Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Біртуар 5258 0 пікір 29 Тамыз, 2016 сағат 12:59

"ҚАЗАҚ ШЫНДЫҒЫНЫҢ" ҚАРА НАРЫН ҚАЛАЙ ҰМЫТТЫҚ?

Қазақ журналистикасының қара нары Алдан Айымбетовті көп қазақ ұмыта бастаған ба? Ақиқат жолында өмірінің ақырына дейін күресіп өткен қайраткер Алдан ақсақал Айымбетовтың ортамыздан кеткеніне өткен аптада он жыл толыпты... Марқұм көзі тірі болғанда биыл 85 жасқа толар еді. Ажалға араша тұрар кім бар?..

Соңғы 5-7 жылдықта журналистика көшіне қосылған жас қаламгерлердің Алдан Айымбетовті танымауы әм оның есім-сойын білмеуі бек мүмкін. Десе де, аға буынның әділдіктің Алдан ағаны ұмыта бастағаны өкіндерді.

Қазақ даласының нағыз патриоты, «Казахская правда» газетінің бас редакторы болған Алдан Айымбетов 2006 жылы 19 тамыз күні 75 жасына қараған шағында дүниеден өткен еді.

Белгілі жазушы Дидар Амантай Алдан ақсақал туралы:

«Орыстар үшін Петр I, түріктер үшін Ататүрік, еурейлер үшін Теодор Герцель кім болса, Алдан Айымбетов қазақ халқы үшін дәл сондай тұлға еді»,-деген-ді.

Алдан Айымбетов Қазақ мемлекетінің толық жеңісін көзімен көрмей өмірден өткісі келмейтінін көп айтқан екен. Оның «Казахская правда» газетін шығаруы да Қазақ мемлекетінің тәуелсіздік жолына бағытталған қадамының бірі болатын.

Кейбір басылымдар Алдан Айымбетовты Сервантестің Дон Кихотына теңеген кездер де болды. Себебі ол сонау 1993 жылдан жат пиғылды газет-журналдарға ерік беріп, соларды өліп-өшіп қаржыландырған күштермен, биліктегі мәңгүрттермен аяусыз күресті. Билікті де сынады, оппозицияны да сынады. Оның сыны нақ сын еді. Әділетсіздікті ашық әшкереледі.

Мысалы, Алдан Айымбетов 2006 жылы «Казахская правда» газетінде «Россия чуть ли не за уши тянет к интеграции» деген тақырыппен көлемді мақала жариялап Қазақстан, Белоруссия және Ресей арасындағы (Армения мен Қырғызстан кейін қосылды) қазіргі Еуразиялық экономикалық одақ туралы қатаң сын жазды. Сол кезде идея түрінде болған одақтың экономикалық әлеуетінің теңсіздігін ашық сынады. Бұл Алдан Айымбетовтың жазған ақырғы сыни мақалаларының бірі еді.

Алдан Айымбетовтың "Қазақ шындығы" деген атпен газет шығаруы және осы газет арқылы қоғамның түйіткілді мәселелерін шешуге қызмет етуі үлкен ерлік екені сөзсіз.

Алдан Айымбетов туралы белгілі саясаткер Әміржан Қосанов "Abai.kz" порталына пікір білдіріп, былай деді: 

 -Алдан Айымбетов туралы қазіргі жастар көп біле бермейді. Ғылым докторы, философ. Осы атақтары үшін ғана оны білу, еңбектерін оқу – парыз. Өйткені қазақта шенеунік, прокурор мен судья көп, ал философ - аз. Бірақ ол кісінің басқа ғалымдардан өзгеше бір ерекше, сирек кездесетін қасиеті бар еді. Өйткені көп жағдайда ғалымдар тек қана өзінің арнайы саласымен айналысып, творчестволық лабораториясына өзін қамап тастап, қоғамдық өмірге белсеніп араласа бермейді. Кейбір салалар үшін ол да орынды болар, бірақ философия – қоғамдық ғылым ғой. Бәлкім, сондықтан да Алдан аға өз кабинетінде не кітапханада отырып, зерттеу жүргізіп қана қоймай, «ұлттық мүдде» деген философиялық қана емес ұғымды түсіндіру әрі қорғау үшін ақпараттың, қала берді саясаттың ашық алаңына ашық шықты! Тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізген Қазақстанның тұсында, пост советтік идеологияның иісі әлі де бұрқырап тұрған болатын – «батпандап кірген нәрсе мысқалдап шығады» емес пе? Жетпіс жыл бойына үстемдік еткен «пролетарлық интернационализм» қағидасының бояуы сіңбей тұрған кез. Қазақстан басқару жүйесінде «қазақ ұлтының өзіндік мүддесі бар» деген сөзі айту қылмысқа пара-пар кезде «Казахская правда» («Қазақ шындығы») атты газет шығаруды нағыз ерлік деп санау керек! Және де ол газетті қилы-қилы қиындыққа қарамай, 1993-жылдан өзі қайтыс болған 2006-жылға дейін шығарып тұрды! Көп жағдайда ол газет Алдан ағаның жеке қаржысына басылып тұрды. Демеушілері болған да шығар, бірақ ол заманда олардың аты аталып, түсі түстеле бермейтін. Оның үстіне қазақ ұлтының түпкі мүддесін ашық әрі орыс тілінде биік интеллектуалдық деңгейде, өзге жұртты мойындата отырып басқа ұлтқа паш ету кез келген адамның қолынан келе бермейді. Қазақ мұңын қазақ тілінде ғана шағып, өз қазанымызда бұрқ-бұрқ қайнап жататынымыз өтірік емес қой. Және де ұлттық мәселені талқылағанда кейбір адамдар эмоция мен ұраншылдыққа салынып, тереңнен қаза бермейді. Қазіргі заман тұрғысынан алғанда бізде ұлттық идеяларды өзге жұртқа басқа да шет тілдерінде білікті әрі ұғынықты жеткізе білу міндеті тұр.

Қоғамдық өмірде оның мінезі бәріне жайлы болды деп айта алмаймын. Билікке де, кейбір оппозиция өкілдеріне де қатысты сыни пікірін айтудан ол тайсалмайтын. Әрине, ол сынның ішінде субъективті себептер де болған шығар (өмірдің аты өмір ғой!), бірақ өз басым ол сынның көп жағдайда ұлттық мүддені қорғау тұрғысынан болғанын білемін, сондықтан Алдан ақсақалдың сол кездегі билікке де, оппозицияға да айтқан ащы сынын мойындағанмын, қазір де сол пікірдемін. Сынаған адамды кім жақсы көреді? Бәлкім, билік ішінде жүрген космополиттер мен проресейшіл топтар мен тұлғалар сол себепті Алдан Айымбетов секілді ілуде бір кездесетін іргелі де ірі тұлғаның кезекті мерейтойына қатысты бір ауыз сөз айтуға жарамай жатқан болар...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір