Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Мәйекті 6102 0 пікір 23 Наурыз, 2016 сағат 10:26

АҚАЕВТІҢ АҚЫРЫ

2005 жылдың 24-25 наурызы Қырғыз елінде Асқар Ақаевтың билігін құлатқан «Қызғалдақ төңкерісімен есте қалды. Осы жылдың наурыз айының алғашқы күндерінен елдің оңтүстік өңірінде басталған көтеріліс ел астанасына ауысып қырғыз президенті А.Ақаевтың елден кетумен аяқталғанын көпшілік жақсы біледі. Халықтың наразылығын тудырған А.Ақаевтың билігі мұндай жағдайға неліктен душар болды? Алғашқы кезден бастап-ақ баламалы сайлауда жеңіске жеткен, Батыс елдерінің мақтауына да ие болған А.Ақаевтың жетістігі мен қателігі неде болды. А. Ақаев жоғары билікке қалай келді?   

Асқар Ақаевтың саяси қызметі оның Қырғызстанның тұңғыш президенті болуымен ғана ерекшеленбейді. Ол КСРО құрамында болған басқа республикалармен салыстырғанда басқаша жолмен президент болып сайланды. Басқа республикаларда сол республиканың сол кездегі партия Орталық комитетінің бірінші хатшысы президент болғанын көпшілік жақсы біледі. Қырғызстандағы президенттік қызметті енгізу мен бұл орынға тұңғыш президентті сайлау Қазақстандағыдан басқаша өтті. Қырғызстанда президенттік қызметті енгізу туралы заңды Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1990 жылы  24 қазанда қабылдады. Елдің тұңғыш президентін сайлау үш күннен кейін, 27 қазанда өткізілді. Яғни барлық қоғамдық ұйымдар мен азаматтарға өз үміткерлерін ұсынуға мүмкіндік берілді. Ал бұл жағдай Қазақстанда басқаша болды.  

1990 жылы 24 сәуірде Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң қабылдап, дәл осы күні түстен кейін Жоғары Кеңесте тұңғыш президентті сайлау өткізілді. Яғни басқа қоғамдық ұйымдарға және жеке азаматтарға өз үміткерлерін ұсынуға мүмкіндік берілмеді. Қазіргі заңнама бойынша парламент қабылдаған  және мемлекет басшысы қол қойған заң баспасөзде жарияланған соң ғана күшіне енетінін білеміз. 1990 жылғы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңестің президенттік қызметті тағайындау туралы заңының баспасөзде жарияланбай тұрып күшіне енгенін көпшілік әлі күнге дейін түсіне алмауда.  

Қырғызстанда алғашқы президент сайлауына 12 үміткер ұсынылды. Оның ішінде  сол кездегі республика партия ұйымының бірінші хатшысы Ә.Масалиев, сол кездегі үкімет басшысы  Жұмағұлов және  тағы басқалар болды. Және бұл сайлауда бұрынғы партия немесе үкімет басшысы емес, ең соңынан ұсынылған және тіркелген Асқар Ақаев депутаттардың басым көпшілігінің дауысын алып   жеңіске жетті. 

Жоғарғы Кеңестегі президент сайлауында айқын жеңіске жеткен А.Ақаев «Үкіметті жасақтауға бір апта жеткілікті ма» деген сұрақққа  ол «үкіметті қазір-ақ жасақтай бастайық, сайлауда маған қарсылас болғандардың бәрін  жоғары басшылыққа тағайындауды ұсынамын» деп жауап береді. Солай болады да. Өйткені, олардың әрқайсының соңында өз қолдаушылары мен жақтастары, өңірлік және ру-тайпалық топтары болды және олардың әрқайсысы  өз салалары мен өңірлерін жақсы білді, ондай адамдарды өкпелетуге және олардан айырылып қалуға да болмайтын. Бұл жағдай да А. Ақаевтың сол кездегі батыл қадамдарының бірі болатын.

Қазақстандағы президент сайлауында бір адам ғана ұсынылып, сол адам президент болып сайланды. Асқар Ақаевтың президент болып сайлануы туралы айтқанда Қазақстандағы осы жағдай еріксіз  еске түседі. Асқар Ақаев сонымен қатар ғылым саласынан саясатқа, академия президентінен ел президентіне ауысқан тұлға болуымен де ерекшеленеді.

ҒЫЛЫМНАН САЯСАТҚА

Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев 1944 жылы 10 қарашада Шу облысының Кемін ауданындағы Қызыл-Байрақ ауылында дүниеге келді. Әкесі Ақай Тоқаев қарапайым колхозшы-шаруа болды. Бірақ өз замандастарынан біршама сауаттылығымен  көзге түсті. Медресе бітірген ол араб және латын әліппесін жақсы меңгерді. Анасы Әсел Тоқаева да қарапайым отбасынан шыққан шаруа әйел  болды. Әселдің қазақ қызы болғандығын да  айта кетуге болады. 

Асқар Ақаевтың өзінің айтуынша Қырғыз тарихындағы танымал тұлға Тағай би Асқар Ақаевтың тікелей арғы атасы болып келеді. Тағай би ХVI ғасырдың бас кезінде қырғыз тайпаларының жоғары билеушісі болған. Оның билігі кезінде қырғыздар жатжерлік басқыншыларға қарсы ерлікпен күресіп, өздерінің тәуелсіздігі мен бостандығын қорғай білген. Қырғыздардың Сарыбағыш руынан шыққан Атаке би де елге танымал болған. Ол да А. Ақаевтың арғы аталарының бірі болып келеді. Ол 1787 жылы Ресейден келген орыс елшілігін Шу алқабында қарсы алғандардың қатарында болады. Асқар Ақаев өзінің ата-бабаларының ел қорғауда танымал болуымен қатар, орыс елімен де ерте кезден бастап-ақ байланыс орнатқанын мақтан етеді.

Оқуда алғыр да зерек болған Асқар 1961 жылы орыс орта мектебін алтын медальмен бітіреді. Алғашқы еңбек жолын осы жылы «Фрунземаш» зауытында слесарлықпен бастайды.  Мектеп қабырғасында жүргенде авиаконструктор болуды армандаған  арманшыл бала жұртшылыққа танымал академик В. М. Глушковтың кибернетика туралы жазған бірнеше мақаласын оқығаннан  кейін осы саланың маманы болуды мақсат етіп қояды. Осылайша екі жылғы еңбек тәжірибесінен кейін 1963 жылы Ленинградтағы  дәл механика және оптика институтына оқуға түсіп, оны 1968 жылы үздік бітіреді.

Оқуын одан әрі осы институттың аспирантурасында жалғастырған ол 1971 жылы кандидаттық диссертациясын да сәттті қорғап шығады. 1973-1976 жылдары аталған институттың докторантурасында оқиды. Фрунзе политехникалық институтында инженер, ассистент, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерінде болады. Қырғызстандағы алғашқы есептеу техникасы кафедарасын А.Ақаев Ленинградатағы білікті ұстаздарының көмегімен және қолдауымен ашады. Ол кезде жоғары оқу орнында кафедра ашу орталықтан шешілетін.

1980 жылы Мәскеу инженер-физика  институтында докторлық диссертация қорғаған ол ғылымның осы саласындағы жас та талантты, болашағынан зор үміт күттіретін маман ретінде атала бастайды. Ол әсіресе есептеу техникасы мен голография саласындағы білгір ғалым ретінде танылады. Голография саласының ірі маманы Ю.Денисюктің айтуынша «ол оптика мен компьютерлік технологияда таңқаларлық табысқа қол жеткізген мықты маман, білікті ғалым болды».

А.Ақаев 1984 жылы Қырғыз Ғылым Академиясының корреспендент-мүшесі болып сайланады. 1987 жылы академик атанады. Қырғыз Ғылым Академиясының вице-президенті, 1989 жылы президенті лауазымына көтеріледі. Ғылымға шын берілген, қай істі болсын жан-тәнімен және адал істейтін А.Ақаев саяси-қоғамдық жұмыстарда да танымал болады.

А.Ақаевтың саяси-қоғамдық жұмыстарға араласуы 1986 жылдан басталады. Ол осы жылы Қырғызстан партия Орталық комитетінің аппаратына ауыстырылады, ғылым және жоғары оқу бөлімін басқарады. Оның басқару тәсілі туралы онымен бірге істегендер ерекше ілтипатпен еске алады.  А.Ақаевтың басқару тәсілінде қатал әкімшілік талап пен күштеу шарасы болған емес. Ол адамдарды сендіру мен қызығушылығын арттыру арқылы басқарды және бірге жұмыс істеді. Басқалардан да солай етуді талап етті.

Бірақ А.Ақаевқа Орталық комитетте ұзақ істеуге тура келмеді. Сол кезде М.Горбачевтың «Қайта құру» бағыты бойынша білім мен ғылым саласында да жаңашылдық пен реформалар жүргізу қажет болды. Бірақ А.Ақаевтың бұл саладағы жаңаша көзқарасы сол кездегі Қырғызстан партия орталық комитетінің бірінші хатшысы А.Масалиевтың көзқарасымен үндеспеді. Партноменкулатура А.Ақаевтың жаңашылдығын қабылдай алмады. Сондықтан да ол ғылыммен айналысу үшін қызметінен босатуды сұрайды. Өтініші орындалған А.Ақаев республиканың Ғылым Академиясына қызметке келеді. 1989-1990 жылдары Қырғыз Ғылым Академиясының президенті болады.

1989 жылы наурызда М.С.Горбачевтың «Қайта құру» бағытына сәйкес КСРО Жоғары Кеңесіне баламалы сайлау өтеді. Бұл кезде қайта құру мен жаңаша ойлау толқыны ел азаматтары мен саясатқа қызығушылық танытатындар арасында едәуір белең ала бастаған болатын. Жас саясаткерлердің жаңа толқыны өсіп келе жатты. Олар демократияны одан әрі ілгерілетуді жақтады. Партияның әкімшілік-бюрократық басқаруын сынады және елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңарту үшін жаңа қадамдарға бару керектігін ашық айта бастады. Горбачев өзі бастаған істің тым демократияланып бара жатқаныннан қауіптеніп, бұдан әрі істен гөрі сөзге көбірек бой ұрғанды жөн көрді.

Бұл сайлауда А.Ақаевтың да кандидатурасы ұсынылып, сайлауда жеңіске жеткен ол Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланады. Ол КСРО Жоғары Кеңесінің мүшесі және экономикалық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі де болады. Қайта құру бағытының демократия лебімен саясатқа араласқан А.Ақаев  жаңа көзқарасымен және батыл ұсыныстарымен де елге танылады. Ол КСРО Конституциясындағы «Коммунистік партия қоғамның басшы және бағыт беруші күші»  деп аталатын атышулы 6-бабын алып тастауды жақтаған санаулы депутаттардың бірі болды. Қырғызстан делегациясынан А.Ақаев пен Ш.Айтматов екеуі ғана аталған бапты алып тасту туралы ұсынысты қолдап дауыс береді.

Жоғары Кеңестің III сьезінде жеке меншік туралы заң жобасын қырғыз делегациясынан А.Ақаевтан басқа депутаттар қолдамайды.  Жеке меншік туралы заңды қабылдамай нарық экономикасына өтудің мүмкін еместігін кейбіреулер түсінбеді немесе түсінгісі келмеді. Жоғары Кеңестегі бірнеше жылғы  жұмыс А.Ақаевтың алдағы саяси қызметінің тамаша мектебі болды.

 

АҚАЕВТЫҢ ТАМЫЗ ТӨҢКЕРІСІН БАТЫЛ АЙЫПТАУЫ  ЖӘНЕ КСРО-НЫҢ КҮЙРЕУІ

КСРО-дағы 1988-1989 жылдардағы оқиғалар, қайта құру үрдісінің тығырыққа тіреле бастауы, әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар және тағы басқалар социалистік жүйенің ұзаққа бара алмайтындығын аңғартқандай болды. Батыс елдерінің кейбір саясаттанушылары мен білгірлері де КСРО-ның көп ұзамай күйрейтіндігі туралы болжамдар да айта бастады. Олардың бұл сәуегейліктері көп күттірмей расқа айналды.

КСРО  іргесінің шайқала бастауы 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасынан басталды. Республикалардағы наразылық оқиғалары 1988-1989 жылдары Прибалтика республикаларында жалғасты. Бұл елдердің халқы ғана емес, басшылығы да КСРО-дан шығу туралы талаптар қоя бастады. КСРО-ға кейіннен қосылған және Европа елдеріне жақындау жатқан бұл республикаларда қайта құру мен жариялылық тиімді пайдаланылды. Жариялылық пен демократияны пайдалана білген бұл республикалардың тұрғындары шерулерге шықты. Республикалардың КСРО-ға зорлықпен, басқыншылық саясат барысында қосылғандығы туралы жиі айтылды. Бұл әрекет 1991 жылдың басынан бастап тегеурінді сипатқа ие болды.

1991 жылы күн тәртібіне жаңарған Одақтық шарт жасау мәселесі қойылды. Жаңа Одақтық шарт туралы әңгіме 1990 жылдың ортасынан бастап қозғала бастаған еді. Осы жылдың шілде-қыркүйек айларында КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесінің төрағасы Р.Нишанов одақтас және автономиялы республикалардың, саяси партиялар мен қозғалыстардың өкілдерімен жаңа Одақтық шарттың тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде консультациялар жүргізді. Осы консультациялар негізінде жаңа Одақтық шартты әзірлеу барысы туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі қазан айының басында қаулы қабылдады.

Жаңа Одақтық Шарттың 23 баптан тұратын жобасы қараша айының соңына таман дайын болып, одақтас республикаларға, автономиялы республикалардың Жоғарғы Кеңестеріне, автономиялы облыс пен автономиялы округтер халық депутаттарының Кеңестеріне жіберілді және баспасөзде жарияланды. 17 наурызда жаңарған Кеңес Одағын сақтап қалу мәселесі қойылған бүкілодақтық референдум өткізілді. КСРО бойынша дауыс беруге 147 млн. адам қатысып, олардың 112 миллионы (76%) жаңарған жаңа Одақты жақтады. КСРО Жоғарғы Кеңесі референдум нәтижелерін ескере отырып, Жаңа Одақтық Шартты әзірлеуді жеделдету туралы қаулы қабылдады.

Маусым айында «Егеменді мемлекеттер Одағы туралы Шарттың» жаңа жобасы баспасөзде жарияланды. Бірақ, жаңа Одақтық Шарт жобасы да жұрттың бәріне ұнай қоймады. Қайта құру көсемдері орталықтың билігін барынша сақтай отырып, нарық пен демократияға көшкен жаңа одақ жасағылары келді. 1922 жылғы Шарттың сыртқы бояуы өзгергенмен, оның ішкі мазмұны сол күйінде қалды.

Тамыз айына дейін ұсынылған және жасалған жобалардан кейін Ново-Огаревода жасалған «9+1» жобасы қабылданды. Яғни, бұл шарт бойынша тоғыз республика жаңа шартқа қол қоюға әзір екендіктерін білдірсе, «+1» дегені жаңа шартқа қосылушыларға есіктің ашық екендігін білдіретін еді. Бұл шартқа 1991 жылғы 20 тамызда қол қойылатын болып келісілді.

12 маусымда Ресейде өткен президенттік сайлауда жеңіске жеткен Б.Ельцин КСРО Президенті М.Горбачевті, үкімет басшысы В.Павловты сынға алды және олардың отставкаға кетуін талап етті. Көп ұзамай Б.Ельцин партиясыздандыру туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық бойынша, Ресей территориясындағы кәсіпорындар мен мекемелерде қандай да болмасын партия ұйымдарын құруға тыйым салынды. Кеңес Одағында бір ғана партия өмір сүргендіктен, бұл жарлықтың кімге бағытталғандығы да белгілі еді. Ресей Президентінің бұл әрекеті қайта құру көсемдерінің төңкеріс жасауына  алып келді. 1991 жылы 19 тамызда жоғары биліктің бір топ өкілдері КСРО-ны сақтап қалу мақсатында мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырды.

Асқар Ақаев алғашқы сағаттан бастап-ақ бүлікшілерді батыл айыптады және республика территориясында төтенше жағдайдың енгізілмейтіндігін мәлімдеді. Ол Ельцинмен бірге төңкеріс жасаушыларды батыл айыптаған республика басшыларының бірі ретінде танылды. 19 тамыз күні А. Ақаев Жаңа Одақтық Шартқа қол қою үшін Мәскеуге ұшуға тиіс болатын. Таңертең үкімет үйіне келген А. Ақаевты  республика қауіпсіздік комитетінің төрағасы  генерал Асанқұлов қарсы алып, оған «Елдегі бүкіл билік Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік (ТЖМК) комитеттің қолына көшкендігін, Сіз де де соған бағынуға тиіссіз, ал маған соны бақылау тапсырылды» дегенді айтады және Мәскеуден келген шифровканы көрсетеді. Оған жауап ретінде А.Ақаев «Жолдас генерал, әзірге мен бүкіл халық сайлаған ел президентімін, бұл жерде мен бұйрық беремін, ал Сізді қызметіңізден шеттетемін» деп дәл сол жерде бұйрықты да шығарады. 

Сәл уақыттан кейін Түркістан әскери округынан  телефон арқылы өзін округ командашысы деп атаған адам «Сіз Маршал Язовтың бұйрығына бағынуға тиіссіз, Сіз бүкіл билікті қолға алған Комитетке қарсы келіп отырсыз, өз дегеніңізге салсаңыз оның арты қиын болады, Сізге бір тәулік уақыт беріледі, жағдайды дұрыс бағамдап ТЖМК-ның шешімдеріне бағыныңыз. Өйтпеген жағдайда ел аймағына және Бішкекке танкі енгіземіз» дегенді айтады.  А.Ақаев бұл қоқан-лоқыға да көнбейді, республика телеарасынан сөз сөйлеп, төңкерісшілерді қолдамайтындығын, өйткені бұл нағыз бүлік екендігін мәлімдейді. Үкімет үйі алдындағы алаңға 20-30 мыңдай адам жиналып, Ел президентінің шешіміне қолдау білдіреді.

Тамыз бүлігін Қазақстан да қалыпты жағдайда қарсы алды. 19 тамыз күні түстен кейін Н.Назарбаев республикалық органдардың барлық басшыларын жинады. Енді не істеу керектігі жөнінде ақылдасты, басқалардың ой-пікірін сұрады. Көпшілік Төтенше жағдайлар жөніндегі Комитетті айыптап сөйлемеу керектігін айтса, оған ашық қарсылық білдіру керек деген де пікір айтылды. Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнап жазған мәлімдемесінің мәтінін оқып берді. Келесі күні Елбасының Қазақстан халқына арнаған мәлімдемесі жарияланды. Онда былай деп жазылған еді:

«Қымбатты қазақстандықтар!

Республика Жоғарғы Советі Президиумының және Министрлер кабинетінің мүшелерімен кеңесе келіп, мен сіздерге мынадай Мәлімдеме жасамақпын.

Еліміз үшін осынау жауапты сәтте сіздерді байсалдылық пен ұстамдылық сақтауға шақырамын. Қазір бұл ерекше қажет, өйткені біздің әрқайсымыз тарапынан жасалған қандай да болсын қызбалық, ойластырылмаған іс-әрекет аса ауыр әлеуметтік сілкіністердің бастамасына айналуы мүмкін.

Мен сөзімді барлық азаматтарға, біздің көп ұлтты республиканы мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдеріне арнаймын. Бұл күндері өзіміз үшін әрқашанда бірлік пен өзара түсіністіктің негізі болып келген халықтар арасындағы достықтың ғасырлар бойына жинақталған тәжірибесіне арқа сүйеуге тиіспіз.

Мен сөзімді Қазақстанның еңбек коллективтеріне арнаймын. Қазір жоғары саналылық пен ұйымшылдықты сақтау аса маңызды. Халық шаруашылығында аласапыранға жол беруге болмайды. Егіннің, азық-түлік ресурстарының тағдыры қолында тұрған село еңбеккерлеріне ерекше жауапкершілік жүктеледі.

Мен сөзімді республиканың барлық саяси күштері мен қозғалыстарының өкілдеріне арнаймын. Өткінші алауыздықтан бойды аулақ салу, ақыл-парасатты, халық алдындағы жауапкершілік сезімін басшылыққа алу, егеске жол бермеу өте маңызды.

Мен Қазақстан территориясында орналасқан ССРО Қарулы Күштері, мемлекет қауіпсіздігі комитеті және Ішкі істер бөлімдері мен бөлімшелерінің әскер құрамын Конституциялық нормаларға адалдыққа, жеке адамның праволары мен жергілікті өкімет органдарын құрметтеуге шақырамын. Қазақстан территориясында төтенше жағдай енгізілмейтінін, бүкіл өкімет билігі Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы қабылданған Декларациясына және Конституциясына сәйкес толығымен совет органдарына тиесілі екенін ерекше атап көрсеткім келеді.

Мен республиканың егемендігін нығайту саясатына және демократия Одағымыздың бірлігі принциптеріне адалдықты қуаттаймын, басталған реформаны жүзеге асыруға бекемдік білдіремін. Қазақстан халқы жоғары саналылық, қырағылық пен топтасқандық танытады деп кәміл сенемін.

Қазақ ССР Президенті  Н.Назарбаев

Алматы, 1991 жылғы тамыздың 19-ы.

 

Қазақстан басшылығының 19 тамыз күні жасаған мәлімдемесінде Төтенше жағдайлар жөніндегі Комитетті (ТЖМК) айыптап сөйлеу көрінбейді және оған тікелей қолдау көрсету туралы да айтылмайды. Тек келесі күні ғана ТЖМК-ның күйрейтіндігі белгілі бола бастағанда Н.Назарбаев Қазақстан халқына екінші рет Үндеу тастап, КСРО Жоғары Советі мен Республикалар қатыспаған комитет әуел бастан-ақ заңсыз құжаттарды дүниеге әкелуде, олар басқаларына қоса, егемендік туралы республикалық декларацияларды аяқ асты етуде, нарық экономикасына көшудін таңдап алған бағытын елеп-ескермеуде. ...Ең алдымен ел үшін осынау қиын-қыстау күндерде М.С.Горбачевтың өзінің пікірін естігіміз келеді, ол өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыра алмайтын күйде екенін тікелей қуаттай түсуі тиіс», - деп айтты. Орталық газеттің тілшілері де Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың кешеуілден жатқанына (ТЖМК-ны алғашқы күннен бастап-ақ тікелей айыптамауына) таңқалыстық білдіріп жатты.

Бүлікшілер жоспары іске аспады. Горбачевты «тұтқыннан» алып қайтуға А. Руцкой жіберілді. Бірақ, М.С.Горбачев журналистердің бірі айтқандай «басқа елге оралған еді». Тамыз бүлігінен кейін КСРО-ны сақтап қалу мүмкін еместін. Горбачевтың уақыты бітті. Бүліктен кейін Б.Ельциннің уақыты басталды. Ресей Президенті өз әкімшілігімен Кремльге келіп жайғасты.

Бүлік басылғаннан кейінгі өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында А. Ақаев Ресей Федерациясының атынан сөйлген Р. Хасбулатовтан кейін екінші болып сөйлейді. Өйткені, бүлікшілерді құлатуда Ресей басты рөл атқарған болатын. Үшінші болып бүлікшілерді алғашқы күннен бастап айыптаған А. Собчак сөйлейді. Сессияда Горбачевтың Жаңа Одақтық Шартқа қол қоюға көндірмек болған әрекетінен ештеңе шықпайды. Тамыз бүлігі КСРО-ның ыдырауын тездете түсті. Жаңа Одақ туралы шарт сөз болудан қалып, КСРО-ның іргесі сөгіліп сала берді. Небәрі бір апта аралығында Украина (24 тамыз), Белоруссия (27 тамыз), Молдова (27 тамыз), Өзбекстан (29 тамыз), Әзірбайжан (30 тамыз), Қырғызстан (31 тамыз) өз тәуелсіздіктерін жариялады. Оған дейін Балтық бойы елдері мен Грузия және Ресей (12 маусым) өз тәуелсіздіктерін жариялаған болатын. Тәуелсіздік шеруін бұдан әрі Тәжікстан (9 қыркүйек), Армения (24 қыркүйек), Түрікменстан (27 қазан) жалғастырды. 16 желтоқсанда ең соңы болып Қазақстан да ел тәуелсіздігін жариялады.

8 желтоқсанда Ресей, Украина және Белорусь Республикаларының басшылары Минск маңындағы Беловежье келісімінде КСРО-ның таратылғандығы және үш славян мемлекетінің – Тәуелсіз мемлекеттер Достастығының құрылғандығы туралы мәлімдеді. Жыл соңында, әлем тарихына енетін тағы бір елеулі оқиға болды. 21 желтоқсанда бұрынғы Кеңес Одағының он бір мемлекетінің басшылары Алматыда бас қосып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі Шартқа қол қойды. Осы құжаттан кейін алып империя – КСРО таратылды. Ертеңінде, 25 желтоқсанда М.С.Горбачев өмір сүруден қалған КСРО Президенті қызметін доғаратынын мәлімдеді. Бірер күннен кейін Одақтық Жоғарғы Кеңестің соңғы мәжілісі өткізіліп, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы атты мемлекеттің таратылғандығы туралы ресми түрде жария етілді.

АҚАЕВ ТӘУЕЛСІЗ ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ

 Тамыз бүлігінен кейін іле шала 31 тамызда Қырғызстан өз тәуелсіздігін жариялайды. Осы жылы 12 қазанда А. Ақаевтың бастамасы бойынша  елде алғаш рет жалпыхалықтық президент сайлауы өтеді. Сайлауға қатысушылардың  95,3%  Ақаевты жақтап дауыс береді. 1994 жылы  қаңтарда жалпыхалықтық референдумда А. Ақаевтың өкілеттігі тағы да бүкіл халық тарапынан мойындалады. Ал 1995 жылы 24 желтоқсанда 1993 жылғы қабылданған ел конституциясына сәйкес республикада екінші рет жалпыхалықтық президент сайлауы өткізілді. Халықтың 70 пайыздан астам дауысын алған А. Ақаев бес жыл мерзімге Қырғыз Республикасының президенті болып  сайланды. Осылайша бар-жоғы  төрт жылда  Қырғызстан халқы Ақаев үшін үш рет дауыс берді. Бұл бүкіл халықтың қолдауына және сеніміне ие болған А. Ақаевтың үлкен жеңісі болатын. 2000 жылы 29 қазанда бүкілхалықтық президент сайлауында А. Ақаев кезекті жеңісіне жетеді.

1990-жылдардың ортасына дейін республика  өміріндегі жағдай ең ауыр кезең болғанымен бұл жылдар А. Ақаевтың президенттік қызметіндегі ең  табанды да жемісті жылдар ретінде тарихқа енді.  Жер реформасы  белгілі экономист Чаяновтың классикалық қағидасы бойынша сәтті жүргізілді. Бірақ өнеркәсіп, сауда, ақша мәселелері тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының қиыншылығымен есте қалды. Қырғызстан мен Тәжікстан КСРО құрамындағы  электр энергиясымен жабдықталуда ең артта қалған республикалардың бірі болды. Республикада су қорлары мол болғанымен электр  энергиясы  жетіспеді. Электр энергиясы жетпегендіктен және республикалар арасындағы бұрынғы экономикалық байланыстар үзілгендіктен зауыт-фабрикалар бірінен соң бірі тоқтады. Елді инфляция және гиперинфляция жайлады. Қиын жағдайдан шығу үшін әлемге танымал Шумпетер, Кейнс, Фридман сияқты  мықтылардың еңбектерін қарауға тура келді. Қырғыз елі тәуелсіздік алған кезден бастап-ақ жекешелендіру мен жер реформасына кірісті, оны Қазақстандағыдай кейінге қалдырмады.

1992 жылы ұлттық валюта – сомды құпия түрде басып шығаруға бұйрық берілді. 1993 жылы  мамыр айында Қырғызстан алғашқылардың бірі болып өз ақшасын енгізді. Ол үшін парламентті көндіруге  едәуір күш салуға да тура келді. Қырғызстанның өз валютасын ертерек шығаруы көп ұзамай-ақ өз жемісін берді. Күзге қарай рубльдың құнсыздануы шарықтау шегіне жеттті. Одан көрші республикалар, әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан көбірек зардап шекті. Қырғыз елінде инфляция тоқтатылды, бұл жағдайға қырғыз сомының атқарған рөлі жоғары болды. Ақаевтың билігі кезінде Қырғызстан ТМД елдері арасында алғашқы болып Дүние жүзілік сауда ұйымына мүше болып кірді.

Саяси салада да зор табыстарға қол жеткізілді. Демократия толқынымен билікке келген А. Ақаев демократияның таралуына қиянат жасамады.  АҚШ билігі Қырғызстанды  «демократия аралына» да теңеді.  Республикада жаңа партиялар құрылды, 5 миллионға жетер жетпес халқы бар Қырғызстанда сол кездің өзінде-ақ үкіметттік емес ұйымдардың саны  бес мыңға жетті. Олардың көпшілігін америкалық, еуропалық және басқа да халықаралық ұйымдар қаржыландырды. Олардың бұл «көмегі» 2005 жылғы наурыз айындағы «Қызғалдақ төңкерісінде» Ақаев үшін соққы болып тиді.

А.Ақаев Қырғызстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болу салтанатына өзі барып қатысты. 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ-ның штаб-пәтері жанында Қырғызстан туының көтерілуініне ел президентінің өзі куәгер болды.

Ақаевтың сыртқы саясаттағы табыстары да аз болған жоқ. Ол ең алдымен көршілес елдермен, КСРО құрамында болған республикалармен бұрынғы қарым-қатынасты сақтап қалуға күш салды. Ортаазиялық респуликалармен экономикалық және туыстық байланысты одан әрі кеңейтуге ұмтылды. Ресейдің халықаралық аренадағы беделі мен әскери күш қуатын да пайдаланды. Қытаймен және батыс елдерімен де саяси-экономикалық байланыстарды орнықтырды.

2001 жылғы 11 қыркүйектегі халықаралық терроризмнің әрекетінен кейін АҚШ-тың Орталық Азиядағы геосаясаты батылдау жүре бастады. Дж. Буштың халықаралық терроризммен күресу туралы ұсынысын бүкіл әлем қолдады. Ауғанстандағы террористермен күресу үшін АҚШ Бішкек маңындағы Манас әскери базасын өз ұшақтарының ұшып қонуы үшін пайдалануға сұрайды. Ақаев бұл базаны нақты талап қойып бір жылға ғана пайдалануға береді. Бірақ америкалықтардың бұл жерде ұзаққа қалғысы келгенін аңғарған Ақаев  Ресей Президенті Путинге Канттағы әскери әуе базасын пайдалануды ұсынады. 2003 жылы қазанда Ресей үшін әскери әуе базасы ашылып АҚШ-тың қырғыз жерінде жеке дара қожалық етуіне тосқауыл қойылады. Артынша АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Манас әскери әуе базасына АВАКС ұшақтарын әкелуге рұқсат сұрайды. Ақаев америкалықтардың бұл өтінішіне «жоқ» деп жауап береді. А. Ақаев өзінің естеліктерінде және баспасөзге берген сұхбатттарында «АҚШ менің бұл әрекетімді кек санап 2005 жылғы «Қызғалдық  төңкерісін» ұйымдастырды» деп айтады.

2005 жылы республикада «қызғалдақ төңкерісі» орын алып А.Ақаев биліктен кетіріледі. Бұл төңкеріске 2005 жылы ақпан-наурыз айында өткен кезекті парламент сайлауының әділ өтпегендігі себеп болды. Бұл сайлауды халықаралық бақылаушылар да сынға алды, олар сайлау заңының бұзылғандығын және сайлаудың әділ өтпегендігі туралы өз пікірлерін білдірді.  Сайлаудың әділ өтпеуі және осы кезде қарапайым халықтың тұрмыс жағдайының нашарлауы, сонымен қатар Ақаев отбасының, қызының, ұлының және басқа да туыстарының саяси билікке араласуы, сыбайлас жемқорлықтың кең етек алуы, елдің шет елге қарызының көбеюі және басқа да саяси-әлеуметтік жағдайлар  халықтың реніші мен наразылығын туғызды. Ақаевтың үлкен ұлы мен үлкен қызының Жоғарғы Кеңеске сайлануы сайлаудың әділ өтпегендігі туралы халықтың күмәнін одан ұлғайта түсті.

Халықтың осы көңіл күйін Ақаевтың қарсыластары тиімді пайдаланды. Ақаев төңкерісшілерге қару қолдануға бұйрық бермейді. Нәтижесінде оңтүстіктен бастау алған бүлік ел астанасына да жетеді. Төңкерісшілер үкімет үйі мен президент әкімшілігін басып алады. Ақаев Қазақстан арқылы Ресейге кетуге мәжбүр болады. 2005 жылы 4 сәуірде Мәскеудегі Қырғыз елшілігінде Қырғыз парламентінің спикері Өмірбек Текебаев бастаған делегацияның қатысуымен өзінің президенттік өкілеттігін 5 сәуірден бастап доғаратынын мәлімдейді және билікті конституциялық жолмен бере алмағанына өкінетінін айтып отандастарынан  кешірім сұрайды. 8 сәуірде Қырғыз Парламенті «Қырғыз Республикасы президенті қызметінің кепілдігі туралы» заңға өзгеріс енгізіп, А. Ақаевты елдің тұңғыш президенті мәртебесінен және оған берілген жеңілдіктерден айырады. А. Ақаев өзінің отандастары мен қырғыз халқынан кешірім сұрауда мына төмендегі сөздерді айтты:

«Құрметтті менің отандастарым! Қырғыздар мен Қырғызстан жұртшылығы! Мен бүгін Қырғызстан халқын тәуелсіздік мерекесімен құттықтай отырып, осы сәтті пайдаланып кешірім сұрауды жөн деп санадым. Мен ел басқарған 14 жыл бойы маған сеніп келдіңіздер. Қателіктер болды, тіпті үлкен қателіктер болды. Міне, сол қателіктерім үшін, ел үшін кері әсерін тигізген шешімдерім үшін кешірім сұраймын.

Қырғызстан халқына тыныштық пен бірлік тілеймін. Алдағы уақытта Қырғызстан ең күшті демократиялық іргелі елге айналатына сенемін».

Қателігі үшін, жөнсіз қабылдаған шешімдері үшін кешірім сұрау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Кешірім сұраса талай басшының кешірім сұрағанына куә болар едік ғой. Кешірім сұрау, қатесін мойындау да үлкен батылдықты талап етеді. Міне, өз халқынан кешірім сұрауы А.Ақаевтың тағы бір ерекшелігі болып табылады.

ОТБАСЫ

Асқар Ақаев үлкен отбасы иесі. Әйелі Майрам екеуінің екі ұл, екі қызы бар. Майрам Асқар  Ақаевтың билігі кезінде «Халықаралық «Мейірім» ана мен баланы қорғау қайырымдылық қорының»  президенті болды. Сонымен қатар «SOS» - Қырғызстан балалар ауылы халықаралық қорын» және «ЮНЕСКО-ның Қырғызстандағы мектеп және аулалар ассоциациясын» басқарды. Ақаевтың үлкен ұлы Айдар Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың кіші қызы Әлияға үйленді. Бірақ бұл неке ұзаққа созылмады. Олар1998-2001 жылдары ғана некеде болды.

Айдар АҚШ-тағы Мэриленд университетінде оқыды. 2005 жылғы парламент сайлауында бірінші турда жеңіске жетті. Төңкерістен кейін елден кетуге мәжбүр болды. Үлкен қызы Бермет  бірнеше жыл Швейцарияда тұрды және осындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымында қызмет атқарды. 2003 жылы  ел президенті А. Ақаевты қолдайтын «Алға, Қырғызстан» қозғалысын құрды. Ағасы Айдармен бірге 2005 жылы парламент депутаты болып сайланды. Берметттің күйеуі Әділ Тойғанбаев Қырғызстандағы ең ірі бай адам болып саналды. Оның қарамағында республика экономикасының маңызды салалары телекоммуникация, көлік, әуе тасымалдау, энергетика, отын және басқа өнеркәсіп орындары кірді. Президенттің кіші қызы Саадат АҚШ-та университтете білім алды, кіші ұлы Илим де осында оқыды.

 А.Ақаев «Қызғалдақ төңкерісінен» бері Мәскеуде тұрады. 2006 жылдан Ресей Ғылым Академиясының  мүшесі, М. Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің професссоры. 150-ден астам ғылыми жұмыстың, онға жуық ғылыми жаңалықтың авторы.  20 ғылым кандидатын, 3 ғылым докторын дайындағын білікті ұстаз. Сонымен бірге А. Ақаевтың 7 шәкірті  әртүрлі сыйлықтың лауреаты да атанды.  «Ұлы адамдар екі топқа бөлінеді: біріншісін адамдар ұмытқысы келмейді, екіншісін ұмыта алмайды» деп айтатындай А.Ақаевтың осы екі топтың қайсысына жататын қырғыз халқы ғана айқындайды және баға береді.

Бекмырза СЫРЫМБЕТҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2068
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2496
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2105
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1608