Жұма, 17 Мамыр 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 12182 0 пікір 11 Сәуір, 2016 сағат 12:48

МЕКТЕП ФОРМАСЫ – ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ДРЕСС-КОД

Астанада мектеп формасына арналған бірінші республикалық форум өтті

Форумды «Атамекен» ҚР ҰКП және Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы ұйымдастырды және оған ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, ҚР Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті Любовь Худова, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің өнеркәсіп комитетінің төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев, сондай-ақ, мектеп директорлары, ата-аналар  атынан өкілдер қатысты. Мұнда 18 отандық өндіруші ұсынған мектеп формалары талқыға салынды. Балалар мектеп формаларын киіп шығып, сапасы мен сыртқы безендірілуін көрсетті.

Форумды ашқан Білім министрі  көрсетілген киім үлгілері ата-аналар  мен педагогтар тарапынан жақсы қабылданғанын атап айтты.

«Ата-аналар киім үлгісі оқушының сыртқы әлпетін түзейді, тәртіпке бағындырады, жұмыс ортасының түзілуіне септігін тигізеді дейді. Форманы киіп көрген оқушылар  ыңғайлы екенін, өз мектебі үшін мақтаныш сезімін сыйлайтынын айтты», – деді ол өз сөзінде.

Министрдің айтуынша, әр бала әдемі, сүйкімді болғысы келеді, әсіресе қыз балалар, сондықтан мектеп формасының эстетикалық безіндірілуіне көңіл бөлу керек.

«Мектеп формасын таңдау – білім басқармасы мен ата-ананың қолында. Біздің ойымызша, әр мектептің өзгешелігі бар. Десек те, ол ортақ тәртіпке бағынып, ортақ стильден ауытқымауы керек. Форма зайырлы үлгіде болуы шарт. Балаларға дұрыс дресс-код киюді үйретуіміз қажет. Өйткені, келешекте бәрібір осындай нәрсемен бетпе бет келетіні рас қой», – деп, Сағадиев шегелеп айтты.

Форум аясында мектеп формасын тігетін отандық өндірушілер мемлекеттік мектептердегі киім түсін бір қалыпты ету керек деген ұсыныс тастады. «Егер осы мәселені мектеп директорлары, ата-аналармен келіссеңіздер, министрлік қолдауға әзір», – деді министр. 

«Қазақстанда балаларға арналған нарық тұтастай алғанда импорттық тауарлармен толып тұр,-  деді Тимур Нұрашев. -  Сондықтан  мектеп формасының сапасы алаңдатады. Бүгінгі форум отандық өндірушілер сапалы мектеп формасымен барлық оқушыны қамтамасыз ете алатынын көрсетті. Алайда, бұған қарамастан тапсырыстың басым бөлігі Қытай мен Түркияға кетіп жатыр.  Жыл сайынғы мектеп формасын сату нарығы – 30 млрд теңгені құрайды.  Форманы сырттан алуымыздың өзінен қазынаға ҚҚС ретінде 4 млрд теңге пайда түседі. Осы мәселеге қатысты біздің министрлік Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алу ұсынысын қолдайды», – деді ол.

Бүгінгі таңда мектеп формасын сату нарығында отандық өндірушілер үлесі небары 7%, -  деген Нұржан Әлтаевтың айтуынша, алдағы жылдары бұл көрсеткішті 50% -ға жеткізу көзделіп отыр.  «Былтыр біз Қазақстанның мемлекеттік органдары мен ұлттық компаниялары 9 трлн соманың әр түрлі өнімдерін сырттан сатып алатынын зерттеген едік.  Бұл өте қомақты ақша. Бұл қаржы отандық өндірушіні қолдауға жұмсалса болатын еді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мақсаты өз қаржымызды ел ішінде жұмсауға ықпал ету. Сонда ғана әлеуметтік тиімділік орын ала бастайды. Жұмыс орындары, зейнетақы, жалақыға әсері болады», – деп атап өтті өз сөзінде «Атамекеннің» өкілі.

Әлтаевтың айтуынша, бүгінде қазақстандықтар отандық өндірушілер туралы көбірек сұрастыратын болған.  «Дәл қазір өзім де қазақстандық «Glasman» компаниясының костюмі мен қарағандылық туфлимен жүрмін. Біздің киімдеріміз шетелдікінен кем түспейді», – деді ол.

Білім министрі ата-аналарға, мектеп директорларына, аудандық, облыстық басқармаларға ең алдымен отандық өндірушінің киіміне назар аударуын тапсырамыз деп атап өтті.

Бұл форумның маңызы туралы Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті Л.Худова да атап айтты: «Бүгін бірінші рет мектеп формасы республикалық мәселе ретінде көтеріліп отыр. Мәселе осылай көтерілсе ғана шешімін таппақ. Қазақстанда мектеп формасын тіге алатын отандық өндірушілердің әлеуеті жеткілікті. Ақпан айында білім және ғылым министрі жаңа бұйрық шығарды. Онда мектеп формасына қатысты талаптар нақтыланды.  Біз бұл бұйрықты 7 жыл күткен едік. Күткеніміз орындалды. Біз  жұмыс істеуге дайынбыз», – деді ол.

Иә, өз өніміміз тұрғанда,  шетелдік киім-кешекке телміруді қоятын уақыт келді, әрі бұл отандық кәсіпкерлер үшін де тиімді болмақ. 

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2119
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2528
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2238
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1636