Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 4565 0 пікір 18 Наурыз, 2016 сағат 14:11

ШЫМКЕНТТЕ ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ КӨРМЕСІ ӨТУДЕ

Көрме құрылыс индустриясының жаңа өнімдерін таныстырумен қатар, әріптестер табуға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді

17-18 наурыз күндері Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстанның «ShymkentBuild – 2016» құрылыс көрмесі өтуде. Оған Қазақстан, Ресей, Өзбекстаннан қырықтан астам компания қатысып, өз өнімдерін ұсынуда. Көрмеге қатысушылар құрылыс саласының мамандарын құрылысқа, инженерлік желілерге, объектілерді әрлеуге, жөндеу жұмыстарына арналған нарықтың маңызды ұсыныстарымен, заманауи материалдармен, технологиялармен, құрал жабдықтармен таныстырды. Шара кезінде танымал шетелдік брендтердің саналуан өнімін көріп қана қоймай, оларды іс жүзінде тексеріп көру мүмкіндігі берілген. 

Көрме барысында құрылыс материалдарының оңтүстік қазақстандық нарығынан 13 компания таныстырылды. Олардың ішінде «Orient Hall», «Жылу Орталығы», «Альта-Профиль Шымкент», «Dau Trade» сынды жаңа кәсіпорындар да бар. Бұл кәсіпорындардың өнімдері өз тұтынушысын табарына сенім мол, өйткені 2016-2020 жылдар аралығында облыста 1671,8 м2 ғимарат салынып, іске қосылады деп жоспарланған. Жыл сайын облыстағы құрылыс көлемі 1,5%-2%-ға өсіп келеді.

Жаңа қатысушылардың стендтерінде «ЛИТ Қазақстан» компаниясының ғимараттар мен құрылыстарды, ашық жылу жолдарын, ауа өткізгіштерді, мұнай және газ құбыр желілерін қаптау бойынша шу өткізбейтін материалдардың толық кешені, «Арқарлы Тас» компаниясының габбро-диабаз тау жынысының табиғи тастарынан жасалған тауарлары, «Пежвак» компаниясының ғимараттардың сыртын қаптауға және қайталанбас зер салуға қажетті декоративтік сылауға арналған ерекше жылу өткізгіш керамикалық кірпіштері, «ARLAN Оңтүстік Құрылыс» компаниясының пенопластан жасалған архитектуралық қасбеттік элементтері, сұйық травертиндері, жылублоктары және ерекше 3D панелдері ұсынылған.

Көрмеге бетон өндірісіне арналған құрылғылар шығаратын «Камский бетон зауыттары» алғаш рет қатысты. «Ariston Thermo S.P.A» компаниясы сужылытқыштар мен газ қазандықтарын ұсынса, «Fleet & Equipment Solutions» жоғары технологиялық жол және құрылыс құрал-жабдықтарын әкеліпті.

Мамандар Борусан Макина Қазақстан компаниясының құрылыс және жол техникасының, «TANSU» маркасының мұнай өңдеу зауыттарына арналған жабдықтары мен бу қазандықтарының, сондай-ақ «Кереге-Монтаж» компаниясының жаңа өнімі – әр түрлі режімде жұмыс істей беретін қазандық жүйесінің үлгілері ұсынылған экспозицияны жоғары деңгейде бағалады. Көрмеге келушілер қазандық жүйесін сынақтан өткізіп көру мүмкіндігіне ие болды.

Көрмені ұйымдастырушы – қазақстандық Iteca көрме ұйымдастыру компаниясы. Көрмеге ҚР Инвестиция және даму министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ОҚО Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық әкімдік. ресми қолдау көрсетті.

«Оңтүстік Қазақстандағы құрылыс – басымдық берілген салалардың бірі және мұнда бизнес-белсенділік өте жоғары. Құрылыс секторында әрекет етушілердің барлығы әрдайым жаңа технологияларға, жаңа жабдықтарға, жаңа әріптестер мен шарттарға мұқтаж. Сондықтан мұндай көрмелер бізге қажет. Ол компания басшыларымен кездесуге, әріптестермен келісім-шарт жүргізуге, тәжірибе алмасуға, құрылыс индустриясындағы жаңа өнімдерді тамашалауға мүмкіндік береді», – деді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров. – «ОҚО Кәсіпкерлер палатасында өңірдің құрылыс нарығындағы барлық ойыншылардың басын біріктіретін құрылыс комитеті жұмыс істейді. Сондықтан, біз де біздің компанияларымыздың тап осында, осындай көрмелерде шарт жасауына мүдделіміз. Оңтүстік Қазақстан облысының құрылыс секторының маңызды орталығы атанатын күні алыс емес деген сенімдемін».

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар