Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4810 0 пікір 8 Шілде, 2010 сағат 08:07

Ескірмейтін естелік

Біздің Сұлтан

Таяуда жұмыс бабымен Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласына барған сәтімізде бір тамаша тойдың үстінен түстік. Аудан әкімі Ләззат Тұрлашев қала сыртындағы шағын салтанат сарайында Астана күні қарсаңында Елбасының сыныптастарының басын қосып, үлкен дастархан жайыпты. Кезінде бір мектепте оқып, бүгінде ақсақалдық жасқа жеткен түлектердің басқосуына біз де куә болдық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Қаскелең селосы, Абай атындағы орта мектептің түлегі. Нұрекең оқыған сыныпта 42 оқушы қатар жүріп білім алған екен. Бүгінде олардың 30-ы дін-аман елге қызмет етіп жүр. Біз осы басқосуда бүгінде Қарасай аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет істейтін, Елбасының сыныптасы Сайлаубек Қыдыралиевпен жақынырақ танысып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.

Төбелестен құтқарып қалып еді...

 

Біздің Сұлтан

Таяуда жұмыс бабымен Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласына барған сәтімізде бір тамаша тойдың үстінен түстік. Аудан әкімі Ләззат Тұрлашев қала сыртындағы шағын салтанат сарайында Астана күні қарсаңында Елбасының сыныптастарының басын қосып, үлкен дастархан жайыпты. Кезінде бір мектепте оқып, бүгінде ақсақалдық жасқа жеткен түлектердің басқосуына біз де куә болдық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Қаскелең селосы, Абай атындағы орта мектептің түлегі. Нұрекең оқыған сыныпта 42 оқушы қатар жүріп білім алған екен. Бүгінде олардың 30-ы дін-аман елге қызмет етіп жүр. Біз осы басқосуда бүгінде Қарасай аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет істейтін, Елбасының сыныптасы Сайлаубек Қыдыралиевпен жақынырақ танысып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.

Төбелестен құтқарып қалып еді...

 

Мен Қарасай ауданының Тұрар ауылында 1939 жылы 24 желтоқсанда туғанмын. Сол жерде жеті жылдық мектепті бітіріп, 1955 жылы Қаскелең ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектеп-интернатына келіп оқыдым. Сол кездегі аудан көлемінде бұл жалғыз қазақ мектебі болатын. Қазір онда мұражай орналасқан. Біздің ұрпақ жас күнінен еңбекке араласып, қиыншылықта күн кешті. Біз қашан да бір-бірімізге қол ұшын беріп, нені болса да ақылмен, біліммен жеңуге талпындық. Осындай өмірге деген құштарлығымыздың бен тағдыр тезінде шыңдалған жігеріміздің арқасында өсіп-өндік, көркейіп, қанат жайдық. Ал, «елге қызмет ету керек» деген сөзді біз санамыздан бір сәт шығарған емеспіз. Қазір, Құдайға шүкір, ес жиып, ел болдық. Бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке де қол жеткіздік. Осы жетістіктеріміз туралы айтылғанда, Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі де қатар айтылады. Өз басым Сұлтанмен - біз оны осылай атайтынбыз, бір мектепте оқып, сыныптас болғанымды мақтан тұтамын.

Сұлтанмен ең алғаш танысқан күнім әлі есімде. Мамыр айы болатын. Тоғызыншы сыныпты бітірген шағымыз. Шамалған ауылындағы Сельхозтехникумның би алаңына бардық. Бозбалалар жиналып қыз-қырқынға қырыңдап жүрміз өзімізше. Биден соң жергілікті балалармен сөзге келіп, біраз тіресіп қалдық. Бірақ ол кезде бүгінгінің жастарындағыдай аса бір қатыгездік жоқ. Ол кездің жігіттері жығылғанға жұдырық жұмсамайтын. Көп болса төбелесіп, тұмсығыңды қанатасың. Одан арыға бармайды. «Ер шекіспей бекіспейді» дегендей. Содан кейін-ақ табысып, татуласып, дос болып кететінбіз. Дегенмен, сол жолы жағдайымыз қиындай түскендей болды. «Ауыл итінің құйрығы қайқы» демекші, әлгі жергілікті жігіттер басқа ауылдан келген біздерге кәдімгідей күш көрсете бастады. Бір кезде солардың арасында тұрған аққұбаша, денелі келген бір жігіт келіп, әңгімеге араласты. Екі жақтың серкелерін қасына шақырып алып, бір мәмілеге келтірді. Осыдан кейін бізге көз алартып тұрған жігіттер жуасып, жұмсарып қалды. Біз де бір тығырықтан шыққанымызға іштей мәзбіз. Аз ғана уақыттан соң әлгілермен танысып, дос ретінде тарастық. Ал, бізді төбелестен құтқарып қалған сол жігіт - Нұрсұлтан еді. Кейін де көрдік - ол өзі де жаман жұдырықтаспайды екен. Бірақ кезкелген дауды ол ақылмен, сөзбен шешуге ұмтылатын. Оның адамгершілігі, азаматтығы, батылдығы мен ақылдылығы жалпы ұйымдастырушылық қабілеттері сол кездің өзінде қалыптасып үлгерген екен. Ол осы қасиеттерінің арқасында өзгелерден ерекшеленіп, оқ бойы озық тұратын, қашан да айналасын мәмілеге келтіріп, белгілі бір іспен жаңаша идеяларға бастамашыл болып жүретін. Нұрекеңнің бұл қасиеттері - оның ел басқаруында көп көмегін тигізіп жүргенін күллі қауым көріп, біліп жүр.

Сұлтанның оқыту әдісі

 

Осы оқиғадан соң қыркүйек айында біздің Абай атындағы мектеп-интернатқа Шамалғаннан бір топ оқушы келіп қосылды.  Олардың ішінде өзім танитын Нұрсұлтаннан бөлек, Қайсар, Қасым, Сәдуақас, Қыдырғали деген балалар мен Зейнеп деген бір қыз болды. Ол кезде интернаттағы ұлдар мен қыздар бөлек корпустарды жататын. Біз Қаскелеңнің Комсомльская көшесіндегі, қазіргі Бейсебаев көшесіндегі бесінші жатақта тұрдық. Көршілес жайғасқан корпустағы үлкен сыныптағыларды қоса есептегенде барлығы қырықтан астам ұл балалар сабақтан соң улап-шулап, маңайды басымызға көтеріп жүреміз. Мұндай даңғазада жөнімен сабаққа дайындалуға мұрша жоқ. Оқу жылы басталған біраз күннен соң Сұлтанның ата-анасы «Интернат жатағында жүріп баламыздың сабағы мен тәртібі нашарлап кетеді, үйде жүріп оқыған дұрыс» деп оны осы ауылдағы бір туыстарының үйне орналастырып кетеді. Шынында да сыныптасымыз Нұрсұлтан озат оқушы болатын. Ол арамызға кейін келіп қосылса да бәрімізбен бұрыннан араласатындай бауыр басып, ортамызға тез сіңіп кетті. Тіпті кейбір мәселелерде оның өзімен ақылдасыуға тура келетін. Керісінше басқалар оның айналасына топталатын болды. Қыздар жағы да сұлтанға сырттай сүйсініп, ғашық болып жүретін. Өйткені Сұлтанның мектептегі беделі өте жоғары еді. Сұлтанды қатарластары ғана емес оқытушы-ұстаздар да жоғары бағалайтын. Ол өзінің білікті білімі мен басқа да ерекше қабілеттерінің арқасында екі-ақ айдың мектептегі Комсомол комитетің жетекшілігіне сайланады.

Біздің шағын мектепте балалар екі ауысымда оқитын. Со себепті де қосымша сабақтарымызды өткізуге мүмкіндіктер аз болатын. Бірақ, арамызда әр бір іске белсенділік танытып жүретін Сұлтан бұл мәселені де өзіндік тәсілмен шешуге тырысатын. Комсомол комитетінен болғандықтан Сұлтанның ықпалы ұстаздардікінен кем емес-тұғын. Оны мектеп директоры мен завучының оң қолы деуге болатындай еді. Содан біздің сынып екінші тоқсаннан бастап Сұлтанның бастамасымен өз бетімізше қосымша сабақ оқи бастадық. Оның әдісі бойынша алғашқы тоқсанда озат оқитындар мұғалім сияқты дайындалып келіп өз сыныптастарына сабақ өтетін. Бұдан соң кезек орташа оқитындарға келетін. Ең соңынан үлгерімі нашар балалардың өздері өтетін тақырыпты өздері игеріп, ертесіне қалғандарымызға түсіндіріп беретін. Осылайша өз білімдерімізді өзімідз тексеріп, сыныптағы әрқайсымыз бір-бірден мұғалім болып, сабақ өтетінбіз. Ақыры, жыл соңында Сұлтанның бұл тәжірибесі өз жемісін беріп, төмен бағасы бар оқушылардың сабағы дұрысталып, сыныптағы үлгілі мен озаттардың қатары көбейді.

Комсомолдық хат

 

Мектепте оқып жүрген кезімізде социалистік елдердің пионерлері мен комсомолдары арасында өзара хат алысып тұру дәстүрі болған. Бірде Қазақстанның Орталық комсомол комитетіне қытайлық бір комсомолдан арнайы хат келіп түседі. Қытай иероглифтерімен жазылған бұл хатыы ондағылар түсінбейді де, тіл білетін біреуді алдырып, қазақшаға аудартады. Онда Қытайдағы комсомол жастарының атынан ыстық сәлем жолдаған Чжоу Бай-Сяо деген азамат біздің ел туралы білгісі келетіні және бір ең үлгілі әрі озат оқитын комсомолмен танысқысы келетінін жеткізген екен. Бұл хатты Орталық комитеттегілер облысқа, облыстағылар біздің ауданға жібереді.  Содан, жоғарыдағылар ойласа, ақылдаса келе қытайлық әріптеске жауап жазу үшін таңдау оныншы сынып оқушысы - Нұрсұлтанға түседі. Себебі ол мектептегі оқу озаты, комсомол комитетінің хатшысы, қоғамдық-көпшілік жұмыстардың ұтқыр ұйымдастырушысы еді. Осылайша сол хатқа жауап қайтаруға лайықты комсомол ретінде ол қазақ жастарының атынан Қытай Халық Республикасындағы комсомолдарға хат жазады. Содан бастап Бай-Сяомен  Сұлтан бірнеше рет хат алысып тұрды. Олардың өзара алмасқан алғашқы хаттарының нұсқасы 1958 жылы 16 наурыз күні «Коммунизм» газетінде жарияланған болатын. Мен оларды әлі күнге дейін сақтап келемін. Осы хаттардан келтірілген үзінділер сол кездерден сыр шертеді:

Селеметсіздер ме!

Ұлы   Октябрь   социалистік революциясына 40 жыл толды. Дүниежүзінде бірінші болып жердің жасанды серігін ұшырды. Жер шарындағы бейбітшілікті жақтайтын барлық адамдар Совет Одағының ғылым саласындағы осы зор табысына сүйсіне қарап отыр. Ұлы Совет халқы және Коммунистік партиясын Ұлы Октябрь социалистік революциясының 40 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Мен  мектеп   табалдырығын, жаңа   аттап, халық мұғалімі деген абыройлы қызметке орналасқан комцомолецпін. Мен ерте кезден бастап-ақ Совет одағымен жете танысуға құмар адаммын.Сол себепті ВЛКСМ Орталық комитетіндегі жолдастарға мені советтік бір жас доспен таныстыруды шын жүректен өтінемін. Ол маған неғұрлым көбірек хат жазып, дос жүрегімен танысып тұрса екен. Біздің тіліміз әдет ғұрпымыз әртүрлі болса да шын достық сезімі бізді бірлестіріп отыр. Бұл достықты ешқандай күш бұза алмайды. Маған хатты мына адреске жазуға болады:

Қытай Халық республикасы, Сычуань провинциясы Цзыгунь қаласы, 5-ші орта мектеп. Қытай мен совет халықтарының мызғымас достығы жасасын! Сіздердің денсаулықтарыңызға тілектеспін. Қытайлық досыңыз Чжоу Бай-Сяо. 5 ноябрь, 1957жыл.

***

Алыстағы қытайлық досыма!

Сәлеметсіз бе! Сізбен хат жазысып, достық қарым-қатынаста болуға шын жүректен зор қуанышты екенімді және ниетіңіз Совет одағымен жете танысу  болса, өзімнің Сізге қолымнан келгенінше көмектесуге даяр екенімді білдіремін.Мен бірінші кластан бастап бүгінге дейін өте жақсы оқып келемін. 1956 жылдан бері комсомол қатарындамын. Менің әке-шешем осы Қаскелең ауданының Ворошилов атындағы колхозының мүшелері. Социализм орнату жолында орасан зор табыстарға жетіп отырған Ұлы қытай халқының комсомолец жастарымен тығыз байланыс жасап жете танысу біздің әрқайсымыз үшін зор қуаныш. Біздің советтік Отанымыздың  жастары сүйікті  Коммунистік партияның зор қамқорлығын ескере отырып, әр уақытта өз Отанына пайда келтіруге тырысады. Ал мен орта мектепті бітірген соң жоғары оку орындарының біріне түсіп, келешекте коммунизмнің саналы құрылысшыларының бірі болсам деп ойлаймын. Сіздің құрметті оқытушылық қызметіңізде тамаша табыстарға жетуіңізге шын жүректен тілектеспін.

Менің адресім:

СССР. Қазақ советтік социалистік республикасы. Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Қаскелең селосы, Абай атындағы орта мектебі. Нұрсұлтан Назарбаев.

«Мектеп қашан салынады?»

 

Нұрекең Жоғарғы Кеңесте депутат болып жүрген кезінде өзім туған Тұрар ауылынан екі-үш адам арнайы барып, ауылда жаңа мектеп салу қажеттілігі жөнінде ұсыныс-тілек білдірдік. Бұл 1989 жылдары болатын. Сөзімізді жерде қалдырмаған Нұрсұлтанның ықпал етуімен келесі жылы мектеп құрылысы басталып кетті. Алдымен үлкен катлован қазылды да қысқа қарай ол жұмыстар елдегі орын алған түрлі саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты тоқтап қалды. Ауыл адамдары да жаңа мектеп құрылысы қайта жанданатынынан күдер үзе бастаған. Мен ескі мектептегі директорлық қызметімді жастау маманға өткізіп беріп, қатардағы мұғалім болып жүрген кезім. Бір күні жұмықа келсем, мектеп ұжымы улап-шулап, мәре сәре болып жүр. Бұл - 1992 жыл болатын. Сөйтсем, біздің ауылға Президент келетін болыпты. Ұстаздардың айтуынша Нұрекең Шамалған стансасына, қырманға және тағы бір мал шаруашылығымен айналысатын комплекске арнайы бас сұғып, соңынан біздің ауылдағы ескі мектепке келеді екен. Содан мен сурет сабағынан беретін қызды шақырып алып, екі құлаштай болатын плакат тауып, оған қызыл түспен бадырайтып тұрып «Мектеп қашан салынады?» деп үш-ақ ауыз сөзді үлкен әріптермен жазып, оның екі шетін таяқшалармен ұстатып, дайындап қоюды тапсырдым. Әріптестерім «бұл не үшін қажет деп» сұрап қояды. Мен  «көресіңдер, Нұрекең біздің мектепке соқпай, жолдан өтіп кетеді. Плакат дайын болған соң жол бойына шығып, Президентті тосамыз» дедім. Сосын ауылдағы көліктердің біріне мініп алып, Сұлтанның арнайы баратын жерлеріне жол тарттым. Комплекске барсам, әншейінде қалай болса солай шашылып, жиналмай жататын ауласы айнадай жарқырап тұр. Тіпті сиыр қораларының ішіне дәріханадағыдай тазалық орнатып қойыпты. Нұрекең бұл жерде болып кетіпті. Тағы бір жерге соғып, біраз уақыттан соң кортежімен кері қайтпақ екен. Содан зымырап қайтадан мектепке келіп, қасыма үш-төрт адамды ертіп алып, әлгі «Мектеп қашан салынады?» деп жазылған ұзын плакатты алып, ауылдың іргелеп өтетін үлкен жолдың бойына келіп тұрдық.  Онда полицейлер қаптап тұр екен. Олардың біреуі маған келіп «Аға, бұл жерде тұруға болмайды. Мына жазуыңыздың көзін жоғалтыңыз. Бізге сөз келеді. Қазір бұл жерден президенттің кортежі өтеді» деп бұйыра сөйледі. Мен де қасарысып болмадым. Сөйтіп тұрғанда бірнеше көліктен тұратын кортеждің басы дәл қасымыздан зулап өте бастады. Бір кезде кортеждің орта тұсындағы бір ерекше көлік өтіп бара жатып, кілт тоқтай қалды. Артындағы көліктегілер болса сасқандарынан тежеуіштерін басып жолдан шығып кете жаздады.  Топшылауымша, Президент отырған көлік жолдан қашық емес жерде кезінде жаңа мектептің іргетасына арналып қазылған үлкен катлованға қарай бұрылып барып, сол тұсқа жақын жерге аялдады. Қарасам, көліктен Сұлтан шығып келе жатыр. Ақыры, жазғанымыз Нұрекеңнің көзіне шалыныпты! Біз плакатымызды көтеріп алып солай қарай жүгірдік. Амандасып алған соң бізден жөн сұрады. Мен - плакаттағы жазуды нұсқадым. Нұрекең күлді де, қасына өзімен еріп жүрген сол кездегі құрылыс министрі Романовқа мектеп құрылысын қайта жедел қолға алуды тапсырды. Бір кезде маңайымызға ауыл адамдары жинала бастады. Жиналған жұрт Президентке аулдағы жағдайды жарыса айтып жатты. Бір кезде Нұрекең қалың топтың шетінде үндемей тұрған бір кейуананың қасына келіп, бас иіп амандасты да «апа, аман-есенсізбе? Күйлі-қуатты тұрып жатсыз ба? Әлгі көккөз тентегіңіз бар ма, үйлі-баранды болды ма?» деп жөн сұрай бастады. Сөйтсек, Президент қолын алып, бас иіп амандасқан қарт әжей кезінде Нұрекең үйінде жүріп оқыған шалдың екінші алған кемпірі екен. Сонда, арада 34 жыл өтіп кетсе де Нұрекең әлгі кейуананы жылы жүзін есінен шығармапты. «Көккөз тентек» деген әлгі апаның жалғыз ұлы екен. Елбасы «апа, менен қандай көмек керек?» деп сұрағанда, әлгі кісі «қарағым, маған ештеңе керек емес. Құдайға шүкір, бәрі жақсы. Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш болсын!» деген аналық ақ тілегін айтып, батасын берген еді.

 

Жазып алған Алмат Исәділ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 353
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 183
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 189
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 195