Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәйекті 5322 0 пікір 3 Наурыз, 2016 сағат 17:13

ЗЕЛЕНСКИЙ: ПУТИН МЫРЗА, О ДҮНИЕДЕ ОРЫС ТІЛДІЛЕРГЕ ҚЫСЫМ ЖАСАЛМАЙДЫ ЕКЕН...

Ресей мен Украина арасындағы территориалдық жанжал күн санап жаңа деңгейде ушығып жатқаны жасырын емес. Пост кеңестік шекпеннен шыққан екі бірдей славян ұлтының дауы бүгінде әлемдік масщтабқа жеттті. ЕҚЫҰ, БҰҰ, ШОС т.б. барлық халықаралық жиындардың күн тәртібінде Украина-Ресей жанжалы талқыға салынып, мінбердегі мәселеге айналды.

Қос мемлекеттің арасындағы қарулы қақтығыстар бүгінде,  ақпараттық соғысқа айналып, БАҚ бетінде бір-бірін ашық сыбып, сынауға көшкен.

Жақында украиналық шоумен, тележүргізуші, антиресейлік позициясымен Кремілде отырған «Вова ағаның» ашуына тиіп жүрген Владимир Зеленский Президент Путинді кезекті рет келемежге айналдырды.

«Квартал 95» студиясының түсірген кезекті сатиралық кешінде Владимир Зеленский  Ресей Президенті Путин мырзаның «орыс тілділердің құқығы» туралы айтқан құйтырқы мәлімдемесіне қайта шүйлікті.

Әлеуметтік желілер мен «Youtube» интернет каналында таралып кеткен бұл бейнебаянда украиналық актер Путинді «о дүниеге» аттандырып, атына теріс мінгізіп жіберген.

«Құрметті Владимир Влаимирич! Сіз білесіз бе, анау дүниеде ешкім орыс тілділердің құқығын шектеп, қысым көрсетпейді екен. Сондықтан ол жаққа өз әскерлеріңізді жібермей-ақ, қойыңыз»,-дейді антиресейлік көзқарастағы актер Владимир Зеленский.

Ресей Президентінің Тәуелсіз, бөтен мемлекетке әскер кіргізуге құмар екендігін біз жақсы білеміз. Украина, Түркия, Сирия сияқты мемлекеттердің территориясына басып кіріп, әскери операция жүргізу Ресей президентінің сүйікті ісі секілді көрінеді кейде. Әйтпегенде,  бөтен мемлекеттің ішкі саясатына қол сұғып, әскер жіберу Путин мырзаның бейбітсүйгіштігі әм бітімгерлігін көрсетпесе керек. Тіпті, Украина территориясына тиесілі «Қырымды» әлімжеттілікке салынып, тартып алғаны да бар. Ресей Президентінің осы  және өзге де саяси ойындары әм мәлімдемелері актер Зеленскийдің негізгі тақырыптарының біріне айналған.

Путинде кеткен елінің есесін, кекесін, әжуамен алып жүрген Зеленскийді бұл күнде бүкір орысия халқы жақсы таниды десек артық емес. Сонымен қатар, Зеленскийдің запыранды әзілдері әм айтпақ болған ойы Путин мырзаға да жетіп тұрады. Тіпті, Кремль қожайынының шабармандары биылғы жылы тұсауы кесілетін «8 жаңа кездесу» (8 новых свидания) атты фильмнің премьерасына Зеленскийді келтірмейтін болған.

Айта кетейік, украиналық актер Зеленский екі мемлекет арасындағы алауыздық оты тұтанбас бұрын, Ресейде тұрған.  Телеарналардың жарық жұлдызы болып жүріп, орыс эстрадасының төрінде өнер көрсеткен. Украинадағы «майдан» оқиғасынан кейін Зеленский өзінің отанына оралып, қатардағы украиналықтардың бірі болды. Кремль қожайынының Украина территориясына жасаған агрессивті басқыншылығынан соң, Владимир Зеленский антиресейлік көзқарасқа көшіп, Путин мен оның жақтастарын ашық әжуалауға көшкен.

Айтпақшы, осыған дейін, Зеленский мазағының насаны болып үлгерген саясаткерлердің сапында – Владимир Путин, Дмитрий Медведьев, Петр Порошенко, Юлия Тимошенко, Виктор Янеукочич, Александр Лукашенко, Рамзан Қадыров т.б. бар.

Иә, Рамзан Қадыровқа қатысты қалжыңы үшін, Зеленский БАҚ алдында кешірім сұрап та үлгерген. Шешенстан басшысының жерлеу рәсіміндегі көз жасын кекеткен актер, «қаза кезінде тұрғанын білген жоқпын» деп ақталған.

Десе де, өзінің саяси кекесіндерімен көпке танылып үлгерген Владимир Зеленский бұл жолы Путин мырзадан кешірім сұрамақ емес.

Түйін: Ескі әм жаңа одақтасымыз деп айдарлап отырған солтүстіктегі көршімізге Алаш арыстарының да, бүгінгі Қазақстанның да кетіп жатқан есесі қанша? Кешегі Хан Кененің басынан бастап, бүгінгі Байқоңырдағы былықтар туралы айтар болса, бір әртістің бүкіл өміріне азық боларлық тақырыптар бар емес пе деген ойға келдік. Рас, бізде отбасы, ошақ қасынан аспайтын арзан әзілдер экраннан түспейді. Зеленскийше Путинге дүрсе қоймаса да, астарлап жеткізудің жөнін таппаса керек біздің әзілкештер. Әлде, мемлекеттің цензуралық саясаты ма Тұрсынбектердің аузына бұғау болып жүрген? Жоқ шынымен, бізде батыл ойлы, салмақты, саясатты сымдай қылып жеткізетін таланттар жоқ па?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

0 пікір