Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Әдебиет 6226 1 пікір 25 Мамыр, 2016 сағат 15:06

Қабдеш Жұмаділов. КОНТУЗИЯ

(Әңгіме)

Сонау бір алыста қалған 1956-жылы, мен оқу іздеп Алматыға келгенде, бұл қалада сұ­рапыл соғыстың сойқанды ізі сол күйі сайрап жатыр еді. Дүниежүзілік екінші соғыстың аяқталғанына небәрі он бір-ақ жыл өткен, әлі бір ұрпақ та ауысып үл­гермеген. Орны толмай жатқан басқа кем-кетік өз алдына, менің көзіме бірден ша­лынған жат көрініс – мүгедектердің көптігі. Балдақпен жүретін шолақ аяқ, шолақ қолдарды айтпағанда, көшеде жертабан «арбаның» үстінде екі қолымен жер тіреп сырғанайтын, екі аяғы қара санынан кесілген жартыкеш адамдар да жиі ұшырасатын. Осындай денесінің жартысы жоқ, түбіртек адамды алғаш көргенде, менің басым айналып, көзім қарауытып, жығылып қала жаз­дағаным есімде. 

Олай болатыны, мен қырғын соғысты бас­тан кешпеген Қытайдың Шыңжаң өл­кесінен келіп тұрмын ғой. Рас, ол елде де ұлт-азаттық төңкеріс жолында әжептәуір ұрыс­тар болған-ды. Бірақ дәл мынадай, адамды шалғымен шапқандай етіп турап тастайтын қанды қасапты көрмеген екенбіз. Дүниежүзілік сол соғысқа Қазақстаннан миллионға жуық адам аттанған екен, соның бестен бірі ғана оралған көрінеді. Оның да қақ жартысы – әлгіндей ақсақ-тоқсақ, мүгедектер...
Бір байқағаным, арақтың да түбін түсіріп ішетін – сол мүгедектер болатын. Ол үшін майдангерлерді ешкім сөкпейді, 
жазаға да тартпайды. Аяқ-қолдарының кемдігіне қарамай естен тана ішіп алып, тал-талдың түбінде жайрап жатқаны... Денсаулығы жоқ, жарым-жарты адамдар қашанға дейін шыдасын, арада он-он бес жыл өткенде, Алматы мүгедектерден едәуір арылды. Тек, қалса, күтімі жақсы, тұрмысы тәуірлері ғана қалған болар.
Бұл айтылғандар – соғыс салған жараның бірден көзге ұратын сырт көрінісі ғой. Бұдан басқа да, оның адам өміріне тигізген зардаптары қаншама. Соның жалпыласқан бір түрі – контузия көрінеді. Бұл – әсілі, бас сүйекке оқ тиюден, бомбалау кезінде қатты соққыға ұшырап, миға зақым келуден пайда болатын науқас. Әрине, ол да – мүгедектің бір түрі. Бірден көзге ұрып тұрмағанымен, оның да әр алуан белгілері бар. Ондай адамның жүйкесі жұқарады, артық сөзді көтере алмайды. Қатты ашуланған кезде есі ауып, талып қалуы да мүмкін. Одан басқа ұмытшақтық, жаңғалақтық, орынсыз көп сөйлеушілік, балаша жоқтан өзгеге сене салатын аңғал­дық... Бәрі де соның зардаптары көрінеді.
Мен контузия алған адаммен алғаш рет университетте оқып жүргенде ұшырастым. Біздің филфакта сондай бір оқытушы болды. Өзі қазақ тілі грамматикасынан сабақ бе­ретін-ді. Өз сабағын жақсы біледі. Ұқыпты­лығы сондай, лекциясынан бір минөт те кешікпейді. Ол кісіні де майданда контузия алып­ты десетін. Маңдайында тік түскен тыр­тығы бар – оқ тиген жараның орны... Өзі керемет ашушаң, екі сөзге келмей шарт ете қалады. Сол сырын білетін кейбір студенттер оны ызаландыруға құмар-ақ:
– Ағай, келесі лекцияңызға келесіз бе? – дейді оған қасақана қиқар сұрақ қойып.
– Келем! – дейді қазақ тілі мұғалімі екі көзі шапыраштана шатынап. – Егер балам бір пәлеге ұшырамаса, әйелім аяқ астынан инфаркт алып қалмаса, өзімді көшеде машина басып кетпесе, міндетті түрде келем! Осы ма естиін дегенің?
Сол бастағы жараның зардабы шығар, жаңағы күйгелек ұстазымыз да өмірден ерте өтіп кетті. Менің контузия алған адаммен екінші рет ұшырасуым әрі жақынырақ танысуым берітінде, университетті әлдеқашан бітіріп, қызметке араласқан кезімде болып еді. Алматыдағы баспалардың бірінде қыз­мет істейтінмін: ол кезде мемлекеттік баспада жүзден астам адам істейді. Әдебиеттің әр жанрына арналған әлденеше бөлім бар. Мен қазақ прозасы бөліміндемін. Бізге қарама-қарсы бөлмеде орыс редакциясындағылар оты­рады. Күн сайын көрісіп, сөйлесіп тұ­рамыз.
Сол жылдар орыс редакциясында жасы қырықтың ішін аралап кеткен егделеу бір кісі жұмыс істеп жүрді. Есімі Баймахан екен. Қолына таяқ ұстап, сәл сылтып басатын, ұзын бойлы, бурыл шашты, сылыңғыр қара. Өзі орыс тілді қазақ, шығармаларын орыс тілінде жазады. Ал, былайғы өмірде орысша мен қазақшаны араластырып, қайсысы аузына бұрын түссе соны айтып, қойыртпақтап сөйлей береді. Оқығандардың айтуынша, жазғандары тәп-тәуір деседі. Әсіресе, Ұлы отан соғысының бір батырының өмір жолын баяндайтын роман-эссесін жұртшылық жақсы атап жүрді.
Жақын араласа келе байқағаным, Бай­маханның да соғыста алған контузиясы бар екен. Бірақ мұныкі басқа ешкімге ұқса­майтын контузияның төтенше түрі болса керек. Бұл кісіде айтар ойды саралап, сұ­рыптап отыратын мидың сүзгісі босап кеткен тәрізді. Сонымен бірге, алды-артын ойлау, қулық-сұмдық, бақай есеп те түгел түсіп қалған. Бала сияқты басына келген ойды ірікпей айта салады да, қарап отырады. Ол кісіде құпия деген жоқ, бәрі алаң-ашық. Біз оның үйінде не болып жатқанын, әйелінің дүкеннен қандай киім алғанын, балаларының қандай тентектік істегенін ертеңінде-ақ біліп отыратын болдық.
Біздің онда тұрақты баспанаға қолымыз жетпей, Алматыны айнала көшіп жүрген кезіміз. Бір жылы дәм бұйырып, Баймаханмен көрші болмасым бар ма! Екеуіміз де Бі­рінші Алматы жақтағы Тесленко көшесінде тұрамыз. Сол маңайда кілең каркастан салынған барак үйлер бар-тұғын. Өзінің майдангерлігін пайдаланып, сол көшеден кішілеу үш бөлмелі үй алған Баймахан бірталайдан бері осында тұрады екен. Ал, біздікі – уақытша жалдап алған пәтер... Енді, амал жоқ, Баймахан екеуіміз күн сайын қызметке бірге барып, кейде бірге қайтатын болдық. Екі үйдің арасында бір-ақ үй бар. Автобусқа мініп-түсетін аялдама ортақ.
Бір күні жұмыстан бірге қайтып, автобус­тан түскен соң өз үйіме қарай бұрыла бергенім сол еді, Баймахан білегімнен ұстай алды. Бетіме қарап сәл тұрды да:
– Ертең жұмыс күні емес, демалыс емес пе, ә?! – деді әлдененің есебіне жете алмай тұрған адамша.
– Иә, ертең демалыс қой, оны неге сұрадыңыз?
– Ендеше, былай болсын, ертең түсте қа­сыңа келіншегіңді ал да, біздің үйге келе қал...
– Жайшылық па, Бәке? Бұл ненің құр­меті...
– Қазақта «ерулік» деген болады екен ғой. Яғни бұрын отырғандар кейін келген көршіні қонаққа шақырып, дәм татырады екен. Мен – дурак соны бүгінге дейін ұмы­тып жүріп­пін...
Мен ойланып қалдым. Әсілі, контузиясы бар адамнан аулақ жүрген жақсы деуші еді. Қайтсем екен? Әйткенмен, күнде бет кө­рісетін көршінің лебізін қалай жерге тас­тарсың.
– Жарайды, Бәке, барайын, – дедім тәуе­келге бел буып. – Тек, бір-ақ сағатқа... Өйт­кені, тағы да уәде берген жерім бар.
Ертеңінде түскі сағат бір шамасында әйе­ліміз екеуіміз Баймаханның үйіне бара қалдық. Бізге есікті жасы отыздың ішіне енді ілінген, әдеміше келген, орта бойлы, аққұба әйел ашты. Ар жағында Баймаханның өзі де таяу тұр екен, бізді құрақ ұша қарсы алып, «зал» деп аталатын кеңірек бөлмеге енгізді. Жұпыны жиһаз, арзан қол мүліктер... Төр жақ­та тұрған бір шкаф кітаптан өзге көз тартар ештеңе байқалмайды. Бір мезгілде ішкі үйден он-он екі жастар шамасындағы ұл мен қыз шығып, бізбен сәлемдесті.
– Біз, Нұрбәти екеуіміз баланың санын біразға дейін апаратын едік, – деді Баймахан балалар қайта ішке кіріп кеткен соң. – Әсілі, бала махаббаттан жаралады ғой. Ол жағы бізде жеткілікті... Тек, үйіміз тарлау. Кейде бір бөлмеге квартирант жібереміз... Әйеліміз екеуіміз бір-бірімізге қарадық та қойдық. Әлгі сөздерді бір келген қонаққа айтпай-ақ қойса да болады ғой... Не істейсің? Баймахан басына келген ойды жасыра алмайды.
Сірә, бізден басқа да шақырған қонағы болса керек, үстіне кленка жабылған, абажадай үстелдің айналасында алты-жеті орын­дық қойылыпты. Бір іш жиып қалғаным, қонақ шақырған үй сияқты емес, үстелдің үсті қаңырап бос тұр. Асүй жақтан да пісіп жатқан тамақ иісі сезілмейді... Әйелім маған жапақтап қарай береді. Бірдемеге ұрынбай тұрғанда, осы үйден аман-есен қайтсақ болғаны.
Әлден уақытта есік қоңырауы басылып, ішке тағы біреулердің кіргені байқалды. Орта жастағы ерлі-зайыптылар. Еркегі соғыста Баймаханмен бірге болған майдандас досы болса керек. Сірә, көптен көріспеген бе, қауқылдасып, амандасып жатыр. Сонымен, үлкендер төрге озып, үстел басы түгенделгендей болды. 
– Нұрбәти, тамағыңды түсіре бер. Қо­нақ­тар келіп болды, – деді бір шөлмек арақты үс­тел үстіне қойып жатқан Баймахан асүй жаққа дауыстап.
Көп ұзамай төргі үйге Нұрбәти кіріп, дас­тарханға үйеме қып туралған бір тәрелка бөлке нан әкеліп қойды. Сонан соң әр адам­ның алдына бірден тәрелке, шанышқы, қа­сық қойып бір кетті. Соның артынан іле-шала помидор мен қияр аралас салат әкеліп қойып, тағы кетті. «Сонда, бұлардың қонақ­тың алдына тартар сый табағы не болды екен» деп тықыршып, мен отырмын. Бір мез­гілде Нұрбәти бір мескей ыстық борщты қай­қая көтеріп келіп, тәрелкаларға құя бас­тағанда, «уһ» деп бір-ақ тыныс алдым-ау!
Әрине, «Қонақта ерік жоқ, май берсе де жей береді». Бүгін Баймахан не берсе де ішіп-жеуге тиіспіз. Борщ та – бір халықтың кәделі тамағы. Әрі бәрімізге көптен таныс. Мынау да – капустаға қызылша қосып жасаған кәдімгі борщтың өзі. Тым қатықсыз да емес, ішінде асықтай-асықтай ет бары байқалады... Әлде, бұлар асханадағы сияқты беретін тамағын «бірінші» және «екінші» деп бөлді ме екен? Сонда екіншіге беретін қою тамағы не болды екен? Сол оймен, дастархан шетіне мана келіп қонжиған «Мәскеудің айрықша арағы» мен төрт-бес рюмкаға қарап қойып, алдымыздағы асқа сұғына бергеніміз сол еді, кенет Баймаханның:
– Стоп! – деген дауысы естілді. – Нұр­бәти, тез сметана әкел. Сен дастарханға сметана қоймапсың ғой.
«Қап, тағы бір пәле басталды-ау» дедім ішімнен. Шынында да, солай болды.
– Байеке, кешір, мен асығып жүріп, дү­кеннен қаймақ алуды ұмытып кетіппін, – деді әйелі құлағына дейін қызарып.
– Онда, дереу балалардың бірін дүкенге жібере қой. Какой борщ без сметана?! - деді үй иесі салтанатты түрде.
Біз буы бұрқыраған ыстық борщқа қасық сала алмай тым-тырыс отырдық та қалды. Енді дүкеннен қаймақ әкелгенше күтуіміз керек. Төрде отырған майдангер сәл ыңғай­сызданып:
– Әй, Баймахан, сол қаймақтың керегі не? Баяғыда, майданда жүргенде қатықсыз қара борщты қаймақсыз-ақ іше беруші едік қой, – деп тоқтау айтып көріп еді, үй иесі көнетін емес.
– Жоқ, атамаңыз! Соғыс кезі басқа. Ал, қазір кемелденген социализм тұсында қаймақ қатпай борщ ішті деген не? Какой борщ без сметана! – деп қасарысып отырып алды. Сонан соң борщтың тым пайдалы тамақ екенін, бүгін ет астырмай, басқа тамақ та әзірлетпей, тек борщ істетіп отырғанын ұзақ сөйлеп, түсіндірумен болды.
Амал не, дүкенге кеткен баланы күтуге тура келеді. Екі майдангер уақыт өткізу үшін, Сталинград шайқасы кезінде бастан кешкендерін айтып отыр... Мен осы арада контузияның не екенін біршама түсінгендей болдым. Баймаханның сырқаты – ойына келген нәрсені бүкпей айту ғана емес, және ойындағысын іске асыру жолында айт­қанынан қайтпай, қатып қалу... Тағы бір таңғалғаным, осының бәріне әйелі Нұрбәти қалай көніп отыр? Әлде «әпекеме жездем сай» дегендей, ол да – миы шайқалған біреу ме?
Әлден уақытта дүкенге қаймақ алуға кеткен қыз да бір банкіні құшақтап, құстай ұшып жетті-ау! Біз, бәріміз де иығымыздан бір батпан жүк түскендей тыныстап қал­дық. Ал, Баймаханның қуанғанын сұрама:
– Міне, енді борщты ішуге болады! – де­ді банкідегі қаймаққа өзі алдымен қол созып. – Какой борщ без сметана!
Манадан бері көзі мөлдіреп, үстел ше­тінде тұрған «Мәскеудің айрықша арағына» да кезек енді тиіп еді. Әрине, мана құйылған борщ сәл суып қалыпты. Оны ысытып әкелу Нұрбәтидің кәперіне де келген жоқ... Егер осының бәрін басқа біреу істесе, қонақтарын мазақтап қорлау үшін әдейі істеп отыр деп ойлауға болар еді. Ал, Баймаханға өкпе артып, кінә қоя алмайсың. Өйткені, ол осының бәрін кіршіксіз таза көңілмен риясыз істеп отыр. 
Біз сол күні «ерулік» берген көршіден қаймақ қатқан борщ ішіп, үй иелерінің денсаулығына жүз грамнан көтеріп, күле-күле үйімізге қайттық. Кейін мен осы жолғы «қонақасыны» жиі еске алып жүрдім. Парықсыздық жайында сөз болғанда, мұны балаларыма да ылғи айтып отыратынмын. Ол бара-бара біздің үйдің мәтеліне айналды. Оқта-текте алдымызға борщ келе қалса, балалар: «какой борщ без сметана» деп отыр­ғаны.
Осы оқиғадан соң Баймахан не айтса да, не істесе де таңдануды қойдым. Оның ісіне ашулана да, күле де алмайсың. Себебі, ол – сау адам емес, жарымжан ғой. Ауыру адамға күлуге бола ма? Бір күні түскі үзіліс кезінде өзіміздің асханаға кірсем, бір үстелде Баймахан жалғыз отыр екен. Алдында бір тә­релка борщ (осы кісі-ақ борщтан жалық-пайды екен), туралған жарты бөлке нан, бірнеше стакан шай... Мен де падносымды көтеріп барып, соның қасына жайғастым. Борщ пен нанды көмейлете соғып жатқан көршім мені көріп, сәл-пәл қысылып қалды.
– Байқаған шығарсың, мен қазір құр шай мен борщ қана ішіп отырмын, – деді іс мәнісін одан біреу сұрағандай. – Қазір бізде ақша жоқ. Сенесің бе, тәңертең оразамды ашпай шықтым. Нұрбәтиге қарайтын бет жоқ... Жақында баспадан кітабым шығады. Соның қаламақысын алсам, тамақтың тәуірін жеймін ғой әлі...
Мен үндегем жоқ. Жұбата да, күле де алмадым. Не дерсің, Баймахан дәл осы сәтте не ойласа, соны жасырмай айтып отыр. Сыр алдырмай көлгірсу, жалған поза жасау – оған мүлде жат. Былайша айтқанда, кінәсіз бала ғой. Сақалды сәби...
Айтқанындай-ақ, сол жылы күзде Бай­ма­ханның кітабы шықты. Сол кітапқа әжептәуір ақша алса керек. Басқа авторлар болса жымын білдірмей жытырар еді. Ал, Баймахан­ның қаламақысы баспаны, баспа ғана емес, бүкіл Алматыны дүрліктірді... Оқиға былай өрбіген. Бұл әлгі атышулы Америка-Вьетнам соғысы жүріп жатқан кез болатын. Бір күні Баймахан екі жүз сомды конвертке салады да, бас­паның партия ұйымына алып келеді. Ол кезде екі жүз сом – әжептәуір ақша...
– Бұл не? – дейді пара беріп тұр ма деп шошып қалған партия ұйымының хатшысы.
– Ақша ғой.
– Оны мұнда неге әкеліп тұрсың?
– Вьетнамға жәрдем... Отбасымыздың атынан соғыста зардап шеккен Вьетнам шаруаларына жібермекпіз.
Мұндайды күтпеген партия ұйымының хатшысы не істерін білмей абыржып қа­лады.
– Ау, Баймахан-ау! – дейді оның бетіне аңырая қарап. – Биыл кітабың шығып, баспадан біраз ақша алғаныңды білеміз. Алдымен өз отбасыңның кем-кетігін толықтап, бала-шағаңның мұқтажын шешіп алмайсың ба?!
– Ол жағына алаң болмаңыз! – дейді Баймахан нық сеніммен. – Біз үйде Нұрбәти екеуіміз бәрін есептедік. Балалардың киім-кешегі, қыстық азық-түлік, пәтерақы, бәріне ақша бөлінген... Соның бәрін есептегенде, мына екі жүз сом артып қалып отыр ғой. Мен – соғыста болған адаммын. Оқ астында қырылып жатқан Вьетнам шаруаларына көмектесуім керек! 
Қанша түсіндірсе де, Баймаханды өз ақы­лына көндіре алмаған хатшы, ақырында:
– Жарайды, ақша өзіңде тұра тұрсын. Бұл – мен шешетін нәрсе емес, жоғарғы жақ­пен сөйлесейін. Егер елімізде осындай «жы­лу» жинау науқаны жүріп жатса, сенің ақ­шаң да бір кәдеге жарар, – деп қайтара­ды.
Шын мәнінде халықаралық қиын мә­селеге тап болған хатшы дереу аупарткомға те­лефон соғады: «Осылай да осылай, біздегі бір майдангер-интернационалист екі жүз сом мөлшерінде Вьетнамға жәрдем жібергісі келеді. Оны не істейміз?» дейді ғой баяғы. Бұл бастаманың саяси маңызының жоға­рылығы сонша, мұны аупартком өзі шеше алмай, қалалық комитетпен хабарласады. Олар да тоқ етерін айта алмайды. «Осындай бір төтенше жағдай болып тұр» деп Орталық комитетпен тілдеседі. Жауапкершілікті мойынға алуға батылдары жетпей, олар Мәс­кеуге сұрау салады. Ақыры, арада ай өт­кенде, орталықтан мынадай жауап келеді ғой. «Вьетнам халқына жанашырлық та­нытқан майдангерге мың да бір рахмет! Бірақ дәл қазір халықтан жәрдем жинау күн тәртібінде тұрған жоқ. Онсыз да Вьетнамға көмек беріліп жатыр. Совет Одағынан Вьетнамға қару-жарақ, азық-түлік түрінде беріліп жатқан жәрдем миллиардтап саналады. Ол жағына біздің азаматтар алаңдамай-ақ қойсын» десе керек.
Сөйтіп, Баймаханның екі жүз сомы Кре­мль­ге дейін барып, ақыры өз иесін қайта тауып еді. Мұны да ол әлдекімдерше жақсы атанайын, көзге түсейін деп істеп жүрген жоқ. Бұл да – оның адал ойы, алыстағы Вьетнам халқына деген жанашырлығы... Ал, біз қанша ойлансақ та, кедей отбасының бюд­жетінен екі жүз сомның қалай артылып қал­ғанын түсінбей-ақ қойдық.
Ал, Баймаханның кейбір қылығы басқаға емес, оның өзіне аяныш тудырғандай еді. Күлкі емес, аяныш. Шын мәніндегі трагедия... Бір күні ол қызметке қабағы ашылмай, түнеріп келді. Өз бөліміне де тұрақтай алмай, біраздан соң бізге келді. Үйінде бір келеңсіз жағдайдың болғаны анық. Ондайын ішке бүгіп қалатын Баймахан ба, қалайда біреулерге айтуы керек. Іштегі шерін сырт­қа шығаруға әртүрлі ұлттан құралған өз бө­лімінен гөрі, бізді қолай көретін секілді:
– Бұл қатын дегенге сенуге болмайды екен ғой, – деді бір мезгілде дауысы жер астынан шыққандай құмығып. – Мен бұрын Нұрбәтиге құдайдай сенуші едім, алданыппын. Бәрі бекер боп шықты...
– Не болды, ағасы?! – дейміз бәріміз өре түрегеліп. – Жеңгей, шынымен-ақ, көзіңізге шөп салып жүр ме?
– Солай екен! – деді ол балаша кемсең­деп. – тиын-тебені сеп болсын деп, биыл үйімізге квартирант (пәтерші) жібергенбіз. Жиырманың ішіндегі жас жұмысшы... Кеше көңіл-күйім болмай, қызметтен ерте қайтып, ішкі үйге кіріп барсам, Нұрбәти төр алдын­дағы төсекте, бір көрпенің астында жатыр жаңағы квартирант жігітпен...
Мұндайда жұбатарлық бірдеңе айту қиын ғой. Бөлмедегі бес-алты жігіт түгел мө­лиіп, төмен қарадық. «Ит-ай! – дейміз іші­мізден квартирант жігітті қарғап. – Бай­құстың аңқаулығын пайдаланып, әйелімен көңіл қосып алған ғой көптен бері...». Құдай басқа салмасын, ер-азамат үшін бұдан өткен қасірет бола ма? Бұл сорлы енді ол үйге қалай бас сұғады? Жан жарасын жылы жауып қоя салмай, онысын жұртқа жария етіп, айтып отырғанын көрмейсің бе?!
Бірақ біз Баймахан үшін текке уайымдап жүріппіз. Ертеңінде жұмысқа жайраңдап келді ағамыз. Әдет бойынша, алдымен біздің бөлмеге бас сұққан.
– Какой я – дурак! – деді босағадан ат­тай беріп. – Кеше үйге барған соң маған бә­рін де Нұрбәти түсіндірді. Өздерің білесіңдер, қазір үйлерге жылу жіберген жоқ қой. Каркас үйлер өте суық. Нұрбәти мен квартирант жігіт суық үйде тоңған соң, бір көрпенің астына кіріп, жылынып жатыр екен ғой... Ал, мен – дурак, соны түсінбей басқаша ойлап қалыппын.
Мұндайда не айтуға болады? Әйткенмен, бә­ріміз жамырай тіл қатып:
– Е, бәсе, жеңгемізге не көрініпті, сіздің көзіңізге шөп салатындай.
– Ондай жеңіл жүрісті әйелге ұқсамайды ғой ол кісі! – десіп, бәріміз де қуанып қалған түр байқаттық.
Міне, сырт көзге бадырайып көрінбейтін, жағдайын жақын араласқандар ғана білетін бір соғыс мүгедегі ортамызда осылай жүріп жатыр. Оның оғаш қылықтарын көрген 
сайын, «соғыстың бетін ары қылсын! Құдай кон­тузия қыла көрмесін» деп тілейміз іші­мізден.
Ал, көңілге әркез орала беретін тағы бір сұрақ бар? Осындай әпенді шалыс адам қалай кітап жазып жүр? Оның шығармала-рын жұртшылықтың сүйіп оқитыны нелік­тен? Байыптап қараған кісіге оның да жауабын табу қиынға түспейтін секілді. Өйткені, «ақын-жазушы кім десеңіз, ол – балалық қасиеттерді бойында неғұрлым мол сақтаған адам» дейді екен білетіндер. Ал, Баймахан – қулық-сұмдықты, бақай есепті білмейтін, тап-таза баланың өзі емес пе. Алдындағы ақ қағаз қандай пәк болса, Баймахан да сондай кіршіксіз. Ендеше, ондай адамның қаламынан кейде жақсы шығарма туса, оған таңданатын не бар? 

1 пікір

Үздік материалдар