Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қоғам 13178 0 пікір 25 Шілде, 2016 сағат 11:22

АТЫРАУЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛЕР НОҒАЕВҚА "СЫЙЛЫҚ" ЖАСАДЫ


Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысы Атырауда өтті.

Халел Досмұхамбетов атындағы Университет ғимаратында болған жиында белсенді топтың өкілі Әсел Нұрғазиева көшпелі комиссия мүшелеріне, Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа, комиссия төрағасы Асқар Исабекұлына және оның орынбасары Жақсылық Үшкемпіровке қамаудағы белсенділер «Талғат Аян мен Макс Боаевқа бостандық» деген жазуы бар жейдешелер табыстады.

«Мұхтар аға, Мереке аға, замандастарым Мұхтар, Айдос, сіздер комиссияның 25 мүшесі келдіңіздер ғой. Енді Атыраудан тектен текке кетпеңіздер. Бүгін осындағы әр қайсысыңыз қолдарыңыздан келсе, жеке талап қойыңыздар. Міндеттеме алыңыздар. Сонда ғана біз комиссияның жұмысына риза боламыз. Сонда ғана балалар ешқайда қашпайды. Ол балалар елдің, жердің қамы үшін шырылдап жүрген жігіттер. Атыраудан кетпей тұрғанда осы комиссияның барлық мүшелері осы екі баланы шығарып алыңыздар. Комиссия жетекшілері, тағы да Атырауға қош келіпсіздер. Енді сіздерге шапан кигізе алмаймыз. Бірақ Макс пен Талғатты қолдап жүрген азаматтар, отыз шақты арнайы футболкалар дайындап едік. Соны алыңыздар», - деді Әсел Нұрғазиева.

«Жеркомның» жиынына жер сатуға алғаш болып қарсылық көрсетіп, қамауға алынған атыраулық азаматтардың ата-аналары мен белсенді топ өкілдері де қатысқан екен.

Сәуірдің орта шенінде атыраулық белсенділер Үкіметтің жерді шетелдіктерге сату мен ұзақ жылға жалға беру туралы бастамасына наразылық білдіріп, Атыраудағы Махамбет-Исатай алаңына жиналған еді. Осыдан кейін облыс басшысы Нұрлан Ноғаев мырзаның өзі де алаңдағы халықтың алдына келіп, басу айтқан-тын.

Бұл жолғы «жерком» жиынына сол митингіні ұйымдастырды деп айыпталған Талғат Аян мен Макс Боқаевтың аналары да келген.

Сәуірдегі толқулар кезінде облыс басшысы ешбір азаматтың қамалмайтынын халық алдында айтқан еді. Алайда әкім сөзінде тұрмады. Жиынға келген аналар осылай деп айтты.

«Мен ешкімге сенбеймін, сондықтан бар шындықты осы халықтың алдында айтқалы отырмын. Себебі, ертең 10-15 күнен кейін баламның соты болады. Менің балам әппақ, өзім мектепте мұғалім болып 35 жыл жұмыс істедім. Баламды өте жақсы тәрбиеледім. Баламның статьясы менің қолымда тұр. Он қайтара оқып шықтым. Үтір-нүктесіне дейін білемін, жаттап алдым. Ендеше тыңдаңыздар, айтайын. Төлешов деген біреу бар екен Шымкентте. Ол менің баламды сыртынан көріпті де ұнатып қалыпты, содан 100 мың доллар ақша жіберіпті. Ол ақшаны көмекшісіне берген, көмекшісі өзінің көмекшісіне берген, ол Ақтауға жеткізген, Ақтаудағы біреу 1000 теңгеге такси ұстап, Атырауға келіпті де ақшаны Талғатқа беріпті. Осындай ертегіге сенесіздер ме? Мынаны менің 7-класта оқитын балдарыма айтса сенбейді ғой. Сіздер қалай сеніп отырсыздар?», – дейді Талғат Аянның анасы. Ол Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа «сөзіңде тұрмадың» деп ренішін айтты.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейне жазбаны қарайтын болсаңыз, атыраулық белсенді облыс басшысынана "тарту" жасаған сәтте, Ноғаев мырзаның көзі шарасынан шығып кете жаздады. Неге?

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

0 пікір