Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 3653 0 пікір 7 Маусым, 2016 сағат 08:31

АЗИАТ РОБОТ

(сатира)

 

Жас шенеунік еміздігін тістелеп,

Бөлмесінде тәтті-тәтті түс көред:

Түрі азиат роботтар жасапты,

Миы үшеу, жүрегі де үш бөлек.

 

Жай жата ма жал бітсе егер пендеге,

Қолбаласын қойды әлемдік көрмеге,

Болмаса да жолдамасы арнайы,

Пара беріп жайғасты кеп төрге де.

 

“Құпиясы үш айырлы тілінде” -

Деп бөсіп тұр, қымсыну жоқ түрінде.

Айтып-айтпай түрі азиат роботтың,

Бөлек-бөлек мінез - тек бар үнінде.

 

Күлкіге жұрт қарық болды жиналған,

Өтірігіне өзі ерек иланған,

Орта миы бірінші боп сөз алып,

Деді: “Бәрің таралғансың Иваннан”.

 

Сол жақ миы жүйрік санға, теңдеуге,

Оң жақ миы шал сияқты шер кеуде,

Басып Aққу, Шортан, Шаян жырына,

Барын салды өзара дес бермеуге.

 

Үш тіл - үш ми: Қазақ, Орыс, Ағылшын,

Бір-біріне қалай ғана бағынсын?!

Тапқырлыққа алқау емес, ішінен,

Нәлет айтты жиылған жұрт, қауым шын.

 

Оң жақ миы қайтпақ ата қонысқа,

Орта миы аттанбақшы Орысқа,

Ортасында қасарысты сол жақ ми,

Екеуінің ешбіріне болыспай...

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

 

0 пікір