Жұма, 26 Сәуір 2024
Өмірдің өзі 8110 0 пікір 8 Наурыз, 2016 сағат 13:24

«ЖАС АЛАШ» ПЕН ЖАСАН ЗЕКЕЙҰЛЫНЫҢ СОТЫ ЖАЛҒАСУДА

Алматы қалалық соты «Жас Алаш» газетінің сот үкіміне қатысты апелляциялық шағымын қарастырды. Жасан Зекейұлының ұсынысымен ауыстырылған Сот төрағасы әуелде сот залына БАҚ өкілдерін кіргізбей, арнайы монитар орналастырылған бөлмеге жіберген. Сот отырысы басталғаннан 10 минуттай уақыт өткенде залға журналистер де кірді.

«Жас Алаштың» аппеляциялық шағымын қарастырған сот отырысын үш судьядан тұратын алқа жүргізді. Осының алдында «Жас-Ай» медициналық орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлы аталған басылымды сотқа беріп, Алмалы аудандық сотында жеңіп шыққан еді. Жасан Зекейұлы «Жас Алаш» газеті мамыр айында өзі туралы жариялаған «Академик» отбасымен соттасып жүр» деген мақала «абыройы мен ар-намысын қаралады» деп сотқа жүгінген Ол (Жасан Зекейұлы – ред.) әуелі газетті алты айға тоқтатуды және өзіне 400 миллион теңге моральдық шығын төлеуді сұраған.

Қарашаның 13-і күні Алматының Алмалы аудандық соты "Жас Алаш" басылымы мен журналистеріне қатысты үкім шығарған. Сот «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайға, газет тілшісі Меруерт Тұрлыбековаға, газет оқырманы Қаден Мұқанұлына, Жасан Зекейұлының бұрынғы әйелі Гүлия Әлиханқызына және Гүлия Әлиханқызының әкесі, 76 жастағы Әлиханға, барлығы 40 миллион теңге айыппұл салған. Бұған қоса «Жас Алаш» газетінде Жасан Зекейұлы туралы жазылған мақаланы терістеу міндеттелген. Кейін сот шешіміне наразы жауапкерлер апелляциялық шағым түсірген.

Естеріңізде болса, 25 ақпанда  өтуге тиісті сот отырысы кейінге қалдырылған еді. Сонымен, екі тараптың да ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған Сот алқасы шешім шығармастан бұрын, жарыссөзге кезек берді.

Айтпақшы, аппеляциялық сот процессі кезінде Жасан Зекейұлы мен оның отбасы мүшелерінің арасында жауаптасулар болды.

 Бұл жауаптасулардың сотқа жанама ғана қатысы болғандықтан біз жиынға келіп пікір білдірген қоғам белсенділері мен талапкердің өз сөзін қаз-қалпында беруге тырыстық.

 

Софы Сматаев, жазушы:

 Қазақтың дәстүрінде, өмір сүру үлгісінде өз әйелімен, өз бала-шағасымен соттасу деген болмаған нәрсе. Соны және бүкіл республика жұртшылығының алдында азандатып жария ету, жар салу азаматтық атқа үлкен сын. Егер талапкер өз қателігін түсінген болса, ол мына арызын қайтып алу керек. «Жас Алаш» деген газет бұл – республикамыздағы  әділдікті ашып айта алатын аз газеттің бірі болып қалды, қазір. Сондықтан да мен бүгін ауру еңсемді сүйретіп, газетімізді қорғайық, үн қосайық деп келіп отырмын. Еліміздің ертеңіне гарант болып отырған адамнан бастап, бүгінгі соттан әділдік күтіп келіп отырмыз.

Әміржан Қосанов, саясаткер, журналист:

-Жаңа Сот төрағасы бұрынғы судья Бейсеуоваға қатысты айтпаңыздар деді. Мен неге айтам, өйткені сол кезде Бейсеуова  басқаша тәртіп ұстанып, сот процессін екі жақты әділ өткізгенде бүгінгідей былық-шылық болмайтын еді. Және Бейсеуова деген судьяның тенденциялық жүргізу әдісі өрескел қателіктерге толы еді. Қазақ тілінің иісі мұрнына бармайтын сондай адамның қолына 95-жылдық тарихы бар, бүкіл қазақтық басылымының тағдырын беріп қойған кім?   Екінші мәселе және басты мәселе мен кейде ойлаймын,   Жасан Зекейұлы миллиондаған қазақтың сүйікті басылымына айналған «Жас Алашпен» неге осындай текетіреске түсті? Бизесмен ретінде бұл оған пайдалы емес. Жасанның орталығына баратындар кімдер? - Қазақтар, соның ішінде ауылдан келген қазақтар. Ал «Жас Алаштың» 90 пайыз оқырманы ауылдағы қазақтар. Соныдақтан Жасанның артында жасырын күштердің тұруы ғажап емес. Неге? Өйткені «Жас Алашты» қудалаудың астарында жалпы Тәуелсіз басылымдарға қарсы саясат жатыр.  

Жасан Зекейұлы, талапкер:

«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы мен оның әріптестері күні бүгінге дейін өзінің Заңға қайшы әрекеттерін жасап бағуда. «Жас Алаш» газеті  бірнеше мәрте мені ашық балағаттап,  мені мазақтаған мақалаларын өз еріктерінше шығарып отырды. Сол үшін екінші рет сотқа жүгінуге итермеледі. ҚР Конституциясында көрсетілген  баптар бойынша мені ашық қаралаған «Жас Алаш» газеті мен оның сыбайластарына қатысты Алмалы аудандық соты шығарған шешімді өзгеріссіз қалдыруды сұраймын. Қосымша айтпағым, «Жас Алаш» газеті қарша боратып, қаншама рет мені қаралап жатқанымен де,  біздің республикалық басқа да басылымдардың менің ізгілікті істерімді, адамгершілігім мен ар ұжданымның беделін ескеріп, мені жақтап мақалалар жазып жатқандары жоқ емес. Бұл менің мақтанғаным емес, бірақ мені халық өзі қалап, еңбегімді ескеріп жатыр. Мысалы, БҰҰ-дан бастап түрлі деңгейдегі марапаттарым міне. Сонда осының барлығын беріп, маған сеніп отырған барлық басшылар ақымақ та, жалғыз «Жас Алаш» қана ақылды ма?.. Қазір Рысбектің жағында жүрген біршама зиялылар кезінде мені жақтаған еді. Содан ол жазушыларға Рысбек «мақалаларыңды баспай қоямын» деп қорқытып алған. Сондықтан, мені «жалған академик», «колледж түлегі» деп жүрген басылым жазалануы тиіс. Мен Рысбек сияқты бекерге сөйлемеймін, нақты дәлелдерім бар. Кінәні істеді ме, мойнымен көтеруге  міндетті ол.

(Ескерту: доктор, академик Жасан Зекейұлының сөздері еш бұрмаланбастан қаз-қалпында беріліп отыр)

Түйін: Бір күнге созылған сот процессі аяқталды. Бұл жолы да бизнесмен Жасан Зекейұлы жеңіп шықты. Аппеляциялық сот алқасы Рысбек Сәрсенбайұлы мен «Жас Алаштың» талаптарын ескерусіз қалдырып, Жасан Зекейұлының пайдасына шелілген Сот үкімін өзгертусіз қалдырды.

Ал  «жасалаштықтар» үкім күшіне енген 10 күннің ішінде кассациялық шағым шешімін күтуге мәжбүр. Егер кассациялық шағым ескерілмейтін және бүгінгі сот шешімі өзгертусіз қалатын болса, «Жас Алаш» басылымы Жоғарғы сотқа шағымданбақшы.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

0 пікір