Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Құлақтың әңгімесі 6663 0 пікір 25 Шілде, 2016 сағат 12:16

МАҒАУИННІҢ ҚОЖАХМЕТТЕН НЕСІ АРТЫҚ?

Қазақ баласы жер мен дін мәселелесінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмай жатқанда базбіреулер Мағауин мен Шаханов арасындағы "су жаңа" дау-дамайдың шоғын үрлеуге кіріскен сыңайлы. Соңғы кездері Abai.kz ақпараттық порталының электронды почтасына осы тақырыпта көптеген мақалалар келіп жатыр. Олардың бәрін жариялай берсек, қоғамның негізгі өзекті мәселелері екінші кезекке ысырылып қала ма деп ойлаймыз. Десек те, сол мақалалардың артында азаматтардың өзіндік пікірі бар екенін ескеріп, "МАҒАУИННІҢ ҚОЖАХМЕТТЕН НЕСІ АРТЫҚ?" деген бір ғана мақаланы назарларыңызға ұсынуды жөн санап отырмыз. Қарсы тараптың айтар уәжі болса, оны да жариялаймыз. Сөйтеміз де, бұл тақырыпты жабамыз.

Шаханов пен Мағауин жағындағылар бірігіп, жер мен діннің мәселесін көтерсе, халық риза болар еді. Себебі, қазір тұлғаның абыройынан гөрі жерді қорғап қалу маңыздырақ болып тұр.

Abai.kz ақпараттық порталы 

Жақында Мұхтар Мағауиннің «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жоқ Өгізбен шайқас» атты мақаласын оқып, Мағауин мен Хасен Қожа-Ахметтың жыл құрғатпай жоспарлы түрде Шахановты жамандап, қаралауында не сыр жатыр деген терең ойға қалдым

Х. Қожахметтің ақиық ақын, ұлт қайраткері М.Шахановты қаралап, күйелеп неше мәрте сотқа бергенін, парақшалар таратқанында білеміз. Менің ойымша:

Біріншіден, Хасен елін, халқын қорғап емес, Мұхаңды қаралау арқылы тарихта қалатынын жақсы біледі. «Азаттық» радиосы өткізген дөңгелек үстелде М.Шаханов: «Мәселен, бір топ желтоқсандық Хасен Қожахметтің үстінен «Бұл қауіпсіздік комитетіне жұмыс істейді», - деп арыз жазған. Содан кейін мен қауіпсіздік комитеті төрағасынан сұрадым. Ол: «Егер депутаттық сұраныс берсеңіз айтайын», - деді. «Біз оны екінші ретінде өзімізге қаратып алғанбыз», - дегенді айтты. Міне, тіптен күні бүгінге дейін бар сол адам. Артынан Хасен Қожа-Ахмет: - Оны айтып жүрген Тоқтархан Нұрахметов деген буржуазиялық ұлтшылдықпен күрес деген бөлімді басқарған. Маған қоқан-лоқы жасаған. Мен оның бәрін 1995 жылы газетке жазып, айтып бергем. «Сол мені қорқытқан, қайтадан түрмеге тығам сені, бізге жұмыс істемесең», - деп қорқытқанын бәріне айтып-жазып беріп отырсам... дей келе, «Шахановты биліктің, Назарбаевтың адамы» деп негізсіз бос сөздер айтып кеткен.

Екіншіден,  1990 жылы 30 мамырда Алматы қаласында «Желтоқсан» партиясы ашылатын болып, (Астана) Целиноградтан 5 жігіт делегат болып келдік. Біз сырттан келген жандармыз. Партия басшылығына таласқан үшеу: Жасарал Қуанышалин, Хасен Қожахмет, Аманжол Нәлібаев үш топқа бөлініп қырқысты. Ақмоладан келген бесеуміз: «Біз осы қандай ортаға түстік?», - деп бір – бірімізге қараймыз. Себебі біз, саяси қайраткерлердің емес, өздерінен басқалардың бәрін жамандап, жақсы жандарды былапыттап, елдің ішіне өсек таратып былғап отыратындардың ортасына түскендей болдық. Мағыналы, мәнді сөз естіп, қазақ қайтсе тәуелсіз ел болады деген сұраққа жауап естиміз  деп келген біздер «қатын өсектің» майданына тап болдық. Екі күн болған бұл жиналыс ырду-дырду болып, түк шешпей тарқастық. Біздің бар ойымыз:  «Целиноградқа келген соң осындай партия құрамыз», - деген арман еді. Екі күн бойы пәтуасыз балдыр-батпақ әңгіме болған соң, Целиноград қалалық жұмысшы, студент жастар «Парасат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы (бұрынғы мәжіліс депутаты, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары) Ұласбек Сәдібеков  салиқалы ойын ортаға салды. «Парасат» қоғамдық бірлестігінің саяси  жетекшісі, экономика ғылымының кандидаты, доцент Жангелді Шымшықов: «Қадірлі бауырлар! Тәуелсіздікке қандай жолмен қол жеткіземіз? Елдікті, ұлттық мәселені ақылдасайық»,- деп, мемлекетіміздің болашақ саяси құрылымы, экономикалық хал-ахуалының қандай бағытпен даму керегі жөнінде  салмақты, көреген ойларын айтып, сабырға шақырды. Бірақ «Желтоқсан» басшылығының тарапынан талас-тартыс басылмады. Сөз арасында Хасен соңынан ешкімді ерте алмайтынын, Желтоқсанға «көсем» бола алмайтынын сезді ме, Жангелдіге партияны басқарып, Целиноградтан ашсақ деген ой тастады. Жангелді қарсылық танытты. Міне, осыдан кейін «Желтоқсан» партиясының бірінші құрылтайынан ренжіп қайтқан едік. Сонда Ж.Шымшықовтың «Бұларға білімділік пен ұлттық мүддені ойлау жетпейді»,- дегені түсіп отыр. 2011 жылы М.Шахановты қаралап таратылған парақшаларға қарап, Хасен мен Жасаралдың қолдарынан тек «қатын өсек» тарату келетінін 21 жыл өткеннен соң да дәлелдеп берді. Тіл, дін, ұлттық мүдделерді үнемі жанын салып қорғап жүргендерге қосылып, үн қосып, шыр-пыр болған Хасен Қожа-Ахметті естімеппін.

Үшіншіден, мемлекеттік мұрағаттарда тіркелген «Желтоқсан көтерілісіне» байланысты тергеу,тексеру, сот-сараптамалық құжаттар, куәлердің жауаптары бойынша 1986 жылы 17-18 желтоқсан күндері шынын айтқанда , Хасен Қожа - Ахметтің істеген іс-қимылдары мыңдаған желтоқсандықтармен бірдей еді. Бірақ, бір өкініштісі, тергеу кезінде «Желтоқсанға қатыспағандығын», айтып мойындамайды.Хасеннің қатысқанына куә болып дәлелдеп берген Әбілхайырова бастаған бес куәгердің көрсетпесін «жала жапты» деп бас тартады. Бәрібір, Алматы қалалық соты Хасеннің желтоқсанға қатысқанын дәлелдейді. 1987 жылы 6 ақпанда қамалып, 1987 жылы 22 сәуірде төрт жылға бас бостандығынан  айырылады. Бірақ, анасы Екатерина Иванқызы Лисовская сол кездегі Мәскеудегі Кеңес Одағының, республикалық, облыстық, аудандық партия, комсомол, кәсіподақ ұйымдары мен сот, прокуратура, құқық қорғау органдарының бүкіл басшыларына, Кеңес Одағына белгілі адамдардың аттарына хат жазып, «жазықсыз жала жабылған» баласы Хасенді қорғап беруін өтінеді. г 

Екі жыл түрмеде отырған Хасен де өзінің желтоқсанға қатыспағанын дәлелдеп жаза береді. Хасекең мен анасының бір күн құрғатпай араша сұрап жазуы, Хасекеңнің «ешқандай батыр емес», «жала жабылған, жазықсыз» екенін дәлелдеп береді. 1989 жылы 16 ақпанда екі жылға жазасын қысқартып түрмеден босатылады. Босай салысымен тағы шағымдана береді. Ақырында 1990 жылы 27 қаңтарда сол кездегі Жоғарғы соттың төрағасы, атышулы Т. К. Айтмухамбетов те Хасеннің желтоқсанға қатысқан «ерлігін» жоққа шығарып, Әбілқайырова бастаған куәлер «жала жапқан» деп, дәлелдеп оны құжаттап, ақтап шығарады. Шахановтың жанкештілігінің арқасында «желтоқсандықтар» ақталып ұлттың батырларына айналғанда, Хасекең де «Мен Желтоқсанда ананы ұйымдастырдым, мынаны ұйымдастырдым, сол үшін жазаландым», «мен де батырмын»,- деп, «Шаханов ол кезде Мәскеуге қашып кеткен»,- деп, ұялмай-қызармай осы күнге дейін айтып келеді.

Төртіншіден, 1575-1616 жылы өмір сүрген поляктің (мүмкін аты шулы ұлттан шығар) ақсүйек графы Александр Юзеп Лисовскийдің «тұқымымын» деп мақтанатын Хасен Қожа-Ахметке сенің қазағың, тілің, дінің, Шахановың неге тұрады?

Бесіншіден, «Азаттық» радиосы өткізген дөңгелек үстелде: «Қазақ халқына қарсы Хасен, тек «болмас елдің балалары бірін-бірі қатын дейді»,- дегенді санасына құйып алса керек. Қашан көрсең жоқтан өзгені құрап, тіл тигізбеген, атына кір жақпаған адам қалдырмады. Сондықтан, менің айтайын дегенім, «болар елдің баласы бірін-бірі батыр»,-дейді дегендей, белгілі бір бағытта бәріміз басымызды қосып, бірігіп іс жасағанымыз дұрыс сияқты. «Мен қазақтың ұлтшылдығына сенемін, намысына сенемін. Біз көп ұйықтап кететін, бір демде тұра қоймайтын халық болғанымен, бір тұрсақ, бізді тоқтату қиын екеніне сенемін»,- деген қоғам қайраткері Д.Көшім Хасеннің қандай адам екенін дәлелдеп берген. Дос Көшімнің бұлай ашына сөйлеуіне Хасеннің қай жерде жүрсе де, М.Шахановты жамандап жүретіні, жоқтан бар жасап, өтірікті шындай, шындықты Құдай ұрғандай құрастырып отыратыны еді. Енді оған Мағауин қосылды.

М. Мағауинді елден ешкім қуған жоқ. КСРО кезінде, шетелге кеткенше аттан түскен жоқ – басшы қызметтерде болды, «түкірігі де жерге түспеді» - жазғанының бәрі кітап боп шығып тұрды. Биліктен атақ пен сыйлық, үй үстіне үй алды. Шетелге кетерінде «Шаңырақ  оқиғасына» қатысты биліктің ісін жақтап жазған бірауыз сөзі үшін Алматының қақ ортасынан 200 шаршы метрлік пәтер алыпты. Оның алған Мемлекеттік сыйлығы әрбір пенденің пешенесіне жазбаған...

Мағауин Қ. Мырзалиевті Шаханов жамандады – деп кінә тағады.                                                                                                               

...Соңғы кезде қарайды далам налып,

Дала шіркін, налыса –алаңдадық.

Кешір бізді,

Шаханов ініміздей

Ең болмаса үш әйел ала алмадық!

Елу әсте ақынның бала-шағы!

Қолдан бермес Шаханов тамашаны!

«Төртіншісі неге жоқ» дей алмаймыз

Ініміздің алда ғой болашағы!... деп мысқылдайды өзі «пайғамбар» жөнінде өлең жазып, бес қатын алған Абайды немесе Құнанбайды емес, Шахановтың үш қатыны туралы айтады. Шахановтың қатысы қанша пайғамбарға. Оған Шаханов ренжіп Мағауинше жазатын болса, әрбір сөзден ілік іздеп малтасын езіп отырар еді. Шаханов ондайға бармайды, сонысымен ірі ол. Сондықтан да оны көре алмаған жандар мен  ұсақ-түйек ақын-жазушысымақтарды түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырып, іштерінде үнемі қаншық қыңсылатып жүреді. 1968 жылғы Қазақстан Жазушылар одағының алтыншы пленумында  "…Ерте кезде біздің қазақ халқында шовинизмдік көп болған. Ешбір халықты менсінбеу олардың қанына сіңген...  Революциядан бұрын қазақ халқында жазу болмаған..." деп айтқан   Мұхтар Мағауиннің қазақ халқы үшін осы уақытқа дейін сіңірген еңбегі әншейін атақ үшін бе деп қалдым. Өйткені, дәл сол кезде Кеңес одағы қазақтың жеті жүз мектебін жауып тастаған-ды. Ұлттың рухани өзегіне құрт түсіп, жаппай арақ ішіп, іру жолына бағыт алғанда Мағуиннің әлгі сөзі жығылғанға жұдырық емей не?..

Мынадай өркендеп келе жатқан бейбіт елін, енді есін жия бастаған қазақ халқын ұлт зиялысы болса, қалай қиып кетеді. Ол жақта өзге ұлттың бетіне қарап бүгежектеп, айтқанын істете алмаса, оның несі жақсы. Керісінше халқына пана болып, жауға қасқайып қарсы тұрып, ақ маңдайы жарқырап, ұлтына көсем болмай ма. Кейде: қазақ ұлтының басына, тіліне, дініне, жеріне қауіп төніп, шырылдап Шаханов шыққанда, Қожа- Ахмет пен Мағауин неге оның жағасынан алып шыға келеді деп ойлаймын. Неге иық тіресіп ұлты үшін жауына қарсы бірлесіп шығып құрбан болмайды. Қазір ұлтын қорғамаса ертең атасының басын қорғай ма? Бұл екі тұлғаның ұлт зиялысы дегені қайда қалды?

Хасен мен Мағауин айтқандай "Назарбаевтың адамы" М. Шаханов:

…Наурыз мейрамын қайта тірілітті;

– Арал теңізін жойылу апатынан сақтап қалды;

– 1986 жылғы КСРО-ның қылмысын ашып, қазақ жастарын қорғап, ақтап шықты; 

–  Қазақ, орыс тілдеріне қатар Мемлекеттік мәртебе беріп жібергенде, басын құрбандыққа шалып, орыс тілін алдырып тастады; 

– Қазақ ұлтын «қазақстандық ұлт» дейтін, аждаһадан арашалап қалды:

- Жерден айырылсақ елден, ұлттан айырылатын заман туып тұрғанда қазақ зиялыларының басын біріктірді:

- Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев бастаған биліктің үштілділік деген ұлтты топастандыру саясатына тағы жанталасып майдан ашты.

Осы ерліктері үшін Шаханов - Хасенге ұқсап «Құрмет» орденін, Мағауинге ұқсап Мемлекеттік сыйлық алмай тек жамандық көріп келеді. Осыны көрген халқы, әрине, ұсақ-түйек кемшілігін көрмей Шахановқа араша түсіп шаң жуытқысы келмейді.

"Бір кереметі, бүгінде бейресми қазақ баспасөзі мен электрондық ақпаратта, кейде тікелей, кейде мейлінше мипаздап, республика президентінің өзінің атына әрқилы тілек, пікірлер айтылып жатады, ал «Ұлттың ұлы тұлғасы» атанған алып ақын М. Шахановқа шаң жуымауға тиіс. Тасқа басылмайды, компьютер сайттарына өткізілмейді, коммент түрінде әлдеқалай жазылып қалған теріс, тіпті, бейкүнә ескертпелердің өзі сүзгіге түседі, кездейсоқта кетіп қалса, қолма-қол өшірілмек. М.Шахановқа қатысты әлденендей жеңіл-желпі уәж келтірген кісі – халық жауы есепті..." деп Мағауин  мойындап отырса да, ішін қызғаныш тырнап барады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп қазақ өзінің ақылды ұлдарына айтса керек...  

Тоғайбай Нұрмұратұлы

Abai.kz

 

0 пікір