Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Алашорда 7763 0 пікір 11 Наурыз, 2016 сағат 13:23

АЛТЫН АДАМНЫҢ БАСЫ ҚАЙДА?

Парадокс: Бабасының алтынын әспеттеп, басына пысқырмайтын ұрпақ «мәңгілік ел» бола ала ма?

Қайшылықтар мен қалтарыстарға толы қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын – Алтын адам жайлы тарихшылар аз зерттеу жүргізген жоқ.

Жақында "алауинформ" сайты "Алтын адамның бас сүйегі қайда" деген мақала жариялады.

Ең әуелі Есік қорғанынан табылған Сақ адамы біздің «алтын адам» туралы түсінігімізге сілкініс әкелді. Әлбетте, Тәуелсіздігіміздің символына айналған алтын киім расымен мақтануға тұрарлық құндылық болатын. Бабаң басынан бақайына дейін, тіпті тұлпарының әбзелін алтындаған деген бұлтартпас айғақпен айқайламай тыныш жату мүмкін емес болатын.

Айтпақшы, археология дейтін ғылымда «ХVIII ғасырдың қазақтары өзіне әлденеше мың жыл бұрын ғұмыр сүрген сақтардың тұрмыс-тіршілігін қаз-қалпында сақтап келген» деген пікір бар. Кезінде еуропалықтар “Сақтар – еуропойдтар” деген антропологиялық деректерді көлденең тартып, сол кездегі тұрмыс пен мәдениетті олардың мұрагері түркі халықтарына қимай келді. Кеңес үкіметі де қазақтардың өз тарихымен табысқанын аса мақұлдай қойған жоқ. Ал біз бабамыздың алтынының буына мас болып жүрдік.

Алтынның буы тарқай бастағанда біз осы сұрақ төңірегінде ойлануды ұйғардық. Демек, сүйекті зерделеу керек. Міне, есімізді жидық. Енді зерттеп көрейік дегенде тағы да тосқауыл. Сүйек жоқ. Сүйек қайда? Астананы Алматыдан көшіріп жүрген қарбалас тұста сүйек туралы ұмытып кетсек керек. Бірақ құр мақтан құнарсыз көбік екен ғой. Қазақ о бастан-ақ сүйекке ерекше құрметпен қарайтын ұлт болған. Егер өлгенін соншалықты құрметтемейтін болса, онда алтын кигізіп тұрып жерлемеген болар еді. Өз заманының құрметті адамы болған алтын киімді адамның сүйегі «сарсаңға» түседі деп кім ойлаған.

Не керек,  іздеген сүйек 2013 жылы табылды. Бірақ бассыз екен? Сонда «Алтын» адамның  алтын басы қайда? Елдің басы болған ірі қайраткерлердің басын жоғалтып алу «жағдайы» бізде бірінші рет орын алып отырған жоқ.

Бірінен кейін бірі табылған Алтын адам ескерткіші қайталанбас өрнегімен ата-бабамыздың өркениетті ел болғанынан хабар беріп, шетелдер алдында мерейімізді өсірді.

Десек те, әлем елдері әр ұлтты сол елдің белгілі бір ерекше белгісі немесе ғажайып бір ірі тұлғасымен бірден танитыны, анық білетіні белгілі. Айталық, Шыңғысхан десе Моңғолия, Напальион десе Франция, Гитлер десе Германия, Пирамьда десе Мысырды дегендей.

Бізді ше? Әрине Сақтың мұрагері ретінде таниды. Алтынна сауыт соқтырған батыр бабаларымыз арқылы таниды. Мойындамауы мүмкін. Бірақ біледі.

БАҚ бажайлап, бабамыздың басын іздеуге неге құлшылық танытпай отыр? Егер бұны БАҚ көлемінде шулай алмасақ, Сақтың ұрпағымыз деп құр көкірек соққаннан не пайда?

Алтын сауытты бабамыздың алтынын сақтап, басын кім жоғалтты? Кім жауап береді? «Бабамның басы қайда» деп өре түрегелетін тірі бастың табылмағаны ма?

Суретте «Алтын адамның» сүйегі сақталған қорап. (Парадокс: алтын киімді қағаз қорапқа ауыстыру)

Тақырыпқа тұздық

Өз бастауын алғашқы қауымдық құрылыс кезеңдеріндегі жартастар мен үңгірлердегі суреттерден, кейінгі құл иеленушілік кезеңіндегі тасқа жазылған сына жазулардан алатын (Есік обасы) Сақтар (скифтер) туралы деректер антик тарихшы Геродоттың еңбектерінде кездеседі. Геродоттың айтуынша, ежелде Сақтар Солтүстік Үндістанды, Ауғанстанды, Орталық Азияны және Қазақстанның оңтүстік аймақтарын мекендеген. Грек тарихшысы Геродот пен Рим жазушысы Плиний бұларды “Страбон”, яғни “Азиялық скифтер” деп атаған. Бірақ сақтардың нақты мекен еткен жерлерін көптеген тарихшылар шатастырып жатады. Жарты әлемді билеген Сақтардың астанасы һәм кіндік мекені, қазіргі Қа-зақстанның шығыс аймағындағы Зай-сан ауданы Шілікті даласы болған. Бұлай деп топшылауымызға VII-VI ғасырларға тән ерекше сәулет ескерткіштері, біздің дәуірімізге дейін 2800 жыл бұрын осы өңірде өмір сүрген Үлкен Сақ патшасы жерленген қорым дәлел болады. Бұл аймақта үлкенді-кішілі 200-ге тарта зираттар бар. Шілікті даласындағы археологиялық зерттеулер 1910 жылдан басталған. Профессор Черников жүргізген қазба жұмыстары біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардағы, сақ пен ғұн өркениеттерінің даму кезеңдеріндегі мағлұматтар, оның ішінде Сақтардың, бертінгі түркілердің қара шаңырағы — Алтай аймағы екенін айқындап береді. Алтын бұйымдармен әшекейленген ежелгі Сақ патшасы жайлы 2003 жылдан бері басылым беттерінде жазылып келеді.
Осыдан біраз бұрын Қазақстаннан тағы бір алтын адам табылды деген хабар тарағанда, археологиялық қазба жұмыстарына, жалпы тарихқа бейжай қарамайтын кез келгеннің кеудесінде ерекше бір мақтан сезімі оянғаны анық. Шығыстағы Зайсанның Шілікті ауылынан 65 шақырым жерде орналасқан Бәйгітөбе қорымынан 2009 жылы археологтар үшінші Алтын Адамды табады. Бұл күнде олардың саны жетеу. Есік, Берел, Шілікті, Атырау, Бесоба, Тараз және Үржар обаларынан табылған алтын киімді, ежелгі батырлар. Солардың ішінде дене ірілігі жөнінен де, қорым аумағы жағынан да ең үлкені Шілікті обалар кешені. Бұл жердегі зерттеу жұмыстарының басы-қасында т.ғ.д., профессор Әбдеш Тәшкенұлы Төлеубаев экспедиция жетекшісі болып жүреді. Және қазба жұмыстары кезінде қорым ішіндегі адам денесінен бес жұлдызды патшаға тән амулет табылған. Сондай-ақ, қорым ішіндегі теңдессіз ежелгі дәуір жәдігерлері VII-VI ғасырларға тиесілі екені анықталады. Ал Алматы маңындағы Есік қорғанынан табылған Алтын Адамның жас шамасы 18-19 жастағы бозбалаға тән. Көк түріктің алтын бесігі саналатын өр Алтай мен қарт Каспий аралығында созылып жатқан ұлан-ғайыр ғажайып дала бұған дейін ата-бабамыздың құт мекені болғанын қазіргі қазба жұмыстары дәлелдеп берді. Қазақтың байтақ даласы құдды алтынмен әспеттеліп жазылған алып кітап секілді көрінеді де тұрады. Әр парағын ашқан сайын тамсанасың һәм таңданасың. Ойымызда бары — осынау ұлы даланың ұзандары, тарихтың түпсіз тереңінде мен мұндалап жатқан көне тариымызды, тарихи тұлғаларымызды келешек ұрпақ санасына жеткізу, дәріптеу. Бүгін біз ұлтымыздың барын түгендеп, жоғын жоқтамасақ, ертең ұрпақ алдында үлкен жауапқа тартыларымыз анық.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1415
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1248
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1009
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1072