Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Қоғам 11378 2 пікір 22 Сәуір, 2016 сағат 09:25

ГИТЛЕР ЖЕҢСЕ, ЖАҚСЫ ӨМІР СҮРЕР МЕ ЕДІК?

Екінші дүниежүзілік соғыс – таусылмайтын әңгіме. Десе де тарихтың өшпейтін әріптерімен жазылып кеткен бір жайт бар: сол заманда бұл соғыс екі алпауыттың арпалысы болып қала берді. Екі қанішер басшы халықтың жан-дүниесін солқылдатып тепкілеген екі керзі етік сияқты.

Дәл Сталин сияқты Гитлер де өз елінде басы бар тұлғаларды атып-шауып жоқ қылды. Қара халықты өз айтқанын ғана тыңдайтындай тобырға айналдырды. Сталин де құбыжық бейнесін жасырмастан, талайдың жанын жаһаннамға жіберді.  20 миллион адам құрбан болған. Құр статистика ма? Тағы 20 миллион адам соғыста өлген. Бұл да тек статистика ма? Әрине, тек статистика емес, сан мыңдаған адамдардың қаны мен көз жасы, қайғысы мен шері.

Соңғы кездері ел арасында «Соғыста Гитлер жеңгенде жақсы өмір сүретін едік» деген лақпа сөз жүр. Мүлде келісе алмаймын. Дәл сол заманда Гитлердің саясатымен қаншама адамдардың пешке тірідей жағылғанын, адам өліктерінің тау болып үйіліп жатқанын, адам тәніне жасалған жан түршігерлік тәжірибелердің болғанын білеміз. Жеңіске жеткен жағдайда Гитлер осы әумесерлігін жалғастырар еді. Әбүйір беріп, соғыста Совет халқы жеңді. Соғыстан кейін Германия еліне келген жаңа басшылық өзгеше бағыт алды. Қазіргі Германия халқының мамыражай өмір сүруіне сол жаңа басшылар еңбек сіңірді. Немістер Гитлер салып кеткен масқара қара таңбаны арқалай жүріп, әлем алдында өздерін жаңа қырынан, іскер де ізденімпаз, тап тұйнақтай тірліктерімен көрсете алды.

Сталин жеңді деуге аузым бармайды, соғыста Совет Үкіметінің қара халқы жеңіске жетті. Сталиннің бұйрығымен түрмеге жабылған сан-мыңдаған «халық жаулары» соғыстың алдыңғы шебіне шығып, кеудесін оққа тосты. Олар орден алу үшін соғысқан жоқ. Кеуделерінде жұдырықтай жүрегі «отаным» деп соғысты. Егер сол ер жүрек бабаларымыз жалаңаш қолымен жеңісті алып бермегенде, бәріміз Гитлердің адам өртейтін пешіне кететін едік. Сондықтан да қанды соғыста қаза тапқан бабаларымызға мың тағзым!

9-мамырды алға тартып, Ресей халықты қолшоқпар қылғысы келеді деген пікірге де қосыла алмаймын. Егер жеңіс күнін атап өтуден қалсақ, өзіміздің ержүрек бабаларымызды естен шығарамыз. Нағыз дүмше сонда боламыз! Бар жеңістің иесі бір Ресей болып отырса, намысыңның тапталғаны сол емес па?!

Қазақ қолшоқпарға айналмасын десеңіз, құлдық санаға жетелеп отырған мехнизмдерді шынайы көруге тырысайық: ұлттық валюта, ұлттық экономика, жер және жер астындағы қазба байлықтарымыз, халықтың саны, тілі мен салт-дәстүрі, мәдениеті, әдебиеті, заң нормалары мен адам құқықтары деген сияқты. Тек қана, елдің жүрегіндегі, қаны сорғалап жеткен жеңіс күніне тимеңіздер!

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1309
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1176
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 916
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1035