Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 12382 1 пікір 1 Шілде, 2016 сағат 15:34

Дос КӨШІМ. ЖЕР ДАУЫ

 

Тайландтан қайтарда, әуежайдағы тексеру пунктіндегі

қызметкер қызымның қолындағы жарты литрлік бөтелкедегі

суды қалдырып кетуді талап етті. «Онда тұрған не бар?» деген маған:

«Біздің еліміздің заңы бойынша жеріміздің бір тамшы суы немесе

 бір уыс жері шекарадан шықпауы керек» деп жауап берді.

2015 жылғы қараша айында «Жер туралы Кодекске» енген баптарға байланысты 1,7 млн. гектар жер сатуға шығарылатын болды деген хабар таралғаны сол екен, ұйқылы-ояу жатқан қазақ қауымы дүр сілкінді. Қазақ елінің көптеген қалаларында митингілер өтіп, әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде жер мәселесі басты тақырыпқа айналды. Қысылтаяң кезеңде жол табатын Президентіміз, бір жағынан биліктің қателігін мойындаған болып, жаңа жылға дейін жаңа заң баптарына маротория жариялап, «жер реформасын дұрыстап түсіндермеген» министрліктерге шүйліксе, екінші жағынан бүкілхалықтық митингтің алдын алу және қоғамдық талқылау жүргізу мақсатында жер мәселесі жөнінде арнайы Қоғамдық комиссия құрды.  Мойындауымыз керек, Қоғамдық комиссияға кіретін адамдарды да биліктің өзі таңдап алды...Бірақ Комиссияның жұмысының жариялылығына бүгінге дейін ешқандай сенімсіздік жоқ екенін де айта кету керек.

Бір қарағанда, Комиссияны ұзақ мерзімдік талқылау, сан түрлі пікір таластыру күтіп тұр деп айтуға болмайтын сияқты. Халықтың басым  көпшілігі көшеге «түсінбестіктен» шыққан жоқ, түсіне отырып, жерді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге, ал өзіміздің азаматтарға сатуға келіспейтіндіктерін ашық білдірді.  Билік жағы да өзінің ұстанымдарын халыққа түсіндіру арқылы, олардың қолдауын алуға тырысуда. Әрине, олардың қолында әкімшілік ресурстары, бюджеттік бұқаралық ақпарат құралдары мен сан түрлі қоғамдық ұйымдар бар. Шынымды айтсам, Комиссия жұмысының нәтижесінде ортақ шешім табылып, сол шешімді бәріміз бір адамдай қолдап, Парламентке жібереміз дегенге сенгім келмейді. Біздің міндетіміз – өз ұстанымдарымызды қорғай отырып, түрлі дәлелдер келтіріп, қатарымызды көбейту және, бар мүмкіндігінше, кейбір мәселелер жөнінде ортақ келісімге келу. Қысқасы, алаңдағы текетіресті ғимараттың ішіндегі әңгіме түріне көшіру.

Енді талдауға түсіп отырған мәселені анықтап алайық: «Жерге жаны ашып отырған» (Президенттің анықтамасы) азаматтардың бірінші талабы – шетелдіктерге, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге де, мемлекеттік ұйымдарға да, жерді сатпау.  Билік заңда ондай баптардың жоқ екендігін, Қазақстан жерінің шетелдіктерге сатылмайтындықтарын айтып ақталуда. Екінші жағы бұған күмәнмен қарап, заңды айналып өтуге болатын мүмкіндіктерді болмырмау керектігін талап етуде. Меніңше, бұл талап жөнінде Комиссия мүшелерінің ішінде түсінік болып, бір мәмлеге келулеріне толық болады. Кодекстегі алаңдаушылық туғызып отырған баптарға заңдық негізде нақты тосқауылдар, шектеулер қою, онымен бірге «жер шетелдіктерге ешқашан сатылмайды» деген бапты енгізу арқылы бұл мәселені шешеуге болады деп есептеймін.

Дау тудырып отырған екінші талап – жер сатуды толық тоқтату, оны қазақстандықтарға да сатпау. Бұл жөнінде екі жақтан да сан түрлі пікірлер айтылып, дәлелдер келтірілді. Енді аймақтардағы азаматтардың да пікірлерін тыңдау мәселесі күн тәртібінде тұр. Демек, бұл жерде бір тоқтамды табу - үлкен еңбекті, түсіністікті, мәдениетті пікірталасты талап етеді. Заң қабылданғаннан бергі он үш жылдың ішінде ауылшаруашылығына жататын жерлердің 1,3 пайызы ғана жекеменшікке сатылған екен.

Үшінші талап – жерді шетелдіктерге жалға беруді тоқтату. Қарсылықтың басы бұрын заңда болған10 жыл мерзімді 25 жылға ұзартудан басталса, аяғы 10 жылға да, 25 жылға да жалға беруге тиым салу талабына ұласты. Бұл жерде де бір шешімге келудің аулы алыс сияқты.

Әрине, түрлі пікірдегі 75 адам қатысатын Комиссияда жерге қатысты басқа мәселелердің көтерілуі ғажап емес, алайда қазақ қоғамының болашағына тікелей қатысты Жер дауының басты мәселелері жоғарыдағы үш талаптың төңірегінде деп ойлаймын

Меніңше, осы уақытқа дейін қоғамдық желілерде де, Комиссия отырысында да айтылып жатқан уәждерді үш бағытқа бөлуге болады. Олардың біріншісін, шартты түрде – экономикаға қатысты дәлелдер мен уәждер деп атайық. Бұл бағыттағы пікірлердің барлығы – жер туралы заңның дұрысытығын, жерді қазақстандықтарға сату мен шетелдіктерге жалға берудің қажеттілігін дәлелдеуге бағытталған. Олар үшін, жер – тауар. Ал тауарды пайдалану шарт. Әрине, мүмкіндігінше, өзіміз пайдалануымыз қажет, ал егер өзіміздің қолымыздан келмесе, басқаларға сатып, «қызығын көруіміз» керек. Ең қызығы, биліктің бастамасын қолдайтын бұл топқа талай жыл жермен айналысып, пайдасын көріп отырған қазақстандық кәсіпкерлер де кіреді. Шынымды айтсам, осы уақытқа дейін «Жерді тиімді пайдалансаңдар, біздер сияқты бай болуға болады» деген жандардың «шетелдік инвестиция болмаса, жерді өзіміз өңдеп, пайдаға жарата алмаймыз» деп, өздеріне өздерінің қарсы шыққандарын түсіне алмай дал болдық. Біреулері өздерінің ұстанымдарын «шетелдік инвесторлар жаңа технология алып келеді» деп дәлелдегісі келсе, енді біреулері «біз олардың тәжірибелерін үйренуіміз қажет» деген уәжді алға тартады. Меніңше, біздің кәсіпкерлердің кез келген елден ауылшаруашылық техникасын алуға ешқандай бөгет жоқ сияқты, тәжірибе алмасуға да ешқандай шек қойылмаған. Барыңдар, танысыңдар, үйреніңдер, бірақ өздеріңе бәсекелес шақырғандарың қай сасқандарың.

Жерді сату, шетелдіктерге немесе біріккен кәсіпорындарға беру арқылы инвестиция тарту, өкінішке орай, біздің үкіметтің қолынан келетін жалғыз тәсілі сияқты. Отыз жыл мұнай өндіріп, оны өңдеудің орнына Ресейден бензин сатып алып отырғанымыз да соның салдары. Әрине, жерді өңдеу, жермен айналысатын шаруашылықтарға мемлекеттің тарапынан жан-жақты қолдау жасаудың (салық жеңілдіктері, техниканы лизингке беру, банк жүйесіндегі жеңілдіктер, т.т.)  орнына сату мен шетелдіктерге жалға беру – жылдам ақша табудың бірден бір жолы. Одан түскен пайданың бюджеттің бір жыртығына жамау болуын да жоққа шығармаймын, бірақ бұл жол еліміздің ауылшаруашылығын дамытуға үлес қосатынынына күмәнім бар.  Оның орнына отандық инвесторларды тартудың жолдарын қарастырғанымыз абзал.  

Менің ойымша, жерді жалға беру мен жерді жекеменшікке сатудың арасында да пәлендей айырмашылық жоқ. Меншік жерді де, жалға алған жерді де ещкім ешқайда алып кете алмайды. Меншік жерді де, жалға алған жерді де мемлекет заңсыз тартып ала алмайды. Жалға алған жеріңді 49 жылдан кейін тағы да келесі мерзімге ұзартып алуыңа болады. Оны мұрагерлікке қалдыруға да болады. «Бұл жер - менікі!» деген психологиялық сенімнен басқа ештеңе жоқ сияқты. Керек десеңіз, жалға алған жерді де, жекеменшік жерді де банкіге кепілге салуға болады екен. Меніңше, бұл жердегі басты мәселе мемлекетке, оның заңдарына деген сенімде жатқан сияқты.

Екінші бағыт – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан түсінігі мен түйсігі,  тәжірибесі мен тәрбиесі, оған соңғы уақытта қосылған...сақтығы. Қазақ үшін, жер – тауар емес, ол - ата-бабаларымыздың аманаты. Оны, өз басым, мемлекеттің иелігіне де бермес едім. Жер – қазақ халқынікі. Ал мемлекет сол жерді реттеуші ғана. Мемлекеттің міндеті – азаматтардың бәріне бірдей үй-жай салуға жер бөлу, жолдар мен жерге қатысты инфрақұрылымдарды анықтау, жерді жалға беріп, одан түскен пайданы мемлекеттің қажеттілігіне пайдалану, т.т.. Бұның ішіне жерді сату немесе басқа мемлекетке беру кірмеуі керек. Қысқасы, заңымызда «жер мемлекеттің меншігі» деп танылғанмен, оның құқығы жоғарыдағы айтылған мәселелерге қатысты шектелу шарт. Кеңес өкіметі кезінде Қазақтың талай жерлерінің басқа мемлекеттердің қолында кеткенін (Ресейдің, Өзбекстанның) жақсы білеміз. Қазақ жерлерінің басқа елдің меншігіне мемлекеттің шешімімен берілгенін есімізден шығармауымыз керек. Сондықтан, қазақ қауымының болмысы өздері  киелі деп санайтын жерді «сату» не «шетелдіктерге жалға беру» дегенді қабылдамайды. Жер реформасын жасаушылар халықтың менталитетін, түсінігін де қаперге алуы керек. Бір елдерде қалыпты да қарапайым болып саналатын мәселе екінші бір елдердің түсінігіне жат болуы мүмкін. (Бір жыныстағылардың үйленуі Еуропа елдерінің көпшілігінде демократияның көрінісі болып танылып, оларға заң жүзінде тіркелуге рұқсат берілсе, басқа елдер оны адамзаттың табиғатына жат мәселе деп санайды). Айта кету керек, биліктің қазақ тіліне қатысты немесе білім бағытындағы реформаларында да қазақтың көзқарасы ескерілмей отыр. Бұл реформалардың да қазақ қоғамында үлкен алаңдаушылық туғызып жатқаны мәлім.

Шетелдіктерге жерді жалға беру мәселесінде үш түрлі қауіп айтылды. Оның бірі – шетелдіктердің жалға алған жерді тез арада пайда табу үшін аяусыз пайдаланып, іске жарағысыз деңгейге түсіру мүмкіндігі болса, екіншісі – күрделі бір саяси жағдайлар қалыптасқан кезеңде сатып не жалға алған жерлердің сол елдерге өтіп кету қаупі. Ондай жағдайлар, өкінішке орай, әлемдік тәжірибеде көптеп кездеседі. Үшінші қауіп – жерді өңдеуге келдік деген сылтаумен басқа елдің азаматтарының көптеп келуі және олардың бірнеше жылдардан соң, азаматтық алып (қазақстандықтармен үйлену немесе белгілі уақытта осы жерде өмір сүргеніне байланысты) қазақ жерінде тұрақтап қалу мәселесі.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақ жеріне бір кіріп алған шетелдің азаматтарын қайтып шығарудың қыйыншылығы  жеткілікті сөз болды. Біреулер Палестиналық арабтардың теңіз жағалауындағы жерлерін сатып алып, кейіннен сол жерді плацдармға айналдырып, алғашқы еврей әскерлерін түсірген Израйль мемлекетінің тәжірибесін алға тартса, енді біреулер жерлерін сатамын деп мүлдем айрылып қалған күрдтердің өмірін алға тартады. Осындай қауіптің бар екендігін мойындай отырып, кейбір азаматтар жерде Қазақстанмен шекаралас елдердің азаматтарына сатпау туралы өзгеріс енгізуді қажет деп санайды.

Түрлі бағыттағы көзқарастарды талдау үстіндегі билікке жайсыз тиетін бағыт – жерді жеке меншікке беруден бастап осы күнге дейінгі жетістіктер мен кемшіліктерді ескеру. Әлі есімде, 2003 жылы жерді меншікке беру кезінде БАҚ беттерінде «жерді тиімді пайдалану мақсатында» деген сөз тіркесі түспейтін. Осы он үш жылдың ішінде сол реформаның берген нәтижесі қандай? Егер «жер тиімді пайдаланылса» заңға өзгеріс енгізіп не жынымыз бар? Сол уақытта қазақ азаматтарының тарапынан  қатты қарсылыққа ұшыраған (екі мәртебе дауыс беру, премьер-министрдің отставкаға кетуі) жер заңының елімізге берері болмаса, оның жалғасы болып табылатын бұл реформа ұтымды деп кімдерді сендіреміз. Меніңше, жер жеке меншікке берілгеннен кейін біреулер байыған да болар, бірақ қара халықтың бас ауыртатын мәселесі көбейген сияқты. Заң қабылданған соң-ақ, бір екі жылдың ішінде Қапшағайдың жағасына шомылып, немерелермен балық аулаудан қалдық. Жағалаудың барлығы сатылды, қоршалды. Балқаш пен Алакөл де  осындай «жекешелендіруге» ұшырады. Сол жерді жоңғардан қорғаған Қабанбай бабаларымыз сарбаздарын шұбыртып, қазір тіріліп келсе, ат шалдырып, беттерін шайып, бір ауыз су іше алмай қайта кектер еді. Жерді бөлуде, сатуда жариялылық пен ашықтықтың қалай қамтамасыз етілгенін білмеймін, бірақ ауылдың қасындағы талай жайылым, шабындық  жерлердің жекеменшікке өтіп кетіп, тұрғындардың ашу-ызасын тудырғанын талай естідім. Ал Алматы облысында бір елді мекеннің жанындағы екі зират (!) жеке қолға өтіп кетіп, қайтыс болған адамдарын қою үшін жердің қожайынын іздеп (рұқсат алу үшін) масқара болған оқиғаны да естідік. Жеке меншікке рұқсат берілуі сол-ақ екен Қазақ жерінде ірі жер иелері пайда бола бастады. Өткен отырыста мен осы алпауыттардың кім екендерін, олардың иелігіндегі жер көлемін, қайда орналасқаны, сол жерлерді қалай алғандары туралы ақпаратты жариялауды талап еттім. Осы әлеуметтік әділетсіздіктер тексеріліп, жауапты жандар жазаға тартылып, әділеттік орнамайынша жер реформансын жалғастыру – қоғамдық қылмыс болып саналады. Жерді қазақстандықтарға сату мен шетелдіктерге жалға беруді қолдаушылар талқылау барысында біздің сан түрлі күмәнімізді сейілту үшін «заң жүзінде жан-жақты бақылау жасалады» «шетелдіктер үшін мынадай шарттар енгізіледі» дегендей уәждерін айтты (Мысалы, «жердің нәрін кетіретін дақылдарды өндіріп, оншақты жылда жеріміздің тоз-тозын шығарып, отыз жыл іске алғысыз етіп тастайды» деген сияқты). Әрине, заңға бәрін жазуға болады. Бірақ осы баптарды кімдер бақыламақ? Әкімдер ме? Қытайдан келіп, жерді жалға алған кәсіпкер Құлжаға алып барып, бес күн қыдыртса, «бәрі тамаша» деп отыра беретін әкімдер, өкінішке орай, әлі де жеткілікті.  Ұзын сөздің қысқасы, қазіргі билік жүйесімен, биліктегі адамдармен, өз басым, ешқандай реформа жүргізбес едім.        

Жер дауы тағы бір мәселенің басын ашып берді. «Бір ел, бір мүдде, бір тағдыр» деп ұрандап жүргеніміз де баяғы кеңестік идеологияның көшірмесі екен. Жер мәселесі қоғамның күн тәртібіне шыққанда, басқа ұлт өкілдері қасымыздан табылған жоқ... Бұл әлде, жердің – қазақ ұлтының тарихи отаны екендігін мойындау ма әлде, «біздің Қазақстанға қатысымыз жоқ» деп, өздерін өздері шектеу ме. Бұрын қазақтың ұлттық мәселелері ғана қазаққа қатысты (оралмандар, қазақ тілі, қазақ мәдениеті, т.т.) дейтін болсақ, осы кезеңнен бастап «Қазақстанның мәселесі – тек қазақтың мәселесі деуге» тура келетін шығар.   

   Жер мәселесі мен комиссияның жұмыстары тағы бір мәселені жарыққа шығарады, сынға түсіреді деп ойлаймын. Бұл – жариялылық пен ашықтық мәселесі. Аймақтарда Президент айтқандай «жерге жаны ашыған адамдардың» барлығының сөзі, пікірі тыңдалады ма, әлде барлық кездесулерде биліктің көзқарасын қолдайтын адамдар ғана жиналады ма – мені осы  да алаңдататы. Менің ойымша, аймақтарға шыққан комиссия мүшелері облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында (телеканалдар мен облыстық бюджеттік газеттерде) жер мәселесіне байланысты түрлі көзқарастың берілу мәселесіне де көңіл бөлуі қажет.

1997 жылы Қазақстанның делегациясын Түрік халықтарының Ассамблеясына бастап бардым. Ұйымдастырушылар алдын ала хабарласып, қазақ жерінің топырағы мен суын алып келуімді өтінді. Жоспар бойынша, Ассамблея жұмысының соңғы күні 28 түрік елінен әкелінген жер бір қазанға салынып, қанымыз да, жанымыз да, жеріміз де, суымыз да бір деген ұранды көрсетуіміз керек. Егер осындай талап жеріміз жекеменшікке өткеннен кейін түскенде, не істерімді білмей, дал болады екенмін. Қазақтың жері деп алып барғаным «Куракиннің жері», немесе «Геращенконың жері», немесе «Аманбайдың» не «Өмірзақтың» жері болуы әбден мүмкін...

"Парасат" журналы

1 пікір