Жексенбі, 5 Мамыр 2024
46 - сөз 4462 0 пікір 22 Наурыз, 2016 сағат 23:56

ЕКІНІҢ БІРІ ЖЕМҚОР немесе "ЛЕВЫЙ" ЖАСАУ ЖЫРЫ

Біздегі ең жаман әдет жұмысқа тұрып, біраз уақыт үйреніп алған соң әйтеуір қолдан келгенше бірнәрсені жымқырып, үптеп әкету. Оны өзімізше "левый" жасап жүрміз деп кеудені қағамыз, одан қалса күнкөріс қамы деп жұбатамыз.

Сананы тұрмыс билегені соншалық бұл "левый" қалыпты жағдай болып кетті. Адам үкіметтен артық бір тиын да ұрламау керек, ал Үкіметтегілер Салықтан, Қазынадан, Қордан артық ақша дәметпеу керек. Әркім өзінің еңбекақысына риза болу керек. Орысша айтқанда"честный", Қазақша айтқанда адал болуымыз керек. Осылай айта салу оңай әрине.

Сонда қалай? "Заманын түлкі болса тазы болып шал" деген заманда бұл мүмкін еместей көрініп тұр. Қасымдағылардың бәрі ебін тауып түйені түгімен жұтып жатқанда, мен не "честный"болып жын ұрып па дейсіз... Басқалар сияқты менің де жақсы өмір сүріп, бай болғым келеді. Бір жалақыға қарап қалмай "шарит"еткім келеді. Оның несі жаман, кім ұрламай жатыр, біздің бес-он теңге түк емес шенеуіктер миллиондап жұтып жатыр ғой. Біздің ұрлаған бес-он теңгеден үкіметтің бір жері қисайып қалмайды, онда тұрған не бар деген ойлар миымызды улап тастаған.

Міне бізді құртатын осы "онда тұрған не бар" деген сылтауымыз. Сананы қанша тұрмыс билесе адам өзін-өзі тәрбиелеу керек. Мидың ақшаға, атаққа әбден уланғаны соншалық екінің бірі "жемқор"болып алды. Жемқорлар үкіметте ғана емес халық арасында да, қарапайым жұмыс орындарында, мектеп пен аурухана, әскери сала мен ауыл шаруашылығында, завод, фабрика, ферма, сауда-саттық салаларында толып жүр. Иә, иә қазір екінің бірі жемқор. Майда-майда, кішігірім, дәу-дәу жемқорлар өріп жүр.

Жемқордың мақсаты - "левый" жасау, пара беріп пара алу. Өйтпесе ол жемқор бола ма? Нанды көп жейтін адамды нансоғар, суды көп ішетін адамды сусамыр дейді. Ал артық ақшаны қалтасына салатын адамды жемқор дейміз. Адамның жемі - ақша. Жемді өз орнымен жеп "честный" болса оған ешкім ешнәрсе демейді, ал пара алып, "левый" жасап ақшаны қарпып жегендер - бұл Жемқорлар. Бұл ең жаман әдет. Өте жаман. Ауру қалса да әдет қалмайды. Не істеуге болады? Ауруды емдеп жазасың ау, ал әдетті ше?

Оның емі Ауыр жаза мен Адамның өзін-өзі тәрбиелеуі. Екеуі де оңай емес, бірақ бұдан басқа жол жоқ. Біз әдетте аяқтың астындағы батпақты емес алыстағы таудың басындағы былықты көреміз. Үкіметті жерден алып, жерге салып сынаймыз кеп. Бірақ өзіміздің жұмыс орындағы жемқорлыққа мән бермейміз. Он адамның тоғызы жұмысынан жоқ дегенде бір уыс шеге, бір бума қағаз, бір қорап дәрі, артық ақша алып қалғысы келеді және алып қалады. Ондай мүмкіндікті өлсе де жібермейді. Мәселе алған заттың құнында емес, мәселе ардан аттап мемлекеттің қаржысын талан-таражға салу, ең жаманы жаман әдетке бейімделу. Мемлекетті мешеу қылып дамуын тежеп тұрған осы жемқорлық. Одан басқа түкте емес.

Жемқор Ұлттың болашағына жаны ашымайды. Ашыған сияқты кейіп танытады, бірақ ұрлайды, тонайды. Бай мен кедейдің арасының алшақтауы осы жемқорлықтан. Түйені түгімен жұтқан, ебін тауып Үкіметтің ақшасын қылғытқандар шарықтап кетіп барады, ал бір жалақыға қарап отырғандар өлместің күнің көріп жүр. Әркім өзінің адал еңбегімен өмір сүрсе, әлеуметтік теңсіздік тумас еді. Дамыған елдермен тереземіз тең болу үшін Үкіметтен ешкім... министр де, әкім де, депутат та, қарапайым қара жұмысшы да бір тиын да қымқырып қалмау керек. Сонда ғана әділетті қоғам құрылады. Бәрінің "честный" болып кетуі мүмкін емес. Қанша жерден заңмен тиым салса да тобыр арасынан жемқорлар шығады. Ондайлардың жазасы - ауыр, өте ауыр болу керек. Қылмыстың өтеуі - жаза.

Беглан Шарынбай

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1399
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1232
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 988
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1064