Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 7244 0 пікір 16 Наурыз, 2016 сағат 17:31

ТАҢҒАЖАЙЫП ТАРАЗ ТУРИСТТІК ОРТАЛЫҚ БОЛА АЛАДЫ

Мемлекеттік құрылымдағы туризмді дамытуға жауапты тұлғалар жергілікті туристік компаниялардың өтініштері мен талаптарына бей-жай қарағандықтан, көптеген түйткілді мәселелер әлі өз шешімін таппай отыр.

Тараз облысына келген турист қандай бағытпен жүруі тиіс? Ондағы қызмет көрсету сапасы қандай? Тиісті инфрақұрылымдар бар ма? Бірнеше тілді меңгерген кәсіби гидтер қайда деген сұрақтар басы ашық күйінде қалып жатыр. Осы сұрақтардың жауабын іздеп жолға шығып, көзбен көріп, қағазға түсірген ешкім жоқ. Егер Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова тұралап жатқан туризмді табанынан тік тұрғызу үшін сөзден іске көшетін кез жеткенін, облыстағы туристік нысандарды көзбен көріп, бағытын сызып, картасын жасайтын арнайы жұмысшы тобын құрып, жолға шықпаса, істің бәрі бекер екендігі туралы бастама көтеріп, облыс әкімінің назарын аудармағанда жабулы қазан жабулы күйінде қала берер ме еді кім білсін?!

«Екі мың жылдан астам тарихы бар Таразда туризмнің дамымай жатқаны өте өкінішті. Көзін тапқан мемлекеттер осы саладан қыруар қаржы тауып отыр. Ондай мүмкіндік бізде де бар. Мүмкін осы уақытқа дейін белгілі-белгісіз себептермен өз деңгейінде назар аударылмай келген болар. Ал бірақ ендігі жерде қолға алмасақ тым кеш қаламыз. Оның үстіне келер жылы елімізде өтетін ЭКСПО көрмесіне  келген туристерді қабылдайтын үш облыстың бірі ретінде Жамбыл облысы белгіленген. Яғни, төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келген туристер Таразға табан тірегенде таңданысын жасыра алмай таңдай қағатындай жағдай жасауымыз қажет», – дейді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қ.Аралбекова.

Қарлығаш Әмірқызының бастамасымен және облыс әкімінің тапсырмасымен құрамына Кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік органдардың, туристік фирмалардың, қонақүйлер мен мейрамханалардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тарихшылар мен археологтар кіретін арнайы жұмысшы тобы құрылып, облыс аумағындағы туристік нысандарды аралап, тұңғыш рет туристер жүретін жолдың сызбасы белгіленіп, атқарылуы тиіс жұмыстардың тізімін жасады.

Сырттан келген туристке зәулім ғимараттар мен ойын сауық орындарының құны көк тиын. Олар үшін барған елінің тарихы мен мәдениеті қызық. Ал ондай нысандар біздің облысымызда аз емес. Егер цифрларды сөйлетер болсақ, облыс аумағында 3 365 тарихи орын бар болса, оның 713-і жергілікті маңызы бар мемлекеттік тізімге, 28-і республикалық тізімге енгізілген, ал  5 нысан халықаралық дәрежеде ЮНЕСКО көлемінде қорғауға алынған. Бұл нысандардың қайсысын алып қарасаңызда туристер үшін тартымды, қызықты. Әрбір тарихи орынның өзіндік аңызы мен ақиқаты бар.

Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен құрылған жұмысшы топ жоғарыда аталған нысандардың барлығын көзбен көріп, турист ретінде жүріп өтті. Барлығы 695 шақырым жолды артқа тастаған жұмысшы топ мүшелері атқарылуы тиіс жұмыстардың тізбесін жасады. Туристік тур нәтижесінде белгілі болғанындай туристер баруы тиіс делінген нысандардың 90 пайызына апаратын жолдың сапасы сын көтермейді. Тіпті, орта ғасырлық Баласағұн қаласына барар жолда жұмысшы топ мүшелері мінген көлік батпаққа батып жүре алмағандықтан, алты шақырым жерді жаяу жүруге тура келді. Сонымен қатар, туристік нысандарға барар жолдарға ақпараттық стендттер ілу мәселесі де назардан тыс қалған.

Содан кейінгі тағы бір күрделі мәселе – орыс-қазақ тілдерінде еркін сөйлейтін гидтердің жоқтығы. Ал ЭКСПО сынды халықаралық көрме барысында туристерді қабылдайтын болсақ, онда ағылшын тілін меңгерген гидтер де ауадай қажет. Қонақ үйлер мен жол бойындағы қызмет көрсету саласында атқарылатын жұмыстар да ауқымды.

Жұмысшы топ жұмысының қорытындысымен танысқан Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев ризашылығын білдіріп, басталған істі аяғына дейін жеткізуге уәде етті.

Abai.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар