Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Мәйекті 6156 0 пікір 24 Ақпан, 2016 сағат 12:56

ФУНДАМЕНТАЛИСТ ЖАСТАРДЫҢ КӨБЕЙГЕНІ ҚАУІПТІ

Ұлттық идея әр адамның ұлт­тық санасымен, ұлттық рухымен келе­тін дүние. Ұлттық сана мен ұлттық рух – адамның жан әлемінің бойында тәрбиемен оянатын, адамды игі жолға бастап, оның болашағына қызмет ете­тін құндылықтарға адамды жетелейтін танымның ерекше құбылысы. Түркі жұртының тұл­ғалану қасиеті оның ұлттық рухының да бет бейнесін көрсетеді. Демек, ұлттық идеяның өзегі – ұлт тарихында жатыр.

Міне, ЮНЕСКО ұйымы биылғы жылды Қожа Ахмет Ясауи жылы деп белгіледі. ЮНЕСКО ұйымының Қожа Ахмет Ясауи жылын қабылдауы Түркияның ұсынысымен болды. Ал, негізінен Ясауидің туған жері, рухани қазынамен сусындағаны – Қазақ жері.

Бес мың жыл бойы өзінің ұлттық сипатын жоғалтпай келе жатқан Қытай халқы Конфуций ілімін ешқашан да өзіне жат тұтқан емес. Не болмаса төл мәдениетін әлемге танытудан танбаған Үнділер Будда ілімінің құндылықтарын әрқашан да өзіне мақтаныш етеді. Ал, күллі түркінің Темірқазығы атанған Қожа Ахмет Ясауи жер кіндігі саналатын өзіміздің Түркістанда жатқан жоқ па?!

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» еңбегінде: «Нақ осы Ясауи ілімі арқылы ислам қазақтардың рухани өмір салтына айналады да кейінгі сегіз ғасырдың өн бойында соларды жебеп келді. Қазақ хандығы мен қазақ халқы құрылғанда, олардың бастау бұлағында осы ілім тұрды», сонымен қатар, «Сындарлы он жыл» кітабында болса: «Ясауидің тікелей жанқиярлық еңбегінің арқасында ғана қазақ тайпаларының ұлттық ортасында ислам канондары мен далалық дәстүр үйлесім тапты, қазақ халқының арасында күні бүгінге дейін оның есімін кие тұтып, көптеген түркі тілдес мұсылмандар үшін «Екінші Мекке» болған оның кесенесіне зиярат жасайды» - дей келе, күні кеше ғана руханият саласында егжей-тегжейлі айтылған, тарихтың терең қойнауында жатқан сырларды санаға сіңімді етіп жеткізген Елбасының сөздері мен еңбектерін мемлекеттің рухани біртұтастығы үшін пайдалана білуді де ұмытпауымыз қажет. Және де ұлттық рухани тарихымыз жазыла қалса, Ясауи мұрасы, хикметтері назардан тыс қалмауы да тиіс.

Бүгінгі таңда санаулы дінтанушы ғалымдарымыз Ясауи ілімінің құндылығы ұлт және рухани тарихымен біте қайнасқандығы, сондай-ақ, ұлттың бүгіні мен ұрпақтың болашағына да ауадай қажет екендігін айтыпта, жазып та жүр.

Ясауи мәдениеті мен ілімі Имам Ағзам Әбу Ханифаның және Имам Матуридидің ұстанымдарының аясында дамып, қазақ даласына жайған осы Ясауи болатын. Бұл ғалымдардың ілімдері қайта бір-бірінен нәр алып, қоғамның дамуына зор үлес қосқан. Себебі, Ясауи мәдениеті Имам Ағзам Әбу Ханифаның негізімен даналық жолын «хәл ілімін» (адамның тұлға болып қалыптасуы және қоғамдық қатынастарды реттеуі)  ретінде таратты. Ясауи бабамыздың: «Менің хикметтерімнің ішкі мәні - Құран» (Мени хикматларим фарман-субхан, Оқыб уқсан һамма мағна: Қуран)- дей келе, оның ілімі исламның ішкі мән-мазмұны болып табылады. Ясауи ілімін тануда Абайша айтқанда: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» керек-ақ. Барлық түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының да рухани дүниетанымына негіз болып қаланды. Ұлттың ар-ождан кодексі рөлін атқарған Ясауи мұрасының негізгі ұстанымдары қазақ халқының моралдық қағидаларында көрініс тапты. Нақты мысалын біз ізгілікке, имандылыққа бағытталған әдет-ғұрыптан, салт-дәстүрден, мақал-мәтелдерінен, би-шешендердің нақыл сөздерінен және де кешегі жыраулар поэзиясынан айқын байқаймыз. Қазақ жыраулардың дүниетанымында бір ғана Алла бар, тағы бір ерекшелігі Құран ілімімен ауызданып, Ясауидің хикметтерін терең меңгерген. Жыраулардың еңбектерінде Ясауидің есімі жиі аталып отырады. Мысалы, Қашаған Күржұманұлы:

«...Аллалаған пір өткен,
Туына жұртын түнеткен.
Жария зікір, таспих,
Мешіттің ішін гүл еткен.
Хақ Расулдың сүннетін,
Қожа Ахметтің міндетін,
Өшіре көрмең жүректен...».

 

Қарсақал Ерімбеттің:

«...Әуелі әғузу биллә Хаққа сәна

Салауат пайғамбарға айттым жаңа.

Сәруәрі сансыз бабтың Қожа Ахмет,

Назар сал ер Бабама келсе шама...». Демек, қазақтың мұсылмандық дүниетанымы түркілік руханиятта сопылық ілімінің негізін қалаған Ясауидің «хәл ілімі», Абайдың «толық адамы» және Шәкәрімнің «ар ғылымымен» астарласып, бірін-бірі толықтырып жатқаны анық. Қасиетті Құранның «Шұғара» сүресі, 88-89 аяттарында: «Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаға нағыз жүрекпен келсе ғана пайда береді.» Осы аяттарға сай, «хәл ілімінің» негізгі мақсаты – қоғамдағы адамның жандүниесін нәпсі зынданынан босатып алу жолын үйрету, сөйтіп бір Жаратушымен қауыштыру. «Хәл ілімді» Ислам дінінен бөліп қараудың аса жаңсақтық болады.

Еліміздің рухани мұрасын ұлттық тұрғыдан қайта саралап,  ұлттық рухани мұраны айқындауға көмектесетін ұлттық идеологияны жасау күн  тәртібіне қою қажеттілігі туып отыр. Бүгін жаһандық үдерісте қазақтың барлық рухани құндылықтары бірі батыстық, бірі өзге діни ағымдардың (уаххабилік) қысымымен құнсыздандыру жүріп жатқандығы да жасырын емес. Кеше кеңестік режим біздің тарихымызды жоққа шығарса, ал бүгінгі өзге діни ағымдар қазақтың бітім-болмысын терістеуде.

Кейде қазақ ұлтын жоюға бағытталған саясат жүрiп жатыр ма деген ой келеді. Ұлттын сүймейтін, ата-анасын қадірлемейтін, тілін, тарихын, салт-дәстүрін түбегейлі мансұқ ететін, шариғатты басқаша түсіндіретін, соны айналасынан талап ететін, өмір тіршілікке өлім немесе қорқыту үкімімен қарайтын фунтаменталист қазақ жастарының күн санап көбеюі ұлт үшін өте қауіпті. Сіз не дейсіз?

 

Бахтияр Алпысбаев

Abai.kz

0 пікір