Сенбі, 18 Мамыр 2024
Билік 6088 0 пікір 13 Шілде, 2016 сағат 15:30

БАЯН-ӨЛГЕЙДЕГІ АПАТ МОҢҒОЛДЫҢ КҮДІГІН "ҰЛҒАЙТПАЙ" МА?

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында жаңбырдың мөлшерден көп жаууы салдардарына сел жүріп, 700-ден аса қандасымыз баспанасыз қалған. Қазір еліміздегі қоғамдық белсенділер осы апаттан зардап шеккен ағайынға қол ұшын созбаққа ниеттеніп, жылу жинап жатыр.  

Көп түкірсе, көл болады. Басына ауыртпалық түскен ағайынға көмек қолын созғандарға Алла Тағала разы болсын! Десе де, біз ескеретін үлкен бір мәселе бар. 

Соны қысқаша оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмын.

Моңғолияның батыс шекарасындағы Өлгей қаласы – сол елдегі қазақтың рухани орталығы. Бұл қасиетті мекен халқы аз, аумағы өте үлкен Моңғол еліне қарасты 21 аймақтың бірі. Баян-Өлгей аймағына 13 сумын, 86 бақ қарайды. Халқының саны 97 мыңнан асып жығылады. Сол 97 мыңның 90 пайызы өзіміздің қаракөздер. 

Баян-Өлгей – қазақша мағанасы Бай-Өлке, Бай-Бесік дегенді білдіреді. Өлгей қаласы таулардың арасындағы жазық алаңқайда орын тепкен. Айналасын қоршаған тауларға қарасаңыз дәп бір бесікке бөленген сәбидей күй кешесіз. 1939 жылы Моңғол елінің әйгілі қолбасшысы, Маршал Х.Чойбалсан  Баян-Өлгий аймағында мекен етіп жатқан қазақтардың ауылдарын аралап өз көзімен көрген соң: «Қазақ халқын «бага ястан» - (ұсақ сүйектілер), «хасаг» деп кемсітуді тоқтату керек. Қазақ ұлтының моңғолдардан еш айырмашылығы жоқ. Қазақ халқы моңғол мемелекетінде өзінің ұлт тілінде мектебі, баспасөзі бар дербес бір аймағы бола алады» деген екен. Осы бір ауыз сөз қазақ ұлтының жеке бір аймақ болуына септігін тигізіп, 70 жылдан астам уақыт алаңсыз өмір сүруіне мүмкіндік туғызды. Бірақ, соңғы жылдары көзқарас едәуір өзгере бастаған. 

Мәселен, біріншіден, аймақта жоғарғы лауазымды қызмет атқаратын қазақ азаматтары түрлі желеумен жұмыстан босап, олардың орнына «ұранхай» немесе «халха» ұлтының өкілдері қойылып келеді. Қазір аймақтағы заң орындары мен түрлі деңгейдегі атқарушы мекемелердің тізгінін ұстау құқығы білімімен-білігіне қарай емес, ұлттық сипатына қарай шешілу үрдісі байқалады. 

Екіншіден, аймақтағы 40 мектептің 38-і қазақ тілінде дәріс беріп келген. Қазір бұл мектептерде қазақ тілі пәні қысқартылып, оның орнына моңғол тілі оқытылуда. Техникалық пәндердің бәріне дерлігі моңғол тілінде өтеді. 97 мың қазағы бар өлкенің балалары өз тілінде жоғарғы білім алу үшін Өлгейдегі Мұғалімдер дайындау колледжі мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемелекетік Университетінің филиалында ғана оқуға мүмкіндігі бар.

Үшіншіден, Моңғол мемлекеті Өлгей қаласының дәл іргесіне арнайы әскери жасақ әкеліп, орналастырып жатыр. Мұны жергілікті қазақтар ұсақ ұлттарға жасалған қысым деп бағалайды. 

Әрине, Моңғолияның ішкі саясатына баға беруге хақымыз жоқ. Десек те, Өлгей қазақтарына деген көзқарастың сууының себептерін айтуға құқымыз бар.  

Бірінші себеп: Қазақстан тәуелсіздік алып, бар Қазақты тарихи Отанына шақырды. Сол тұста Моңғолиядағы қандастарымыз елге қарай үдере көшті. Осы Ұлы көш екі ел арасын алтынкөпір етіп, рухани, мәдени, әлеуметтік қатынастарымыздың дамуына ықпал етті. Бұл Өлгей қазақтарының саудаға бейімделіп, әлеуметтік жағдайының да жақсаруына ерекше ықпал жасады. 

Екінші себеп: Моңғолия қазақтарының кейбірі Қазақстаннан квота алып, қайтып көшіп кетті. Олар сол квотаның қаржысын айналымға салып, жағдайын түзеп үлгерді. 

Үшінші себеп: Баянөлгей аймағы Қытай мен Ресей мемлекеттерімен шекараласады. Яғни, бұл өлке екі ірі мемлекетке шығатын қақпа іспетті. 

Моңғолдар осы үш бірдей жайттың соңғысына баса назар аудармай отыр. Олар алдыңғы екі себепті ғана алға тартып, «Қазақстан тарапы Өлгейге астыртын көмек беріп тұрады» деп күдік келтіреді. Тіпті, "Қазақстан Баян-Өлгейді Моңғолия құрамынан бөліп алуды көздеп отыр" дейтіндері де бар. Осы күдіктің салдарынан қазақ ұлтына деген көзқарастары дұрыс болмай тұр. 

Енді біз, апаттан зардап шеккен ағайынға жәрдемдесеміз деп сол күдікті шындыққа айналдырып жібермейміз бе? Әрине, қандас біздікі болғанымен, мемлекет - өзгенікі. Олардың бұл мәселеде көзқарасы қандай? Бүгін жылаған 700 адамның көзжасын сүртеміз деп, 90 мың халықты жаманатты жасамасақ етті. Ақыры жақсылық жасағымыз келеді екен, билікті дегенімізге көндіріп, бүкіл моңғол еліндегі ағайынды елге көшіріп алайық. 

Сіз не дейсіз?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2128
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2538
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2277
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1644