Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 9068 0 пікір 2 Наурыз, 2016 сағат 11:40

БЕЛОРУС ПЕН ҚАЗАҚ АУЫЛЫ 25 ЖЫЛДА ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

Жақында ресейлік www.nakanune.ru сайты «Батька» басқаратын мемлекеттегі шалғай жатқан ауылдардың бүгінгі келбеті туралы мақала жариялады.

Ресейлік сайт тілшілері, Беларуссияның Минскі қаласынан 140 шақырым жерде орналасқан Дараганова ауылының бүгінгі жәй-күйі КСРО шеңгелінен шыққан кей мемлекеттердегі «моноқалалармен» салыстырып қарағанда едәуір көші ілгері екенін айтады. Тілшінің құлақпен естігенінен емес, көзбен көріп келгенінен түйгеніміз де аз емес.

Сонымен Белорус ауылы КСРО күйрегеннен кейінгі  22 жылда қалай өзгерді?

Қалалықтар қорқып, үркіп қарайтын қиранды емес, көрікті әм абаттандырылған, барлық коммуналдық орталықтар мен муниципалды мекемелер ашылған. Қарағанда көз тояды.

Бұл «Батька» басқаратын, «картоп королевствосындағы» елді мекеннің бүгінгі әужайы. Ауыл емес, аудан орталығы құдды дерсің. Әсіре сілтеу емес, анығы осы. Әйтпегенде, «картоптан» өзге экспорты мандып тұрмаған Белоруссияның Еуропалық тауарларға транзиттік аймақ рөлін атқарып, «алып-сатарлықпен» күнелтіп отырғаны аян ғой.

(ауыл көшелеріне дейін жол белгілері орнатылған)

 

 

 

Ескі һәм жаңа одақтасымыз, Еуразиялық экономикалық одақты құрушы үшеудің бірі-Белоруссияның бүгінгі ауылының жағдайы осы. Мақсатымыз өзгені асырып, өзімізді жасырып қалу емес-тін, әуелде.

Жерінің асты мен үсті қазба байлыққа толы Қазақстанның шалғай жатқан ауылдарындағы ахуал мен «Батьканың» басқаратын еліндегі ауылдарды салыстырып көрелік. Жазғанымыз жалаң сөз болмауы үшін, бірлі-жарымды мысал келтіре кетелік. Өз ауылдарыңызды танып жатсаңыз қайран қалмаңыз.

Өткенде еліміздің мұнайлы өңірін басқарып отырған Бердібек Машбекұлы Сапарбаев мырза Ақтөбенің маңайындағы ауылдарды аралап шықты.

Мұнайдың үстінде отырып, қаспақ қырып отырған ауылдар туралы  Сапарбаев мырзаның айтқандар жоғарыдағы біздің сөзмізге дәлел болары анық.

«Ауылдардың қазіргі жағдайы соғыс кезіндегі ауылдар сияқты»,-деді әкім мырза.

Қағазға ғана қызмет ететін әкім-қаралардың қып-қызыл өтірігін әшкерелеген Сапарбаев мырза:

-Оқыған есебіңде барлығын керемет деп ­жазыпсың. Көзімізбен көріп отырғанымыз мүлде басқа нәрсе. Ақтөбенің­ іргесіндегі елді-мекенде балалар саман мектепте білім алып жүр. ­Іші алқам-салқам. Төбесі құлағалы тұр. Қабырғасының сылақтары тү­сіп жатыр. Ауылды көгалдандырдық дейсің. Келе жатқанда еш­қандай тал көргенім жоқ. Шылғи өтірік,-деп еді.

Мұнайлы өңірдегі ауылдардың әужайы осы болғанда, өзгелерден не күтерсің...

 

 

 

(суреттер korrespondent.kz сайтанан алынды)

Үкімет тізгінін ұстап отырған ақ жағалылар ауылдарды аралап, халықтың жағдаымен өздері барып таныспай өзгеріп кетер дәнеге де жоқ. Бұл ақиқат.

Рас, кезінде ауыл жылын жариялап, кейбір елді-мекендерге муниципалдыө нысандар салып, мектептер, ауруханалар мен балабақшалар тұрғызылған-тын. Десек те, одан бері қарай он жылдың жүзі өтті. Салған ғимараттар ескірді. Ал ондай рақымшылыққа қолдары жетпегендер, сонау кеңес кезеңінен қалған ғимараттарда жүр әлі күнге дейін.

Қазақстан әлемде жер көлемі бойынша 9 орынды иеленеді. сонымен қатар қаншама қазба байлықтары бола тұрып, ондағы ауылдардың әлеуметтік жағдайы өте төмен. Бай елдің ауылы кедей. Неге?!

Түйін: Бейресми деректерге сүйенсек, 2015 жылғы ақпараттар бойынша Қазақстанда 2468 ауылдық (селолық) әкімшілік бар. БАҚ өкілдері бажайлап, ара-тұра ауыл мәселесін сөз етпесе, ауылдың жұрты туралы жақ ашып, «ләм» деген шенеунік ілеуде біреу ғана болар. Осылардың жағдайымен жіті таныс жан Үкіметте бар ма? Осындайда Үкілі Ыбырайдың «Атаңа нәлет Николай арғымақ атқа мінгіздің, жібек киім кигіздің, айналайын бәлшебек, ағаш атқа мінгіздің, шоқпыт киім кигіздің» дейтіні еске түседі.

Нұргелді Әбдіғаниұлы 

Abai.kz

0 пікір