Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Әдебиет 5842 0 пікір 11 Маусым, 2016 сағат 13:06

Қуаныш ЖИЕНБАЙ. ЕКІНШІ БАЛА ӨЗІНІКІ (әңгіме)

Шұғыл  жолға жиналды. Бұл бөтен қалада ет-жақын таныстары болмаса да,  курстастарын құлағдар етуге тиіс қой ең құрығанда. Ал құлағдар еткенде не айтады, аяқ астынан елде жоқ  «ертегі» ойлап таба ма? Және онысына мына жұрт иланса жақсы. Анасын «о дүниеге атандыруға» болар еді. Салмақты дәлел. Бірақ жүрегі дауалап, ондай қиянатқа қалай дәті барады. Ертең шындықтың беті ашылған тұста сол «батылдығы үшін» біреулердің теріс қарағаны былай тұрсын, Қарасайдың төбесі анадайдан көрінгеннен ат-тондарын ала қашпастарына кім кепіл; сөйтіп түптің түбінде «анасына жаны ашымаған сатқын» ретінде дос-жараннан түгел айырылып, шөлдегі жапырақсыз жиде ағашындай жалғыз қалмасына кім кепіл. Үн-түнсіз жоғалып кету тағы ыңғайсыз. Оның үстіне Қарасай кеудесін сүйретіп, соңғы курске әрең тұяқ іліктірген көптің бірі болса сөз бар ма! Оқу озаты. Екі-үш күннен соң диплом қорғау қарбаласы басталады. Университет оқытушылары көпке үлгі болсын деп, алдымен Қарасайды «оққа байлайтындары» белгілі. Сақтық та қорлық жоқ. Осындайда министрліктің жауапты департаментінен жылтырақ папкіні қолтыққа қысқан әлдекімнің сымдай тартылып, боп-боз өңі одан әрі сұрланып,  дүниені тіреп тұрғандай шірене басып, дәл диплом қорғайтын күні сап ете қалатынын қайтерсің. Өкіл, өкілдерге өстіп ойламаған тұстан топ ете түскен жарасады. Міне, сондайда «біз оқытқан болашақ маманды көріп алыңыз» деп ұялмай-қызармай Қарасайды алға оздырып, арқасынан қақпас па!

Ал сол Қарасай, көптің үмітін ақтайды деп үкілеп жүрген Қарасай айдың-күннің аманында жер бетінен үштігөйлі жоғалып кетсе қайдан іздейді, іздегенде қайдан табады? Жатақхананың қуыс-қолтығын тіміскілегеннен не шығады. Тапқан табысты біреулермен бөлісе алмай, боқ дүниеге ашкөздене қарап, ақыры бүгінгі күннің басты «жыры» – көзбе-көз қастандықтың құрбаны болды-ау дейін десеңіз, Қарасайдың алқын-жұлқын бизнеспен айналысқаны шамалы. Қарабайыр тіршіліктің құлы, біртоға, азын-аулақ қаражатпен күн көрген қарапайым студент. Түрме төңіректеудің де реті жоқ. Көзге көрінбейтін жырынды топтың намысын жыртып, түн жамылып қала сыртында, оңашада күш сынасатындардың да сапынан емес. Ауруханаларды да адақтап шығуға болар еді, бірақ Қарасайдың жүрек соғысы орнықты.  Нағыз тепсе темір үзетін дер шағы.

Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмады. Қызыл кірпіштен қаланған жатақхананың сыры кеткен емен есігі өмірі жабылмайды. Сарт-сұрт, біреу кіріп, біреу шығып жатады. Темір кереуетті сықырлатып ұшып түрегелді. Жанындағылар өліп қалғандай шырт ұйқыда. «Осыларды да дос, жолдас дейді-ау!» Ішінен ашуланып, айқайға басқысы келіп, келіп тұрды да өз-өзін әзер тежеді. Қарасайдың кешелі-бері қабағы түйіліп, тірі жанмен шешіліп сөйлеспей томаға-тұйық күйге түскендігін неге аңғармайды бұл сорлылар?! Әлде өзгенің қайғысында шаруам не, өзім аман болсам болғаны дейтін сезімсіз түйсік, сірә, мыналардың да жан-дүниесін жаулап алғаннан сау ма?! Оу, Қарасай... Қарасайдың жүрегі, бітім-болмысы ерекше жаратылған ба сонда? Тырнақтай кір-қоқысты көтере алмай морт сынатын таңғы шыққа шомылған  гүл қауызы бар-ау... Қарасай өзін соған ұқсатар ма еді осы жолы. Әлде иненің жасуындай шаң-тозаңға кірпідей жиырылатын үлбіреген ақ мақта... Немесе, өзінің жұмыртқасы болмаса да терек басындағы ұяға керіліп-созылып, мысықтабандап жылжыған жыланды көрсе ауаға ілініп қалған қара ноқаттай қанаттарын дамылсыз қағып, безектейтін боз торғай... Жә-жә, мұның бәрі мөлдіреген поэзия. Сірә, мұндай тұнықтықты бастарынан өткізіп алған секілді ғой баяғыда. Ендігісі өңшең проза. Ауыр, анау-мынауға илікпейді. Өзіне ғана есеп береді, өзімен-өзі ғана сырласады және мені аяқ астынан жарылқап тастар-ау деп өзгелерден де рақым дәметпейді. Не, не дейді-ей, Қарасайдың мына сандырағы не сандырақ?! Өзіне тиесілі базарлықтан құр қалған бала секілді неге бұртияды? Мұнысымен не айтпақ, нені түсіндірмек? Эх, мына ұйқыдан өлген «сболыштардың» бірі Қарасай кешкен қасіретке душар болса (қойшы, болмай-ақ қойсын) бұл жүрегін қолына алып, сол сәтте солай қарай дедектеп жүгірер еді ғой; бір нәрсеге бәлендей қорған бола алмаса да, оның жан жарасын бүтіндей жазып жіберуге қауқары жетпесе де, өбектеп, асты-үстіне түсіп, соның жанынан табылар еді ғой. Сөзбен демесе де бірдеме айтар еді ғой. Әйтеуір үнсіз қалмайды.

Ал мыналар... Қарасайдың астаң-кестең жан әлемін түсінуге тым орашалақ. Мақұрым. Мұсылман баласы боп бірінің селт ететін түрі байқалмайды. Қарасай сонда өткен дәуір шеңберінен шыға алмай жүрген, әлі күнге дейін кітап сөзіне сенетін, әлі күнге дейін жата-жастанып кітап оқитын, ал көкіректі солқ еткізетін оқыс оқиғаға тап  келгенде жылап жіберуден да тайынбайтын болбыр, өмірге икемсіз жандардың сортынан ба?! Солай ма? Жо-жоқ, мұныңыз Қарасайдың намысына тиетін әрі көрер көзге қиянатқа итермелейтін жала! Қарасай да өлетін жерін біледі. Өткір, әлдекімнің мылжыңын көтере алмайды, түптеп келгенде басынан сөз асырмайды. Соған орай біреуге де есесін жібермейді. Қайсар, керекті жерінде қыңыр, бірбеткей. Осы жолы... осы жолғы осалдығын өзі де түсіне алмады. Біреулерден жылы сөз естісем дейді. Жылы сөз. Ала құйын долы желге душар болған қайран дүние-ай, мінекей, осы күндері адамға керектінің бәрі төңірегінде толып тұр. Көңілің соққанға қамшы сала бер. Тек бір ғана нәрсе жетіспейді, жүрек жібітерлік қайран жылы сөз, қай тозаңның астына қалдың тұншығып?!

Мына топастардың бірінің бүйірін түртіп жіберіп, бастан өткен оқиғаның бәрін өзі баяндап берсін бе. Содан бірнәрсе өнсе... бір түрлі, айтудан тартынбас-ау, бірақ бір ересен күш аяқ-қолын  байлап-матап, ілгері қарай аттатпайды. Бір түрлі... біреудің жәдігөй, ішінде жыланқарағы жоқ құр сылдыр аянышын сұрап алатын секілді тұла бойы дір ете түседі. Одан гөрі «өлігін көрсетпей», қайда жоғалғандығын да сездірмей, осы түннен қалмай қарасын батырғаны абзал. Күйіп бара жатса дипломды бір жетіден кейін қорғар, келесі жылға қалдырса да өздері біледі.

Таңға дейін көз ілмейді екен, ендеше бекерге жан қинаудың қажеті не. Сыртқа шығып кішкене бой жазғаны жөн болар. Үстөл үстіндегі қалайы шәйнектің суық шайын ұртын толтырып бір жұтты, екі жұтты. Түн. Ауа сызды. Өткінші жауынның иісі сезіле ме қалай. Төңірек тып-тыныш. Жатақхананың төртінші қабатындағы шеткі терезеден әлдекімдердің түсініксіз масайраған дауыстары естіледі. Сірә, біреудің туған күнін тойла жатқан болар. Төртінші қабатта философтар тұрады. Өңшең мықтының балалары. Түн қоңыр салқын  жайлы болса да костюмінің жағасын көтеріп, жатақханадан әрірек алыстағанды жөн көрді. Жолай ұшырасқан біреуден бір тал шылым сұрап алды. Онысын ақырына дейін шеге алмады, қақалып-шашалып мазасы кетті. Кішкене жылғаның жағасына жетіп, қой тасқа құйрығын қойды. Арық көзі аршылмаған-ды, сондықтан таудан құлап арындап ағатын тұнық судың да көкірегі шерге толы. Қоқыс кедергілерден итініп-сұғынып өтем деп-ақ шаршаған, діңкелеген. Ал былайғы тірліктің қағанағы қарық, сағанағы сарық, соған бола жүйке жұқартып жатқандар жоқтың қасы.

«Сіз, Қарасай мырза, неге бүйтіп мазасыз күй кешесіз, а?!» – Аршылмаған арықтан қысылып-қымтырылып аққан тұма бұлақтың көмейі салдыр-гүлдір.

«Сұрайсыз, несіне сұрайсыз? Мұндайда іштей ұғысқанға не жетсін!»

«Мен де табиғаттың төл перзентімін ғой. Бәлкім, менің жәрдемім тиер».

«Иә, менің жанымды адамдар түсініп болып, енді сен қалып едің?»

«Адамдар, адамдар дейсіз, ә!.. Қазір түн іші, абыр-сабыр алыста. Осындайда іштегі шерді ақтарып, бір жеңілденіп қалыңыз, жүрекке жүк түсірмей!».

«Жүрекке жүк түсірейін деп жүрген кім бар. Бұл оқыстан жабысқан кесел. Міне, содан бері басым бір жақта, аяғым бір жақта. Кеуде сүйреткен құр сүлдемін».

«Сіз секілді нар жігітке бүйтіп мүжілу жараспайды».

«Жарасым тілеген жайым жоқ. Бірақ жүрегім алып-ұшып бір жамандықты сезеді».

«Е, түсінікті, түсінікті... махаббат дертіне шалдықтым деп, ашық айтпаймысыз салғаннан. Махаббат... үйреншікті әуен ғой ит жегір!»

«Мен үшін ол үйреншікті әуен емес. Өмірім  тұйыққа тірелген тәрізді кешелі-бері».

«Сүйіктің ажалдан аман ғой, әйтеуір?!»

«Ажал. Ажал құшпаса да соған жақын. Биыл Ақжарқын екеуміз күзге салым шаңырақ құруға уәде байласқанбыз. Ол мені сүйеді. Бұл жәй сөз емес. Екеуміздің арамыздағы махаббат сезімін мен бәрібір жеріне жеткізе айта алмас ем. Тілім жетпейді. Бір-бірімізге мектеп партасынан ғашықпыз. Қос аққу тәрізді едік. Ол биыл облыс орталығындағы медучилищені үздік бітірген. Жолдамамен Қызылқұмның қиян шетіндегі бір ұжымшарға жұмысқа жіберіпті. Міне, менің оқу бітіруіме де бір ай қалды. Ертең жиын-терін аяқталады. Елдің шаруадан қолы босайды. Күзге салым үйленеміз деп жүргенбіз».

  «Е содан?»

  «Созғалақтайтын несі бар, сол ұжымшардың есалаңдау бір тракторисі Ақжарқынды құрбысының үйінен түнделетіп тысқа шыққан мезетте жеңіл мәшинесімен басып әкеткен».

  «Басып әкеткен?».

  «Иә, ауыл әрі қараңғы ғой. Кейбір қыздар осындай оспадарлықтың құрбаны боп кете барады. Кеше ауылдағы Тұрсынбай досым болған жайды бастан-аяқ баяндаған. Шаруа осы».

  «Жә, түңілме де, күрсінбе. Ақжарқын барған жерінен бақыт тапсын. Кім-кімге де бала махаббаттың қайғыдан басқа берері шамалы. Олардың «бай болып, барша мұраттарына» жеткендері де шамалы. Сирек, тіпті саусақпен санарлықтай. Сіз де солардың бірісіз. Өткенге салауат. Махаббат жолын қайтадан бастаңыз. Түр-тұлғасы келіскен әдемі жігітсіз. Иек қақсаң қыздардың өзі жетіп келеді қасыңызға. Таңдау сіздің жағыңызда.  Басыңызды көтеріңіз, өз-өзіңізге мықты болыңыз. Бөгде ойлардан арылыңыз...»

Қарасай бұлақ басынан ұшып тұрды да, алқынып жатақханаға қарай жүгірді. Есік ашық. Ескі диванда былқ-сылқ етіп, ашылып-шашылып күзетші орыс кемпірі жатыр. Жол сөмкесін иығына асты да, аэропортқа жеткізетін жедел таксиге тапсырыс берді.

                                                           ХХХ

Қарақұмның иін ортасындағы ұжымшардың ой-шұқыры Қарасайға бұрыннан таныс. Аудандық газетте екі жыл қатарынан өндірістік тәжірибеден өткенде бұл өңірді армансыз аралаған. Сан түрлі тақырыпта мақалалар жазған. Кейіпкерлерінің дені осында. Өзі құралпы жігіттермен әлі күнге дейін хабарласып тұрады. Олар Қарасайды керемет қаламгер ретінде бағалайды, жазғандарының аяқ-қолын жерге тигізбей мақтайды. Әрине, Қарасай ептеп қысылады. Ауыл адамдарының кең пейілдеріне іштей риза боп, артық айтылған пікірлерін үнсіз қабылдағанымен көңіл түкпіріндегі таразы кей тұстарына келіспейді.  Ондайда назарын төмен салып, жанарымен жер шұқиды.

Иін тірескен құм белдердің талайын артқа тастап, лақса автобус тақыр жердің шаңдағын бір бұрқ еткізіп, ауыл сыртындағы жайдақ бекетке тоқтаған сәтте Қарасай біреу етегінен ұстап қалатындай, алқын-жұлқын алдыңғы есіктен атып шықты. Біреулер Қарасайды шынымен таныды ма, әлде әлдекімдермен шатастырып тұрды ма, әйтеуір, болар-болмас жылы қабақ танытқан секілді ишара білдіріп еді, «самбреро» шіләпісін көз алдына мемілдете киген Қарасай тірі жанды елемеді. Өңі сұсты. Өткен жылы осы ауылдың жылы-жұмсағына тұмсығын тығып, үлкенімен де, кішісімен де жылыұшырай амандасып, біреулердің білмек болған тосын сұрақтарына барынша толыққанды жауап беріп, арасына өзінің де «тегін таз» еместігін, ертең-бүгін университетті «қызыл дипломмен» бітіргелі тұрғандығын сыналай кіргізіп, «әдепті, жігіттің сұлтаны» дейтін әдемі лебіздерге кеңірдектеген Қарасай бүгін мүлде бөтен адам. Тірі адаммен тілдескісі жоқ. Тіпті былтыр іргетасы қаланған орталық клуб шатырының ақ қаңылтырмен жабылғанына, су мұнарасының екі иінінен дем алып, тынымсыз жұмыс істеп тұрғанына, құм ішіндегі бұйығы ауылдың жоғары жақтарға арызданып жүріп, «Ақ бұлақ» бағдарламасына осы таяуда ғана қол іліктіргендеріне пысқырып қараса не дейсіз! Бөтен, Қарасайға бәрі бөтен. Бұрынғы Қарасай шынымен бұрынғы Қарасай болса, қара дүрсіндеу алғашқы мақаласына кейіпкер болған әрі өзімен түйедей құрдас шағын  цехтың иесі Досбергеннің отбасы жағдайын сұрастырып білмес пе еді-ау; келіншегінің аяғы ауыр еді, аман-есен босанса досын тұңғыш перзентінің дүниеге келуімен құттықтауға асықпас па еді. Орта мектептің әдебиет пәнінен сабақ беретін жас мұғалім Алтынай Солтүстік Қазақстанның тумасы болғандықтан сулы-нулы жерден соң мынадай құм суырған өңірге үйіренісе алмай жүргенін, бір-екі жылға шыдаса шыдап, шыдамаса келген ізімен кері қайтуға бел буғандығын... бұрын-соңды таныс-білістігі болмаса да Қарасайды қара тұтып, әрі бір университеттің түлегі болған соң, бар сырын армансыз атқарғандығын кім ұмытар. Қарасай ұмыта алар ма. Оның үстіне Алтынайдың тұла бойыңды ішіп-жеп, қарасы қалың үлкен көздерін аударып-төңкеріп, әлденеден шөліркеп ындыны құрығандай, кішкене емеурін танытсаң құшағыңа құлай кеткелі тұрған елден ерекше ыстық-ықыласын кім ұмытар. Со жолы Қарасай да өзінше қамқорсыған, өзінше шешенсінген. Анау айтқандай өмірлік тәжірибесі болмаса да, көбіне кітаптан оқыған оқиғаларды қоюлатып, біраз-біраз ақыл үйреткен. Қайда сол үріп ауызға салғандай Алтынай сұлу?!

Қазір Қарасайдың мына түрінен адам шошығандай. Егеудей жұтқыншағы арлы-берлі дамылсыз жүгіреді. Қырым етсіз қу жағы жыбыр-жыбыр. Аптап ыстық тынысын тарылтты. Шөлден қаталап түкірігін әзер жұтты. Қайда барады? Манадан бері осы сұрақтың түбі бір алдан шығарын сезсе де, соншалық мән бермеген-ді. Айтқандай қайда барады? Сәлден соң кеш батып, қараңғы түседі. Амалсыз кері бұрылды. Су тартқыш мұнараның көлеңкесі әзірге адам-қарадан аман-ды. Шаңқай түс. Жейдесінің тамақ түймесін ағытып, «самбреросын»  шешіп, шаң аралас тымырсық  ауаны әзер жұтты. Жарықтықтың суы мұншалық мұздай болар ма?! Сылдыр сумен тағы да қарын қампайтты. Әлгі әзірдегі көзсіз өшпенділіктің алқымға тірелген қызыл шоғы осыдан соң сәл босаңситын шығар деп еді. Бекер екен. Аптап ыстық астында өлі денедей қыбырсыз жатқан ауылды қолдан келсе өртеп жібергісі келді. Оған несіне қиналады. Мына шеткері қоныстанған қам кірпіш үйдің қамыс қорасына бір тал сіріңкені тастап жіберсең бітті, жалаңдаған өрт одан әрі ешкімнен көмек сұрамайды. Ұйтқып ала жөнеледі. Бірақ Қарасай одан ұшпаққа шыға қоя ма. Далбасалаған тірлік әншейін.

Дәл осы ауыл... кешегі күні Қарасайдың тасқа басылған шалдыр-шатпағына нысана болған осы ауыл... мінекей, мұның мына дүниедегі ең қымбат адамын мазақ қылғандай, жоқ жерден басына орамал салып, зорлық-зомбылықтың көкесін көрсетсе де, дәл осы тұста түк білмегендей шақырайған күн астында тымырайып сұлық жатыр. Өртеп жіберер ме еді деп тісін қайрады. Бұл неткен сорақылық?! Ақжарқын секілді сұлуларды құрбандыққа шала берсе... Сонда, сонда деймін-ау,  бұл ауылдың ақ-қараны ажыратуға қауқары жететін ақсақал-қарасақалдары қайда қараған?! Әлде оларға да бәрібір ме. Артынан алқынып-жұлқынып жоқтаушылар, іздеушілер келіп жатса көрерміз, ондай-ондай кімнің басында болмаған, ал алда-жалда іс насырға шапса «біздің баладан бір кемшілік кетті, кешірім етіңдер» деп түк болмағандай тым-тырыс қала бере ме?! Бұл – Қарасайдың әділдікке жүгінген сыртқы тұлға-бітімі ғой. Ал ішкі әлемінің қан жылап, қан құсып жатқандығын кім түсінер?! Бұған келгенде Қарасай тіпті жалғыз еді. Ақжарқынның кіреуке жанарына қалай қараудың да жөн-жосығын түсінбеді. Ішінен мүжіліп, Ақжарқынның әлі пәктігінен айырылмаған құлын мүсінін әлгі аузы сасық жаман трактористің  арақ пен темекіден босамайтын ұртын томпайтып, түннің бір уағында бірнәрселерді міңгірлеп, добалдай қолымен сипалауы мүмкін-ау дегенді ешбір ақылға сыйғыза алмады. Сыйғыза алмағаны былай тұрсын, соны ойласа осы тұрған жерде жынданып кете жаздайды. Көзінің алды қарауытып, Ақжарқын келін боп түскен үйдің қай тұста екенін сұрап біліп, әлгі басбұзар жаман трактористі алқымнан алып, буындыра салғысы келеді. Ай-хай, өз қолымен буындырып, жанын жаһанамға жөнелтсе. Оның құны Ақжарқын екеуінің айлы түн астында сүйісіп, тілдері жеткенше біріне-бірі тілегін жалдап, мына дүниенің бары мен жоғын ұмытып, бақыт құшағында балқыған сәттеріне татыр ма?!.. Ол жырды айтып түгесе алар ма?! Оның бер жағында Ақжарқын оқуын ойдағыдай бітірген соң, осы таяуда бір міндеттен құтылғандай, негізгісі – Қарасайды сағынып, соның қасында болғысы келіп, «Алматыны жалғыз өзің қызықтай беремісің» дейтін қалжыңды бергі жағымен ғана айтып, салып ұрып Оңтүстік Астанаға жетіп келгендігін айтсаңшы! Қарасай құрақ ұшып қарсы алды. Қолынан келгенше әсем қаланы аралатты, метроға мінгізді, Көктөбеге шықты. Жатақханада Ақжарқынның келу құрметіне кішігірім той жасады. Жора-жолдастарымен таныстырды. Қыздар жағы Қарасайдың ешкімге көз салмайтын ұстамдылығының түп төркінін енді түсінгендей, өздерінше қайран қалысты. Ақжарқынның сұлулығына да көңілдері толды. Кешкілік... той тарқар тұста... бөлмелестері аяқтарын ұшынан басып, аздап «қызып қалғандарын» сылтауратып, екеуін түні бойы оңаша қалдырған. Сол түні екеуі де кірпік ілген жоқ-ты. Күлді, сүйісті; күлді, сүйісті. Небір шәрбат сөздердің қайдан шығып жатқандығына қайран. Еркек, Қарасай еркектігін дәлелдегісі келген-ді со жолы. Дөрекі өркөкіректікпен емес, екі жақтың келісімімен. Дәлірек айтқанда Ақжарқынның рұқсатымен. Топ-толық анарды  аймалаған  алақан ышқырға да талай мәрте «сапар» шеккен-ді.

–       Сен неге асығасың,  ақымағым, мендегінің бәрі сенікі, сенікі! Егер мүмкіндік жасасаң, сенің шаңырағыңнан пәк күйімде аттайын. Одан кейін не істесең де өзің біл. Ал оны күте алмаймын, шыдамаймын десең, міне қасыңда жатырмын ғой...–деп Қарасайды да сабасына түсірген.

«Жә, бұл қыз біткенге тән өтірік қылымсу ғой» деп оғаш қылыққа бара алмады Қарасай. Ақжарқынды сүйіп-құшып құлағына сыбырлады: «Сол күннің кешікпегендігін тілеймін».

Тіледі, тілегенде қандай! Кәдімгі қызғанғаның қызыл итке жем болсынның кері. Енді не істейді? Төңірек қараңғылық құшағында. Осы қараңғылық жүйкесін жүндей түтеді-ай! Осы қараңғылықта жаман тракторист Ақжарқынның күн тимеген абыройын сақтап, тар төсекте тып-тыныш жата ала ма? Ай, қайдам-ау, қайдам?! Күйіп-жанып тұла бойы дірілдейді. Алқынған кеудесін басуға себеп іздегендей, суық суға үздіксіз басын тығады.

Су мұнарасынан су алуға келген тәмпіш мұрын қара бала «самбреро» астындағы шегір көзге тесіліп қарады.

  –Сәлем қайда, немене менімен бірге түнеп шығып па ең?!

  Күс-күс қолын ұсынды.

  –Атың кім?

  –Айдарбек.

  –Жарайсың, Айдарбек,  ал ауылда не жаңалық? Бүгін кино бола ма, әлде...

  –Кино болмайды.

  –Неге?

  –Киномеханик Жарылқасын көкем қалаға кеткен.

  –Оның орнын басатын адам жоқ па?

  –Бар ғой...

  –Е, бәсе...

  –Әсемкүл жеңешем... бірақ ол бүгін клубқа келе қойса...

  –Неге, жоспар орындау керек емес пе?

  –Жоспар онсыз да орындалады ғой. Бізден ешкім ақша сұрамайды. Бәрі тегін.

  –Коммунизм десеңші.

  –Бәрін кейін әкеміздің айлығынан ұстайды.

  –Жеңешеңнің қиналатын түгі жоқ екен ғой онда.

  –Несіне қиналады, бар-жоғы бір сағат.

  –Соны айтам-ау...

  –Үлкендерге кинодан да басқа қызық көп қой. – Бала  желкесін қасыды.

  –Мәселен?

  –Мәселен, бүгін Сансызбай көкемнің туған күні. Барлығы сол үйге жиналады.

  –Арақ іше ме?

  –Ішетін болар.

  –Сенің әкең ше?

  –Білмеймін, олар келгенше біз ұйықтап қаламыз.

  –Сен өзің жөн-жосық білетін дұрыс азамат екенсің. – Су толы темір бөшкені арбасымен калонканың астына жылжытты. – Тойға жастардың бәрі келе ме?

  –Енді ше...

  –Мұғалімдер де ме?.. Алтынай апайың да тойға  келеді ғой міндетті түрде.

Айдарбек Алтынай апайын алып қашуға келген күйеу жігітпен мұнара маңында кездесіп тұрғандай, қимастықпен бе, әйтеуір, іркіліп барып, кейінгі сұрақтарға көңілсіздеу жауап берді.

  –Жақында ауылдарыңда дүрілдеген той болыпты.

–Ә...ә, Сапарбек көкемнің келіншек әкелгендегі тойын айтамысыз?

–Сапарбек трактор айдай ма?

–Айдаған, қазір фермада.

–Сиыр сауа ма?

–Жоқ, сауылған сүтті қалаға тасиды.

–Келіншегін көрдің бе?

–Көрем ғой. Әдемі дейді. Ауылға дәрігер жетіспейтін еді. Әжем Сапарбек көкемді  ылғи мақтайды: «Әне, келіншек алсаң сондай келіншек ал» дейді.

–Дұрыс-ақ.

–Сапарбекпен бүгін тойда кездесесің десеңші!..

Тәмпіш қара екі доңғалақты арбаны әрең итеріп, артына бұрылмастан ырғатылып бара жатты.

                                              ХХХ

Кештің ортан белінен ауа бейтаныс үйдің ауызғы бөлмесіне кірді де, іркілместен ілгері озды. Ауылдағы тойдың көпке белгілі көрінісі осындай: той иесінің жақын-жуық ағайындары, ел сыйлайтын қартаң кісілер бірінен-бірі қалмай жаттанды тілектерін жосылтады да  дайын тамақтан ауыз тисе тиіп, тимесе осыған да ризашылықтарын білдіріп, жастарға бөгет болмайық дегендей, сыпырылып сыртқа беттейді. Жастардың осы сәтті асыға күткендері қаш-шан! Үлкендерін сыйлайтын, құрметтейтіндер сірә, осылардай-ақ болар. Не деген шыдамдылық, не деген көрегендік, қанша жерден өңештері жыбырласа да той сәнін келтіретін «ащы суды» дастарханға жолатпаған. Енді еркіндік. Еркіндіктің әсері сондай, біраз уақытты онсызда бекерге өткіздік-ау дейтіндердің дені «самапалдан» сілтеңкіреп те үлгергенге ұқсайды. Аш өзекке түскен удың барар жері белгілі, алдымен буынды алады, сосын миға шабады.

Біреуді біреу байқамайтын тойдың қызған шағы. Бұл ауыл еденге қалыңдатып көрпеше  төсейді де, жалп етіп жерге отыра кетеді. Дастарханды  да көлдетіп еденге жаяды. Қолтығыңда құс жастық, аяғыңды қалай созып, қалай жантаямын десең де өзің біл. Жұрттың алды бір мызғып алған-ау сыңайы. Көпшілігі ұйқылы-ояу, кейбірі жанындағы әйелін тап жаңа көргендей, тіпті танымай қалғандай іріндеген көзін ашып-жұмып, бір түрлі таңданыспен қайта үңіледі. Кім бар, кім жоқты түгендейтіндер шамалы. Тамада тамағы қарлыққанша айқайлап, әлдекімдердің аты-жөндерін атап, тост берудің ишарасын жасайды. Сосын демін жұтып, біраз күтеді. Тым-тырыс. Әрекідік әржер-әржерден тұншығып естілетін жартыкеш әуендер. Тірі адам суырылып алға шықпаған соң, тамада айызын қандырып  ұртын толтырып бір боқтайды.

Қарасайға да керегі осы еді. Дастархан жиегіне тізе бүккені болмаса, айналасындағы апың-гүпің тірліктен титтей ләззат ала алмады. Асықпай, «мына жігіт қайдан келген» дейтін «қауіп-қатердің» жоқтығын толықтай сезінген соң терең дем алып, жан-жағына жітілене көз тікті. Ақжарқынның «супер» күйеуі әдемі келіншегін елге көрсетіп, бір мақтанып қалу үшін де осы маңнан шаң беріп қалуға тиіс қой. Сонда олар қай маңда отыр? Әлде әлден жаман үйретпейін, әйелді – бастан, әке-шешесінің шайын құйып берсе де, соның өзін олжа көріп, әдейі үйге қалдырып кетті ме. Жо-жоқ, олай болуы мүмкін емес, Қарасай сенімді түрде ұшатын бүркіттей қанатын қомдайды. Іздегенге – сұраған, мынадай тойдың үстінен түсірген тағдырына риза. Сірә, жолы болар... «Қайдасың, Ақжарқын?! Сонша жерден итім шығып, жауға атылатын жолбарыстай жападан жалғыз түн қатып жүрген тірлігімді түсін! Сен маған керексің, менің мұнан былайғы өмірімнің мән-мағынасы саған байланысты, тек саған! Жә-жә, бүгін, дәл бүгін менің бұйымтайыма салғаннан келісе кетпейтініңді  ішім сезеді. Не үшін артыңнан алқынып жетіп келгенімді де сезіп тұрсың. «Жүр, ер соңымнан маңдайға жазғанын көрерміз!» Айтқандай, бұл өтініштің қажеті бола қояр ма дәл осы жерге. Адал махаббат екеумізге ортақ емес пе?! Ендеше оны өтпейтін тауардай неге саудаға саламыз, неге қақпақылдаймыз?! Соңғы кездесудегі жүрегің үзілердей айтқан сертіңнің бәрі есімде: «мен сендікпін, мен сендікпін!» дейтін ыстық-ықыласқа толы зарлыққан үнің менің құлағымда сол күйі сайрап тұр. Оны ұмыта алмаймын, ұмытқым да келмейді. Кеудемнен болар-болмас қарсылықпен кері итергің келеді, ә?! «Менің болып, бояуым сіңген, Қарасай, қинама, тағдырым осылай жазылса не шара. Көнемін-дағы бәріне. Ал сен маған қарайлама, артыңа бұрылма. Кіршіксіз махаббатымыздың куәсіндей болған сол түндерді жылай-жылай есіме алып, сенің бақытты болуыңа тілекші боп, қала берейін осы жұртта»... Бұ секілді үйреншікті жарапазанды тыңдауға құлағым бітеу. Тас керең. Кәне, көзіме бір көрінші, Ақжарқын! Мына бір иістенген тымырсық ауадан тұншығып қалатындай қалдемін...»

Ас үй жақтағы есік қайырылысына жасырынған Ақжарқын әлдебір түйсікпен Қарасайдың осында екендігін баяғыда-ақ біліп, бәрін көзбен бақылап тұрған-ды. Күйеуіне де арақты үсті-үстіне үстемеледі. О сорлының әбден есі шықты, арадағы кішігірім түсінбестік түйткілі осымен шешілгендей, екі көзі алақтап, Ақжарқынның ұсынғанын ұсынғандай қағып салып, добалдай аузын құлақ түбіне тақап, әлденелерді түсініксіз тілде ұзақ-ұзақ міңгірлейді. Артынша біреу әдейі істегендей арзанқол араққа шашалды да демін әзер алып, екі қол, екі аяғын төрт жаққа жайып жіберіп, тас еденге сұлап түсті.

                                                   ХХХ

Қарасай жазға салым университетті қызыл дипломмен тәмәмдады. Республикалық радиоға тілші боп орналасты. Аэропорт жақтағы бір орыстың үйін жалға алды. Ақжарқын аман-есен тұңғышын босанған. Қазір екіншісіне аяғы ауыр. Бәрі ойдағыдай, қашанғы қазақ зиялыларына тән өмір-дағы баяғы. Біріне жетіп, біріне жетпесе де, отбасының құстың ұясындай ауызбірлікке, түсіністікке негізделген тірлігін айтсаңшы!

Қарасай өзімен-өзі оңаша қалғанда шекесі торсықтай, тәй-тәй басқан бейкүнә сәбидің бойынан ан-ау көзі кіртиіп, қалғып-мүлгіп, аузына жүз грамм тисе тырапай асатын тракторист жігітпен бір ұқсастықты көріп қалмас пе екем деп ішінен күмәнданады. Зәресі ұшады. Бірақ онысын Ақжарқынға сездірген емес, сездірмейді де. Екінші бала өзінікі ғой, одан кейінгілері де өзінікі болмақ...

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1454
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1301
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1057
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1107