Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3982 0 пікір 8 Шілде, 2010 сағат 07:36

АТАЖҰРТПЕН ҚАУЫШУ

(Халифа Алтайдың 1992 жылы өткен Дүниежүзi қазақтары құрылтайында сөйлеген сөзi)

(Халифа Алтайдың 1992 жылы өткен Дүниежүзi қазақтары құрылтайында сөйлеген сөзi)

Халифа Алтай есiмi әрбiр қазаққа атойлаған намыс, ата-бабамыздың асқақ рухы болып естiлетiнi күмәнсiз. Ақыл мен адамшылықтың, иманның иесi болған ақсақалымыз алаштың әрбiр баласы үшiн абыз-атаға айналды. Сол киелi қалпында халық жүрегiнде мәңгiге сақталып қала бермекшi. Елiмiз Тәуелсiздiк алған сәттен бастап шетелдегi қандастарымыз көш бетiн Атажұртқа - туған Қазақстанға бұруға бел буғаны белгiлi. Және абыз-қария Халифа Алтай бұған шын жүректен қуанды.
Халифа Алтайдың 1992 жылы алғаш рет өткен Дүниежүзi қазақтары құрылтайында сөйлеген жүрекжарды сөзiн "Түркiстан" газетi оқырмандарының назарына қайта ұсына отырып, 80-жылдық мерейтойында берген батасын да тәбәрiк деп танитынымызды айта кетудi жөн санадық.

"Қадiрмендi Президентiмiз, аяулы қайраткерiмiз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев! Жалпы ел-жұрт және шеттен келген құрметтi қонақтар!
Шексiз құрмет, шынайы ықыласыммен Түркиядан келген туыстарыңыз атынан ұсынған жалынды сәлемiмдi қабыл алыңыздар!
Қазақ елiнiң Дүниежүзiлiк тұңғыш салтанатты құрылтайы құтты, баянды болсын! Жаратқан Алла жар болып, осы бостандықтың туы биiктеп, қара шаңырағы көтерiле берсiн!
Әрине, туған жерден қол үзiп, Ана - Отаннан айрылып, ұзақта жүрген адамның көңiлi қашанда қаяулы болады. Бүгiнгi мына Қазақстанның тәуелсiздiк алғандығы және осы салтанатты құрылтай сол мұңымызды тарқатып, мақтаныш сезiмiн тудырды.
Дегенмен, тағдырмен бетпе-бет келiп, "мың өлiп, мың тiрiлген" қазақтың сонау зар замандар, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның тауқыметтерi ойға оралып, "Елiм-айлап" ән салып зарлаған елдiң қайғылы дауысы құлаққа естiлмей, қамықтырмай қоймайды.
Бұдан кейiн де қазақтың басынан бұлт айығып, күнi жадырап ашыла қоймады. Жаугершiлiк толастамады. Сол жауға ереуiл атқа ер салып, егеулi найза қолға алып, атойлап Абылай шықты. Оның ақ туының астында Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Абақ Жәнiбек және Шапырашты Наурызбай сынды қаһармандар бiлектiң күшi, найзаның ұшымен жаудың төбесiнен жай түскендей соққы бердi.
Мiне, бүгiн бiздiң осы ұшы-қиырсыз Қазақстан топырағына ие болып отыруымыз - сол қаһарман бабаларымыздың бiздерге қалдырған мұрасы екенi даусыз. Ал, ендi сол мұраға ие болу, соны қорғау - бiздiң ұрпақтық және ұлттық мiндетiмiз.
Бiздер - жиырмасыншы ғасырдың азаматымыз. Тағдырымызға тауқымет жазылыпты. Зарлы ғасырда өмiр сүрiппiз. Бұл ғасырдың зобалаңы "коммунизм" деп танимын. Ал, оның шын аты - "қандықолизм". Сол "изм" халықтың, соның iшiнде қазақтың да даласынан малын, дастарқанынан дәмiн, аузынан иманын тонап, дiндi жоюға тырысты. Бiрақ халықтың жүрегiндегi дiнге деген сенiмдi жоя алмады.
Қорыта айтқанда, адамзатқа тән барлық игiлiк сол "измнiң" иiрiмiне ерiксiз бата бердi. Амалсыз көмiле бердi. Негiзiнен жаратқан ие пендесiне мәңгi-бақи зобалаң, қайғы-қасiрет жазбапты.
Қадiрлi туыстар! Мына залда көздерi жаудырап жер шарының әр тарапынан келiп отырған отандастырымыздың жанарларында қуаныш сезiлгенмен, ұзақ та машақатты көш жолдарында тартқан ауыр жапаларының өшпес iздерiн байқауға болады.
Әрине, олар атамекеннен жер көксеп кетпеген. Ұлы империялардың теперiшiнен кетуге мәжбүр болды.
Ал шетелдерге шыққан көштердiң iшiнде бiздiң көшiмiз табанынан қан аққан "қызыл табан шұбырынды" көш екенi айқын. Өйткенi, дүниенiң ең қорқынышты шөлi Такламаканнан өттiк.
Түркияға жету тарихымыз өздерiңiзге мәлiм. Онда жүрiп те атажұртымызға оралуды аңсап, тiлеуiн тiлеп, отарлықтан құтылса екен дегенде iшер асымызды жерге қойып жүрдiк.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бiздi де зор сiлкiндiрдi. Қазақты бүкiл әлемге танытқан да сол қанды ереуiл едi. Сондай-ақ, сол ереуiл Қазақстанның тәуелсiздiк алуына түрткi болды.
Осы тәуелсiз Қазақстанды дамытып, нығайтуға, оны қорғауға ендiгi ұрпақ түгел жауапкер. Ол үшiн ұлт намысы оянуы, күллi халықтың бiр ауыздан сөз, бiр жағадан бас шығарып, береке-бiрлiктi қолдан бермей, тұтас жұмылуы шарт. "Алтыбақан ала ауыздықтан!" аз зардап тартқамыз жоқ. Сондықтан береке-бiрлiгiмiз мықты болсын. Рушылдықтан, жершiлдiктен келер пайда жоқ.
Шеттегi қандастарымыздың атамекенге ат басын бұра бастауы береке-бiрлiгiмiздiң басы деп ойлаймын. Осы арада есте болатын бiр жәйт - қайдан келмейiк, қайдан оралмайық, мiндетсiмей, ұлттық сезiмдi арқалап келсек, ал қазақстандық ағайындар да мұны ұлттық мiндет деп сезiнiп, керенау қарамауы керек.
Бiздер Алматы төңiрегiнен жер алып, үй-жай салып, елiмiздiң азаматтығына қол жеткiзсек. Сөйтiп, өзiмiздiң Отанға қосар үлесiмiздi қоссақ.
Қазақстанның 12 облысын араладым, Құдайға шүкiр, халқымыздың қарны тоқ, қайғысы жоқ.
Өздерiңiзге мәлiм, жетпiс жылдық зобалаңнан рухани байлығымыз - дiнiмiз көп зардап шектi. Сондықтан осыны қалпына келтiру үшiн дiни қоғамдар құрып, тұрақты түрде қолға алу керек.
Мұсылман елдермен қарым-қатынасты нығайтып, Қазақстан - халықаралық Ислам қоғамына мүше болса жақсы болар едi.
Қазақстанда дiн саудаға салынып жүр. Атеистiк, т.б. бұзық кiтаптар басылып, сатылып жатыр.
Алла елiмiзге, жерiмiзге әмбе амандық берiп, той тойға ұласа берсiн!".

БАТА

Аса қамқор мейiрiмдi Алланың атымен бастаймын. Я, Раббым! Ел-жұртымызға мықты береке-бiрлiк берiп, тәуелсiз мемлекетiмiзге тұрақты тыныштық, Елбасымызға күш-қуат берiп, бүкiл әлемге амандық бере гөр!
Я, Раббым! Дiнiмiздi, тiлiмiздi, әдебиетiмiздi, мәдениетiмiздi, экономикамызды дамытып, өркендете гөр!
Я, сақтаушы ұлы Алла! Ел-жұртымызды iштен-тыстан келетiн көрнеу-көмес дұшпандардың кесiрiнен тек қана Өзiң сақтай гөр! Сондай-ақ, әртүрлi табиғи апаттардан, жердiң сiлкiнiсiнен, селдiң басуынан, судың тасуынан, өрттен, жұттан, қуаңшылықтан, ашаршылықтан, шегiрткенiң қаптауынан, әртүрлi дауасыз аурулардан Өзiң қорғап-қоршай гөр!
Я, қорғаушы ұлы Алла! Ел-жұртымыз бен мемлекетiмiздi әртүрлi пәле-қазалардан, бейнеттерден әр уақытта Өзiң қорғап, не тiлеген тiлегiмiздi берiп, қалаған мұратымызға жеткiзiп, зор денсаулық, қайырлы өмiр берiп, қорыққанымыздан сақтап, үмiт еткенiмiзге жеткiзе гөр!
Я, жарылқаушы ұлы Алла! Бұл кең-байтақ Отанымызды бiлектiң күшi, найзаның ұшымен, мызғымастан қан кешiп соғысып жүрiп, жаулардан құтқарып, бiздерге мирас қалдырған қаһарман батырларымыз бен әдiлеттi хандарымызды шынайы жүректен еске аламыз. Солардың алдарынан жарылқап, Өзiң қолдай гөр!
Я, ұлы Алла! Бiз көрген аянышты тауқыметтi келешек ұрпақтарымыз көрмесiн!

 

«Түркістан» апталығы,

№26 (832) 1 шiлде 2010

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1496
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1349
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1096
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1137