Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 22893 0 пікір 28 Маусым, 2016 сағат 23:45

ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ӨРКЕНИЕТТЕРДІҢ ҮН ҚАТЫСУЫ

Ежелгі римдіктердің дүниетанымы бойынша «өркениет» түсінігі ақыл мен заңға негізделген басқару жүйесі бір ізге түскен азаматтық қоғамды, қалалық мәдениетті білдірді. XVIII-XIX ғасырлардағы ағартушылық дәуірінде «өркениет» ұғымы әлеуметтік-мәдени дамуды сипаттау үшін қолданылды. Уақыт өте келе  О.Шпенглер мен А.Тойнби еңбектерінде бұл терминнің мағынасының әлде қайда кеңірек екендігін жазды. Олар «өркениет» сөзін өзіндік ерекшеліктерге толы «жергілікті қауымдастық» мағынасында, яғни «тарихи өркениеттер» (Қытай, Вавилон, Түркі, Мұсылман және т.б.) ретінде қолданды.

Л.Н.Гумилев өз еңбектерінде Шығыс пен Батыс тоғысатын түркі әлемінің шынайы тарихы мен әлемдік өркениеттер үнқатысуындағы рөлін көрсетуді мақсат етті.

Ал, отандық ғалымдарымыздың түсінігінше «өркениeт» ұғымы бiрқaтaр әлeумeттiк гeнoтиптi, әлeyметтiк стeрeoтиптi мeңгeргeн, сoндaй-aқ, үлкeн, жeткiлiктi, aвтoнoмиялық, бaрыншa тұйықтaлғaн гeoгрaфиялық кeңiстiктi игeргeн жәнe осыған орай әлемдiк тарихтан берiк oрын алған адамдaрдың мәдениет қауымын бiлдiрeдi.

Тәуелсіздігімізді алғаннан бері отандық тарих және мәдениеттану саласында «қазақ өркениеті» жайлы түсініктер қалыптаса бастады. Алғаш рет «қазақ өркениетi» терминi 1999 жылдың 31 мамырында «Қазақ өркениетi»  журналының ресми түрде тiркеу куәлiгiн алған кезде көрсетiлдi. Оқымыстыларымыз тарапынан аталмыш түсінікке қатысты баяндамалар 2000-2001 жылдары Алматы және Сидней қалаларында өткен халықаралық конференцияларда оқылды.  

«Көшпенділер өркениеті» деген ұғымды Ә.Марғұлан, К.Акишев, К.Байпақов сияқты археолог ғалымдар кеңірек пайдаланды. «Көшпенділер қоғамы» деген терминді С.Толыбеков, Д.Кішібеков сияқты ғалымдар ғылыми айналымға енгізді. Сонымен бірге соңғы кезде «Қазақ сахарасында дала өркениеті болды» деген пікірлер де орныға бастады.

Еуропа мен Азияның тоғысындағы кең байтақ даланы мекендеген  түркілер әлем өркениетінің дамуына өз үлесін қосты. Ежелгі түркілерде экономикалық құрылым мен көшпенді және отырықшы мәдениет, адамзат баласына ортақ жоғары рухани құндылықтар қалыптасқан болатын. Амудария мен Сырдария өзендер аңғары оғыз-түркі мәдениетінің отанына айналды. Қазақтардың, ертедегi түркiлердiң егiншiлiк мәдениетi де айтарлықтай жоғары деңгейде дамыды.

Ежелгi грек тарихшысы Страбонның «өркениет болса, бiр қала да жетiп жатыр» деген сөзiн негізге алар болсақ, зерттеушілердің пікірінше қазақ даласында шағын болса да 300-400-ге жуық қала тіршілік еткен. Тараз қаласының 2000, Түркiстан қаласының 1500 жылдық тарихының тойлануы ерте замандарда көшпенді түркілер тұрмыс-салтынан, өркениетінен көп сыр шертеді.  

Ұлы Жібек жолы қазақ даласын кесіп өтіп қана қоймай, мәдени құндылықтардың тасымалдануына ықпал етті. Амудария мен Сырдария өзендері арқылы қытай, парсы, үнді және араб өркениеттері тоғысты. Өнер түрлері, салт-дәстүр, жалпы алғанда мәдени-рухани құндылықтар дамып, тәңіршілдік, зороастризм, буддизм, христиан (несториандық) және ислам діндері үйлесімділікпен дамыды.

Сонымен қатар орыс ғалымы Л.Н. Гумилев еңбегінде: «Көшпендiлер мәдениетi өзiнiң 3000 жылдық өмiрі iшiнде Жерорта теңiзi мен Шығыс өлкесiнiң халықтарымен салыстырғанда, шығармашылық эволюцияны бастан кешiрдi», – деп жазды.

Түркі өркениетінің дамуына экономикалық ғана емес, рухани-мәдени құндылықтардың да қосқан үлесі үлкен болды. Қалыптасқан құндылықтар жүйесі қоғамның, елдің ертеңгі күн бағдарын айқындайды. Адамзатқа ортақ құндылықтардың біріне діни сенімдердің жататындығын ескерсек, түркі халқының бойында қалыптасқан толеранттылық мінезіне қарай қазақ даласында бірқатар діни сенімдер әрекет етіп, өркениеттер үнқатысуына ықпал етті.  

 

Бірқатар діндердің әрекет етуіне орай, түркі халқының лексикасында тәңіршілдік ұғымына қатысты «Тәңір қолдады», «Тәңірім, кешіре гөр» деген сөздер қалыптасса, зороастризм сенімінің бірен-саран қалдықтары қазақ халқының кейбір ырым-тыйымдарынан көрініс тапты. Буддизм діні белгілі бір уақыт шеңберінде ғана өз қызметін атқарып, артынан Тамғалы-Тас сынды мәдени ескерткіштер қалдырды. Христиан дінінің несториандық бағыты қазақ даласының оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс аймақтарындағы ру-тайпалардың арасында әр жерде қауым болып, бірде әлсіреп, бірде күшейіп, XIV ғасырдың соңына дейін өмір сүрді. Ал ислам діні болса түркі халықтарының, қазақтың салт-дәстүрімен біте қайнасты.   

Батыс пен Шығыс елдерін тоғыстырған жерімізде ерте заман қойнауында-ақ діни сенімдер өзара үйлесімділікте өмір сүріп, уақыт талабына сай бірін-бірі алмастырып отырды. Ата-баба салт-дәстүрінің түрлі наным-сенімдерге құрметпен қарауы бүгінгі күнге дейін өз жалғасын табуда. Атеистік кеңестік заман тұсында болсын қазақ халқы діні мен ділінен ажырамаған. Дегенмен ол дәуірдің ұлт тағдырына тигізген зардабы да аз емес-ті. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері мешіттер мен шіркеулер қайта қалпына келтіріліп, діни сенім бостандығына қол жеткізілді.      

Әлемдік дамудың жаңа тарихи кезеңі адамзат баласының әлемдік діндердің қауіпсіздік жүйесіндегі рөлін және өркениеттердің жаңа серпінмен рухани бірлесуі қажеттілігін түсінуімен сипатталады. Осы түсінікке сәйкес, ұлтаралық және дінаралық әрекеттестік пен ынтымақтастық арқылы өркениеттердің өзара үнқатысуы әлемнің үйлесімділікте дамуының негізгі шарты болып табылады. Осыған орай, өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысу жаңа заман талабына айналды.

2003 жылғы қыркүйек айының 23-24 күндері қазақ жерінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алғашқы съезін өткізу арқылы Қазақстан халқы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен батыл әрі мақсатты қадам жасала отырып, өркениеттің көрсеткіші болған діни сенімдердің үнқатысуын іскерлікпен ұйымдастыра білді. Аталмыш іс-шара адамзаттың жаңа мыңжылдығының конфессияаралық кеңістік жүйесін құруға жол ашты. Мұны өркениеттірдің қазақ жеріндегі тоғысуы мен табысуы деп бағалаған абзал.

Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында мемлекетіміздің бастамасымен 2010 жылды «Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы» деп жариялау жөніндегі қарардың қабылдануы Қазақстанның мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы үнқатысуын арттырып, этностар мен конфессиялардың өзара түсіністігін тереңдетуді ары қарай дамыта түсті.

Қазақстанда бүгінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бес съезі болып өтті. Аталмыш съездер адамзат өркениетінің бейбітшілік пен өзара ынтымақтастықта дамуын насихаттап, дінаралық сұхбаттастық арқылы әлемдік мәселелердің алдын алуға бағытталды. Өркениеттер үнқатысуына шақырған сұхбат жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің алдын алу мен олардың тиімді шешімін қарастыруға ат салысуда.  

Дінаралық сұхбат пен өркениеттер үнқатысуына үндеген съездің қазақстандық үлгісі саяси ұстанымның сара жолын салып, кемел үлгісін қалыптастырды. Түрлі дін өкілдерін сұхбатқа шақыра отырып, күн тәртібіне қойылған мәселені бір қырынан ғана қарастырып қоймай, ортақ шешім қабылдау жолындағы сарабдал саясаттың биік көрінісін, қазақ топырағында ғасырлар бойы қалыптасқан толерантты мінез бен адами құндылықтардың жаңа мазмұнда жаңғыруы болып табылады.

Сонымен қатар бүгінгі таңда әлемде өркениеттер үнқатысуына үндеп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, тиімді шешімін табу мақсатында БҰҰ-ның «Өркениеттер альянсы» ынтымақтастығының даму шеңберінде ұлтаралық және мәдениетаралық диалогы үдерісіне белсене  араласу идеясы мемлекетіміз тарапынан қолдау табуда.

Алмурзаева Бибігул Нұрлыбайқызы,

ҚР МСМ ҒЗТО

Исламды зерттеу бөлімінің

аға ғылыми қызметкері 

Abai.kz

0 пікір