Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Билік 5392 1 пікір 25 Наурыз, 2016 сағат 11:13

АСПАНБЕК: "ПРИМЕР" БОЛҒАН ЕЛІНЕ, "ПРЕМЬЕР" КЕТТІ ЗОНАҒА...

Жақында Алматы қаласының мың жылдығына арналған аламан айтыс өтті. Халықаралық деп айдар тағылған айтысқа Моңғолия Республикасынан бір ақын, Қырғызстаннан бір ақын және Жүрсіннің жүйріктері қатысты. Шындығында өзге айтыстардан бір бас жоғары тұрғын осы айтыста не түрлі қоғамдық мәселелер айтылды. Ақындардың бірі қоғамның қотыр жарасын астарлап айтса, бірі ханға дат айтқандай төтелетті.  

Айтысқа Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза арнайы келіп қатысты. Сонымен қатар, билік басындағы "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасарының саяси кеңесшісі Берік Уәли мырза осы айтыстың қазылығында болды.

Былтыр ғана Алматыда өткен "Алтын домбыра" айтысында бас жүлдені қанжығасына байлаған керекулік жас пері  Аспанбек Шұғатаев бабында екен. Еліміздің саяси өміріндегі өзекті мәселелерді өткір тілмен жеткізе білген Аспанбектің өнері көрермендердің көңіліндегісін дөп басқандай болды. Айтысқа келген ағайын ақындарға ұзақ уақыт қол соғып, қошеметін білдірді. 

Қазалардың бағалауы бойынша "Мыңжылдық айтыстың" Бас бәйгесі Рүстем Қайыртайұлына бұйырды (2 000 000 теңге). Бірінші жүлде Мейірбек Сұлтанханға берілді (1 000 000 теңге). Ал жүлделі екінші орындар астаналық Иранғайып Күзембаев пен алматылық Бибігүл Тілеболдинаның қанжығасына байланды (әр ақынға 500 000 теңгеден). Айтыстың үшінші орындарын атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен Қырғызстаннан келген Азамат Болғонбаев алды (300 000 теңгеден).

Осы айтыста керекулік ақын Аспанбектің айтқандарын өзгертпей назарларыңызға ұсынамыз. Өйткені Аспанбек осы айтыста бүгінгі саяси жағдай туралы өзіндік пікірін ашық білдірді:

Запыран құсқан замана 
Зарымды төксем бола ма?
Ерлерім жатыр молада,
Руxым жатыр «комада».
«Пример» болған еліне 
Премьер кетті «зонаға»!
Тұлпарға тағып тұсамыс, 
Жабу сап қойдық танаға. 
Талғат та отыр тар үйде 
Жабылып жалған жалаға. 
Есің бар болса жігіттер 
ЭКСПО-ға жолама - 
Кіріп кетесің қораға! 
37-жыл секілді 
Үкіметтің басында 
Өтіп жатыр өлі ара.
Саясат жайлы толғансам 
Сайлаусыз келмес жобаға 
Қайрат Нұртас топ жарып 
Қайраткерлер жүр далада 
Сол орындардың біреуі 
Жарасатын еді ғой

Жүрсін дейін ағама 
Татымайды біреуі 
Ханның ұлы төреге 
Бидің ұлы Шораға 
Бүгінгі 100 депутат 
Қамын жеген Үш жүздің 
Үш биден кетсін садаға!
Қойдай момын xалқымды 
Ит пенен құсқа жем қылмай 
Қолдай гөр Алла тағала!

Қазанат қазған орға сүрінбейді 
Азамат топқа кірсе мүдірмейді. 
Ағайын кеше ғана сайлау өтті 
«Нұр Отан» тағы да ылғи нұрын құйды. 
Енді бес жыл xалықтың мұң зарына 
Парламенттің құлағы түрілмейді 
Карта ойнаған секілді тендр ойнап 
Бюджеттің бүйірінен жұлып жейді 
Салықтың да бағасын шарықтатып 
Халықтың ауызынан жырып жейді 
Кланға бөлініп ап қыран қазақ 
Одан қалса жүзбенен руым дейді. 
Қазынаның жамбасын шетел мүжіп 
Қазақтар сорпасында сімірмейді 
Қызыңды қысық көзді қытай алып 
Күнім деген айыңды күңім дейді 
Кей жігіттер айналып гей жігітке 
Ұрпағы ұлттың қалай бүлінбейді 
Эстрадада қаптап жүр есуастар 
Еркек әйел екені білінбейді 
Үкімін шариғаттан алмаса да 
Үкімет неге осыған үңілмейді 
Қадалған тікенді алып тастамасаң 
Індеттің орны лезде іріңдейді. 
Көшеңнен күнә көлдей ағылғанда 
Қара жер қорқыныштан дірілдейді 
Ұлтым деген азайса ұландарың 
Намыстың қызыл шоғын кім үрлейді. 
Алаштың жігіттері ояныңдар 
Әлиxандар қайтадан тірілмейді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар