Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Билік 5116 0 пікір 25 Мамыр, 2016 сағат 15:51

«ЖЕРІМІЗ ҮЛКЕН. ОНЫ ИГЕРУГЕ МҮМКІНДІГІМІЗ ШАМАЛЫ»

Кеше Еліміздегі Демократиялық күштердің «Қа­зақ­стан-2050» жалпыұлттық коалициясы Үндеу қабылдап еді.  Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде (https://egemen.kz/2016/05/25/42040) сол Үндеуге бір топ белсенді төмендегідей лебіздер легін ақтарып тастады.

Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ,

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

– Барлығымызға еліміздің бірлігі, татулығы қажет. Кез келген мәселені шешу кезінде асығыстық жасап немесе қызбалыққа салынып қажеті жоқ. Бұл ешкімге абырой бермейді. Қазіргі таңда елімізде Жер кодексіне қатысты қызу талқылау жүріп жатыр. Осы орайда Елбасы тапсырмасымен Жер реформасы бойынша комиссия құрылды. Облыстарда қоғамдық кеңестер жұмыс істеуде. Жерге қатысты халықтың пікірі барынша ескерілуде. Жалпы, жерімізді ұқыпты пайдаланып, оны халқымыздың игілігіне асыру қажет. Мұны барша қазақстандықтар түсінеді деп ойлаймын.

Серікбай ТҰРҒАНБАЕВ,

«Сері — Еркін» ЖШС бас директоры: 

– Шындығында, жер – қазақ халқы үшін ата-бабадан мұра боп қалған ең асыл қазына. Жердің иесі болмайынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің тиімділік бермейтіні рас. Жалға беру мәселесіне кеңінен тоқталатын болсақ, жеріміз үлкен. Сондықтан, осыншама ұлан-ғайыр жерді игеруге мүмкіндігіміз шамалы. Сол себепті, жерді шетелдіктерге жалға беруге болады. Олар инвестиция тартып, жаңа технология әкеледі. Осыны ойлауымыз керек.

Мұрат ӘУБӘКІРОВ,

«Аман-кел» аграрлық өнеркәсіптік компаниясының бас директоры:

– Мен аграрлық салада 2003 жылдан бастап еңбек етіп келемін. Алматы облысында элиталы жүгері тұқымын егумен, асыл тұқымды мал шаруашылығымен, апорт алмасын және интенсивті технология бойынша жеміс-жидек өсірумен шұғылданамыз. Бүгінгі күні біз 10 мың гектар жерді жалға алып отырмыз. Осы салада көптеген жылдан бері еңбек етіп жүргеннен кейін, жерді Қазақстан азаматтарына сату мәселесін өз басым құптаймын. Жер ұрпақтың игілігіне айналуы үшін оның қадірін білетін, игере алатын қожайыны болуы керек. Жер отандық шаруалардың меншігіне өтпейінше, бұл салада ешқашан даму болмайды. Өйткені, еліміздің қаржы ниституттары болсын, шетелдік инвесторлар болсын қаржы беру үшін ең алдымен, жердің жекеменшікте болуын талап етеді. Өйтпеген жағдайда қаржы салуға келіспейді.

Сонымен бірге, менің ойымша, жер қазақстандықтарға сатылып қана қоймай, 49 жылға жалға берілуі керек деп санаймын.

Ибадулла ҮМБЕТАЕВ,

Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі:

– Елбасымыз мораторий жариялап, жер мәселесі жөніндегі халықтың тілегі  мен ұсыныстарына айрықша көңіл қойып отыр. Осы сәтте, ел мен Елбасы арасындағы алтын арқауды бекемдей түсіп, жер тағдырының ұлт игілігіне шешілуін қамтамасыз етуіміз қажет. Жер мәселесінде асығыс шешім қабылдауға болмайды. Жер кодексіне енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – жерге меншік иесін табу, тиімді пайдалану, оның құнарлылығын арттыру. Меншік иесін табудың жолы меніңше, оны жалға алып отырған шаруаларға және ел азаматтарына сату деген сөз. Жекеменшік – нарықтық экономиканың негізі.

Жерді меншікке алу құқығы болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін өте маңызды кепілдік. Оңтүстік Қазақстан облысындағы суармалы егіншілікпен айналысатын шаруа қожалықтары мұны жақсы түсінеді.

Мұрат ЖӘКІБАЕВ,

«Белес» компаниялар тобының бас директоры:

– Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану үшін оның иесі болуы қажет. Онсыз іс өнбейді. Халық мұны түсінеді деп есептеймін. Сондықтан, елдің мүддесін бірінші кезекке қоя отырып, мәселенің оңтайлы шешілгені абзал. Менің ойымша, жер реформасына қатысты мәселелерді мұқият зерделеп, зерттеп барып шешім қабылдаған дұрыс. Бүгінгі басқосуда көптеген жақсы ұсыныстар айтылды. Мұның барлығы алдағы уақытта ескеріледі деп есептеймін.

Жұмажан ШАҚЫПОВ,

«Каспий-Балық» ӨК атқарушы директоры:

– Мемлекет басшысының мораторий жариялап, соның нәтижесінде жер реформасына қатысты өзекті мәселелердің қайта қаралуы өте құптарлық іс болды. Қалай дегенде де, уақыт талабына сай жердің игілігін халық көруі керек. Біз алдағы уақытта ауыл шаруашылығын дамытамыз десек, біріншіден, тиімді заң қабылданғаны дұрыс. Бұл бағытта нақты шаралар атқарылып жатқанын біліп отырмыз. Оның өз жемісін беретініне сеніміміз мол.

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1434
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1274
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1034
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1089