Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3463 0 пікір 2 Шілде, 2010 сағат 17:59

Қайғы жұтқан Қарқаралы-ай...

Қарқаралының басынан Мәди ақыннан кейін талай бұлт көшкен шығар-ау.

Қарқаралының басынан Мәди ақыннан кейін талай бұлт көшкен шығар-ау.

Бірақ ен жайлаудың етегін жайлаған елден қайғы кете қоймады. Бір қарағанда, табиғаты әсем, шөбі шүйгін, суы мол, ауасы саф өлкенің тұрғынының тұрпаты ерекше, тұлғасы таудай болуы керек-ті. Бірақ... Қазір мұндағы қырықтың қырқасына енді иек артқан, тепсе темір үзетін азаматтар қызыл иек, сүйектері боркемік. Оның басты себебі -  Қарағайлыдағы қалдық қоймасы. Кеңес үкіметінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тау-кен өндірісі қазір жергілікті жұрттың сорына айналарын ешкім ойламаса керек. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен болған 90-жылдардың ортасында комбинат жабылып қалды. Ал айналасына у  шашқан қалдық ашық-шашық күйі қала берді. Бұған жергілікті билік те, осы кен орнында жұмыс істеген кәсіпорындар да бас қатырған жоқ. Ал жергілікті жұрт әлі күнге соның зардабын тартып отыр.
Мамандар Қарағайлы тау-кен комбинатындағы қалдықты 80-жылдары-ақ есептеп қойған екен. Бұл жерде аз-кемі жоқ 16 млн 788 мың тонна ауыр металл қоры жинақталыпты. Ішінде Менделеев кестесіндегі элементтердің 20-ға тарта түрі бар. 90 мың тоннаға жуық мырыш, 50 мың тоннадан астам қорғасын, ең көбі - барий: 4 млн 206 мың тонна. Бұдан басқа да адам ағзасына зиянды қалдық аз емес. Улы заттар жердің үстіңгі қыртысында ғана емес, 7,5 метр тереңдікке дейін бойлап жатыр. Қалдық қоймасының аумағы да ат шаптырым - 219 гектар. Комбинат жұмыс істеп тұрғанда, қалдық қоймаларды сумен толтырып, тозаң боп көтерілмеуі үшін басып отыратын. Қазір қараусыз қалғасын, қойманың беті кеберсіп, металл қиыршықтары желмен бірге радиусы 100 шақырымға дейін ұшады.   
Бұрынғы өндіріс орнын жағалай қоныс тепкен ауыл тұрғындарының көзі тірісі - ауру, бір қауымы бақидың келмес кемесіне мініп кеткен. Осындағы жөн білетін экологтар «ауыр металл өзекті жанды дертке шалдықтырмай қоймайды», - дейді. Әсіресе, барий. Профессор Мұсағали Дуамбеков: 
- Барий - адамның сүйек құрамын, ми мен бауырдың, жүйке жүйесінің жұмысын бұзады. Ағзадағы кальцийді азайтады. Содан барып сүйек боркеміктікке ұшырайды, - дейді. Бұл - ғылыми негіздеме. Ал Қарқаралыдағы жұрт осы теорияны дәл бүгін өз бастарынан кешіріп жатыр. Олар үшін бұл деректер - боямасыз өмірдің нақ өзі.
Қарағайлының маңында онға тарта ел дімекен бар. Бәрінің қалдықты айтып, еңірегенде етектері жасқа толады. Соңғы екі-үш жылда бір-бір жанын бақиға аттандырмаған шаңырақ қалмаған шығар. Тұрғындардың барлығы дерлік, әйтеуір, бір кеселге шалдыққан. Арысы - қылтамақ, берісінің қан қысымы бұзылған. Қырықтың қырқасындағы ер азаматтар алпысты  алқымдаған шал дерсің. Шаш-тары аппақ қудай, тістері жоқ, қызыл иек. 
Әсіресе, қалдықтан таяқ тастам жердегі Бүркітті ауылының халқына қиын тиіп тұр. Бұл жерде ауру көп. Бірақ аурухана жоқ. Абырой болғанда, жалғыз дәрігер бар. Бүркіттідегі елдің іші ауырса да, тісі қақсаса да, басы ауырып, балтыры сыздаса да, Құдайдан кейінгі сенетіндері - Нәзира Ыдырысова. Айтуынша, осыдан біраз жыл бұрын қырықтың айналасындағы кісілердің біразы қатерлі ісіктен баудай түскен. Мүгедек, кем-тар сәбилер көбейген. Тепсе темір үзетін, кеше ғана дін аман азаматтар бір түнде ұйқыдан оянбай қалады. Бітті. «Сап-сау жүрген адамдар кеуде тұсым ауырады» деп шағымданады да, түсініксіз жағдайда қайтыс болады. Жылда солай. Былтыр 3 адам солай өмірден өтті. Биылдың өзінде Мәлік Салықбаев, Хамза Сәдуов деген екі азамат бір-ақ сәтте дүниеден озды», - дейді Н.Ыдырысова.  Әлгіндей жұмбақ өліммен қайтыс болғандардың диагнозы да қойылмайды. Олардың өлім туралы анықтамаларына «жүрек ауруынан көз жұмды» деген бір-ақ ауыз сөз жазылады. Өйткені, ондағы қайтыс болғандарды арнайы сараптамадан өткізіп, өлімнің себеп-салдарын зерттеп жатқан да ешкім жоқ.
Статистикаға көз жүгіртіп көріңіз. Бүркітті ауылындағы тұрғындар соңғы жылдары 3 мыңнан екі есеге бір-ақ кеміген. Қазір небәрі 1,5 мың жан бар. Жұрт «Қалдық қоймасын жабыңдар деп, қақпаған есігіміз қалмады. Бәрінің жауабы: шыдаңдар. Бірақ шыдамның да шегі бар. Бүйткенше, Қарағайлыдағы үйлерге қара ту іліп, есіктеріне қара құлып сала салған дұрыс», - дейді кейіп. 
Ауыл халқы теріскейден жел соқса, тіксініп қалады. Дауыл қоймадағы металл қиыршықтарын көтеріп, әп-сәтте ауылға жетіп келеді. Ақ түтек бораннан аяқ басып жүргісіз. Сосын бір қауым елдің үйге қамалып отырғаны. Көзді аштырмаған боранда тұрған не бар дейсіз ғой. Мәселе - оның улы қалдықтарды ауылға әкеп үйіп тастауында. Қазір осы ауылдағы төрт түліктің төлі де азып-тозып барады. Ақсақ-тоқсақ, кем-тар неше түрлі құбыжық туыла бастаған. Бұдан жергілікті билік жақсы хабардар. Қарағайлы комбинатының айналасындағы ауылдардың халқы қайта-қайта арызданып, көмек сұрағанымен қайыр жоқ. Қарағайлы комбинатынан қалған қалдық қоймасын жабуды 2008-2011 жылдарға арналған Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аймақтық бағдарламаға енгізген екен. Үш жылдық жұмысқа бюджеттен 670 миллион теңге қаржы бөлу де қарастырылған. Бірақ бұдан Қарағайлыдағы қалың қазаққа қайыр болмады. Баяғы жартас - сол жартас... 
Енді мына қызыққа қараңыз. Қайғы жұтып отырған қарқаралықтарды құтқаруға деп бөлінген қаржы да қазынада әлі жатыр. Өйткені, оны игеріп, жұртқа жұт боп отырған қойманы залалсыздандыру ешкімнің қолынан келмеген сияқты. Келмейді емес, келеді-ау. Баяғы ақша жүрген жерде айтыстың да қызатыны ғой...
Қарағанды облыстық табиғи ресурстар басқармасы дәл осы мақсатқа деп тендер өткізген. Қалдықты жабуға тапсырыс берген де  -  осы басқарма. Былтыр мамырда өткен байқауға ұзын-саны 12 компания қатысады. Бірақ бәрінің өтініші талапқа сай емес деген себеппен кері қайтарылған. Басқарма тендер өтпей қалғасын, бір ғана жабдықтаушы «Аспап» компаниясымен келісімшартқа отырмақ болыпты. Бірақ бұл жоспары жүзеге аспай қалған. Осы арада тендерге қатысып, «құжаттары сай емес» деген желеумен шеттетілген 12 компанияның бірі «Камаз» ЖШС Қарағанды облыстық мамандандырылған экономикалық сотына шағымданады. Сот серіктестіктің пайдасына шешім шығарады. Алайда облыстық басқарма бастығы Александр Яковлев сот шешімімен келіспей, өзі де шағымдануды құп көреді. Сот осы уақытқа дейін «Камаздың» пайдасына бір емес, 4 шешім шығарды. А.Яковлев мырза да серіктестікпен тіресіп бағады. Басқарма мен «Камаздың» әр жолы итжығыспен аяқталатын текетіресіне бір жылдан асты. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген осы да. 
Ал қоршаған ортаны қорғау басқармасы келісімге отырмақ болған «Аспап» компаниясы жыл сайын тендер ұтып жүр екен. Бұған құжаттарды ақтарыстырғанда көзіміз жетті. Тендерлік комиссияның мүшесі, әрі басқарманың бас есепшісі Қарлығаш Торғаева тағы бір шикіліктің шетін шығарды. Айтуынша, компанияның тендерге өткізген құжаттары бастапқыда талапқа сай болмай шыққан. Алайда басшылықтың тікелей тапсырмасымен «Аспаптың» құжаттары бір-ақ күнде түзетіліп, жөнделген.
Ол аздай, басқарма өткізетін байқауларда жыл сайын жеңіске жететін тағы бірнеше компания бар екен. Қарлығаш Торғаева былай дейді: «Александр Яковлев пен оның орынбасары Руслан Төлепбаев комиссия мүшелеріне тендерді қандай компанияларға беру туралы тапсырма береді. Біздің қолымыздан не келеді, бұйрық берсе, орындаймыз. Жыл сайын белгілі бір компаниялардың жеңіске жететіні сондықтан». Әлгі серіктестіктің осынша сергелдеңге түсуін енді ғана түсінгендей болдық.
Осы басқармаға қатысты тағы бір әңгіменің ауанын байқап көріңіз. 2008 жылы өткен тендерлердің бірінде «Автоимпекс» деген компания жеңіске  жетіпті. Былай қарағанда, бәрі дұрыс. Мәселе - «Автоимпектстің» тендерге мүлдем қатыспай, 8 млн теңгені қанжығаға байлап кетуінде. Дәл осы дерек  бойынша басқармаға талай тексеру келіп кеткен. Тіпті қаржылық бақылау тексерісі кезінде расталған. Бірақ іс қозғалмай, жабулы қазан жабулы күйде қалған. Реті келгенде, Александр Яковлевтен бұл іс жайлы да сұрадық.    
- «Автоимпекс» тендерге қатысты. Ұсақ-түйек кемшіліктер болған, қазір есімде жоқ»,  - дейді басқарма бастығы. «Маған 4, немесе 5 рет іс қозғамақ болды. Барлық дерек бойынша іс қозғаудан бас тартты»,  - дейді ақталып. «Білдей мемлекеттік қызметкерге қатысты бірнеше тексеру жүргізіп, біраз былықтың ашылғаны рас болса, іс неге қозғалмады екен? Бұл кісі құлан таза болса, неге осынша тексеру келіп, пендешіліктерін ашып қойып, әуреге салды екен?» - деп ойладық біз. 
Айтпақшы, тендердегі заңсыздықтардың бетін ашып тастаған бас есепшінің де жағдайы мәз емесін айта кеткен жөн шығар. Басқарма басшылары тендерлік комиссияның құрамынан да шығарып тастаған. «Бүйте берсе, қызметтен қуылатын күн де алыс емес», -  дейді ол.
Сөйтіп, улы қалдықты жабу туралы шешім сол қағаз жүзінен аспады. Басқарма қойманы жабуға бөлінген былтырғы 47 миллион теңгені «игере алмадық» деп, мемлекетке қайтарып беріпті. Бірақ осы қаражаттың 6 миллионын «қалдықты көмуге жобалық-сметалық құжаттама дайындауға жұмсадық» депті.
Айтпақшы, Қарағанды облыстық экономикалық соты былтыр жеке қаулы шығарған болатын. Онда «қалдықты көму бойынша бағдарламаны орындамаған басқараманың лауазымды тұлғалары өз қызметтерін асыра пайдаланып, жемқорлыққа жол ашып отыр» деп, нақты жазылған. Бірақ ол қаулыны құзырлы органдар да, жаңағы басқарма да ескерген де жоқ.
Қазір қалдық қоймасына байланысты тағы да бір дау тұтанды. Жыл басында облыстық табиғат қорғау прокуратурасы: «Қалдықты жабумен мемлекет емес, «Қазақмыс» айналыссын» деген мәлімдеме жасапты. Экологтар болса: «Қарағайлыдағы кен орны - кеңес заманынан қалған қалдық болғандықтан, «тарихи» қойма. Ал «Қазақмыстың» осы уақыт ішінде 17 миллион тоннаға жуық қалдық тастауы мүмкін емес. Демек, бұл - мемлекеттің шаруасы»,  - деп отыр. Оның үстіне, бұл қалдық қорын біраз жыл өткен соң қайта пайдалануға болады екен. Ал «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңның 5-бабы 1-тармағында: «Жер қойнауы және оның құрамындағы пайдалы қазабалар Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекет меншігі болып табылады», - деп жазылған.
Тағы бір маңызды факт, Қарағайлы кен орнын 25 жылға жалға алған «Қазақмыс» «қойманы пайдаланбаймыз» деп, 2007 жылы мемлекетке қайтарып беріпті. Сонда кімдікі жөн? Облыстық табиғатты қорғау прокуратурасының бұнысы, әрине, қоршаған ортаны қорғау басқармасының оң жамбасына келеді. Ол қазір «қалдықты залалсыздандыру мәселесі аймақтық бағдарламадан түсіп қалды» деп қарап отыр.
Сөйтіп бір кездегі қожайыны көп нағыз кен орны қазір ешкімге керек емес. Әзірге жергілікті биліктің де, заң орындарының да қалдықтың иесін іздеуден қолы тимей жүр. Қалдық көмуге бөлінген 670 миллион теңгенің қазынада жатқанына бір жылдан асты. Ал Қарағайлының маңындағы елдің қатары күн санап сиреп, ауруы асқынып барады. Оның үстіне, жайылым, егістік жер де жыл өткен сайын қысқарып, тозуға айналды. Бұл - жер емген диқан үшін жығылған үстіне жұдырық. 
Қарағайлыдағы Гүлжан Жүнісованың басындағы жағдай естен шығар емес. Сап-сау жүрген келіншек бір-ақ күнде сал ауруына шалдыққан. Не себеп болғанын дәрігерлер де білмейді. «Төсектен тұра бергенде етбетімнен құладым, оң жағым жансызданып қалыпты» дегенді қол қимылымен зорға түсіндірді. Сөйлей алмайды. Алты жылдан бері ешкіммен ләм-мим деп, тілдеспеген. Шерменде болған бейбақ ойын жеткізе алмағанына қатты қысылып, ағыл-тегіл көз жасына ерік берді.
Әңгімеге қайын әпкесі Балжан Тиышбаева араласты. Сөзіне қарағанда, келінін емдету үшін тәуіптерден көмек сұраған. «Ауылға бақсылар келген. Соларға келінімді емдеп беріңдер деп, жалғыз алтын сақинамды бердім ғой. Ақыры өзімді алдап кетті» дейді күліп. Күлмей қайтсін? Күйініп болған. Басшылары ұмыт қалдырған қарқаралықтарды бақсы да тонап кетіп жатыр. Қазақ күйіп кеткенде «қайыршыға жел де қарсы» деп қалады. Жергілікті биліктен ұмыт қалған қарағайлылықтар, әсіресе, алай-дүлей боран соғып, улы қоқысты төбеден төмен қарай құйып кеп жібергенде, осылай демеске амалдары қалмайды.

 

 

Айнұр Серимова,

«Нұр Отан» ХДП жемқорлыққа қарсы медиа-орталығының редакторы

«Жас қазақ» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1314
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1179
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 919
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1035