Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Мәйекті 15418 1 пікір 10 Сәуір, 2016 сағат 22:40

СОҒЫС ТҰТҚЫНДАРЫ... ОЛАР ҰМЫТЫЛЫП БАРАДЫ

«Абай-ақпараттан»:  Фашисттердің тұтқынында болған қазақтарға өтемақы төленбек. Германия соғыста тұтқында болған қазақстандықтарға әрқайсысына 1 млн теңгеден өтемақы бермек...

Екінші дүниежүзілік соғыстағы әскери тұтқындардың тағдыры әлемдік тарихтың ең бір қасіретті беттерінің бірі.  Соғыстың зардабы орасан зор әрі ауыр болды. Тек 1942 жылдың ақпанына дейін немістерге тұтқынға түскен Кеңес әскерлерінің саны 3.9 млн. адамға жетті, солардың 2.8 млн. қырылып қалды. Бұл сұмдық факті көпке дейін бүркемеленіп келді.

Соғыс кезіндегі тұтқындар жөнінде Гаага (1899 ж., 1907 ж.) мен Женевада (1929 ж.) әскери тұтқындар туралы конфенция қабылданған болатын. Бұл конфенциялар шарты бойынша соғысушы мемлекеттер өз тараптарынан соған орай бірінші, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында соғыс тұтқындарына адамгершілікпен қарады. Бірақта Кеңес өкіметінің тарапынан ұстанған қағида бойынша, яғни «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар»,-деген ұстаным  миллиондаған тұтқындардың тағдырына сұмдық   ауыр зардабын тигізді.

Екінші дүниежүзілік соғыста  тұтқынға түскен түркістандықтардың еврейлермен парапар қорлық, сұмдық пен азапты бастан кешкендігін мұрағат деректері айғақтайды.

Соғыстың алғашқы күндерінде майданға республикадан көп адам ресурстары жөнелтілді. Адамзат тарихындағы алапат соғыс үлкен зардаптарға ұшыратып, Отанынан ажыратып, миллиондаған адамдардың өмірін қиды. Екінші дүниежүзілік соғыстан 350 мыңнан аса қазақ өз еліне қайтпады, олардың біразы тұтқынға түссе, көпшілігі майдан даласында қаза тапты. Мұрағат деректеріне сүйенетін болсақ, тек Атырау облысы бойынша  соғыста хабар-ошарсыз кеткен, қаза тапқан он сегіз мыңнан астам жерлесіміздің тізімі жасақталған. Қазақстан тарихындағы ақтаңдақтардың бірі екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы  тұтқындар жөнінде және Түркістан легиондарында қызмет еткен (әрине көпшілігі өз еріктерімен емес) жерлестеріміз жөнінде өте аз мәліметтер білеміз. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің бірі – соғыс тұтқындары туралы тереңірек қарастырған жөн. Бұл туралы өлкеміздің тарихында арнайы зерттеу жұмыстары жоқ.

Бізде көптеген оқиғаларға, тіпті адам тағдырына да өз мақсат-мүддеміз емес, өзгелердің көзімен, қоғамдық құбылыстардың барлығын еш реңксіз, «ақ» пен «қараға» бөле саралайтын идеология тұрғысынан қараудың ызғары әлі де сезіледі. Бұл жағдай, әсіресе екінші дүниежүзілік соғыс барысында тұтқынға түскен жерлестерімізге қатысты көзқарастан айқын байқалады.

Майдан даласында жараланған қазақ жігіттеріне көмек көрсетілмеді. Ұрыс даласынан әкелінсе де, емдеу пунктіне қабылданбады, не басқалардан кейін, ең соңынан қабылданды (Егемен Қазақстан газеті. 8 мамыр 2010 жыл). Мұндай жағдайға назар аударған қазақ командирлері (көпшілігі кіші шендегі) «ұлтшыл» атанып, аяғы трибуналға да жеткен.

Жаудың қоршауына ұшырап, қолға түсіп қалған жауынгердің тағдыры қатты өкіндіреді. Неміс лагерьлерінде тұтқындар ашық аспан астында ұсталды, тамақтары үсіген қырыққабат пен қабығы ашылмаған картоп болды. Олар немістің концлагерінде болып, жаудан бір жапа шексе, одан келіп алып советтік лагерьлерде қорлық көрді. Енді бүгін сол тұтқындар ұмытылып барады.

Әр адамның тағдыры үлкен хикая, ол ойыншық емес. Оның ұрпағына, бала-шағасына әсер етті. Сондай адамдардың айтылмай жатқан тағдыры қаншама. Олардың тарихтағы лайықты орнын беру әділеттілік болмақ. Шетелдік ғылыми орталықтар әскери тұтқындардың тағдыры туралы тақырыпты зерттеумен жетілікті айналысады, қоғамдық ұйымдар түрлі жұмыстар жүргізеді. Тұтқындардың ағайын-туыстары мұрағаттарға хабарласып, өлген, жерленген жерін сұрастырып, оның тағдырын анықтау үшін қандай да бір дерек іздеп жатуы соғыс жаңғырығының әлі толық жойылмағанын байқатса керек.

Кейбір тұтқындар соғыстан кейін өзін күтпеген, сенбеген Отанына оралды, оларды тексеріп, лагерьлерде ұстап, тексергеннен және адалдығына көз жеткізгеннен кейін еркіндікке жіберді. Дегенмен де, бұрынғы әскери тұтқындар тұрақты түрде бақылауда болғаны жасырын емес. Енді біреулер Отанында күтіп тұрған ащы тағдырды сезіп, жат елде қалып қойды да, өзі таңдаған тірліктің өкініш уын ішіп күн кешті. Мұндай адамдар Отан тізімінде ұзақ уақыт бойы болған жоқ.

Оның бір мысалы, Финляндия Республикасының Ұлттық мұрағат қорынан табылған құжаттарда 1939-1940 жылдары совет-фин соғысында тұтқынға түскен Құрманғазы ауданының тұрғындары Нұрым Сарахметов, Сайын Зиналиев, Валит Ермаханов, Кемет Сарсенғали, Карим Жүнісов, Сатыбалды Иманғалиев туралы деректердің болуы («Жағаға қайтқан толқындар». «Егемен Қазақстан» газеті. 22 сәуір 2014 жыл).

Сол сұрапыл жылдары Мұстафа Шоқайдың қолына тиген мына бір жапырақ қағаздағы жазуға назар аударайықшы.

Қойын дәптердің парағына араб қарпімен жазылған бұл хат аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешкен, бірақ қиындықтарға қарамастан алға ұмтылған қайсар қазақ жасының өмірінен белгі береді. Өлім алдында тұрса да, рухын жоғалтпаған жас адам былай деп жазады:

«Сәлем бердік. Нашарға жағдай туғызу мақсатында алыс жерден келген мұсылман баласы. Сізге жүрегімнің терең түкпірінен шыққан махаббатқа толы сырымды ұсынып, төмендегі жағдайымды еске алуыңызды өтінемін.

Мен Гурьев (Үйшік) облысынанмын, Қаңбақтыны жайлаушы Қосымбай болыстың туған немересі Жалғасұлы Сембай боламын. Орта білімім бар. Мамандығым оқытушы, Гурьевтегі оқытушылар курсын бітірдім (мұғалім болар. – А.А.). Бірақ жасымнан газет-журнал жұмысына араласудамын. Бұл іс – өмірлік алға қойған мақсатым.  Мұның қайнар бұлағы – ақын-жазушылық жұмысы. 30-жылдан жазушылық талаппен қазақтың көркем әдебиетімен таныстым. 31-жылдан өз бетіммен қолыма қалам алып, түрлі жағдайға арнап өлең, әңгіме жаза бастадым. Бірақ Қосымбай болыстың («бөрінің») тұқымы деп... менің шығармаларым керексіз пұлға айналып отырды. Мектеп бітіргеннен кейін облыстық газетке жұмысқа кіріп, қазақтың көне фольклорын жинау жөніндегі комиссияға іліндім. Сонымен «Алаш заманындағы ақын-жазушылардың сойылын соғушы» деп облыстық газет алқасынан шығарды. Көп адамдармен бірге мені де қуды. Сіздің есіміңіз біздің елде өшпес орын алды. Францияда дегенді естіп, елде жүргенде армандаушы едім. Сол тілегім орындалып, сізбен бүгін жолыққалы отырмын. Мен бір түпсіз тұңғиыққа батқан қара тастай қайғылы ауыр халде тұрмын. Болашақ жас талантты өлім халінен алып қалуыңызды сұраймын. 4-жұмысшы тобы, 2-барақ. Жалғасұлы Сембай. 19.Х.41» (К.Есмағамбетов, А.Ахмет  Соғыс тұтқындары мәселесі әлі де қоғам назарында. «Егемен Қазақстан» газеті. 9 мамыр 2012 жыл).

Тағы да соғыс тұтқындарының қилы тағдырларына тоқталайық. Түркістан легионының құрамында болған көктоғайлық Берекет Кенжебаев, таңдайлық Амандос Есенов, бақсайлық Ғайпен Бейісов, тұтқындар: таңдайлық Бөтеш Байсұлтанов (Коми АССР-інде тұрды), индерліктер: Тұқпатолла Қалымов, Айғали Көпжанов (Ресейдің Қорған облысында тұрды). Соғыс тұтқындарының бірі жылыойлық Құрайыш Таңатаров (1924-1961 жж.) –  соғыстың алғашқы жылында-ақ тұтқынға түскен, фашистердің концлагерінде екі жылдай болып, жан азабын шеккен боздақтардың бірі. 15 жылға сотталып, Магадан облысында алтын өндіретін лагерьде ауыр жұмыстарға жегілген  («Ақ Жайық» газеті,  29 мамыр, 2014 ж.).

 Индерліктер Жолдыбай Ахыбаев (1923-1997 жж.), Жұмагелді Баймұқанов (1921-1990 жж.) махамбеттік Биғали Есмағамбетов (1922-1998 жж.) және Қ.Тетебеков (Солтүстік Қазақстан обл), Нұрлыбек Негиматов (Ақтөбе обл) 1942 жылы Харьков қаласы үшін болған шайқаста, яғни  22-30 мамыр аралығында қоршауды бұзу операциясы кезінде тұтқынға түсті. Бұл қоршауда 239 мың совет жауынгері жау қолына тұтқынға түсуге мәжбүр болды.

1945 жылдың сәуір айында оларды неміс концлагерінен американдықтар азат етті. Соғыс тұтқындары ретінде американдықтар оларға тамақ, киім беріп, лазареттерге орналыстырып, естерін жиғызған. Кейін тұтқындар лагеріне әр елдің әскери өкілдері келіп тұтқындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Кеңес тұтқындарын олар өз тараптарынан Америка, Австралия, Канада, Англия, Франция елдеріне баруға шақырған.

Бірақ олар Отанына қайту туралы шешім қабылдады, арнайы тексерістен соң өкінішке орай Молотов облысының (қазіргі Пермь өлкесі) Гремячинск поселкасындағы көмір шахталарындағы каторгалық жұмыстарға жіберілді. Бұл соғыс тұтқындары туралы ардагер шахтер  А.Ф.Глушков өз естелігінде: «Соғыстан кейінгі жылдары поселкаға соғыс тұтқындарын әкеле бастады. Көпшілігі Қазақстан, Орта Азия халықтарының өкілдері еді. Әскери тұтқындар №62 шахтаның ауласындағы барактарда қатаң күзетте өмір сүрді. Оларды ең ауыр да азапты жұмыстарға жекті. Кейбіреулері туған өлкелеріне қашқанымен ұсталып, жазаланды, атылды»,-дейді (Н.Песков Жизнь,  как она есть(из записок краеведа), Гремячинск, 2004. с.47). Өмірдің заңдылығына сай жерлестеріміз сол жакта жүріп өмірлік қосақтарын тауып отау құрды. Азапты жылдарды бастарынан кешіріп жерлестеріміздің кейбіреулері туған жеріне оралса, кейбірі сол жақта қалып қойды.

Мысалы, индерлік Жолдыбай Ахыбаев (суретте) Ресейдің Пермь облысының Гремячинск қаласында тұрып, ноғай қызы Гүлжиһанмен отау құрып Дінмұхамед, Даулетбай, Зульфар, Фарид, Әмина есімді ұл-қыздарын өсіріп, көмір шахтасында жұмыс жасап зейнеткерлікке шығып, қайтыс болды.

 

13-ауылдық Биғали Есмағамбетов татар қызы Ғалиямен бас қосып 9 ұл-қыз тәрбиеледі. 50-ші жылдардың басында елге келіп, ұзақ жылдар бойы ауылшаруашылығы саласында қызмет атқарды. Ал, индерлік Жұмагелді Баймұқанов башқұрт қызы Сәкина Габдуллинаға үйленіп, одан 3 ұл, 5 қыз сүйді (суретте). Елге 1951 жылы оралып, ұзақ жылдар Индер борат руднигінде жұмыс жасады.  Бүгінгі күндері қыздары Жұмазия, Қалғыз, Әсия Саратов қаласында тұрып жатыр. Әкесінің шаңырағына Салауат атты баласы ие болып отыр.

Бұрынғы әскери тұтқындар өздерінің соңынан құзырлы органдар тарапынан бақылаудың барын білетін, сондықтан да «бетегеден биік, жусаннан аласа» тіршілік кешіп өтті. ХХ ғасырдың жазықсыз жапа шекен тұтқындарын саяси ақтайтын мезгіл жетті. Өйткені, Отан үшін от кешкен жауынгерлердің туған-туыстары, жақындары мен бауырлары олардың тағдыр-тарихы туралы танып-білуі тиіс. 

Аққали Ахмет,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

 мемлекеттік университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2144
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2549
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2349
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1657