің ақылы емес, Қарашаштың кең жүрегі шешті. Ал Тынышбай өзінің республикалық телеарнада жүргізген атақты «Кеш жарық» бағдарламасына Амангелдіні де шақырды, ән шырқатты. Соның арқасында оның бітімі ғажап дауысы бүгінгі өнерсүйер қауымға жетіп отыр. Сембиннің жоғары ноталарды алғанда «метал» шыңылдаған 70-ші жылдарғы ғажайып дауысы аңыз боп қалды әрине,  бірақ, дегенмен, опера сахнасынан кетіп, қилы қиындықтарға душар болуына қарамастан, даусының бертінде де жоғалтпаған реңкі сол Тынышбай жүзеге асырған тележазбаларда ұрпақ үшін сақталып қалды.  

Ақын және сазгер Тынышбай Рақымның шығармашылығын бүгінгі оқырман мен тыңдаушыға толығымен жеткізген жөн болар еді. Ол бұған әбден лайық, оның жырлары мен әндері қазіргі заман жастарына, барша өнерді қадірлейтін жұртшылыққа ұмытылмас рухани ләззат сыйлары кәміл.  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ 

Abai.kz  

 

 

0 пікір