Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Құсни хат 4558 0 пікір 20 Маусым, 2016 сағат 17:31

МӘСІМОВ МЫРЗА, КЕШ БОЛМАЙ ТҰРЫП ОЙЛАНЫҢЫЗ!

Қазір елімізде орын алып жатқан түрлі экономикалық және қоғамдық, әлеуметтік жағдайларға қатысты Үкімет басшысының есімі жиі аталып жүр. Кәрім Қажымқанұлының қызметіне қатысты түрлі болжамдар да айтылуда. Әсіресе, Ақордадағы соңғы ауыс-түйістердің ақыры Үкімет басшысының қызметінен кетуімен түйінделеді дейтіндер де жоқ емес. Еліміздің егемендік алған 25 жылында Премьер-министр 7 рет ауысқан болса, солардың ішінде Үкіметті басқаруда  рекорд орнатқан  дәл осы Кәрім Қажымқанұлы екен.

Осы жылдар ішінде Мәсімов мырзаның мұрындық болуымен атқарылған шаруалар жоқ емес, десек те елдің ішінде Үкімет тізгіншісі туралы теріс пікірлер жиі айтылуда.  Асқар Мырзахметовтің вице-премьерлікке тағайындалуының да сыры – Мәсімов міндетінің аяқталуымен сәйкес келеді дейді әлеуметтік желі қолданушылары. Себеп көп-ақ, Францияның Mediapart интернет-басылымы "Қазақстан Премьер-министрі аса ірі көлемде пара алды" деп айыптағанын осының алдында жазған едік.  Тіпті, Үкімет басшысының әкесінің де есім-сойы елге мәлім. Әсіресе, «жетімдер үйін жекешелендіріп алу» ісі бойынша пікірлер екіге жарылған еді.

Жә, ол бөлек әңгіме. Осы уақытқа дейін Премьер-министрдің атына сан мәрте «ашық хаттар» жолданып, тікелей сұрақтар қойылды. Әзірге осылардың біреуіне берілген нақты жауапты көрген жоқпыз. Рас, Үкімет басшысы болу – еліміздегі жоғарғы лауазымды міндет.  Бұл қызметтегі адамның да жауапкершілігі атан түйенің жүгіндей ауыр екені рас. Осы ретте, біз Кәрім Қажымқанұлына қайта базына айтқанды жөн көрдік.

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

Жақында Жер реформасы туралы комиссияның мүшесі, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан өзінің «Фейсбук» желісіндегі жеке парақшасында сізге хат жазыпты. «Сіздің Үкіметіңіз біздің еліміз үшін тым қымбатқа түсіп отыр» деп жазыпты экономист-сарапшы.

Алып-қосары жоқ, рас. Себебі, Сіз премьерлік еткен 10 жылдың ішінде (Президент аппаратын басқарған аз ғана жылды қоса есептегенде) еліміздің сыртқы қарызы 155 миллиард долларға жетті. Бұл жан басына шаққанда әр қазақстандыққа (1 жасар баланы қоса есептегенде) 9100 доллардан тиеді. Биылғы қаржы дағдарысы кезінде мұнайға тәуелді еліміз тағы да шетелден қарыз алуға мәжбүр болды. Не үшін? Бюджеттің жыртығын жамау үшін. Ең сорақысы – қарапайым халықтың (ҚР азаматтарының) зейнетақы қорына қол салдыңыздар. Теңге бағамын  реттеу және Ұлттық экономиканы аяққа тұрғызу үшін деген желеумен – азаматтардың жылдап жинақтаған қаржысын алдыңыздар. Қордағы қаржыны жұмсарда халықтың пікірін білдіңіздер ме? Өкінішке орай - жоқ...

Бүгінгі таңда 9,6 миллион  электораттың (дауыс берушілердің) 7,3 миллионы  тұтынушылық және ипотекалық несие алып отыр. Тіпті, олардың 1,3 миллионы соңғы 3 айдың шегінде несиелерін төлей алмаған. Бұл - кедейлік. Еліміздің азаматтарының 1,3 миллионының кедей екендігін көрсетеді. Болжаммен 80 пайыздан астам қазақстандықтар банктерге қарыз екен. Сіздің Үкіметіңіз сол банктерге қолдау ретінде неше миллиард доллар шығындады?

Сол 10 жылдың ішінде мемлекеттік холдингтерге қолдау білдіру үшін бюджеттен 33 миллиард доллар жұмсалыпты. Ал бөлінген қаржы бюджетке қайтта ма?! Тағы да жоқ. 18 миллиард доллар қарызы бар «ҚазМұнайГаз» мемлекетке дивиденттерін қайтармақ түгілі, қайтадан көмек сұрап, алақан жайып отыр. Бұл туралы Мұхтар Тайжан да жазды.

Ел-жұрттың көбінің  көкейінде жүрген көмескі сұрақ: "Миллиардтаған қаржы бөлінген мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі қайда? Қағаз жүзінде атқарылған шаруа шаш етектен. Ал шынайы өмірде ше? Планшеттер қайда? Самолеттер қайда?"

Бір ғана мысал: Ақтаудағы «Caspiy Electronics» ЖШС елімізде тұңғыш болып планшеттер шығаратын зауыт болып іске қосылған еді. Алғашқы жылына 68 мың планшет, 40 мың теледидар және 43,5 мың монитор шығаратын болып мемлекеттен 800 млн теңге алған-ды. Алайда зауыт осы уақытқа дейін бірде-бір өнім шығарған жоқ. Кейін арада біраз уақыт өткенде зауыт жиһаз шығарумен айналысып кетіпті.

Ол ол ма,  елімізде ұшақ шығаратын зауыт іске қосылған еді. Қарағанды облысында ұшақ жасап шығаратын болып едік. Бұл да жел сөз болып шықты. Ал миллиондаған бюджет қаржысы желге ұшты.

Сондай-ақ, Сіз премьерлік еткен 10 жылдың ішінде біз ЕАЭО-қа кірдік. Шынтуайтына келгенде біз бұл одаққа кіру арқылы тәуелсіз экономикалық саясатымызды кісендеп, ескі одақ басшысының қолына ұстатып бердік. Қайтадан экономикалық боданға айналдық. ЕАЭО-ға мүше болған алғашқы жылдарда-ақ, еліміздің одақтағы үлесі 0,5 пайыздан әрі аса алмады. Еуропалық одаққа альтернативті одақ құрмақ болдық. Еуропалық одақ құрылған 1957 жылы оған мүше 6 мемлекеттің экономикалық ахуалы тең болған еді. Ал 17 миллиондық нарығы бар Қазақстанды 140 миллион нарыққа тұншықтыру екені біле тұра, біздің өнімдер сол 140 миллионға шығады деп сендік. Олай болмады. Керісінше біздің жүк көліктері Ресей кедендерінде айлап жатты. Қатаң бақылауға ұшырады. Экономикалық санкцияға ілініп, біздің экспорттық көкөністер «бульдозердің» астында тапталды. Өтірік емес.

Одан кейін, Қытайдан ондаған миллиард доллар қарыз алдық. Ең соңғысы Өзіңіз Бейжіңге барып қайтқанда, олжалай келген 28 миллиард доллар еді. Ол ақша қайда жұмсалды? Белгісіз. Бірақ, Сіздің тізгіншілік етіп отырған Үкімет еліміздегі мектептерде бастауыш сынып оқушыларына тегін берілетін бір уақыттық ыстық тамақты тартып алды. Баланың аузынан жырып, банктерге қолдау жасадыңыздар. Сіз үшін бұл нағыз масқара емес пе?

Ең маңыздысы сол – Сіз Премьер-министр болған жылдарда Елбасының пәрменімен қолға алынған «көші-қон» тұралап қалды. Шетте шер жұтып жүрген қандастарымыздың елге оралуына түрлі кедергілер пайда болды.

Ең соңғы, Сіздің жіті бақылауыңызбен дайындалған Жер кодексіндегі өзгертулер халықтық наразылыққа ұшырады. Ондағы өрескел қателіктер үшін Елбасының өзі пәрмен беріп, Заңға мораторий жариялады. Бұл қалай болғаны?

Енді Сіздің министрлер кабинетіндегі Білім министрі Ерлан Сағадиев мырза жаңадан реформа жасап, еліміздегі орта мектептерге үштілділікті күштеп енгізбекші. Сіздің екі бірдей министрдің кәсіби әдепсіздігінен көршілес елдермен түсініспеушіліктер орын алды. Оларға сөгіс жарияланбақ түгілі, ескерту де айтылған жоқ. Елімізде терроризм ушықты. Қалаларда атыс-шабыстар жиілеп кетті. Сіздің министрлер кабинеті неге үнсіз, іссіз, қимылсыз отыр?

Сіз Премьер-министр болған 10 жылдың ішінде жарты ауыз болса да қазақ тілінде жақ ашпадыңыз. ҚР Конституциясы Сіз секілді жоғары лауазымды қызметкерге мемлекеттік тілде сөйлеуді міндеттеп берсе де, сіздің Конституцияға «түкіргеніңіз бар» секілді. Демек, Сіз мемлекетті құрушы ұлттың құндылықтарын құрметтемейсіз. Әйтпесе, Сіздің біліміңізбен  10 жылдың ішінде қазақ тілін үйрене алмапты дегенге сену қиын.

Осының бәрі халықтың Сізге және Сіздің басқарып отырған Үкіметке сенімсіздігін тудыруда. Халық Сізге наразы. «Халық қаһарына мінсе, хан тағынан түседі» дейді. Сондықтан, кеш болмай тұрғанда, ойланғаныңыз абзал!

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1350
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1192
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 936
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1044