Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Абай.tv 7023 0 пікір 11 Наурыз, 2016 сағат 15:17

ҒАБИТ ПЕН АЙБЕК БІР-БІРІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАМАУ СЕБЕБІН ТҮСІНДІРДІ

Ережесіз жекпе-жектен WBK тұжырымы бойынша, Қытайдың Шанхай қаласында өткен жарыстың финалында рингке шыққан екі спортшының сайысы туралы төрткіл дүние қызу талқы жасады. «Қамшы» порталы тілшісі бәсекеге түскен отандасымыз Айбек Нұрсейітпен жолығып, 5 наурызда өткен жарыстағы көңіл-күйі туралы блис-сұхбат алған еді. Сондай-ақ, Ғабит Тұрсынбек те осы оқиға туралы өз ойын айтып берді.

Айбек Нұрсейіт: Ғабит екеуміз жарыста бауырлықты бірінші қойдық

- Мен «Әлем faiters» спорт клубында жаттығамын. Қытайда өткен кешегі жарыс менің кәсіпқойлар арасындағы алғашқы жарысым, шетелде де алғашқы жарысым еді. Онда жеребе барысында мен ең бірінші француздық спортшымен Михайл (Michel) Даубайспен түстім. Ал, Ғабит бауырымыз украиндық спортшымен шықты. Біз французды жеңіп, ол украиндық спортшыны жеңіп, екеуміз ақтық мәреде кездестік. Сол кезде кездескенде, «сонау өзге елде, Қытай сияқты жат жерде екі қазақтың бір-бірімен көзін шығарып қырқысқаны жігіттікке ерлікке жатпайды» деп ойладым. Өйткені ол менің бауырым! «Неге? Спорт болған соң болады ғой» деп жатады көбі. Бірақ, өз елімізде, Қазақстанда тәжірибе алмасу мақсатында бір-бірімізбен жекпе-жекте боламыз. Мәселе көзін шығару, ұрып-соғуда емес. Бірақ, біз үшін алып айтқанда «шетелде жүрген» Ғабит бауырымыздың да елге оралып, Көк туды желбіреткісі келетіні анық. Оның да бауырмал екені менмұндалап тұр. Бір-бірімізге қол жұмсай алмадық.

Өздеріңіз көргендей, біз ережеге сай қарсыласпаған соң төреші ескерту берді. Сөйтіп екінші раундта бізге қызы картошка көрсетіп, жарыстан шығарып тастады. Шаршы алаңға шыққанда алдымен мен шықтым, ол да Бекболат ағамыздың әнімен шығып келе жатқан кезде жүрегім тебіренді. Басталған кезде ол да ақырын ұрады, мен де нұқып қоям. Бір-бірімізге қолымыз батпайды. Бұл жарыс еді, ортада тігілген қаншама ақша, атақ пен абырой белбеу бар еді. Солай болса да біз бауырлықты бірінші қойдық. Қазақтың кім екенін көрсін дедік. Әлем танып, WBK версиясының президенті де көріп таңғалып жатты. Банкетте қазақ пен қазақты қоймаймыз деп күлісіп жатты. Қолдап жатқан, ақ тілекші болған барша отандастарға, қандастарға алғысымды айтамын. Аман болыңыздар!

Ғабит Тұрсынбек: Бір белбеуге бола екі қазақ бір-бірімізлі сабап жатқанымыз жарамас еді

Мен Шыңжаңда Құлжа қаласында тұрамын. 1993 жылы туғанмын. Ерте жастан осы жекпе-жек спорт түрлеріне қызығып өстім. Біраз мықты ағаларымыздың тәрбиесін алдық. Қазақы рухты тәрбиенің арқасы деп білемін осы жетістіктерімнің бәрін. Осы уақытқа дейін кәсіби алаңда 18 кездесу өткізіп, оның 15-інде жеңіске жетіппін.

Ал, кешегі WBK жарысы туралы айтсам, онда жекпе-жекке шығатын жұптар жеребе арқылы анықталды. Айбекті танысам да, бұл майданда бірге кездесеміз деген ойым болған жоқ. Алаңға шығатын 4 спортшы өзара жеребе арқылы жұп құрдық. Айбек франциялық спортшы Майкл Дубойспен, мен украиналық спортшымен шығатын болдым. Айбек французды, мен өз қарсыласымды жеңіп, нәтижесінде бір-бірімізбен кездесетін болдық. Алаңға шыққанда жарыс ережесі бойынша бір-бірімізге соққы жасауымыз тиіс болса да қол көтере алмадық. Тарихтан білеміз, қазақтың батырлары ешқашан бір-біріне қол көтеріп, соққыға жыққан жағдай болған емес. Осылай бауырмалдық пен татулықтың үлгісін көрсеткен. Қанда бар сол қасиет осы алаңда да көрініс берді деп ойлаймын. Айбек те мен де соққы жасауға қолымыз бармады. Оның үстіне бұрыннан таныстығымыз бар. Жақсы жігіт, адал дос, мықты спортшы екенін ілемін.

Ақшаға бола, атақ-абыройға, бір белбеуге бола бір-бірімізді сабап жатқанымыз жөнсіз болар еді. Осы шешімге алаң үстінде келдік. Біраз, ақпарат құралдары екі спортшы алдын ала келісіп алған дегендей айтып жатыр екен. Оның еш негізі жоқ. Біздің кездесуіміз кездейсоқтық болды. Айбектің де бұл сайысқа келуі кездейсоқтық еді. Сондықтан, екі қазақтың алаңда жолығып, бір-біріне қол жұмсамауын тек бауырмалдық, тегіне тартушылық деп түсіну керек.

 

Ерлан Төлеубай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1357
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1196
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 941
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1045