Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Өзіңе сен 6490 0 пікір 25 Мамыр, 2016 сағат 09:02

ҚЫТАЙ ТІЛІН ҮЙРЕНЕ БЕРЕЙІК ПЕ?

Жаһандану сынды жуанды жіңішкертіп, жіңішкені үзген жалпы жершарылық сипат алған құбылысқа, көтерем аттай көсіле алмай жатқан Қазақ елі тізесі дірілдеместен қарсы тұрарлық қауқары аз... «Мың өліп мың тірілген Қазақпын» деген қашанғы қайсарлық мінезіне басып, қанша уақыт белдесе алары белгісіз... Әр үйде «Мен-ҚАЗАҚПЫН» «Менің елім», «Менің жерім» дейтін айбарлы ұл, әдепті қыз өспесе Қазақтың болашағын болжау қиын...

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, майлы етке түскен қызыл құрыттай, қызыл империя түлкі қулық пен мысық табандап жүріп, Қазақ даласын қолына алып, үстемдігін орнатты. Атты... шапты... қырды... қинады... әупірімдеп жүріп шылдың үйіріндей аз Қазақ тірі қалып еді, тілін өзгертіп, рухын тұншықтырып, дінін ұмыттырып тастады. Егемендік алып еңсемізді көтерсек те, ескі әдеттен арыла алмай келеміз... Уақыт керек дейміз ау, бірақ қорқыныштысы адамның ұйқысынан оянуына бір тәулік кетсе, санасының оянуына кейде бір өмір аздық етеді екен...

Әлемдегі жан санның алтыдан бірін ұстайтын Қытай мемлекеті, бұл күнде «мылтықсыз майдан» ашып, әлемді жан саны арқылы жаулап келеді. Мұның типттік мысалы, Сингапурға сауда-саттық, жұмыс істеу мақсатымен барған қытайлар айналасы ширек ғасырда, Сингапурды екінші Қытай мемлекетіне айналдырып үлгірді. Бұл ықпалдан Қазақстан қағыс қала қойған жоқ. Тіпті жақыннан бері қытай тілін үйрену жөнінде сұраныстар да арта түсті. Қытай мемлекетінің ықпалын, болашығын болжай білген «көрікпелдер» аузының суы құрып, қолынан келсе бір-ақ күнде қытай болып шыға салғысы келеді...

Жақында біреулерден қытай тілін үйрету жөнінде ұсыныс түсті. Бірден бас тарыттым. Себебі Қазақтарға қытай тілін үйретіп жатқаным, ұлтыма қиянат, сатқындық жасап жатқандай сезілді. Қытайдан Қазақстанға ҚАЗАҚ  боламын деп келгенмін, қытайлар артымыздан келіп алса, «какая разинца»?! Онсыз да Алматыға келгеніме үш жыл болса да, әлі күнге дейін орысша онға дейін санай білмейтін «сауатсыздығым» бар еді. Үйренейін деп кітап бетін ашам да, қайтадан жылы жауып қоямын. Ішкі қарсылығымды жеңе алмай келемін.

Қазақта бір сөз бар, «бұрын шыққан құлақтан, кейін шыққан мүйіз озыпты» деген. Жүз жыл үстемдік еткен орыс тілінің орынын, жыбырлап жүріп қытай тілі басып озуы әбден мүмкін. Онсыз да ана тілін қомсынып жүрген кей қазаққа қытай тілі жас тоқалдай көзіне ыстық көрініп, бірден қол салып үйреніп кетуі әбден мүмкін. Себебі көршілеріміздің көңіліне қарап тілімізді бұрай салатын халықпыз. Өйткені дәрменсізбіз... жетім бала секілді жалтақ болып кеткенбіз... Жалғыз жаратушыға ылайық ҰЛЫ сөзін елді қырып, жерді тартып алған орыстарға сыйға бердік. «Ұлы Орыстың» ішінде ақыны да, жызушысы да, жез өкшесі де, жексұрыны да кетті... не деген масқаралық! Тіпті «Ұлы Орыс» сөзін әр бір сөз басында қайталап отыру әдетке айналып, әрбір ауыз автоматша сайрап тұрды... Біраздан бері атамыздың қара шаңырағын таныстырғандай, қытай елін «аспан асты елі» деп алақайлап жар салуды шығардық. Көршінің көңілі қалмасын дегендік пе, әлде жағымпаздық па?! Керісінше ойлайық, орыс пен қытай бізді «батыр Қазақ, жауынгер Қазақ» деп айта ала ма?! Солай бола тұра олардың айтуға ауыздары бармайды...

Өткенде қытайдан келген тарихшы, профессормен сапарлас болдым. Ананы-мынаны айта келіп, ақырында ат басын тарихқа бұрдық. Орыстың кезінде біздің Қазақ хандарының отары болғанын айтсам, мойындаса қане?! «Мүмкін емес» деп кекесінді жымиды. Себебі бұлар оқыған дүние тарихы орыстардың қолымен жазылған, яғни орыстар бізге «жанашырлық» көрсетіп, тарихымызды «әдемілеп» жазып әлемге таратып жіберген ғой. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші әңгіменің көкесі енді айтылды. Үш-төрт сағат иттей ырылдасып, итжығыс түсіп «қызу нүктеге» келгенде қытайын айтады ғой: «Сен қытайлық емессің бе?» деп. Мен бірден «Мен – қазақпын» дедім нық сеніммен. Демек оның ар жағында тарихты ұлт, мемлекет, саясат жөнінен ойланып жазып, кітап құрастыратын жымысқы идеясының шеті бүлік ете қалғанын сезе қойдым да, осы күні қытай мектептерінде оқытылып жатқан тарих кітаптарында «ежелгі қытай елінің шекарасы Балқаш көліне дейін болатын» деген жалған тарихының астарында қандай есек дәме жақтанын аңғарып, жүрегім мұздап кетті... Бірден Қазақ тарихын қытай тіліне аударып, айропыланмен аспаннан оқыңдар деп шашып-шашып кеткім келді...

«Күштінің арты диірмен тартады» демекші, он жеті миллион-ақ қазақтың бір миллиард қытайдың тілін екі қолын төбесіне қойып, үйренбеймін деп ат тонын ала қашуы мүмкін емес. Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы. Тіл үйренудегі басты мақсат: өзге озық ұлттардың мәдениеті, әдебиеті, техникасын игеріп, өз ұлтың үшін қызмет ету. Әсте тілімен қоса ділің, дінін үйреніп, тамырдан тайып, мәңгүрт болып, құдай берген Қазақтығыңнан айырылып қалу емес!

Болашақта орыс тілі мен қытай тілі бәйбіше мен тоқалдай күндесіп, қырық пышақ болып жатқанда, ардақты ана тіліміз сүт сұраған баладай іргеде жаутаңдап, ауылда қалып қоя ма деген алаңдаушылық есімнен екі елі кетер емес... Әрине бұл жерде қытай тілін үйренуге мүлде қарсы емеспін. Қайта алдымен балаларымызды ана тілдің уызына қандырып, қазақи тәрбиемен тәрбиелеп, ес білді-ау дегенде өзге тілді үйретсек кеш қала қоймасыз анық. Аузынан ана сүті кеппеген шикі өкпемізді, шетел тілін үйренуге зорлап, шала қазақ жасап алмайық ағайын!

Қастер Әкизаұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2001
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2427
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1982
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1578