Жұма, 26 Сәуір 2024
Ұят-ай! 4966 0 пікір 29 Ақпан, 2016 сағат 10:32

МҰХАМЕДИҰЛЫ БАЯНМЕН БӘСЕКЕЛЕСІП ЖҮР МЕ?

Баян демекші, қазір интернетті ашсаң да, телеарнаны қоссаң да Есентаеваның "жаға ұстатарлық", "таңдай қақтырарлық" жаңалықтарын, мәлімдемелерін, сұхбаттарын оқуға, көруге, тыңдауға мәжбүрсіз. Бүгін Баян "қандай картоп жарар" екен деп, құлағыңызды қалқитып алып жаңалық күтесіз. Баян күттірмейді.

Баянды қойшы, шоу-бизнесте не жасаса да жарасатын заман туды емес пе қазір? Сол Баяндай шоу жасаудың шеберіне айналған Мәдениет министріміз Арыстанбек Мұхамедиұлының қылығын қайтпекпіз? Шенеунігіміз күн санап, жаңалық жасаудың тілін әдемі меңгеріп келеді. Аз уақытта Есентаева Мұхамедиұлының қасында жіп есе алмай қалатын шығар деп ойлаймын. 

Мұхамедиұлы тегін өзгертті - керемет жаңалық (баяғыдааа болған жағдай)...

Мұны неге еске түсіріп отырмын?. Жалпы, шоу жасап, ойнай білетін қасиет адамның тегінде, қанында болатын болса керек. Әлиевтер саясат сахнасынан ысырылғанда тегінен бас тарту ерлігі осы кісінің ғана қолынан келді. Нәтижесінде министр орынтағына қонжиюға мүмкіндік алды. Ғажап емес пе?   

Қош, өткенді қаузап қайтеміз... Онан да соңғы кездердегі ғажайып жаңалықтардың бірлі-жарымын тізе салайықшы.

Мұхамедиұлы Ұлыбритания деген сөзді айта алмады - хит.

Мұхамедиұлы Ильинге телефон тұтқасын ұсынады - хит.

Мұхамедиұлы Иса пайғамбар жайлы фильм түсірмек - хит.

Мұхамедиұлы қытай компизиторы жайлы кино түсіріп жаттыр - хит.

Мұхамедиұлы кепка киеді... Министрдің десскоды да - хит. 

Мұхамедиұлы Ильинге қате хат жазады... Тағы да хит... хит... хит...

Не қылған бітпейтін х-ит...

Баян мен Мұхамедиұлының хиттерін таразыға салсаң, менің ойымша министрдің салмағы басым болып кететін сияқты. Өйткені, оны бүгінгі біздің шенеуніктердің жиынтық образы деп білемін. Мұхамедиұлына қара да, елдің тізгіні кімдердің қолында екенін түсіне бер!

Е, мұның қойшы бәрін! "Борсық ұрған сайын семіреді" дейді қазақ. Құрметті министрді борсыққа теңеуден аулақпыз. Десе де, Мұхамедиұлы "семіріп" барады. Оны танымал еткен, оған деген бүкіл жұртшылықтың "махаббатын" оятқан жоғарыда айтылған - хиттер. Илья Ильинді құтықтап жазған хатындағы қателікті көріп, осының бәрін министр әдейі жасай ма деген ойға келдім.

Себебі, Өнер академиясын басқарған адам "қара пиар" дегеннің не екенін жақсы білсе керек. 

Хатты оқыңызшы...

«Қазақ елінің төл спортына айналған ауыр атлетикадан төрт дүркін «Әлем ауыр атлеті» атануыңыз"М"ен шын жүректен құттықтаймын! Бойыңыздағы күш-жігеріңіз, адамгершілік қасиет, спортқа деген құштарлық, қажырлы еңбектің арқасында барша әлем жұртын мойындаттыңыз. Сіз сияқты жүректі, білекті, Отансүйгіш азаматтарымыз барда Қазақстанның әнұраны барша адамзаттың алдында әлі сан рет шырқалып, туы көкке көтерілетініне сенімдімін», - делінген.

Мұндай қате, басқаны былай қойып, Мәдениет министрінен кетуі мүмкін емес қой. Демек, бір жоспары болғаны. Ел сияқты Ильяны құттықтаған болса, оны ешкім елемейді. Онсыз да соры арылмаған қазақ тілін құрбандыққа шалып, бір ғана қателік енгізіп, ол қателікті жанын жеген журналистерге көрсетіп жіберсе, шоу болмай ма? Ауыр атлетшіні министрдің "министр басымен" құтықтағанын мұқым жұрт білмей ме?  

Осы қадамға барған (бұлай болмауы да мүмкін) Мұхамедиұлын енді әжуалап көріңіз. Меніңше, сіз оны емес, ол бізді мазақтап жүр...

Шәріпхан Қайсар

Аbai.kz

0 пікір